Қазақтар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
 Басқа мағыналар үшін Қазақ (айрық) деген бетті қараңыз.
Қазақтар
Бүкіл халықтың саны

17 млн

Ең көп таралған аймақтар
 Қазақстан

14 220 321 (2024)[1]

 Қытай

1 400 000 — 1 500 000[2]

 Өзбекстан

1 500 000 (2018)[3]

 Ресей

1 500 000 (2023)[4]

 Моңғолия

117 800 (2015)[5]

 Түрікменстан

40 000 [6]

 Қырғызстан

37 000[7]

 Иран

9 000[8]

 Украина

5 526[9]

 Беларусь

1 068 (2019 ж.)[10]

 Тәжікстан

900[11]

Тілдері

қазақша және тұрғылықты еліндегі мемлекеттік тіл

Діні

Ислам діні (негізінен Сунниттік Ислам)

Этникалық топтары

ноғайлар, қарақалпақтар, башқұрттар, қырғыздар

Қазақтар — Орталық Еуразияны мекендейтін түркітілдес этнос және ұлт. Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген көптеген этностар мен этно бірлестіктердің өзара араласуының нәтижесінде қалыптасты. Қазақтар ретінде Қазақ хандығының құрылуымен белгілі бола бастады. Тілдік құрылымы жағынан Түркі тілдес халықтардың солтүстік-батыс қыпшақ тобына жатады. Қазақ тілінде сөйлейдi.

Қазақтар Қазақстанмен көршілес Моңғолия (Баян-Өлгей аймағы), Қытай (Іле Қазақ аутономиялық облысы), Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің жерін бірыңғай қоныстаған. 2023-ші жылдың басында елдегі қазақтар саны — 13,9 млн. адам болды.

2022 жыл басындағы Республика облыстары бойынша қазақтардың үлесі     10.0 - 19.9 %      20.0 - 29.9 %      30.0 - 39.9 %      40.0 - 49.9 %      50.0 - 59.9 %      60.0 - 69.9 %      70.0 - 79.9 %      80.0 - 89.9 %       90.0 % жоғары

Автоэтнонимі

"Қазақ" этнонимі осы көшпелі халыққа қатысты XV ғасырда, Жәнібек пен Керей сұлтандары бастаған тайпалар XV ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Сырдария жағалауларынан Батыс Жетісуға (Жетісу), Шу өзенінің бассейніне қоныс аударған кезде орнықты. Олар өздерін "Қазақ"(қазақ), орыс тілінде" қазақ "деп атай бастады. «Қазақ» сөзінің шығу тегі туралы әртүрлі нұсқалар бар: «Қазақ» сөзі көне түркі тілінен аударғанда «еркін», «ерікті», «бөлінген халық», «ержүрек, бостандық сүйгіш халық», «ержүрек жауынгерлер» деп аударылады.

Этнонимі

Толық мақаласы: Қазақ (этноним)

Ғалымдардың пайымдауынша, «сақ», «қас-пи», «қас», «қаз», «хаз», «аз», «қа-сақ» секілді рулардың атаулары – «қазақ» этнонимінің туынды түбірлері. Академик Н. Марра және чех ғалымы Б.Грозный көрсеткендей, «қазақ» атауы «қасақ» жән «кесек» сөздерінен шыққан. Академик Ә.Марғұлан, тарихшы М.Ахинжанов, жазушы С.Мұқанов, орыс ғалымдары осы пікірді қолдайды. Ә.Марғұлан өз еңбектерінде Кіші жүздегі «қазар-уг» тайпаларының бар болуына сілтеме жасап отырады.  «Қазақ» сөзінің шығуы туралы ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлерін тұжырымдап, екі қорытынды жасауға болады: 

  •  «қазақ» сөзі «қас» және «сақ» атауларының бірігуінен шыққан; 
  •  «қазақ» сөзі «ерікті адам» деген мағынаны білдіреді.[12]

Этногенезі

Толық мақаласы: Қазақтар (этногенез)

Қазақ халқының қалыптасуы да өзге халықтар сияқты ұзақ уақытты қамтиды. Оның алғашқы кезеңі сонау арийлер мен турлар заманынан бастау алады. Келесі кезеңді Ғұндардың келуімен күшейе түскен түркілену біртіндеп кең етек жаяды. Түркі, Батыс Түркі, Түркеш қағандықтар тұсындағы өмір сүрген тайпаларда бұл аймақта этникалық қауымдастықтың қалыптасуына зор үлес қосты. Шыңғыс ұрпақтарының мемлекеттері құрылуына дейінгі аралықта қазақ даласында орын алған Батыс Түрік қағандығына дейінгі мемлекеттер түркіленуді бұрынғыданда күшейтті.

Қазақ халқының қалыптасуына қомақты үлес қосқан қыпшақ кезеңі. III ғасырдан XIII ғасырға дейін қыпшақ этносы этникалық дамудың әр түрлі бес жағдайында Ішкі Азиядағы тайпадан Қазақ даласында қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңіне дейінгі аралықты қамтыды. Қазақ даласында пайда болған Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарында ақ сүйектер билігі орнағанымен олар біртіндеп түркіленді, тіпті жергілікті халықтың тілін қабылдады. Бір аймақта өмір кешкен тайпалар мен рулардың шаруашылығының үш түрі негізінде ортақ экономикасы, тілі , мәдениеті қалыптасты. Қажеттіліктен туындаған бұл алғы шарттар аймағы жағынан ортақтас болған тайпалармен рулардың бірігуін тездетті.

Қазақ халқының құрылуына моңғол шапқыншылығынан кейін қайта өрлей бастаған дәстүрлі шаруашылық, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының, отырықшы егіншіліктің үйлесуі ықпал етті. Қазақ даласында ертеден өмір сүріп келе жатқан және түрлі саяси жағдайларға байланысты көшіп қону процесінің күшеюі нәтижесінде қоныс тепкен тайпалар болып топтастырды, кейін келешекте «қазақ» деген этникалық ортақ атауға ие болды.[13]

Эндоэтнонимдері

Орыс тілінде – «Казахи»; қырғыз тілінде – «Қазақтар»; өзбек тілінде – «Qozoqlar»; түрікмен тілінде – «Gazaklar»; татар тілінде – «Казакълар»; якут тілінде – «Казахтар»; ұйғыр тілінде - «قازاق مىللىتى»; қарақалпақ тілінде – «Qazaqlar»; Қырым татар тілінде – «Qazahlar»; Қарашай-Балқарда тілінде – «Къазахлыла»; әзірбайжан тілінде - «Qazaxlar»; қалмақ тілінде – «Хасгүд»; бурят тілінде – «Хасагууд»; моңғол тілінде – «Казах»; қытай тілінде - “哈薩克族”; ағылшын тілінде – «Kazakhs»; тәжік тілінде – «Қазоқ».[14]

Қазақтың арғы атасы

Сақтар, ғұндар мен түркілер – қазақ халқының ертедегі ата-бабалары. Олар әр алуан кезеңдерде өзара орын алмастыра отырып бір аумақта өмір сүрген. Біздің бабаларымыз ат құлағында ойнаған шабандоз әрі сайыпқыран сарбаздар болған. Түркі-қазақтардың көшпелілерге ұласатын тарихы мен мәдениеті 4000-6000 жылды құрайды. Этнограф Ж.Бабалақовтың деректері бойынша 1986 ж. Алматы облысының Қарақастек ауылының маңайынан тасқа қашалған, қолында домбырасы бар адамның және оның артында тұрған бір топ кісінің суреті табылған. Тастағы суретті (петроглиф) Еуропа, Ресей ғалымдары зерттеп, оның бұдан 6000 жыл бұрын қашалып салынғанын дәлелдеп отыр, яғни қазақ домбырасы бұдан 6 мың жыл бұрын пайда болған. Екінші дерек, қазіргі Пекиннің (Қытай, ертедегі түркілердің Бешбалық, кейінгі Шыңғыс империясының Ханбалық қаласы) түбіндегі солтүстік Ғұндардың «Көк қоты» деп аталған астанасының қалдығы бар. Оны Қытай ғалымдары жан-жақты зерттеп, бұл қаланың бұдан 2500 жыл бұрын салынғанын дәлелдеп, ғұндар түркілердің тікелей арғы бабасы дейді. Ал Оңтүстік ғұндар сол заманғы Жетісуды мекен еткен, олардан қазіргі қазақ құрамындағы Үйсіндер тарайтыны мәлім.[15][16]

Қазақ халқының ру-тайпалық құрылымы

Толық мақаласы: Қазақ рулары

Қазақ халқы іргелі үш жүз құрамынан тұрады. Әбілхайырдан бастап қазақтар үш жүзге тарайды. Олар :

  • Ұлы жүз – Ақарыс
  • Орта жүз – Жанарыс
  • Кіші жүз – Бекарыс

Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Қазақ жүздерін, үлкен тайпалар мен руларды басқаруда билер кеңесі үлкен рөл атқарды. Жергілікті жердегі билікті билер, ру ақсақалдары жүргізді.

Мемлекеттік істерді бүкіл үш жүздің билік өкілдері жиналған құрылтайда, халық жиналыстарында шешті. Ел ішіндегі істерді — ру, тайпа, жүздер арасындағы жер дауын, жесір дауын, үлкен барымталар дауын үш жүздің басы қосылған үлкен астарда да шешіп отырды. Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады (рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз). Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Мысалы, үйсіндер мен қаңлылар тарихи деректерде бұдан 2300 жыл бұрын аталса, найман, керей, жалайыр, қыпшақ, т.б. тайпалар тарих бетіне кейіннен, бұдан 1200 жыл бұрын шыққандығы белгілі. Аталған қазақ тайпаларының біразы басқа туыстас халықтардың да құрамында кездеседі. Мысалы, қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, қаңлылар туысқан өзбек, башқұрт, ноғай, татар, мажар (венгр), т.б. халықтардың құрамында бар. Шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі.[17]

Нәсілі

Европеоид нәсілі мен моңғолоидтық нәсіл арасында өтпелі орынды алатын (монголоидтық белгілер басым), тұрандық-оңтүстік сібірлік нәсілге жатады. Сонымен қатар, қырғыздар мен өзбектерге қарағанда, қазақ халқының сыртқы келбетінің бірыңғай стандарты жоқ. Мұнда европеоидтық халықтар тұрпатыда бар, толығымен моңғолдық тұрпаттылар да бар.[18][19]

Тарихы

 Қазақстан тарихы

Ежелгі Қазақстан тарихы

Тас дәуірі
Қола дәуірі
Темір дәуірі СақтарҮйсіндерҚаңлыларҒұндар

Қазақстанның ерте орта ғасырлардағы мемлекеттері

Түркі қағанаты (552—603)
Батыс Түрік қағанаты (603—704)
Шығыс Түрік қағанаты (682—744)
Түргеш қағанаты (704—756)
Қарлұқ қағанаты (756—940)
Қимақ мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басыОғыз мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басы

Қазақстанның дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттері

Қарахан мемлекеті (942-1212) жж.Қарақытай мемлекеті (1128-1213) жж.Қыпшақ хандығы Моңғол империясы (1206—1291)
Жошы ұлысы (1224—1481)
Шағатай қағанаты (1222—1370)
Орда-Ежен ұлысы (1242—1446)
Шайбани ұлысы (1243 — ?)
Ақ Орда (XIIIXV ғғ.)
Көк ОрдаӘбілқайыр хандығы (1428—1468)
Ноғай ордасы (1440—1634)
Моғолстан (1348—1514)
Ташкент хандығы (1501—1627)

Қазақ хандығы дәуірі

Қазақ хандығы (1465—1847)
Ұлы жүз (1715—1822)
Орта жүз (1715—1822)
Кіші жүз (1715—1824)

Ресей империясы құрамындағы Қазақстан

Бөкей Ордасы (1801—1872)

Кеңес одағы құрамындағы Қазақстан

Алаш автономиясы (1917—1920)
Түркістан автономиясы (1917—1918)
Қырғыз (Қазақ) АКСР-і (1920—1925)
Қазақ АКСР-і (1925—1936)
Қазақ КСР-і (1936—1991)

Тәуелсіз Қазақстан тарихы

Қазақстан (1991—қазір)



Портал «Қазақстан»
Санат «Қазақстан тарихы»

Қазақ хандығы

Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (XV–XVI ғасырлар)

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде ХIV–XV ғасырлар аралығында болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілқайыр хандығымен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеyi XV ғасырдың 2-жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Әсіресе Әбілқайыр (1428–1468) Жошы-Шайбан Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталықа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілқайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30-шы жылдары ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын (Тоқа Темір тұқымы) жеңді. 1446 жылы Әбілқайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады. 1457 жылы Өз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілқайыр өз ұлысында, қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек сұлтан пен Керей сұлтан басқарды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде, хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, XV ғасырда 50–70 жылдарда, яғни 1459 жылы Әбілқайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моғолстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465–1466 жылдары) жатқызады.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458–1473 жылдары). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473–1480 жылдары). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілқайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 жылы Әбілқайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілқайырдың мұрагерлері, оның ұлы Шайх-хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбан мен Махмұд Сұлтан болды.

Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.

70 жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде XV ғасырда 70 жылдарда қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480–1511 жылдар) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.

Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілқайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілқайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы

16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым.. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді.

«Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.

Дегенмен Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты.

Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.

Хақназар ханның тұсында Қазақ хандығы

16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Ақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Ақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді.

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы

Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді.

Есім ханның тұсында Қазақ хандығы

Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін күресті. 1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижан, Акси, Самарқанд сияқты қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқара қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып қаза болды. Одан соң хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598-1628) билік етті. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шартын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына бекітіп берілді. Сөйтіп, Сыр бойындағы қалалар үшін, Оңтүстік Қазақстанның жерін кеңейту үшін бір жарым ғасырға созылған күрес біраз бәсеңдеді.

Есім хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу және т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын "Есім хан салған ескі жол! деп атады.

Қазақтардың өзара саяси қарым-қатынасы

16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталығы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті.

Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды.

1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді.

17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.

Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығы

1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді.

Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік шағы

Феодалдық қанау көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйеккке жатқызылды.

  • Қазақ хандығының мәдениеті:

Қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары Шалкиіз (15 ғ.), Доспамбет (16 ғ.), Жиембет (17 ғ.). Қазақтың батырлар жыры тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар батыр дастандары. Ислам діні толық тарады. Араб әліпбиі қолданылды.

18 ғасырда қазақтар үш жүзге бөлініп өмір сүріп жатты. Әр жүздің өз ханы болды. Кіші жүзді Әбілхайыр, Орта жүзде Сәмеке (Шахмұхамед), Ұлы Жүзде -Жолбарыс, Түркістан қаласын астана еткен Үлкен Орданың ханы Тәуке еді. Қазақ жерінде орталықтанған мемлекет болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Оңтүстік-батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солтүстіктен Сібір казактары тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұқара мен хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Олардың бәрінен асып түскен жоңғарлар еді.

  • Қазақ халқының ойраттарға қарсы күресі:

16 ғасырдың соңында ойраттар (қалмақтар) төрт тайпалық бірлестіктен тұрды. Олар Тарбағатайдан Шығысқа қарайғы өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғары ағысында қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының маңындағы хошауыттар, Іле өзенінің жоғары жағындағы шоростар еді.

Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылым жер үшін күрес 15 ғасырда-ақ басталды. 16 ғ. соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Хонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Қазақ-жоңғар қатынастары Батур хонтайшы (1634-1654) билік құрған кезде шиеленісе түсті. Онан кейінгі жоңғар хандары (Сенге, Қалдан) Оңтүстік Қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін қалаларды өздеріне қаратуға тырысты.

  • Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі:

1718 жылы Тәуке дүние салғанда, орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиилерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың әсері күшті болды. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалды, осында Ертістің бойында Бухгольцтің экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болды. Ол қалмақтарға зеңбірек құюды, баспахана жасап, әріп құюды үйретеді.

Жан-жақты әскери дайындығы бар жоңғарлар 1710-1711 жж. қазақ жеріне басып кіріп соғыс жүргізді. Олар 1717 жылы жазда Аякөз өзені жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандады. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қырады.

  • Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама:

1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен Талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағынадғы Кетпен тауы баурайына орналасты.

Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан мен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы Ххиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. «Елім-ай» деген ән туды.

Халық ең соңында бірігудің қажеттігін түсінді. 1728 жылы Әбілхайыр бастаған Кіші жүз жасақтары, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастапан әскерлер Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді.

1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты батырлар бастапан қазақ жасақтары жоңғарларға аяусыз соққы берді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Шуно Дабо бастапан қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды.

Осы тұста Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болды. Таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан Кіші жүз ханы Әбілхайырда тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерін алып кетті. Жоңғарларға қарсы майдан әлсірей бастады. Ұлы Жүздің ханы Жолбарыс жоңғарлармен мәмлеге баруға мәжбүр болды.

Осы тұста әрбір жүздің ішінде феодалдың бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілхайырдың баласы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен барақ сұлтандардың да өз иеліктері болды. Қазақ хандығының Бұхара, хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өзені бойында қалмақтар мен башқұрттар Кіші Жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызды.

Абылай ханның тұсында Қазақ хандығы

Абылай хан

1742 жылы 20 тамызда Ор қаласында Ресей, жоңғар және қарақалпақ, қазақтардың Кіші, Орта және Ұлы жүздің өкілдері қатысқан келіссөз жүргізілді. Онда Ресей өкілі қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығысқа байланысты уәж айтпақшы болды. Бірақ жоңғарлар оны тыңдаған жоқ. Олар орыс қамал-бекіністеріне, қазақ қоныстарына жақын жерде 20 мың әскер ұстап, қазақты мазалауын қоймады. Ендігі жерде қазақтар өз күшіне ғана сенуіне тура келді. Осы идеяны орнықтыруға Абылай хан зор күш жұмсады.

1711 жылы дүниеге келген Абылай Уәлиұлының бастапқы есімі Әбілмансұр болды. Ол жастай жетім қалды. 1731 жылы жоңғарлармен шайқаста көзге түсті.

Жоңғарияның ханы Қалдан Серен 1745 жылы қайтыс болып, оның мұрагерлері таққа таласты. Осы кезде оған Цинь империясы тиісе бастайды. Абылай осы сәтті пайдаланды. Ол сыр бойындағы қалаларды азат етуге кірісті. Ол бұл жорықта қазақ әскерлерін үш топқа бөлді. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай мен Үмбетей жырау басқарды. Бөгенбай басқарған 10 мың әскер Түркістанның солтүстік жағына, Созақ бекінісіне барып тиісуге тиіс еді.

Екінші қолды Жәнібек батыр басқарды. Оған Тәтіқара жырау қосылды. Олар Сырдың төменгі ағасына қарай кетті. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі басқарды. Жорыққа қатысушылар Шиелі, Жаңақорған бойымен Түркістанның күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топта Қабанбай, Баян, Сырымбет, Малайсары,Желкілдек, Жанұзақ болды.

Жоңғар әскерін басқарған Қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цевен Доржи де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарай бағыттады. Оның қару-мылтығы, түйе үстіне орнатқан 15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақпен қаруланды.

Цевен Доржи өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алды. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырды. Сырымбетті оң жақ қанатқа, Баянды әскердің сол жақ қанатына қойды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары, Оразымбет батырлардың әскерін топтастырды.

Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ әскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартты. Түркістанға дейін жетті. Бөгенбай басқарған әскерлер Созақ пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне дейін барды. Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сапасына шегіндірді. Амалы таусылған Цевен Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды.

Келісім бойынша Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары Әбілмәмбеттің қарамағына өтті. Түркістан туралы мәселе кейінірек шешілетін болды. Абылой бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. 1745 жылғы соғыс осымен бітті.

Қазақ жерін қалмақтардан толық тазарту мақсатымен Абылай бастапан қазақ жасақтары 1750 жылы жауды жоңғар қақпасы маңында оңдырмай соққы берді.

1755 жылы жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Осыдан кейін 1758 жылы Жоңғар мемлекеті құлады. 1758 ж. Цинь қытайлары Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар дүркін-дүркін шабуыл жасап қазақтарға тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Пекинге адамдар жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экономикалық қатынас орнату жолдарын іздестірді. Ол Ресеймен де қарым-қатынас орнатты.

1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылайды Орта жүздің ханы етіп сайлады. Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л. Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жерде Жаңғызтөбеге ағаш үй салынды. Абылай 1780 жылы мамыр айында Ташкентте 69 жасында қайтыс болды. Орнына Уәли сайланды.

Саяси және экономикалық қиын жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесi алға тартылды. Қ-дың сыртқы саяси жағдайының күрделiлiгi Әбiлқайыр ханды Кiшi жүзде Ресей протекторатын қабылдауға мәжбүр еттi. 1734 ж. Орта жүздiң бiр бөлiгi Ресейге қосылды. 19 ғ-дың 2-жартысында Ресей үкiметiнiң жоспарлы түрде жүргiзген әскери-саяси шаралары нәтижесiнде, Қазақстанды империя құрамына қосу толық аяқталды.

Қазақтар арасында кейiнгi орта ғасырларда меншiктiң бiрнеше түрi айқындалды: 1) мал мен мал шаруашылығы өнiмдерiне деген меншiктiң жеке дербес отбасылық түрiндегi меншiгi; 2) жерге немесе жайылымдарға қауымдық меншiк; 3) су көздерiне меншiк; 4) қауымдар ассоциациясының қарамағындағы малшылар тобы көшiп-қонатын аймаққа қатысты экономикадан тыс меншiк, Қазақтардың әлеуметтік ұйымдасуы адамдар арасындағы бiр-бiрiмен байланысты әр алуан қарым-қатынас түрлерiне (қандас туыстық-отбасылық, шаруашылықтық, әскери, мәдени, этн., т.б.) негiзделдi.

1824, 1867 — 68 жылдардағы әкiмшілік-саяси реформалары арқылы Ресей үкiметi қазақтарды басқарудың дәстүрлi жүйесiн жойды. Қазақстанның Ресейге қосылуы арқылы халықтар арасында шаруашылық айырбас пен басқа да қарым-қатынастар үшiн қолайлы жағдай туды, капиталистiк өндiрiс қатынастары кеңiстiгiне негiз қаланды.

Ресейдiң отаршыл саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерiлiстерi болып өттi. Оларды Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, т.б. басқарды. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстандағы егiншiлiкпен айналысатын халықтар арасындағы қазақтардың үлес салмағы 55,4%-ға жеттi. Өнеркәсiп дамуы, темір жолдар салынуы, су жолдарының кеңiнен пайдалануы қазақ жұмысшыларының қалыптасуының экономикалық негiздерiн қалады.

Кеңестік дәуір

1917 ж. Қазан төңкерiсiне дейiн қазақтардың негiзгi кәсiбi көшпелi немесе жартылай көшпелi жағдайда мал өсiру, суармалы егiншiлiк болса, аңшылық пен балық аулау және қолөнерi де халық тұрмысында берiк орын алды. Қоғам өмiрiнде рулық-патриархалдық қатынастар үстем болып келдi.

Тоқтар Әубәкіров — Қазақтың тұңғыш ғарышкері

Кеңестiк үкiмет өткiзген кәмпескелеу, ұжымдастыру шаралары қазақтарды 1931 — 33 ж. ашаршылыққа ұшыратты. 1929 — 31 ж. Қазақстанда кеңес өкiметi саясатының асыра сiлтеулерiне қарсы 372 көтерiлiс болды. Көтерiлiстiң күшпен басылуына орай қазақтар басқыншылыққа ұшырады. 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейiн Қазақстан аумағынан 281230 шаруа қожалығы сыртқа көшкен. Олардың едәуiр бөлiгi Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтiп кеттi. Қазақ этносы осы жылдары аса көп шығынға ұшырады. Ашаршылық және онымен байланысты туған iндеттер салдарынан 2 млн. 200 мыңнан астам адам қырылды. Бұл барлық қазақтардың 48%-ын құрады.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында мерт болған шамамен 410 мыңдай қазақстандықтардың басым бөлiгi қазақтар едi.

Тәуелсіздік

1991 ж. 16 желтоқсанда мемлекет тәуелсiздiк жарияланған соң, қазақ ұлты өзiнiң ортақ мүддесi жолындағы бiрлiгiн нығайтты. Қазақ тiлi мемлекеттік тiл болды. Қазақ халқының таңдаулы өкiлдерiнiң кеңестiк дәуiрде тыйым салынған есiмдерi ұлтымыздың мақтанышына айнала бастады, тарихи топонимика қалпына келтiрiлiп, ұлттық мәдениеттiң гүлденуiне жағдай жасалды. Шет елде жүрген отандастардың елге оралуына мүмкiндiк туды.

Тілі

Толық мақаласы: Қазақ тілі

Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Ұқсастығы жөнінен қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарайым, қырымтатар тілдеріне жақын. Қазақ тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл.

Қазақтар өзінің халық, ұлт болып қалыптасу жолын көне түркілер заманынан бастаса, оның жазу мәдениетінің тарихы да сол дәуірден бастау алады. Ол кездегі түріктердің тілін қолданылу барысына қарай, әдетте, тіл мамандары үш кезеңге бөліп қарастырады:

  • а) тукю тілі қолданылған дәуір (V-VIII);
  • ә) көне ұйғыр тілі қолданылған дәуір (VIII-IX);
  • б) көне қырғыз тілі қолданылған дәуір (X-XI).

Осы кезеңдер ішінде Орхон-Енисей жазу ескерткіштері жазылған, ежелгі ұйғыр жазуының үлгілері пайда болып, оғыздар мен қыпшақтардың аралас әдеби тілі жасала бастаған.[20][21]

Жазуы

X-XI ғасырлардан бастап қолданыла бастаған араб жазуы түркі халықтары тілдерінің ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтарда қалай қолданылса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де қолданылды. Бірақ соған қарамастан ол оншақты ғасыр бойы түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ халқының да мәдени-рухани дамуына қызмет еттіп келді. Қазақ грамматикасының дамуы, оның бірнеше рет өзгеріске түсуі ХХ ғасырдың бас кезінен басталады. Бұл өзгерістерді мынадай үш кезеңге бөлуге болады:

  • Араб графикасын түркі халықтары тілдіренің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қолдану кезеңі;
  • Араб графикасынан латын графикасына негізделген жазуға көшу кезеңі;
  • Латыннан кирилл жазуына көшу.

1929 жылы қазақ жазуы араб әліпбиінен латын графикасына түпкілікті көшті, алайда латын әліпбиінің тағдыры ұзаққа бара қоймады. Ол 1929 жылдан 1940 жылға дейін пайдаланылды. 1940 жылы кириллицаға көшкеннен кейін русификацияға, яғни орыстандыру саясатына қатты ұшырап, Қазақстанда кириллица біржола тұрақтап қалды.

Кириллица графикасы негізіндегі қазіргі заманғы жазу (Қазақстанда ресми):
Aa Әә Бб Вв Гг Ғғ Дд Ее Ёё Жж Зз Ии Йй Кк Ққ Лл Мм Нн Ңң Оо Өө Пп Рр Сс Тт Уу Ұұ Үү Фф Хх Һh Цц Чч Шш Щщ ъ Ыы Іі ь Ээ Юю Яя

Араб жазуына негізделген қазіргі жазу (Қытай Халық Республикасы қазақтарында кең тараған):
ء ءى ى ي ۋ ۆ ءۇ ۇ ءو و ہ ھ ن ما ل ڭ گ ك ق ف ع ش س ز ر د ح چ ج ت پ ب ٵ ا[22][23]

Діні

Толық мақаласы: Қазақстандағы дін

Қазақтар ислам дiнiнiң суннизм бағытын қабылдаған. Қазақ даласына ислам діні келместен бұрын біршама тайпалық, ұлттық діндер болған, шаманизм, зороастризм және бір тәңірлік діндердің болғаны белгілі.

Қазіргі уақыттағы Қазақ даласына исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, заңдылықтарының барлығы Исламға негізделген.[24][25]


Әбу Ханифа жол салған суниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді. Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті. Ал өз кезегінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, праволық нормаларын, мәдени жетістіктерін лақтырып тастамай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп, қырын жатқызуға тырысты. Әйтсе де, ұзақ дәуірлер бойы ислам діні қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптарын ығыстыра алмады.[26]

Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық түрлері

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтардың негізгі дәстүрлі шаруашылығы мал және егіншілік қазақтың күнкөрісінің көзі болды. Шаруашылықтың қосымша қосалқы түрі аңшылық пен балықшылық болды. Балықшылық пен аңшылықты негізінен кедейлер кәсіп етті. Аңшылықпен бай адамдар да айналысқан, бірақ олар үшін бұл кәсіп емес , саят құрудың көңіл көтерудің түрі болған. Сыр, Ертіс, Еділ, Жайық сияқты үлкен өзендердің, Каспий, Арал теңізі, Балқаш, Алакөл, Зайсан сияқты көлдердің маңайында тіршілік еткен қазақтар ертеден –ақ балықшылықты кәсіп еткен.[27]

Мал шаруашылығы — көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі саналды. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қазақ халқының үш мың жыл ішіндегі табиғатты пайдалану мен шаруашылық әрекеті көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ халқының басым көпшілігінің материалдық тіршілік көзі болып есептелді. Тарихшылар дерегінде кездесетін Ресей империясының 1897 жылы жүргізген жалпыға бірдей санақ материалдарына қарағанда қазақтардың 80%-ға жуығы негізгі азық-түліктерін мал шаруашылығының өнімдерінен алып отырса, 18%-ы мал шаруашылығына қоса егіншілікпен де шұғылданған.

Мал шаруашылығы

Орта есеппен алғанда көшпенділердің бір жылдағы көш жолы елу-жүз шақырымды құрады, алайда, кейбір ру-тайпалар мың-екі мың бес жүз шақырымға дейін ұзап шыққан екен. Олардың ішінде Кіші жүздің адай, шекті, табын, тағы да өзге рулары аталған. Әр ру-тайпаның өзіне ғана тиесілі көш жолдары болып, осы мақсатта су көздері бар арнайы қыстаулар мен жайлаулары белгіленді.

Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында Қазақстанның солтүстік өңірі – Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қостанай уездерінде жылқы шаруашылығы өркендеді. Бұл өңірлердің әрқайсысында мал басына шаққандағы жылқының үлесі 25-тен 35%-ға дейін жеткен. Ал Қазақстанның оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлері – Маңғышлақ, Жайсаң (Зайсан), Жаркент, Верный, Қапал және Гурьев уездерінде қой шаруашылығы дамып, бұлардағы қой саны 70%-дан асқан. Қазақстанның оңтүстік-батысындағы «құрғақ», қуаң далалы жерлерде – Қазалы, Гурьев, Ырғыз бен Перовск уездерінде түйе өсірілді. Нақтырақ айтқанда әрқайсысына жалпы түйенің 9%-дан астамы келді. Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Орал мен Павлодар сияқты солтүстік уездерде сиыр малы көбірек өсіріліп, 25%-ды құрады.

Егін шаруашылығы — қазақ тұрмыс-тіршілігінде мал шаруашылығынан кейін тұрғанына қарамастан, Қазақстандағы егіншіліктің дамуының өзіндік дәстүрлі жолы болды, әрі ол көбіне-көп табиғи географиялық жағдайларға байланысты өрбіді. Әлі күнге дейін тау беткейлеріндегі бұлақтар мен далалық өзен-көлдер жағалауларында кездесетін көне суару жүйесінің іздері қазақ халқы суармалы егіншілікпен ертеден бері шұғылданып келе жатқанын көрсетеді.

Егін шаруашылығы

Егіншілікпен, әсіресе, суармалы егіншілікпен шұғылданатын егіншілердің ең басты құралы кетпен болды, оған қоса күрек, соқа пайдаланылды. Орыс егіншілері жақын орналасқан өңірлерде қос дөңгелекті темір соқалар мен ағаш тырмалар пайдаланылды. Егіншілер жерді жерағаш деп аталатын соқамен жыртты. Маңғыстау өңірінде оны шоқайағаш, Орталық Қазақстанда имекағаш, Жетісуда тісағаш, Шығыс Қазақстанда қолтіс, Шымкент уезінде омаш деп атады.

Қазақстанның ауыспалы егіс жүйесінде егістікті тыңайтып пайдалану тәсілі жиі пайдаланылды, яғни бір жерге бірнеше жыл қатарынан тары егілсе, жер құнары азая бастаған шақта бірнеше жыл бос қалдырып, жерді тыңайтып алды.

Қазақстан аумағында егіншілік мәдениеті аса көп тарала қойған жоқ. Оның дамуы қазақтар тіршілік ететін қоршаған ортаның табиғи қорларына тікелей байланысты болды (топырақтың құнарсыздығы мен судың жетіспеушілігі, жауын-шашынның аздығы мен құрғақшылық), сондықтан егіншілік қазақ шаруашылығында қай уақытта да қосымша күнкөріс көзі ретінде қаралып келді.

Балық аулау

Балықшылық — қазақтар арасында белгілі бір деңгейде балықшылық кәсібі де дамыды. Алғашында онымен тек кедей-кепшіктер ғана шұғылданды, өйткені, қазақтар балықты тағам қатарына қоса қоймаған еді. Қазақстанда орыс халқы санының өсуі мен Ресеймен сауда-экономикалық байланыстардың кеңейе түсуі балық пен балық өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХX ғасырдың бас кезінде Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында, Шалқар, Көкшетау уезіне қарасты Шортанды, Иманы Тау көлдерінде балықшылық кәсібі өркендеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан өңірі қазақтарының тұрмыс-тіршілігінде де елеулі рөл атқара бастады. Балқаш көлі мен Іле өзенінен сазан, табан балық, жайын ауланып, балық өндірісінің дамуына ықпал етті.

Тазымен аң аулау

Қазақтардың балық аулауда дәстүрлі құрал-саймандар ретінде қармақ, ортаңғысынан екі жағындағы тістері ұзынырақ келетін үш тісті шанышқы, сондай-ақ сүзгі, кейде қыс уақытында қайқы түйреуіш бекітілген ілме пайдаланды. Мұның ішінде көбірек таралған ау-құралдардың бірі – сүзгі. Оны жылқының қыл құйрығынан жасады.

ХІХ ғасырдың соңында Сырдария өзенінің төменгі тұсы мен Арал теңізі алабында балық өнеркәсібі кең тарады. Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы бұл өңірлерде балықшылық кәсіптің одан әрі өрістеуіне жол ашты.

Аңшылық — Қазақ жерінде аңшылық өнер ежелден келе жатқан кәсіптердің бірі. Археологиялық және палеозоологиялық зерттеулер аңшылық кәсіптің алғашқы дәуірден бастап қола дәуірге дейінгі аралықта жергілікті халықтың шаруашылық өмірінде жетекші орынға ие болғанын көрсетеді.

Алғашқы кезеңде аң аулау үшін аушы құстар мен тазы иттер пайдаланылса, кейіннен мылтық түрлері пайдаланылды. Аңшылықтың неғұрлым кең таралған танымал түрі – құс салу. Орта Азия мен Қазақстанда бүркіт пен қаршыға, сұңқарлардың ондаған түрімен аң аулады, әсіресе ұябасар қаршыға, лашын, тұрымтай көп пайдаланылды.

Тазымен аң аулау аңшылықтың ең әдемі түрлерінен саналады. Алғыр тазымен аңға шығып, түлкі аулау өткен ғасырдағы ең тиімді әрі пайдалы кәсіптердің бірі болды.

Қарумен аң аулау – қақпан құру, тұзақ салу, тор құру секілді аңшылық түрлеріндей кең тарай қойған жоқ.

Қарапайым халық үшін аңшылық ежелден-ақ күнкөріс көздерінің бірі болды. Жабайы жануарлар мен құстарды аулау қазақтардың тұрғын үйі мен тамағы, киім-кешегі мен жалпы тұрмыс-тіршілігіне қажетті кәсіптердің бірінен саналды. Киік, қарақұйрық, елік, арқар, қоян, қырғауыл, құр тәрізді жабайы аң-құстардың етін жеп, терісі мен жүнін пайдаланды.[28]

Қазақ халқының тұрмысы

Толық мақаласы: Қазақ халқының тұрмысы

Қазақтар бүкіл өмірін қозғалыста өткізіп, жаңа мезгілімен үнемі санасып отыруына тура келді. Негізгі баспанасы қыстау басында орналасты. Олар бұл жерден бүкіл үй-ішімен, руымен, тайпасымен орналасып, содан соң жайлауға көшті. Жылдың жылы мезгілін жайлауда өткізіп, күн суыта қыстауға оралды оралды. Жыл бойы осылайша көшіп-қонып жүру үшін оларға тігуі, жинап алуы жеңіл, қолайлы баспана қажет болды. Осындай баспана - киіз үй болды. Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді қазақ халықы қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды.[29]

Мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар күнделікті тұрмысқа қажетті құралдар: жылқы ұстау үшін құрық, арқан, мал суаруға қауга, науа пайдаланды. Жылқы тұсау үшін шідер, ал құлындарын байлау үшін жуан арқандар мен ноқталар дайындады. Бұлардың барлығын малшылар өз қолымен мал терісінен жасады. Қазақстанның егіншілікпен айналысатын аумағында егіншілікке қажетті құралдар дайындалды. Олар: тіс ағаш, мала, егін оратын орақ, ағаш аша, тырма, атпа шығыр, кетпендер мен күректер, т.б. Оларды жергілікті ұсталар жасады.

Қазақ халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі халық болғандықтан, былғары өңдеумен шұғылданды. Былғары – терінің өңделген түрі. Малдың тұқымы мен күтіміне байланысты терінің сапасы да әр түрлі болды.

Қазақтардың кәсібінде қолөнері маңызды роль атқарды. Қазақтар өмірі мен тұрмысына қажетті үй-жай, киім-кишек, ішетін асын, құрал-жабдықтар мен саймандардың барлығын өз қолдарымен жасаған. Қолөнердің алуан түрлері: тоқымашылық, киіз басу, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеу дамыды. Әйелдер тоқымашылықпен, киіз басумен айналысқан. Кілем, алаша, шекпен, киіз үйге керекті басқұр, бау-шулар, сырмақ және басқаларды дайындаған. Мүйізден қасық, түйме, сүйектен төсек аяқ жасаған, тарамысты ширатып етік тікті, түрлі саймандарды оюлап безендірген. Аса шебер зергерлер алтын, күміспен, түрлі асыл тастармен безендіріп ер жүген, үзеңгі, таралға, белбеу, ер-тұрман саймандарын, сақина, білезік, сырға, алқа, шолпы, түйреуіш, сәнді сәукеле сияқты бұйымдар жасаған.[30]

Мекен жәйлары, тұрағы

Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ежелгі мекені – ауыл болған. Яғни, ауыл — дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық. Қазақ ауылы жарты шеңбер, немесе жарты ай пішінінде орналасады.

Қазақ ауылы колхоздастырау кезеңінде 1956 жыл.

Қазақ даласындағы ауылдарды алсақ әрбір дәстүрлі қазақ ауылы бір атадан тараған ру мүшелерінен тұрды. Ауыл ішінде негізінен некелік қатынастарға тыйым салынған. Тек көрші ауылдармен яғни басқа ру өкілдерімен некелік қарым-қатынас құруға рұқсат болған. Осындай некелік қарым-қатынас ауылдарды жақындастырып, туыс еткізді.

Киіз үй

Ауылдар арасындағы әр түрлі қайшылықтар мен күрделі мәселелерді ауылдың беделді адамдары — ақсақалдар мен билер реттеп отырған. Әдетте, қазақ ауылдарында 10 — 20-ға дейін үйлер болған. Әрбір ауыл көшпелі мектеп, жалдамалы молда (кейінірек мұғалім) ұстаған, кілем, алаша, шекпен т.б. тоқитын, үйшілік, зергерлік, ұсталық ететін қолөнершілер болған.[31]

Қазақтардың дәстүрлі үйі – киіз үй. Қазір де бұл баспана түрі ескірген емес, оны мал шаруашылығымен айналысатын көптеген фермерлер пайдаланады. Киіз үй - қазақ халқының бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп-қонуға ыңғайлы тұрмыстық үй. Киіз үй кҿшіп қонуға ыңғайлы етіп 4, 5, 6, 7, 8, 10 қанатты жҽне сән-салтанат құру мақсатында 12, 14, 16 қанатты етіп жабдықталады. Киiз үй иелерiнiң рулық, тайпалық түсiнiктегi мансабына қарай: Үлкен үй, Кiшкене үй, Отау, Кiшi отау деп аталған.

ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы отырықшылдыққа байланысты Ертіс алабында тұратын қазақтар үйлерін қолда бар жергілікті материалдан: талдан, қамыстан, шымнан, шикі кірпіш пен саманнан, сондай-ақ тастан салған. Таулы және орманды аудандарда орыс үлгісіндегі ағаш шеген құрылыстар, сондай-ақ үш-екі бөлмелі «қоржын үйлер» болған. Кедейлердің үйлері шағын, бір бөлмелі, ішкі жиһаздары қарапайым келетін. Дәулетті және бай қазақтардың үйлері үш (және одан да көп) бөлмелі болып, екі, кейде тіпті үш пешпен жылытылатын.

Осылайша, ХХ ғасыр басына қарай қазақтар отырықшылдық, немесе жартылай отырықшылдық тұрмыс жағдайына көшіп, олардың дәулетіне сай бір немесе бірнеше бөлмелерден тұратын үйлері мен тұрақты қыстаулары болған.[32][33][34]

Дәстүрлі киімдері

Толық мақаласы: Қазақ ұлттық киімдері
бөрік
шапан

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың кейбірі бұрынғы заманнан сақталып тек қана кішігірім өзгерістерге ұшыраған, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Қазақ киімдері ең алдымен мақта, жүн және киіз материалдарынан тігілген. Олардың көшпелі өмір салтына сәйкес көптеген киімдер терілерден, былғары секілді материалдардан тігіліп, оларды даладағы өмірдің қатал жағдайынан сақтауға лайықты берік киіммен қамтамасыз еткен.

Ерлердің киімі көйлек немесе жейдеден және шалбардан тұрған. Көйлектің сыртынан жүн, сондай–ақ барқыт, қамқа, ши барқыт, жібек жеңсіз камзол мен бешпенттер киетін болған. Сыртқы киімдері кең шапан, ал қыста жеңіл күпі болған. Өңделген қой немесе қасқыр мен түлкі терісінен, кейде бағалы аң терілерінен (кәмшаттың, бұлғынның) әр түрлі тондар киген. Қазақ әйелдерінің киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Ұлттық әйелдер киіміне қамзол немесе үстінен шапан киген ұзын көйлек кірді. Суық мезгілде әйелдер түлкінің жүнін немесе қойдың терісін киетін. Бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (кейбір жерде нәзік белдік) буынған.

Жазда бастарына тақия немесе киіз қалпақ, қыста – тері мен елтіріден жасалған әр түрі бас киімдер (бөрік, тымақ, малақай, телпек) киген. Тұрмыстағы әйелдер кимешек киген – ол бетке арналған қимасы бар, басты, кеуде мен арқаны жауып тұратын ақ матадан тігілген жаулық. Кимешектің сыртынан әйелдер (әсіресе егде жастағы) орамалдың бір түрі – жаулық байлайтын болған. Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылып сәндендіріледі.

Аяқ киімдері былғары етік (етік, мәсі), былғары аяқ киім (шарық, қалыш, кебіс). Қыста киіз байпақ және сыртынан биік саптама етік киетін болған. Кебіс — мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Бұрын кебісті галош орнына киген. Оның басын жұмсақ қара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік өкше етіп тіккен. Оны оюлармен, тұмсығын сызықтап күміс, зер жіптермен әшекейлеген.[35][36][37][38]

Дәстүрлі тағамдары

Қазақтың ұлттық тағамдарының кейбіреуі арнайы уақыттарда тартылады, арнайы қонаққа арналғандары да бар. Осыған байланысты қазақтың әрбір ас ішуі үлкен тәрбиеге, сыйластыққа негізделген.

Бесбармақ

Қазақ халқының қалыптасуында ет тағамы үлкен маңызға ие. Көшпенді мал шаруашылығына байланысты қазақтың ас мәзірінің 80 пайызы еттен тұрса, оңтүстік өңірлерде жақсы дамыған егін шарушылығына байланысты қалған бөлігі дәнді дақылдардан тұрды. Қазақтар қой еті мен жылқы етінен тағамдар жасаған, сиыр еті сирек қолданылған, себебі, сиыр көшпенді дәстүрге онша бейімделмеген жануар. Құс еті де өте сирек қолданылған. Негізгі тағам - жылқы еті. Ең сыйлы қонақтың алдына, көбінесе асқа бата беретін көпті көрген ақсақалдар мен қадірлі қарияларға, қазақ қойдың басын тартады. Бас тартылған адам әуелі бастың оң жақ езуіндегі жұмсақ еттен өзі дәм татып, қалғанын белгілі бір реттілікті сақтай отырып, жиылған қонақтарға бөліп береді. Мұндай реттілік қонақтарға ас беру кезінде де қатаң сақталады. Сонымен бірге ең танымал астың бірі – қуырдақ, жаңа сойылған малдың етінен, ұсақтап туралып жасалады. Мойын және төстік етпен бірге оған өкпе-бауыр, жүрек, құйрық май қосылады.

Қазақтың ұннан әзірленетін тағам түрлері өте көп, таба нан - бидай ұнынан дайындалған нан, бауырсақ - ұннан жасалынып, майға қуырылатын нан түрі, шелпек, құймақ, қазанжаппай - табаға, қазанға жауып пісірілетін нан және тағы басқалары.

Сүттен қазақтар әртүрлі тағамдар дайындаған. Сиыр сүтінен айран, түйе сүтінен шұбат, бие сүтінен қымыз, құрт, ірімшік, ақлақ, қатық, сүзбе, май, қаймақ әзірленген. Құрт - малдың сүтінен дайындалатын ұзақ уақыт сақтауға арналған тағам. Ірімшік - сиырдың, қойдың, ешкінің сүтінен қайнатып әзірленетін сүт тағамы. Сары май - сиырдың, қойдың, ешкінің сүтінен алынады. Айран - ұйытылған сүт. Оны қаймағы алынған сүттен де, қаймағы алынбаған сүттен де ұйытуға болады.[39][40][41]

Қазақ халқының салт-дәстүрлері

Қазақтың қазір ұлттық мінезге айналған басты дәстүрлерінің бірі – қонақжайлылық. Қонақжайлылық, қазақ қоғамында басты міндет – қонақты ашық, құшақ жая қарсы алу. Қонақ – үйдегі ең маңызды және ең қалаулы адам.

Беташар рәсімі

Қазақ халқының салт – дәстүрлері бала дүниеге келген сәттен бастап, ер жетуі, тәрбиесі, келін түсіріп, қыз ұзатуы, өлім – жітімге дейінгі аралықты сонымен қатар қауымдық – әлеуметтік мәселелерді де қамтиды. Ешбір заңда, кодексте жазылмаса да халық дәстүрді бұлжытпай орындап отырған. Қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт- дәстүрлер, тұрмыс-салт дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш үлкен топқа бөлінеді. Соның ішінде бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келгеннен бастап жүргізілетін шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесуден бастап қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған жөн-жоралғылар кіреді. Ал тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынастары, ұлттық музыка аспаптары, қонақ күту, тағы басқа рәсімдері жатады.

Қазақта ең жақсы сақталып қанға сіңді қасиетке айналған дәстүрдің бірі – жеті атаны білу. Оның ішінде, жеті атаға жетпей қыз алыспау. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп бұл дәстүрдің маңыздылығын айшықтап берген. Жеті атаға толмай қыз алыспау ертеден келе жатқан құқықтық ереже. Бұл дәстүр – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы жолы.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері:

Мәдениеті

Толық мақаласы: Қазақ мәдениеті

Ежелгі суперэтникалық тайпалар мен қазақтардың мәдени-тарихи сабақтастығын толық қанды объективті зерттелуіне, кеңестік идеология кедергі болды. Археология, этнография, антропология мәселелеріне ресейлік, европалық ғалымдар ғана арнайы тапсырмалармен зерттеулер жүргізді. Бұл тақырып қазақ ғалымдарына «жабық» тақырып болды.

Көшпеліліктегі маңызды мәселенің бірі — ондағы әлеуметтік құрылым, қоғамдық ұжымдасу ерекшеліктері, қауымдық тұтастықтың болуы. Көшпелілер уақыт пен кеңістікті игеруі, танып түсінуі нәтижесінде көшіп-қонып, табиғаттың колайлы белдеулерінде орналаса отырып, мәдениет пен климат ерекшеліктерін ұтымды қолдана білген. Қазақстанда ерте заманнан бері маусымдық жайылымдар пайдаланылған. Жауын-шашыны молырақ Арқаның теріскейіндегі орманды-далалы алқапты, оңтүстік-шығыстағы таулы өңірді жұрт ең алдымен жайлау, ал шығыс және ортаңғы аймақты қыстау ретінде пайдаланып келген. Кеңістікпен үйлесімді дамыған мәдениет адам мен табиғаттың арасында нәзік үндестікті білдіретін дәнекер кызметін атқарды. Көшпелі коғамның тіршілік етуінің көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығы болуы олардың дүниетанымына шешуші әсер етті. Көшпелілер мәдениетінің ажырамас бөлігі — «әлем» және «адам» түсініктеріне негізделіп дамыған дүниетаным жүйесі болды.[47]

Қазақ фольклоры

Толық мақаласы: Қазақ фольклоры

Қазақ халқы ертеден қалыптасқан бай фольклорға ие. Ұлттық фольклордың алуан жанрларының ішіндегі ең көрнекті саласы – эпостық туындылар, оның ішінде батырлық жырларының өзі төрт жүзден астам. Эпостар, тек болған оқиғаларға: кейіпкер, қаһармандардың елін сүю, сыртқы жаудан отбасын, әулетін, ел-жұртын, ауыл-аймағын қорғау, халық үшін ерлік еңбек ету идеясына құрылған. Ішкі-сыртқы жаулардың жасаған үлкенді-кішілі шабуылдары, оларға қарсы шайқаста ерекше көзге түскен, ел-жұртын дұшпанның қорлық-зорлығынан қорғаған батырлардың ерлік істерін халық ұзақ уақыт ұмытпай, аңыз-әңгіме, жырына қосып арқау еткен.[48]

Мифтер — қазақ фольклорында мифтер таза күйінде емес, басқа жанрлардың құрамында, кейде жеке әңгіме түрінде кездеседі. Қазақ мифінің ішінде әсіресе кең тарағаны – жер бетіндегі тау-тастың, көлдің пайда болу тарихын баяндайтын, сондай-ақ аспан әлемінің құрылысын түсіндіретін және әртүрлі жануар мен жәндіктердің кейбір қасиеттерін әңгімелейтін шығармалар. Ертедегі адамдар табиғаттың құбылыстарын, аспан әлеміндегі шырақтарды түсіну үшін олар туралы неше түрлі миф шығарып, өз тұрмысын соларға көшірген, көп нәрсені күнделікті шаруа мен тұрмыс, адамдық қасиеттер мен қатынас тұрғысынан түсіндірген. Мифтердің басты кейіпкерлері – ілкі ата, жасампаз қаһарман, тотем-баба мен шаман. Бұлармен бірге ежелгі рух-иелер: желаяқ, көлтауысар, саққұлақ, таусоғар жүреді.

Батырлар жыры

Ертегілер — Ертегілер көне мифтермен, хикаялармен, наным-сенімдермен тығыз байланысты, ежелгі мифологияны жетілдіре пайдаланып, қиялды араластырып, ғажайыптық сипатқа ие болған. Соның нәтижесінде осы жанрдың өзіне тән поэтика мен эстетикасы қалыптасқан, болмысты солардың тезінен өткізіп бейнелеген. Қазаққа жеткен ертегілер бірнеше жанрдан тұрады: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, хикаялық (новеллалық) ертегілер, сатиралық ертегілер. Бұлардың бәріне ортақ белгілері және әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар

Аңыздар мен шешендік сөздер — көркемдік сипаты мен шындыққа қатысы жағынан алғанда аңыздар екі түрге бөлінеді. Бірі – тарихи аңыздар (Шыңғыс хан мен Жошы, Ақсақ Темір мен Едіге, т.б), екіншісі мекендік (топонимикалық) аңыздар. Тарихи аңыз тобына шешендік сөздер де енеді. Олар мазмұнына және қаһармандарына қарай, негізінен, Қазақ хандығы тұсында және одан кейін де өмір сүрген билердің төрелік жүргізген даулы оқиғалары туралы әңгімелейтін тарихи аңыз болып табылады.

Батырлар жыры — қазақ фольклорында бұл жанрдың алатын орны ерекше. Өйткені, біріншіден, халықтың рухани өмірінде, әсіресе, сөз өнерінде эпос басты роль аткарды; екіншіден, эпоста фольклорға тән ерекшеліктер толығырақ және айқынырақ көрінеді. Дәл осы жанрда қазақ жүртының эстетикалық та, этикалық та түсінік-пайымы, дүниетанымы да, арман-аңсары да мол табылады. Ол өзінің әрі қарай дамуында сюжеттік әрі ғұмырнамалық тұтастану процесінен өткен (“Алпамыс батыр”, “Қобыланды батыр”, “Қамбар батыр” жырлары). Алтын Орда мен Ноғайлы дәуірінден пайда болған эпос тарихи және шежірелік тұтастануға түскен (“Қырымның қырық батыры”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай”, “Ер Тарғын”, “Едіге” жырлары).

Дастандар — қазақтың төл дастандары бар: әлеуметтік-сүйіспеншілік дастандар және ертегі дастандар. Әрбір ішкі жанр бүкіл дастанға ортақ қасиеттермен қатар, тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен дараланады. Бұл, әсіресе, бас қаһарманға, оның іс-әрекеттеріне, сондай-ақ дастанның айтылу мақсаты мен мәнеріне байланысты болады.

Айтыс — қазақтың ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан жанр. Ақындар айтысында, олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді.

Терме — көбінесе нақылдық болып келеді. Мұндай термелердің басты мақсаты – ғибрат беру, сол себепті олардың мазмұны өмірдегі жағдайға, көбінесе адамның мінез-құлқына, әсіресе, отбасының жағдайына байланысты мәселелер болып келеді. Бұл шығармаларда тіршіліктің әр түрлі аспектілері теріліп алынады да, олар кейде салыстырыла, бірде қарсы қойыла, иә болмаса қатарластыра баяндалады, соның негізінде нақыл айтылады, адамға ой салынады.

Өлеңдер — Қазақ қауымының өмірінде өлеңнің орны ерекше, сол себепті оның түрлері де көп: лирикалық өлең, тарихи өлең, қара өлең, нақыл өлең, өтірік өлең, т.б. Олар орындалу мәнері, шындыққа қатынасы, мазмұны мен түрі жағынан бір-бірінен ерекшеленіп тұрады.

Мақал-мәтелдер — қазақ өмірінің барлық саласына қатысты айтылады. Әсіресе, бұрынғы қазақ қауымы үшін олар белгілі дәрежеде заң ролінде болған. Билер ел арасындағы дау-дамайды шешкенде мақал мен мәтелді жиі пайдаланып, соған сүйенген. Сондай-ақ мақал-мәтел өмір тәжірибесіне негізделгендіктен тәлімдік те мақсатта қолданылған, сондықтан да онда дидактикалық, үлгілік, ақыл-кеңес берерлік қасиет басым. Тіршіліктегі әр қилы жағдайға, қиындыққа, сауалға дайын жауап болып көрінеді.[49]

Қазақ музыкасы

Толық мақаласы: Қазақ халық музыкасы

Қазақ ұлт болып құрылғаннан бастап төл музыкасы бірге дамыды. Ән-күй арқылы әдет-ғұрып, дәстүрлі салт-сана ұрпақтан -ұрпаққа жетіп, көшпелі халқымыздың рухани мәдениетіне айналды. Бесік жыры, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той, т.б ойын-сауық, ән-күймен әсерленіп отырды. Әсіресе, лирикалық-әлеуметтік тақырыпқа арналған оқиғалы желіде туған, формасы күрделі музыкалар орындаушылығы жағынан мықты шеберлікті қажет етті. Қазақ халқының ақын, жырау, жыршы, әнші, өлеңші, күйшілері музыкалық мәдениеттің негізін қалады.

Қорқыт ата

Жас балалар саз балшықтан жасалған үрмелі аспаптармен ойнап, үйренген. Олар анасының бесік жырымен, үлкендердің өсиет- өлеңдерін тыңдап, өмірге деген көзқарастары қалыптасып, үлкен өмірге аяқ басқан. Содан соң жастар әнге деген білімдері мен шеберліктері әртүрлі отырыстарда қайым-айтыс, тартыс, қара өлең айту арқылы шыңдалып отырған. Есейе келе ән қорына махаббат әуендері, тойларда айтылатын жар-жар, қалыңдықтың қоштасу әні және де аңшылардың аңға шығарда, сарбаз әскерлердің жорыққа аттанарда қолданған -дабыл, дауылпаз, шыңдауыл секілді аспаптардың үндері мен толықтырылып отырған. Ал, үлкендер өз ән-күйлерінде елдің бірлігі, халықтың мұң-мұқтажы, салт-дәстүрі мен айтыстарды өз руларының жеңіс, жетістіктерін жырға қосып жырлаған.

Домбыра мен сыбызғы саздарының ежелгі үлгілері ретінде жеткен күй дастандары өте көп. Мысалы, «Аққу», «Қаз», «Нар», «Ақсақ құлан», «Ақсақ қыз», «Жорға аю», және қайғы-мұңға толы «Зарлау», «Жетім қыз». Бұл күйлерде ежелгі көшпенділердің діні, салт-дәстүрі, қуаныш-қайғысы мыңдаған ғасырлар бойы сақталып, бізге жеткен. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Кенен Әзірбаев аттары тек қазақтың емес, әлем музыка мәдениетінде орын алған.[50]

Қазақтардың музыкалық аспаптары

Толық мақаласы: Қазақтың саз аспаптары
Домбыра

Ертеден қазақ халқы тастан, ағаштан, темірден, өсімдіктерден, саздан, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан тағы басқа да дыбыс шығаруы мүмкін заттардан қарапайым ән-кұй аспаптарын жасай алды.

Алғашқыда ел арасындағы әнші күйшілер өздері қажетті аспаптарын  жасап алып ойнап елге өнерлерін көрсетіп жүре берді. Келе келе қазақ даласының географиялық ерекшеліктеріне орай саз аспаптары үндік ерекшелігіне және формасына қарай сан алуан түрге ене бастады. Халқымыздың жыр аңыздарынан, дастандарынан және өткен ғасырлардағы саяхатшылардың, ғалымдардың еңбектерінен көне аспаптардың сипаттамаларын, суреттерін кездестіреміз. Ертеде музыка аспаптарын жұртқа хабар бергенде, аңшылар құсты, аңды үркіткенде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салғанда пайдаланған. Бүгінде сол көне замандағы саз аспаптарымыз үнін сақтап қалғанымен қызметтік функциясын өзгерткен. Ертедегі тұрмысқа қажет болса бүгінде ұлттық фальклорлы ансамбль, оркестрлерден орын тапқан. Қызметіне  және ойналу ерекшелігіне қарай саз аспаптары мынадай бес  топтарға топтастырылды:

  • жіңішке сым арқылы дыбысы шығарылатын аспап - шаңқобыз;
  • шулы аспаптар аспаптың басына тағылған шынжырлар, қоныраулар арқылы дыбыс шығарылатын тобы — асатаяқтың бірнеше түрлері.[51][52]

Қазақтың ұлттық ойындары

Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. 1-мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тараған.

Ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар.

Алтыбақан

Тағы қараңыз

Дереккөздер

  1. Қазақстан Республикасы халқының саны (2024 жыл басына). Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі. Тексерілді, 8 шілде 2024.
  2. Согласно переписи 2000 ж. численность казахов составила 1 250 458 чел.[1], в последующие годы на численность казахского населения оказывали влияние не только более высокая по сравнению с ханьцами рождаемость, но и наличие определённых ассимиляционные процессы. Приводимые в некоторых источниках оценки, в основном, исходят из более быстрого роста казахского населения по сравнению с ханьским и, соответственно, некоторого увеличения доли казахов в населении КНР (составляла 0,104 % в 2000 ж.), но даже при сохранении этой доли численность казахов составит ок.1,4 млн чел.
  3. доля казахов в населении Узбекистана по данным переписей 1959—1989 жж. оставалась стабильной ок.4,1 % (существует оценка, приводимая ЦРУ Мұрағатталған 9 шілденің 2016 жылы., согласно которой в 1996 ж. доля казахов сократилась до 3 %). Имеется официальная оценка Узбекистана (цит. по книге Е. Ю. Садовской «Миграция в Казахстане на рубеже XXI века : основные тенденции и перспективы» ISBN 9965-593-01-9), согласно которой в 1999 ж. численность казахов составляла 940,6 тыс. чел. или 3,8 %. Если принять сохранение доли казахов на уровне 4,1 % (без учета репатриации части казахов-оралманов в Казахстан) и численность населения Узбекистана в середине 2008 ж. в размере 27,3 млн чел., то численность казахов в Узбекистане составит ок. 1,1 млн чел., если же применить оценку доли казахов в 3 %, их число в середине 2008 составит ок. 0,8 млн чел. По данным Этнического атласа Узбекистана в 2000 ж. в стране было 990 022 казахов https://almaty.tv/news/arkhiv/152913-skolko-kazakhov-prodgivaet-v-uzbekistane/amp
  4. Данные переписи населения РФ 2010 ж. Мұрағатталған 23 желтоқсанның 2021 жылы.
  5. Перепись населения Монголии 2010 ж.
  6. В 1995 ж. численность казахов составляла 86 987 чел [2] или 1,94 % населения. Впоследствии наблюдался массовый выезд казахов-оралманов в Казахстан: 22 тыс. до 2001 ж. и ещё 38-40 тыс. в период 2001—2007 жж. По сообщениям прессы [3], [4], [5] значительная часть казахов уже покинула Туркменистан
  7. Национальный статистический комитет Кыргызской Республики. Национальный состав населения. Оценка на 1 қаңтар 2011 ж.(қолжетпейтін сілтеме) По переписи 1999 ж. в Киргизии было 42 657 казахов (Демографические тенденции, формирование наций и межэтнические отношения в Киргизии в 1926—2000 ж. Демоскоп), численность казахов сокращается в результате выезда за пределы Киргизии, так в только за 2008 год убыль за счёт миграции составила 701 чел. или 2,1 % численности казахов (Распределение внешних мигрантов по национальностям в 2008 ж.(қолжетпейтін сілтеме)), в 2009 ж. убыль составила 630 чел. или 1,9 % (Распределение внешних мигрантов по национальностям в 2009 ж.(қолжетпейтін сілтеме)), в 2010 ж. — убыль 759 чел. или 2,3 % (Распределение внешних мигрантов по национальностям в 2010 ж.(қолжетпейтін сілтеме)). Определённое влияние на численность казахов оказывает и их ассимиляция.
  8. http://news.iran.ru/news/32852/ Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. Казахи «ядерного» Ирана
  9. &n_page=5 Всеукраинская перепись населения 2001 ж. Распределение населения по национальности и родному языку. Государственный комитет статистики Украины.
  10. Перепись населения Республики Беларусь 2019 года. Национальный состав населения Республики Беларусь. belstat.gov.by.
  11. Михаил Тульский Итоги переписи населения Таджикистана 2000 ж.: национальный, возрастной, половой, семейный и образовательный составы. «Демоскоп». Басты дереккөзінен мұрағатталған 25 тамыз 2011.
  12. Қазақстан тарихы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  13. Қазақ халқының қалыптасуы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  14. Казахи - Қазақтар / قازاقتار / Qazaqtar. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  15. Е.Ж.Жалбағаев Қазақтың арғы атасы кім?, Номадтар, сақтар, ғұндар, түркілер және қазақтар (Қазақ тарихына бейресми көзқарас) — Алматы: Білім, 2016. — ISBN 978-9965-09-874-1.
  16. Қазақ халқының арғы тегі. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  17. Қазақтың рулары. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  18. Оңтүстік Сібір нәсілі (тұрандық нәсіл). Тексерілді, 5 маусым 2024.
  19. Қазақтар қандай нәсіл?. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  20. Қазақ тілі — әлемдегі ең бай үшінші тіл. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  21. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  22. Қазақ халқының жазу мәдениетінің қалыптасуы тарихынан. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  23. Қазақ жазуының тарихы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  24. Қазақ халқының ұлы дала төріндегі діни ұстанымы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  25. Қазақтар дінді қалай ұстанған. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  26. Қазақ жеріндегі исламның таралуы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  27. Қазақтың дәстүрлі шаруашылығы. Мәдениетінің дамуы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  28. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  29. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  30. Қазақ халқының материалдық мәдениеті. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  31. Ауыл тарихы – ел тарихы. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  32. Қазақтың киіз үйі. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  33. Киелі киіз үй. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  34. Қазақтардың ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы отырықшылдық тұрақ жайлары. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  35. Қазақтың ұлттық киімі - қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  36. Қазақтардың дәстүрлі киімі. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  37. Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  38. Қазақ халқының ұлттық киімдері. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  39. Қазақтың ұлттық тағамының ерекшеліктері. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  40. Дәстүрлі қазақ тағамдары. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  41. Қазақтың ұлттық тағамдары. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  42. Салт-дәстүр мен ұлттық мерекелер. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  43. Қазақтың салт-дәстүрі ұлттың тамыры. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  44. Салт-дәстүр, рухани құндылықтар. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  45. Салт-дәстүр асыл қазынам!. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  46. < Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  47. Көшпенділер мәдениеті. Тексерілді, 5 маусым 2024.
  48. Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы. Тексерілді, 10 маусым 2024.
  49. Қасқабасов С. Ойөріс.. Тексерілді, 10 маусым 2024.
  50. Қазақ музыка мәдениетінің қалыптасуы және өркендеуі. Тексерілді, 10 маусым 2024.
  51. Қазақ халқының музыкалық аспаптары. Тексерілді, 10 маусым 2024.
  52. Қазақтың ұлттық саз аспаптарының өткені, бүгіні және келешегі. Тексерілді, 10 маусым 2024.
  53. Қазақтың ұлттық ойындары. Тексерілді, 10 маусым 2024.

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Қазақ халқы