Мазмұнға өту

Халифат

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ислам халифаты

Ислам халифаты (араб.: خلافة إسلامية‎ — орынбасар) — халифалар басқарған мұсылман мемлекеттерінің атауы. Мұхаммед Пайғамбар Батыс Арабияда құрған мұсылман қауымы (Умма) Араб халифатының ең алғашқы түп негізі болды.

Хилафа, 622–750      Мұхаммед пайғамбар дәуіріндегі халифаттың кеңеюуі, 622–632      Рашидун дәуіріндегі халифаттың кеңеюуі, 632–661      Умайяд халифаты, 661–750

632–656 жылдар арасында халифаттың астанасы — Медине қаласы болды. Араб жорықтарының бірінші кезеңінде халифаттың құрамына Ирак, Иран, Кавказ сыртының басым бөлігі, Сирия (Шам), Палестина, Мысыр кірді. Екінші кезеңінде оған Солтүстік Африка, Пиреней түбегінің көп бөлігі, Орта Азия, Джурджан (Горган), Синд қосылды. Халифат тұсында Ислам дінінде сунниттер мен шииттердің, хариджиттердің алғашқы діни-саяси ағымдары және түрлі халифаттар (Омейя әулеті халифаты (929–1031 жылдары), Аббас әулеті халифаты (750 жылы), Фатима әулеті халифаты (909–1171 жылдары), Кордова халифаты), Сасани, Тулуни, Әли әулеті, Тахир әулеті, Самани әулеті т.б. билеген мемлекеттер мен жергілікті әмірліктер пайда болды.

1258 жылы Хулагу хан бастаған моңғол әскерлері Бағдадты алып, Аббас әулетінен шыққан соңғы халиф Мұстасимді өлтіргеннен кейін Араб халифаты мемлекеті ретінде жойылды.[1]

Халифат – халифтер басқарған, құқықтық жүйесі Исламның сунниттік тармағына негізделген мемлекеттердің жалпы атауы. Алғаш Батыс Арабияда 632–656 жылы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) басшылығымен құрылған. Қазақстаннан халифат құрамына кейбір оңтүстік аймақтар (Фараб, Испиджаб, Яссы) кірген. Халифалар басқарған мұсылман мемлекеттері Шариғатқа негізделді. Халифаттың түпкі негізі VII ғасырда Батыс Арабияда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) құрған мұсылман қауымы — үммет (араб. умма) болды. Мұсылмандардың жаулап алулары нәтижесінде халифат Арабия түбегін, Иран, Иракты, Орталық Азия мен Кавказдың көпшілік бөлігін, Сирия (Шам), Палестина, Мысыр, Солтүстік Африка, Пиреней түбегінің басым бөлігін, Синдті қамтыған орасан зор мемлекетке айналды (қ. Араб халифаты Арабтардың Орталық Азияға жорықтары). VII–X ғасырларда халифатта дүниежүзілік мәдениеттің дамуында маңызы зор болған жарқын да сан алуан мәдениет қалыптасты (қ. Араб мәдениеті). IX ғасырда құрамына кірген мемлекеттердің экономикасының дамуының әркелкілігі, аймақтар арасындағы шаруашылық байланыстардың әлсіздігі, жер-жердегі халифатқа қарсы көтерілістер, билеушілердің өзара тақ таласы мемлекеттің ыдырауын және іс жүзінде дербес ұлттардың құрылуын тездетті. X ғасырдың 1-жартысынан бастап Фатима әулеті (9091171 жылдары), Испанияда Омейялар (9291031 жылдары) мен Аббастар Халифаттары үстемдік етті. Фатима әулеті халифтері өз қолдарына діни және зайырлы билікті шоғырландырды. Аббас әулеті халифтары 945 жылы Бағдадты Буилер жаулап алғаннан кейін зайырлық биліктен айрылды. 1055 жылы Бағдадтағы Буилер билігін селжүктер алмастырды. Селжүктердің біртұтас мемлекеті ыдырағаннан кейін (1118 жылы) Аббас әулеті Тигр мен Евфрат алабында жаңа Халифат құрды.1258 жылы Бағдадты моңғолдар басып алғаннан кейін Халифат мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Алайда Мысырды 1517 жылы түріктер жаулап алғанға дейін Аббас әулеті халифтері Каирде тұрып, өздерінің діни беделімен жергілікті сұлтандарды және басқа да мұсылман елдерінің билеушілеріне ықпал етті, оларға қаржы жағынан көмектесті. Кейін түрік сұлтандары өздерін халифтер деп атай бастады. Олар мұны Мысырды жаулап алғаннан кейін Аббас әулетінің соңғы өкілінен мұраға алғандықтарымен түсіндірді. Осман Халифатын 1924 жылы наурызда Түркия мемлекеті ыдыратты.[2]

Араб халифатының құрылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

632 жылы Мұхаммед Пайғамбар дүниеден өткеннен соң қауым басшысы болып Мұхаммед Пайғамбардың әрі жақын досы, әрі қайын атасы Әбу Бәкр (632–634 жылдары) жарияланды. Ол “Халиф” (орынбасары) деген атақ алды.

Бұл мазасыздыққа толы кезең еді. Жан-жақты Мединаның билігін мойындағысы келмеген тайпалар арасынан жалған пайғамбарлар шыға бастады. Осындай мазасыз кезеңнен кейін араб жазушылары мен тарихшыларының еңбектерінде “Ар-Рида”, яғни, “дінінен безу”, “дінінен бөліну” деген ұғымдар пайда болады. Ал шын мәнінде ол “діннен безгендер” деп саналған тайпалар әлі Ислам дінін қабылдамағандар еді. Жалпы Мұхаммед Пайғамбар дүние салған кезде Ислам дінін қабылдаған араб тайпаларынан көрі ол дінді әлі қабылдап үлгермеген тайпалар көп болатын. Олардың кейбіреулері өздерінің бұрынғы нанымдарында қалғанымен, Мединалық қауымның саяси билігін мойындады.

Енді біреулерінің арасында Ислам дінін қабылдап, Мединаның ықпалына бағынуды жақтайтын топтар болды. Сондай-ақ, Ислам туралы хабары жоқ, Мединалық қауымның ықпалын сезінбеген тайпалар да болды. Л.Кэтани Аравия тайпаларын олардың Ислам дініне қатынасы жағынан төрт категорияға бөледі:

1 – категориясына Ислам дінін қабылдаған Мекке-Мединалық қауым басшылығының қол астындағы тайпалар жатады. Бұл негізінен Мекке мен Мединада, сол қалалардың жақын маңында тұратын Джухейн, Мувейн, Бали, Асджа, Аслале, Аузейя, Хуза және т.б. ұсақ тайпалар болды.

2 – категорияның құрамына Орталық Аравияның Хавазин, Амир ибн-сасааб, Тайб, Сулейм тайпалары кірді. Бұл тайпаларға Ислам дінін қабылдағандардың ықпалы зор болды. Бірақ олардың арасында кішігірім топтары Медина ықпалына қарсы-күресте өте зор белсенділік танытты.

3 – категориядағы Ислам дінін ұстанушылар ықпалы енді тарап келе жатқан тайпалар кірді. Бұл тайпалардағы мұсылмандар өте аз болды. Бұл асад, гатафан, тамим тайпалары.

4 – категорияға өздерінің саяси және идеологиялық тәуелсіздігін сақтап қалған тайпалар енді. Олар: ал–Исламдағы Ханифа, Абд ал–Кайс, Азад тайпалары, Йемен мен Хабрамауттағы тайпалардың көпшілігі. Ал христиан дінін ұстанушы араб тайпаларына жаңа дін өкілдері ешқандай ықпал еткен жоқ. Бұл Келб, Кудао, Бахра, Гассан, Бекр ибн-Вайл,Танух, Таглиб тайпалары еді.

Сондай-ақ Махарадағы, Йемен мен Хадрамауттағы кейбір политеисттік бағыттағы тайпаларда Ислам дініне еш қатысы болмады. Бірақ, бұл соңғыларына Иудейлік діннің ықпалы күшті болды.

Жекелеген тайпалардың саяси және идеологиялық тәуелсіздігін жақтаушылар жергілікті әулие пайғамбарлар болды. Олардың кейбіреулері өз насихатын Мұхаммедтің тірі кезінде-ақ жүргізді.

Ислам дініне қарсы күресті әскери ал-Йемамадағы Мусейлима деген әулие белсенді жүргізді. Мединалық Ислам діндегілердің үстемдігіне қарсы Орталық Аравиядағы Асад тайпасының күресін Тулейха басқарды. Ол Исламға қарсы күресін Мұхаммедтің тірі кезінде-ақ бастаған болатын. Мұхаммед дүниеден өткеннен кейін Фазада, Тайм тайпаларының қолдаушылығына ие болды. Халид ибн ал-Валидтің әскері Тулейха жасағының тас-талқанын шығарды.

Тулейха қашып құтылды. Кейін ол Ислам дінін қабылдап, араб жаулап алушылықтарына белсене қатысты. Сөйтіп, “ар-рида” діннен безу емес, тек көпшілік тайпалардың жаңа Ислам дінін бірден мойындамауы, оған алғаш қарсылық көрсетуі болды.

“Ар-рида” екінші жағынан барлық араб тайпаларын Медина-Меккелік қауымының билігіне бағындырып, оларды азат ету соғыстарына тарту болды. Барлық араб тайпаларын біріктіру екінші тақуа халиф Омар ибн ал-Хаттабтың (634–644 жылдары) тұсында аяқталды.

Ортағасырлық араб тарихнамасында Араб Халифатының құрылуы, яғни жаулап алынған жерлерде бір орталыққа бағындырылған үкіметтің құрылуы осы тақуа халифтың білікті де шебер, данышпан басшылығының нәтижесі деп көрсетілді. Ол өте ақылды, әділетті, қарапайым, белсенді, әскер басшы болған. Ислам діні мен мұсылмандар мүддесіне жан-тәнімен беріліп, адал қызмет еткен. Омар мұсылманша жыл санау "Хиджраны" енгізген.

Омардың тұсында диван құрастырылған. Ол парсы сөзі, “тізімі” дегенді білдіреді. Ол тізімге жаулап алынған жерлерден салық жинауға құқысы бар жеке адамдар мен тайпа аттары енген. Жаулап алынған жерлер сол тізімге енгендер арасында бөлініп, ол жерде отырған елден “харадж” деген адам басына жер салығы жиналатын. Ол салықтан түскен табыс мұсылмандар арасына тең бөлініп таратылған.

Дивандағы ең бірінші тұрған Мединалық қазынаға және аймақтардағы бейт, ал-малдарға барлық жиналған алым - салықтардың бестен бірі түсіп тұрды.

Әскердегі қызметін арабтар өздерінің құрметті борышы деп санады. Ислам әскері араб тайпаларының жасақшыларынан тұрды. Арабтар көбінесе өздерінің әскери лагерлерінің қасына жергілікті халықтарды қоныстандыра бастады. Олар арабтарға қызмет етіп, тауып жатқан олжаларынан үлес алып, күн көретін. Араб әскери лагерлерінің маңына қолөнершілер мен малайлар, ұсақ-түйекпен сауда-саттық жасайтындар қоныстанатын. Мұсылман-жаулап алушылар тек христиан, иудей діндегілерге ғана емес, сондай-ақ зороастризм діндегілерге де, манихейлер мен сабиялықтарға да ешқандай зорлық-зомбылық көрсеткен жоқ, Ислам дініне кіру-кірмеу еріктерін өздеріне қалдырды.

Ислам дінін қабылдаған жат елдіктер жан басына салынатын жер салығынан босатылатын. Бұл қазынаға байлықтың аз түсуіне себеп болатын. Осылайша, арабтар жаулап алған деген тұжырым шындыққа ұласпайды.

Алғашқы төрт тақуа халифтарының тұсындағы араб азат ету жорықтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аравияны толық жаулап алғанға дейін Мекке-Медина қауымының қарулы күштері мен оларға қосылған бәдәуин тайпалары көрші елдерге басып кіре бастады. Нәтижесінде VII-VIII ғасырларда Азияның, Африканың және Еуропаның ұлан-байтақ аумақтарында үстемдігін орнатқан араб азат ету соғыстары бірнеше кезеңдерден тұрды. Бірінші кезең алғашқы “әділ халифтардың - Әбу Бәкр (632–634 жж.) және Осман (644–656 жж.) билігі тұсында өтті.

633 жылы күзде немесе 634 жылы көктемде, әрқайсысында 7500 жауынгерден тұратын үш араб әскері Сирияға басып кірді. Медина халифатына аравиялық тайпаларды бағындыру арқылы бұл әскердің күші толықты. Византиялық қарулы күшпен, алғашқы қақтығыс [31] өлі теңізден оңтүстіктегі Вади-ал-Арабта және Газа ауданында өтті. Бірнеше бекеттер орналасқан және жергілікті тұрғындардан асығыс жасақталған, әлсіз византиялық гарнизондар өз дәрежесінде қарсылық көрсете алмады. 634 жылы жазда арабтар Бусраны алып, Аджнандин (Аджадейн) және Фихм түбінде византиялық әскерге соққы берді. Бекініс қамалдарындағы Палестина және Сирия тұрғындары тойтарыс беретін және шабуыл жасайтын техникалары араб жасақтарына қарсы қорғанысқа өте зауықсыз қатысты. Олар арабтардың әскер басшыларымен келісімге келуді артық көріп, “өмірін, мүлкін, балаларын сақтау және басы салығын төлеу шартымен” арабтарға бекініс пунктерін өткізіп берді. Византия әскерлері өздерінің соғысу қабілеті жағынан арабтарға жетпеді, олармен шайқаста үнемі жеңіліс тауып, үлкен қалаларға жасырынып қалатын.

Арабтардың Хирамен шекаралас Оңтүстік Иракқа басып кіруі ал-Йемамдағы соғысқа дейін басталып, шапқыншылық сипат алған. Йемамдық халифтердің қарсылығын басқаннан кейін, қолбасшылығында 500 мединалық пен меккелік қалған Халиф ибн ал–Валид Бекр ибн Вайл тайпасын өз жағына тартып солардың көмегін Хираны алады.

Бек ибн Вайл Орталық Аравияда ал–Йемамнан Парсы жақтағы жерге көшіп қонған көп санды, әрі құдіретті тайпа болатын. Бұл тайпаның көп бөлігін несториандық дінге сенуші христиандар құрайтын. Сондықтан Ислам діні жаулап алу жорықтарына үндейтін себеп бола алмайтын. Бірақ, бұл тайпаларда Ислам пайда болғанға дейін-ақ олжа табу мақсатымен Оңтүстік Иракқа басып кіру арқылы жинаған тәжірибесі бар болатын. 610 жылы осындай жасақтар Зу-Каре түбіндегі Иран әскерімен шайқаста оларды жеңе алды. 634 жылы наурызда 500-800 салт атты әскері бар Хамид бұйрық бойынша шөл арқылы Мединадан Дамаскіге жіберілді. Араб жасақтары Даман маңындағы бау-бақшалы аудан Гутуды алды. 635 жылы қыркүйекте алты ай қоршаудан кейін комендант және жергілікті эпископ қала халқының қысымымен Дамаскіні арабтарға берді. Қоршағандардан, қосатынынан қала қабырғаларына шығатын бірде-бір саты табылмады, ал бекініс қақпалары ішінен тастармен және бөренелермен бітеліп тасталған еді. Жеңімпаздарға Гутудағы бір монастрдан саты алуға келді.

Арабтардың басып кіруі ірі жаулаушылыққа айналып бара жатқанын түсінген Византия әскери қолбасшылығы Император Ираклидің басшылығымен Солтүстік Сирияға көп әскер шоғырландырды. Гректермен (румдық) бірге оның құрамына ал–Джериа мен Армения тұрғындары мен сириялықтардың жасақтары енді. Византия әскерінің саны 200 мыңға жеткен. Араб жасақтары жауынгерлерінің саны мәліметтер бойынша 24 мыңнан асқан жоқ. Византиялықтардың жақындауына байланысты арабтар Дамаск және тағы басқада қалаларды тастап, Иорданның шығыс тармағындағы Йармук ауданына шегінді. 636 жылы 20 тамызда осы жердегі ірі шайқаста византиялықтар қирай жеңіліп, 70 мың жауынгерлерінен айырылған.

Византиялықтардың соғысу қабілетінің нашарлауына, шайқасқа дейін–ақ өзара қақтығысып қалған грек және армия бөлімдерінің алауыздығы кері әсер етті. Гассанид патшасы Джебел ибн ал–Айхан бастаған сириялық арабтар шайқас кезінде арабтар жағына шығып етті [15]. Йармукта византиялықтарды толық талқандағаннан кейін арабтар Сирияның толық билеушісіне айналды. Аңыз бойынша Император Ираклий бұл елді тастай отырып, шекарадағы бір шатқалға: “Қош бол, Сирия!” – деген екен.

Арабтар Дамаскіні қайта алып, содан кейін Солтүстік Сирияны бағындырды. 638 жылы жыл қоршаудан кейін – Иерусалим, 640 жылы 7 жыл қоршаудан соң – Кайсария берілді. Мұндай ұзаққа созылған қоршау арабтардың әскери–техникалық мүгедектігінен емес, осы портты қалалардың гарнизондарының теңіз арқылы үнемі көмек алып тұруымен түсіндірілді. Сол кезеңде арабтардың византиялықтардың теңіз флотымен күресетін еш құралы болмайтын.

Иракта Хираны алғаннан кейін арабтар сасанид әскерімен шайқаста бірнеше рет жеңіліп, бұл қала мен оның облыстарынан кетуге мәжбүр болды. Бедуиндерге күшті әсер қалдырған, олар үшін қорқынышты жануар болып көрінген иран әскери пілдері еді. Бірақ, 635 жылдың аяғында Бувейте түбінде, Евфратта Иран әскерлерін әкеліп, жеңілген арабтар қайтадан Хираны алды, ал 637 жылы 31 мамыр немесе 1 маусымда Кадисия түбінде, кейін осы ірі шайқастан соң арабтар Сасанидтер астанасы Ктесифонға кірді, ол қала арабтарда Мадаин деген атпен белгілі. Шахиншах ІІІ–Йездигерд пен сарай маңындағылар қашып кеткеннен кейін қала тұрғындары арабтарға қала қақпасын ашты.

Арабтар әскер басшылары мен Иран әскери қолбасшылығы жасасқан бейбіт келісім көп ұзамай арабтар тарапымен бұзылды. Сол кезде солтүстікке қарай жылжыған араб әскерлері 641 жылы Мосулды алып, Хамадағы Нехаведен түбінде ирандықтарға күшті тойтарыс берді. 644–645 жылдары Араб әскерлері Белуджистан арқылы Үндістанның шекарасына енді. 649 жылы Истахрды (ежелгі Персополь) алды. Мерв түбінде ІІІ–Йездигердтің дүние салған жылы, арабтардың Иранды жаулап алуының аяқталған күні деп есептелді. Осы жылы олар Амударияға дейін жетті. Бұдан сәл ертерек Сирияны жаулап алғаннан кейін, арабтар 640 жылы Арменияға басып кіріп, оның астанасы Двин қаласын алды. 654 жылы олар Тбилисиге дейін барды.

Африкаға жорығын арабтар Сирияда жеңіске жеткеннен кейін барып бастады. Араб жасағы Мысырға алғашқы жорығы ибн ал–Асанның қолбасшылығымен аз ғана әскермен 639 жылы желтоқсанда бастады. Ескі пайым бойынша, өзінің Сирия әскеріндегі бағыныштылық жағдайына риза болмағандықтан Ніл жазығына өздігінен жорық бастаған бұл қолбасшының әрекеті мүлдем мүмкіндігі жоқ ретінде алынып тасталуы керек еді. Іс жүзінде бұл жорық Мысырдан Хиджазға астық, тағы да басқа азық–түлік жеткізу үшін жасалған болатын. Меккенің тұтыну сұранысы, әсіресе Аравия біріккеннен кейін, қажыға барушы мұсылмандардың санының көбеюіне байланысты өсе түсті [37].

640 жылы қаңтарда Амрдың әскері Фарамды алды, одан соң Нілді басып өтіп, Файымға жорық жасады. Маусым айында арабтар қосымша күш алғаннан кейін, Гелиопольде византиялықтарға соққы берді. 640 жылы қыркүйекте олар Вавилонды қоршады, бұл бекініс 641 жылы сәуірде берілді. Осыдан кейін Ніл арқылы төмен жылжи отырып, Александрияны қоршауға көшті. 641 жылы қарашада жергілікті патриарх Кир (ал – Мухавкис) Амрмен осы бекіністі беру жөнінде келісімге отырды. Келісім бойынша он бір айлық уақытша бітімнен кейін Египет астанасы арабтардың қолына өтті, ал бұл уақыт ішінде осы қалада тұратын бай және ақсүйек гректер қоныс аударды: 642 жылы қыркүйекте гректерді көшіру аяқталғаннан кейін, араб әскері, Александрияға кірді. Осы уақытқа дейін араб отрядтары Жоғарғы Египетке ішкерлей енген болатын. 645 жылы Византия флоты Александрия аймағына басып кіріп, десант түсіріп, қаладан арабтарды шегіндірді. Арабтар қаланы екінші рет қоршап 646 жылы жазда шабуылмен алды. Араб әскерлері Египеттен онымен көрші Ливияға шапқыншылық жасауды ұйғарды. Жергілікті бербер тайпаларынан қарсылық кездестірмеген және Византия гарнизонына соққы берген арабтар 642 жылы күзде Барка қаласын алып, Киреналка облысын бағындырды. Осы облыстан шығып, Феззанның оңтүстігіне дейін және батыста Трипаш қаласына дейін еніп, оны 643 жылы алды. 647 жылы араб әскері Египеттің наместнигі Абдаллах ибн Садтың қолбасшылығымен Ифрикияға басып кірді және Византиялықтарды Сбейтла қамалының түбінде талқандады [45].

644 жылы Иран құлының қолынан Омар қайтыс болғаннан кейін, Омейядтар руына жататын Осман ибн – ал Аффан халифтік қызметке келді. Осман ислам пайда болғанға дейін, өзінің жас кезінде тиімді өсімқорлық операцияларымен айналысып, бай адамдардың біріне айналған болатын. Меккеліктердің арасында ал байлықты, асыл тұқымды жылқыны, жас құл қыздары жақсы көруші ретінде белгілі болатын. Осман Мұхаммедтің ең жас ізбасарларының бірі болды. Аңыз бойынша пайғамбардың қыздарының біріне үйленеді, ол жас қайтыс болуына байланысты, басқа қызын алады. Сондықтан Осман мұсылмандардың кезде “Алланың елшісінің екі қайтар күйеу баласы” деген атақ алған. Осман халиф билігі тұсында (644–656 жж.) оның туыстары, Меккелік құл иеленушілік ру ақсүйектерінің өкілдері бағындырылған елдерде мемлекеттік билікті және жер иеліктерін жаулап ала бастады. 648 ж. Арабтар Кипр аралын басып алды. 653 ж. Кипрліктер Византия жағына шығып кетіп, Араб гарнизонын талқандады. Файника маңында болған шайқаста араб флоты византиялық флотты талқандап, Кипрді халифатқа қайтарып алды. 651 ж. Арабтар Иранды жаулап алуды аяқтады. Шахиншах ІІІ– Йездигерд мады жаққа қашып барып, сонда бір диірменшінің қолынан қаза табады. Сасандар империясы өмір сүруін тоқтатты. Сол жылы Араб әскері Әзірбайжан жақтан Арменияға басып кірді. 653 ж. Арабтар византиялықтарды Тайк облысында жеңіп, Арменияны алиарабтың құрамына қосып алды. 653–655 жж. Халифат Грузияны бағындырды. Сонымен бүкіл Закавказье араб халифатының қол астына көшті [34].

Мұсылман қазынасының ашықтан – ашық тоналуы, оған түскен қаржы мұсылмандарға тиесілі және олардың арасында теңдей бөлінуі керек деп санайтын, аз санды пайғамбар “серіктері” тарапынан наразылық туғызды. Осман халифтың өзі өз отбасының мүддесіне мемлекеттік қаржыны қалай болса солай пайдалану арқылы теріс үлгі көрсетті. Мысалы, оның қызы Абдаллах ибн Хамидқа тұрмысқа шыққанда, ол жас жұбайларға басыр бейт ал – малынан 600 мың дирхем беруге бұйрық шығарды. Абдаллах ибн Абу Сарх Ифрикиядан үш мың қаптар алтын жібергенде, Осман ал – Хасам отбасына беруді бұйрық етті.

Османға қарсы Куфадан, Басрдан, Египеттен Мединаға қажылық түрімен келген мұсылман өкілдері күшті наразылық көрсетті. Осы қаланың тұрғындары ашық көтеріліске шықты. Көтерілісшілер халифтың үйін қоршап алып, өзін өлтірді. Енді Мұхаммедтің күйеу баласы, әрі ағайын бауыры, Әли (656–661жж.) халиф боды. Көтерілісшілердің қолдауымен билікке келген Әли халиф Османның байыған ықпалды “серіктері” мен туыстарының тарапынан қарсылыққа кездесті.

Арабияда күрес үшін жеткілікті күш құрал таба алмаған Әли, Ирактан сенімді әскери және әлеуметтік тірек табам деген үмітпен өзінің резиденциясын Куфаға ауыстырды. 657жылы ал – Джазирадағы Сиффин маңында, Ефраттың оң жағасында Муавияның сириялық әскері арасында ірі шайқас өтті. Бұл шайқаста екі жақта нақты нәтижеге жеткен жоқ [28].

Әли 661 жылы Куфа мешітіне кірер есікте хариджиттердің пышақ жұмсауынан алған жарадан қайтыс болды. Хариджиттердің үкімімен өлімге кесілген Муавия мен Амыр ибн ал – Асаға жасалған қастандық сәтсіз аяқталды.

Төртінші тақуа халиф Әли ибн Абу Талиф Неджефте жерленді. Оның өлімінен кейін Мұхаммед пайғамбардың көрегіндікпен айтқан сөзі дәл келді. Ол: мен өлген соң 30 жыл өткенде Халифаттың орнына патшалық келді. Халифты силау әулеттік принциппен ауыстырылады деген еді. Шынында да билікке Омейялық Муавия ибн Ауб Суфьян (661–680 жж.) келді де 750 жылға дейін оның үрім бұтағы биледі. Осылайша, арабтар 20 жыл көлемінде Византия империясының құрамына кіретін Азияны, Африкадағы кең – байтақ территорияны жаулап алды және Иран патшалығын түгелдей бағындырып, құдіретті державаның саяси тәуелсіздігіне нүкте қойды. Араб жаулап алушылығының тез, әрі жеңіл жүзеге асуының себептерін араб тарихымен айналысатын немесе өз еңбектерінде осы оқиғаға жолай тоқтаған Еуропа тарихшылары анықтауымен шұғылданды [24 ].

Арабтардың жеңіске жетуінің негізгі себептерін Византия мен Сасанидтік Иранның экономикалық әлсіреуімен, ең бастысы осы мемлекеттердегі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен түсіндіруге болады. Елдер мен облыстардағы еңбекші халықты езгі мен қанаудың күшейе түскен жағдайында, қарапайым халық осында келген араб жаулап алушыларына өз билеушілерінің ауыр езгісінен құтқарушы ретінде қарауға бейім тұрды. Оның үстіне арабтар өздерінің үстемдігіне бағынған жағдайда өмір сүрудің әлде қайда төзімді шарттарын ұсынды. Соның нәтижесінде арабтар жаулап алған елдердің халқының көбі оларға қарсылық көрсетпек түгілі, бірден олармен одақтасуға тырысты: (мысалы ерте орта ғасырлар).

Арабтардың әскери жетістігінің себептерін түсіндірудегі ескі, аты шулы жаулап алушыларды тырп еткізбеген діни фантизмнің нәтижесі деген тұжырым қазір іске асқысыз болып қалды. Араб әскерлерінің негізгі бөлігін құрған бедуиндердің жаңа ілімді білмегені және біле алмағаны белгілі. Өйткені, мұсылман діни әдебиетінің алғашқы шығармасы – Құранды құрастыру арабтарды жаулап алу жорықтарының бірінші кезеңі аяқталған кезде, яғни ҮІІ ғасырдың ортасында болатын [14].

Арабтар Орта Азияны бағындырса да қазақ жерінен аса алмаған. Оларды Түргеш қағанатының билеушілері ойсырай жеңіп отырған. Әсіресе Сұлу қаған тұсында арабтар ойсырай жеңіліп Жетысу мен Сыр бойын баса алмаған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС,2010 ISBN 9965-26-322-1

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том