Мазмұнға өту

Моғолстан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Моғолстан мемлекетітің картасы
 Қазақстан тарихы

Ежелгі Қазақстан тарихы

Тас дәуірі
Қола дәуірі
Темір дәуірі СақтарҮйсіндерҚаңлыларҒұндар

Қазақстанның ерте орта ғасырлардағы мемлекеттері

Түркі қағанаты (552—603)
Батыс Түрік қағанаты (603—704)
Шығыс Түрік қағанаты (682—744)
Түргеш қағанаты (704—756)
Қарлұқ қағанаты (756—940)
Қимақ мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басыОғыз мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басы

Қазақстанның дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттері

Қарахан мемлекеті (942-1212) жж.Қарақытай мемлекеті (1128-1213) жж.Қыпшақ хандығы Моңғол империясы (1206—1291)
Жошы ұлысы (1224—1481)
Шағатай қағанаты (1222—1370)
Орда-Ежен ұлысы (1242—1446)
Шайбани ұлысы (1243 — ?)
Ақ Орда (XIIIXV ғғ.)
Көк ОрдаӘбілқайыр хандығы (1428—1468)
Ноғай ордасы (1440—1634)
Моғолстан (1348—1514)
Ташкент хандығы (1501—1627)

Қазақ хандығы дәуірі

Қазақ хандығы (1465—1847)
Ұлы жүз (1715—1822)
Орта жүз (1715—1822)
Кіші жүз (1715—1824)

Ресей империясы құрамындағы Қазақстан

Бөкей Ордасы (1801—1872)

Кеңес одағы құрамындағы Қазақстан

Алаш автономиясы (1917—1920)
Түркістан автономиясы (1917—1918)
Қырғыз (Қазақ) АКСР-і (1920—1925)
Қазақ АКСР-і (1925—1936)
Қазақ КСР-і (1936—1991)

Тәуелсіз Қазақстан тарихы

Қазақстан (1991—қазір)



Портал «Қазақстан»
Санат «Қазақстан тарихы»

Моғолстан14 ғ. ортасында құрылған мемлекет. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған Тоғлық Темір (1348—1362) болды.

Моғолстан атауы моңғол деген сөздің түркіше, парсыша атауы болып табылады.

1415 ғғ. Моғолстан құрамына Түркістан, оңтүстік-шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір аумақтары кірді. Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, барластар кірді. Орталығы — Алмалық қаласы.

Бұрынғы Шағатай ұлысының жерін толық билеуді көздеген Тоғылық Темір Мәуереннахрды Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп, ол 1358 ж. Қазаған әмірді өлтіртті. Бір жылдан кейін Қазағанның мұрагері Абдолла да қаза болды. Осыдан кейін Мәуереннахр тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Оны пайдалану үшін Тоғлық Темір жанталасты.

Ал Осы кезде Ақсақ Темір өзінің шағын әскерімен Кеш қаласының әміріне қызмет етіп жүрді. Тоғылық әскерлері Кешті алады. Темір Тоғылық Темірге қызметке кіреді.

1361 ж. Мәуереннахрға екінші рет шабуылға аттанып, оны бағындырған Тоғылық Темір баласы Ілияс қожаны оған билеуші етіп қалдырды. Бұл жолы ол Темірді Кеш қаласының басшысы етіп тағайындады.

1362 ж. Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс қожаға көшкенде Мәуереннахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайн тағайындалды. Ақсақ Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуереннахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Ақсақ Темір мен Хұсайн Моғолстан әскерлерін талқандады.

Енді Хұсайн мен Ақсақ Темір арасында билік үшін күрес басталды. Осындай шайқастардың бірінде Темір Балқы қаласында Хұсайнды өлтіріп, Мәуереннахрға ие болды.

Моғолстанның құрылуы, жер аумағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

14 ғ. ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, Шағатай ұлысының шығыс бөлігі – Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылады. Ал ұлыстың келесі бөлігі – Мауараннахрдың батысында Әмір Темір мемлекеті құрылған. Моғолстан аталу себебі, Шығыс деректерінде «моңғол» сөзіндегі «н» әрпі түсіп қалып, «моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен.

Мемлекетті кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқығы болмағандықтан, өздерін таңдайтын, Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы шонжарларының жаңа құрылған бұл өкіметте беделдері бұрынғыдан да күшейген. Жалпы, дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде, өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай кезінен бері өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласқан.

«Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп көрсетілген: «… қазіргі Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен көлденеңі 7-8 айшылық жол. Шығыс шеті (Моғолстанның) қалмақтардың жерімен шектеседі және Барыскөл, Емел және Ертісті өзіне қосады. Солтүстігінде оның шекарасы Көкшетеңіз (Балқаш), Түркістанмен және Ташкентпен шектеседі, оңтүстігінде Ферғана уәлаятымен, Қашғар, Ақсу, Шалыш және Тұрфанмен шектеседі». Моғол мемлекетіне Қазақстанның Оңтүстік және Жетісу аймақтары да кірген.

Халқының этникалық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Моғол хандығының тағына негізінен Шығыс тұқымдары мен моңғол ақсүйектері отырған. Әрине, моңғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезінде өздерінің басымдылығын көрсеткенмен, уақыт өткен сайын жергілікті түркі тілдес тайпалар басымдылық алып, моңғолдарды өздеріне сіңіре бастаған. Ал қалғандары Шығыс Түркістанға, ұйғырларға қоныс аударып, соларға араласып, өздерінің моңғол атынан мүлдем айырылған.

Жоғарыда көрсетілгендей, Жетісу аймағы Моғолстанның солтүстік-шығыс жағын алып жатты. Ал бұл аймақтағы түркі тілдес үйсін, қаңлы тайпаларының біздің дәуірімізге дейінгі III – II ғасырлардан өмір сүріп келе жатқандығын білесіңдер. Одан кейін V-VI ғасырларда да бұл аймаққа түркі тілдес тайпалар келіп қоныстанды. Сондықтан да орта ғасырдан дамыған кезінде құрылған Моғолстанның негізгі халқы түркі тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы, т.б. ертеден осы өңірде өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленіп кеткен моңғол тайпалары да болды. Мемлекеттің ұлттық құрамы онда қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ру-тайпалардың басым болғанын, сөйтіп бұл мемлекеттің қазақ халқының мемлекеттілігінің бастауында тұрған елдердің бірі екендігін көрсетеді.

Моғолстанның ішкі-сыртқы жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Саяси тұрақсыздық орын алған күрделі кезенде билік басына келген Тоғылық-Темір хан елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсартып, XVI ғасырдың басына дейін билік еткен әулеттің негізін қалады. Хандықтың бүкіл аумағын біріктіріп, бір орталыққа бағындырады. Мемлекеттің орталығы Алмалық қаласы болады.

Хан өзінің билігін бұрынғы қалыптасқан жүйемен жүргізеді. Оны ұлыстық басқару жүйесін сақтауынан көруге болады. Дулат тайпасының мұралық лауазымы жоғары ұлысбегі деген атағын сол қалпында қалдырады. Салық жинауда кейбір жаңа шаралар қолданылады. Мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Тоғылық-Темірге дейін моғол билеушілерінің ислам дініне енуі баяу жүріп келсе, енді хан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген. Мырза-Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, бір күнде 160 мың адам ислам дінін қабылдайды. Ханның бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. Сөйтіп хан ел ішінде қатал тәртіп орнатады.

Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысының кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекет жасайды. 1360-1361 жылдары Мауараннахрға екі рет сәтті жорық жасап, баласы Ілияс-Қожаны Мауараннахрдың хан тағына отырғызып қайтады. Моғолстанға оралған Тоғылық-Темір хан қаза болады. Өзінің мұрагерлік хұқын реттеп қайту үшін Ілияс-Қожа Моғолстанға кеткен кезде Орта Азиядағы жағдай күрт өзгереді. Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелдікті амалсыздан мойындап жүрген Әмір Темір енді Мауараннахрдағы билікті өз қолына алу үшін, Ілияс-Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс –Қожа ханның арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс-Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. Ташкент қаласының маңында 1365 жылы 22 маусымда екі жақтың арасында шешуші “Батпақ шайқасы” болады. Жазба деректердің хабарына қарағанда, кесікіліскен шайқас болғаны соншалықты, екі жақтан 10 мыңға жуық адам құрылған. Шайқаста Ілияс-Қожа хан жеңіске жетіп, Әмір Темір қашып құтылады.

Батпақты жеңісінен кейін Моғол ханы Самарқанға қарай аттанып, оны қоршауға алады. Бірақ халық қаланы жан аямай қорғайды. Қаланы ұзақ уақыт қоршаудан қалжыраған моғол әскерлерінің мініс аттары жамандат індетінен қырыла бастайды. Қаланы алудың мүмкін еместігіне көзі жеткен хан Моғолстанға қайтуға мәжбүр болған. Сөйтіп, Шағатай ұлысты кезіндегі билікті қайта қалпына келтіру ісінің алғашқы қадамы сәтсіздікпен аяқталады. Бұл сәтсіздіктің басты себебі, билеушілер арасындағы алауыздық, саяси феодалдық батыраңқылық еді. Ақыр аяғында Ілияс-Қожа хан да осы феодалдық талас-тартыстың құрбаны болады.

Бұдан кейін де Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Қамар ад-дин мен оның інісі Шамс ад-диндер жүргізген. Қамар ад-дин де өзін тыңдайтын, жас Тоғылық-Темірдің соңғы ұрпағы Қызыр-Қожа оғланды хан тағына отырғызып, дулат тайпасының әмірлері мен шонжарларының жағдайын жақсартуға күш салады.

Әмір Темірдің Моғолстан хандығына жорықтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Моғол хандығын осындай саяси бытыраңқылық жайлап жатқанда Мауараннахрдағы билікті өз қолына алып, күшейген Әмір Темір енді Моғолстанды жаулауға кіріседі.

14 ғ. аяғында Әмір Темір Моғолстан жеріне бас көтертпей, дүркін-дүркін жорықтар жасайды. Алғашқы жорығы 1371-1372 жылдары болған. Бұл жорықта Алмалық қаласына дейін жетеді, бірақ қалаға кірмейді. Жол бойындағы елді мекендерді тонап, халықтың мал-мүлкін талан-таражға ұшыратып, көптеген тұтқын алып қайтады. Екінші жорықта 1375-1377 жылдары оңтүстік Қазақстан арқылы жүріп, жетісудің Шарын өзеніне дейін жетеді. Моғол ұлысының басшысы Қамар ад-динмен шайқасып, оны жеңеді. Қамар ад-дин Шығыс Түркістанға, Үш Тұрфанға қарай қашып құтылады. Әмір Темір Моғолстанға 1380-1390 жылдары да бірнеше рет жорық жасаған. Бұл жолғы жорықтың жойқындығы соншалықты, Әмір Темір өзінің балаларының қолындағы әскерлермен қосқанда 120 мың адаммен атанған.

Әмір Темір 1371-1372 жылдары Моғолстанға әскер аттандырады. Олар Моғолстанның шығыстағы қалаларының бірі Алмалықтың жанына дейін жетіп, керейіттері талқандап, қайтып оралады. Нақ осы жылы Темірдің өзі де Моғолстанның жері Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін барлаушылық жорық жасап, көптеген тұтқын алып, қыруар олжа түсіріп қайтады. Бұл жорық моғол жерінің ішкі аудандарына келешекте жасалатын жорықтардың бағдарламасы болған еді.

Әмір Темір Моғолстанға 1371 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасаған. Оның алғашқылары 1371-1377 жылдары Сайрам, Талас арқылы жүрген. Жетісудің ішкі аудандарына өтіп, Іле өзеніне дейін жеткен. Әмір Темір 1376 жылы көктемде моғолстанның атақты колбасшысы Қамар ад-динді талқандау үшін 30 мың адамдық әскер аттандырады. Оны кыпшақ әмірі Сасы-Бұға басқарған. Алайда Сасы-Бұға басқа әмірлермен астыртып келіседі де, Әмір Темірдің Хорезмге кеткенін пайдаланып, оған қарсы бүлік шығарады. Сасы-Бұға Ақ Орданың ханы Ұрұс пен Моғолстанның билеушісі Қамар ад-диннен көмек сұрайды. Бұл хабарды естіген Әмір Темір Мауараннахрға тез оралып, Қамар ад-динді Атбасы маңында (Қырғыз жері) қуып жетіп, талқандайды. Бұдан кейін де моғол әмірінің темірге қарсы күресінен ешбір нәтиже шықпаған. Ол 1377 жылы қаратау етегінде және Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында екі рет Әмір темір әскерлерінен күйрей жеңілген.

Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері өздерінің Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 жылдың аяғында одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан да еш нәтиже шықпаған. Өйткені одақтың құрылып жатқанын білген Әмір Темір 1384-1391 жылдардың аралығында алтын Ордаға және моғол жеріне бірнеше рет жорықтар жасаған. Моғолстанды біржолата қаратып алу үшін оның түкпір-түкпіріне 120 мың әскер аттандырады. Осы жорықтарды Темір әскерлері көп олжа түсіріп, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, топ-тобымен қолға түскен тұтқындарды мауараннахрға жіберіп отырған. 1390 жылдардағы жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелдікке түсті.

Моғолстанның ыдырау кезеңі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Моғолстанның Сонымен, Әмір Темір шабуылдары әбден титығына жеткен Моғол хандығы мүлде әлсірейді. Хандық бірнеше иеліктерге бөлініп, саяси жағынан бөлшектенеді. Қызыр-Қожа хан Темірге өзінің тәуелділігін мойындайды. Моғолстан Әмір Темір қаза болғаннан кейін (1405 жылы) ғана Қызыр-Қожаның мұрагері Мұхаммед ханның кезінде (1408-1416) тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды. Моғол ханы Темір өлгеннен кейін оның әулетінің ішіндегі талас-тартысты пайдаланып қалады. Мұхаммед хан Темірдің немерелері Ахмед мырза мен Ұлықбектің арасындағы Ферғана үшін таласта ол өзінің әскер күшімен ахмед мырзаға көмектесіп, жеңіске жеткен еді. Осы кезден бастап Моғолстан өз тәуелсіздігін ала бастаған. Мұхаммед хан қаза болған соң, Моғол хандығының ішіндегі талас-тартыс қайта басталады. Бұл талас-тартысты Темірдің немересі Ұлықбек пайдаланып, өзін жақтаушы Қызыр-Қожаның немересі Шер-Мұхаммедтің хан болуын қолдайды. Оның хан тағына отыруына көмектескен Ұлықбек енді одан өзіне тәуелді болуын талап етеді. Бұған қарсы болған Моғол шонжарлары Қызыр-Қожаның екінші бір немересі Уәйісті хан тағына отырғызады. Бұған наразы болған Ұлықбек 1425 жылы Моғолстанға шапқыншылық жасап, халықты талан-таражға ұшыратып қайтады.

Моғолстандағы жағдай 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін де сол баяғы бытыраңқы күйінде қалады. Хандық билік үшін талас енді Уәйіс ханның балалары Жүніс пен есен-бұға арасында басталады. Таластың нәтижесінде дулат әмірлерінің қолдауымен есен-бұға 1433-1462 жылдары хан тағына отырады. Бірақ Жүніс хандық өкімет үшін таласын тоқтатпайды. Ол Темір әулеті әбу Саидтан көмек сұрайды. Тартыс 1462 жылы Есен-бұғаның қаза болуымен аяқталады. Ферғана жерінде – Жетікентте билік құрып отырған Жүніс дереу Моғолстанға оралып, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абдар-рашид ханның кезінде ыдырай бастайды. Оның Жетісу аймағы Қазақ хандығының құрамына енеді.

Моғолстанның Қазақ хандығының құрылуындағы орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1456 ж. Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне, Моғолстан жеріне таман қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға еді. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы - Шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1248-1468) үстемдік етті. XV ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар болған сайын үдеп феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпелі тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді армандады. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и -Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады»…

Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды, ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті-Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қоластынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып қазақ хандығына келіп жатты. XV ғасырдың 50-жылдарының ортасынан 70-жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. 1462-жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде, Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери, саяси күш-қуатын арттыра түсті.