Талыштар
Талыштар | |
تالشان / tolyšon / толышон | |
Бүкіл халықтың саны | |
---|---|
267 300 - 619 000 | |
Ең көп таралған аймақтар | |
Әзербайжан |
112 000 (2009) |
Иран |
148 000 - 493 700 |
Ресей |
2 529 (2010) |
Украина |
133 (2001) |
Қазақстан |
691 (1999) |
Тілдері | |
Діні | |
шииттік ислам |
Талыштар (өз атауы толыш) — Иранның солтүстігі мен Әзірбайжанның оңтүстік-шығысындағы Талыш тауларында және Каспий теңізінің жағалауына жақын тау бөктерінде тұратын халық. Кейбір мәліметтер бойынша, дүние жүзіндегі талыштардың жалпы саны 267 300 - 619 000 жетеді. Басқа мәліметтер бойынша, Әзірбайжанда 600-ден 800 мыңға дейін талыш бар.
Эндоэтнонимдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әзірбайжан тілінде – «Talışlar»; парсы тілінде – «تالش»; ағылшын тілінде – «Talysh people»; абхаз тілінде – «Аталышцәа»; осетин тілінде - «Талышæгтæ»; неміс тілінде – «Talyschen»; поляк тілінде – «Tałyszowie»; авар тілінде – «Талышал»; түрік тілінде – «Talişler».[1]
Этнонимі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Талыш» сөзінің қайдан шыққаны туралы деректер әлі күнге дейін іс жүзінде айтылмаған. XVI ғасырда жазылған «Ескендір Зұлқарнайынның тарихы» романында (б.з.5 ғасырдағы грек дереккөзінен аударылған) осыған ұқсас термин алғаш рет айтылған. Тарихшы және лингвист Ахмед Кесрави ұсынған халықтың ирандық шығу тегі туралы теорияны теріске шығару да бар. Ол бұл термин ешбір дереккөзде, соның ішінде армян, грек және рим тілінде жоқ деп мәлімдейді. Талыштар, оның болжамы бойынша, арабтардың бірқатар еңбектері жарық көргеннен кейін танымал болды.[2]
Тілі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талыш тілі үндіеуропалық тілдер отбасының ирандық тармағының солтүстік-батыс тобына кіреді, аналитикалық құрылысы бар тілдердің қопарылма (флективті) түріне жатады, өткен шақта өтпелі етістіктері бар сөйлемнің эргативті құрылысына ие. Талыш тілі – жазуы жоқ тіл. 30-шы жылдары жазуды құруға талпыныс жасалды. Талыш тілінде негізгі төрт сөйленіс бар: ленкоран, астар, лерик, массалин.[3]
Діні
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дінге сенетіндердің көбі шиит түсінігіндегі исламды ұстанады.[4]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]XV ғасырдың ортасында талыштар Ширваншахтарға қарсы тұрған қызылбаштармен одақ құрады. Осы уақытқа дейін халықтың өмірі туралы нақты ақпарат жоқ. Қызылбаштармен одақтастық талыштарға өз тайпаларының бір бөлігі болып, ресми түрде құрамына кіруге мүмкіндік берді. Олар ерекше мәртебеге ие болып және Иран тілінің жалғыз таратушысы болғанымен басқа көшпенділер сияқты бірге өмір сүрді. Тарихи деректерге сүйенсек, ол кезде 600-ден астам талыш отбасы болған. Талыш хандығы Иранның Надир шах мемлекетінің ыдырауы нәтижесінде пайда болды. 18 ғасырда Нәдір шах империясы ыдырағаннан кейін Талыш хандығы астанасы алдымен Астарада, содан кейін Ленкоран қаласында құрылды.
Алайда 1785 жылы Фатали хан Каспий маңындағы жерлерді өзіне бағындыра бастағаннан кейін талыштар оған тәуелді болып, 1795 жылы Талыш хандығының билеушісі Мир Мұстафа хан Ресейден қорғауды сұрайды. Орыс-парсы соғысы кезінде талыштар Ресей жағына өтті. 1809 жылы Ресей Талыш хандығын протекторатқа алады. 1812 жылы парсы әскері Ленкоранды қоршауға алып, Талыш бекінісін басып алады, бірақ бірнеше айдан кейін, 1813 жылы 1 қаңтарда генерал П.С.Котляревский басқарған отряд шабулдап бұл бекіністі Ресейге қайтарады.
Гүлістан бітім шартына сәйкес Талыш хандығының бір бөлігі Парсыға берілді, бірақ парсылар мұнымен қанағаттанбай, басқа аумақтарға айырбастау арқылы Солтүстік Талышты қайтарып алуға барған сайын жаңа әрекеттер жасады. 1828 жылы кезекті орыс-парсы соғысынан кейін Түркманчай бейбіт шарты бойынша Талышқа қосымша Зуванттың бір бөлігі қосылды. 1919 жылы Баку губерниясының Ленкоран уезінде Мұған Кеңестік Республикасы құрылды, бірақ ол екі ай ғана өмір сүрді. Кулактарды жою кезінде көптеген Талыш отбасылары Қазақстанға жер аударылды. Алайда, кеңес өкіметі кезінде талыштар 1938 жылға дейін өздерінің мәдени автономиясына ие болды, бұл оларға тіл мен дәстүрді сақтауға көмектесті.[5]
Кәсібі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талыштар егіншілікпен, мал шаруашылығымен, тоқымашылықпен айналысады. Негізгі егілетін дақылдар – күріш пен бидай. Олар мал шаруашылығының маманы атанып, мақтадан сапалы өнім шығаруда. Қазіргі таңда бұдан бөлек, шәй, цитрус және көкөніс өсірумен айналысады. Иранда экономиканың негізгі түрі бау-бақша, мал шаруашылығы және егіншілік болып табылады. Дәстүр бойынша талыш ұлтының өкілдері күріш өсірумен және жібек шаруашылығымен, қоржын мен төсеніш тоқумен, жібек және мақта мата өндірумен айналысқан. Талыштар қыш жасау өнерін ежелгі парсылардан алған, сондықтан олар ежелден ою-өрнектермен және жануарлардың бейнелерімен мол безендірілген қыш ыдыстар жасайды. Талыш кілемдері бұрыннан бағаланған, бір кездері талыштар тіпті бұл кілемдерді ақша ретінде пайдаланған: салық төледі, пара берді, туыстарына сыйлық ретінде берді.
Тұрмыс салты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талыш қоғамында негізі Құранда қаланған қағидаттар қолданылады. Олар мінез-құлықтың негізгі ережелерін және халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін өмір сүретін заңдарды білдіреді. Қазіргі талыштар мекендеген елдерде адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты дәстүрлі мұсылмандық әдет-ғұрыптар кең таралған. Мұнда үлкендерге құрметпен қарау әдетке айналған, арақ-шарап ішуге тыйым салынған. Талыштарда сол қолмен зат немесе ақша беру әдетке жатпайды. Бірақ, көптеген исламдық этникалық топтарға қарағанда, талыштардың көп әйел алуға теріс көзқараспен қарайды. Талыш қоғамының ең бай өкілдерінің өзі бір әйел алғанды жөн көреді.[6]
Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дәстүрлі елді мекендер шағын, ойпат-тау бөктерінде шашыраңқы, ал таулы белдеуде жинақы оорналасқан. Әртүрлі табиғи аймақтардағы тұрғын үйлер негізінен құрылыс материалдарымен ерекшеленді: жағалау-тау етегіндегі аймақта ағаш пен қамысты, таулы аймақта - тасты пайдаланды. Төбенің жабыны, қаңылтыр, тақтай болды.
Тұрғын үйдің ең кең тараған дәстүрлі түрі - іргетасы жоқ ағаш үй (анжинака), оның қабырғалары іші-сырты балшықпен сыланған. Ол мұржасы жоқ ашық ошақпен (гара бухара) немесе каминмен (бухара) жылытылды. 20 ғасырда темір пеш кең тарады. Аулада маусымдық тұрғын үй салынды, ол кірпіштен немесе ағаш бағандарға (лям) көтерілді, бұл отбасы мамырдан қазанға дейін түнеп, демалуға арналған орын.[7]
Дәстүрлі киімдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Киімдері, ерлер - көйлек, шалбар, қалпақ немесе киізден бас киім киеді. Әйелдер ұзын және кең шалбар, көйлек, белдемше киіп, орамал таққан. Сонымен қатар жүннен тоқылған шұлық пен таза былғарыдан жасалған аяқ киіммен ерекшеленеді. Ерлер де, әйелдер де тирьмадан, жібек матадан немесе барқыттан жасалған архалыг киген.[8]
Дәстүрлі тағамдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талыштардың тағамдары жарқын және шынайы, бұл нақты географиялық орналасуы мен ерекше табиғатымен байланысты. Жиі тұтынатын тағамдар - палау, кәуап, балық. Талыштар арасында палаудың алуан түрі таң қалдырады. Мұнда асқабақ, жасымық, балық, бұршақ палауы, мейіз қосылған палау және т.б. бар. Талыш асханасында ұннан жасалған тағамдар – ет, картоп және дәмдеуіштер қосылған құтаба маңызды орынды алады. Нанның орнына қатты пісірілген күріш (кизме) жейді. Негізгі сусындар – шай, сумен сұйылтылған қышқыл сүт (абдух), жүзім, жеміс немесе көкөніс шырындары (шалим-тырш).[9]
Фольклоры
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талыш халқы ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық-ән мәдениетіне зор мән береді. Әндерді әдетте әйелдер дөңгелене билеп орындаған, ең танымалы "халай" болды, оның ішінде 7 жұп ән бар. Ер адамдар олардың би шеңберінің бір жағын құра отырып қосыла алады. Фольклоры - талыш халқының еңбек, ғұрыптық және тұрмыстық жырлары, баяттары, жоқтаулары, ертегілері, мифтері, аңыздары, салт-дәстүрлері, нұсқаулары, өнегелі тағылымдары, анекдоттары, мақал-мәтелдері, нақыл сөздері, жұмбақтары, ойындары арқылы бейнеленген ауызша халық шығармашылығы.[10]
Қазақстандағы талыштар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстанның талыш диаспорасы санының жалпы динамикасы ұлғаю үрдісін көрсете отырып, мынадай түрде болды:
- 137 (1989 ж.),
- 691 (1999 ж.),
- 132 (2009 ж.) адам, негізінен Жамбыл облысында тұрады.
1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан талыштарының қостілділік дәрежесі мынадай түрде анықталды: біртілділер – 130 адам (18,8%), қостілділер – 561 адам (81,2%).[11]
Сілтеме
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Ортаққорда бұған қатысты медиафайлдар бар: Талыштар
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Талыштар - تالىشن / Tolışon / Толышон. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Наталья Кошина. Мәдениетке бай талыштар. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Э.Д. Сүлейменова, Д.Х. Ақанова, Н.Ж. Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы» — «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020. — Б. 179. — 480 б. — ISBN 978–601–7988-21-0.
- ↑ ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары — Нұр-Сұлтан, 2020. — Б. 161. — 193 б. — ISBN 978-601-287-224-8.
- ↑ Талыштар. Тексерілді, 16 қараша 2024.
- ↑ Талыш дәстүрлері. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Әлем халықтары/Талыштар. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Талыштар. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Үлкен Ресей энциклопедиясы 2004–2017. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Талыш фольклоры. Тексерілді, 17 қараша 2024.
- ↑ Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева./Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева Қазақстан халқы. Энциклопедия — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. — Б. 392. — ISBN 978-601-7472-88-7.