Мазмұнға өту

Чараймактар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Шараймақтар
чаар-аймактар, аймақтар
Бүкіл халықтың саны

1,6 млн.

Ең көп таралған аймақтар

 Ауғанстан  Иран

Тілдері

дари тілі

Діні

суннизм, шииттер

Шараймақтар (чаар-аймак, аймақтар) — Ауғанстанның солтүстік-батысында және Иранның солтүстік-шығысындағы халықтар тобы (джемшидтер, фирузкухтар, таймандар, теймурлар).[1][2][3][4] Жалпы саны шамамен 1,6 млн. адам.[5] Ауғанстанның ресми билігі шараймақтарды тәжік деп жазады. Дегенмен, ғылым тұрғысынан алғанда, олар әртүрлі этникалық топтар. Бұл мәдени және тұрмыстық деңгейде де, сыртқы көріністе де анық байқалады.

Шараймақтар парсы – дари тілінде сөйлейді. Бұл тілді аталған елдердің иран тілдес халықтары бұрыннан қолданып келеді.[6]

Дінге сенушілер негізінен сүнниттік мұсылмандар, Иранда шииттер.[7]

Шараймақтар этнонимі иран тіліндегі чар (чахар) – «төрт» және түркі-моңғол аймақтары – «ру, халық» дегенді ұғындырады: «төрт халық» - жемшидтер, фирузкухтар, таймендер және теймурилер жатады. Сонымен қатар зури (сури), таири, хазарей-калаий-нау субэтникалық топтары бар. Шараймақтар жергілікті тәжік халқының түркі-моңғол тайпаларымен араласуы нәтижесінде пайда болды. ХІХ ғасырдың соңына дейін олар негізінен көшпелі өмір салтын ұстанды, рулық бөлінуді сақтап қалды.

Дәстүрлі кәсіптері суармалы егіншілік (бидай, арпа, майлы зығыр) және мал шаруашылығы (негізінен қой шаруашылығы). Тұрмыстық қолөнер дамыған, қой, түйе, ешкі жүнінен иіреді, киізден төсеніш жасайды, былғарыдан, теріден бұйымдар тігеді (шапан, көрпе т.б.).[8]

Өмір салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Отбасылық және қоғамдық өмірде патриархалдық рулық дәстүрлер күшті дамыған. Қонақ күту әдет-ғұрыптары сақталған.

Шараймақтардың тұрғын үйлері шаруашылық қызмет түріне, қоныстану аймағына және жыл мезгіліне байланысты әртүрлі.

Дәстүрлі киімдері - шалбар мен көйлек. Жеңі бар ерлер жамышы. Әйелдер көптеген зергерлік бұйымдарды, соның ішінде мұрындарына сырғаларды тағады.

Дәстүрлі тағамдары – бидай немесе арпа наны, сүт өнімдері (қышқыл сүт, сүзбе, кептірілген ірімшік, май), ұннан жасалған бұқтырылған тағамдар, кеспе, үгітілген ірімшіктегі тұшпара.[8]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]