Мазмұнға өту

Мазһаб

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Мазһабтар бетінен бағытталды)

Мазһаб (араб. مذهب - араб тілінде «баратын жол», «лайықты көзқарас» мағыналарын білдіреді.) — Ислам тарихында пайда болған барлық саяси, сенімдік (итикадтық) және фикһтық (шариғат ғылымы, тәсілдері мен үкімдері), сонымен қатар амалдық (іс-әрекетке қатысты) пікір ағымдарын анықтайды.

Терминологияда мазһаб Ислам дінінің түрліше түсіндірілуі және іске асырылуынан пайда болған итикадтық және фикһтық қоғамдарды анықтайтын ұғым болып табылады. Негізінен, Ислам тарихындағы барлық мазһабтар саяси және итикадтық немесе фикһтық, фикһтық-амалдық мақсатта пайда болған. Белгілі бір тұлға немесе ғалымның тұжырымдары мен анықтамаларын қолдаған қоғамдар Құран аяттары мен хадистерді өз түсініктеріне арқау етіп алған.

Саяси, діни және амалдық түсініктеріне Ислам дінінен дәлелдер іздестірген. Барлық мазһабтар, қай мақсатта және қай себеппен шықса да, Құран мен сүннет түсінігіне арқа сүйейді. Десек те, олар осы екі негізгі қайнар көзді түрліше түсініп, әрқалай жорамалдаған. Мазһаб төртке бөлінеді: ханафи, малики, шафиит және ханбали. Тағы бір сүнниттік мазһаб — захириттік — жоғалып кетті десекте болады.Шииттер арасында көп таралған мазһаб Джафари мазһабы деп аталады.

Мазһабтардың шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам тарихындағы саяси және итикадтық себептермен шыққан мазһабтар бастапқыда «фырқа» (көпше түрде фырақ), «нихле» (көпше түрі нихал) және «мақала» (көпше түрі мақалат) деп аталған. Бұл ұғымдардың әрқайсысы басқа түсінік пен амалда болған топ немесе топтар деген ұғымды білдіреді. Яғни, белгілі бір себептермен мұсылман қоғамына сай келмейтін діни топтардың атауы болып табылады. Мұсылман қоғамдары арасында пайда болған бөгде діни түсінік пен жорамал алғашқыда «мақала» деп аталған. Мысалы, адамдар үлкен күнә істеген мұсылманның жағдайы туралы пікір таластырғанда осы тақырыпта бір ғалым басқа түсінік берсе, осы көзқарас немесе түсінікті «мақала», оны шығарған адамды «сахибу л мақала» деп атайтын еді. Имам Әл-Әшаридің «Китабу Мақалати л-муслимин уә хилафи л мусаллин», әл-Куммидің «Китаб л-мақалат» атты шығармалары осы салада жазылған алғашқы туындылар ретінде түрлі мақалалар туралы кең мәлімет береді. Сонымен қатар, «мақала» сол кезеңдегі адамдардың тұрақты (өзекті) мәселесі деген мағынаға және жүзеге асыруы үшін жіберілген.

Исламның түсіндірілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мазхабтардың таралу картасы. Кейбір аймақтарда үстем немесе ресми мазхаб бар; басқалары әртүрлілікті таниды.
Мазхабтардың таралу картасы.

Ұлы Аллаһтың бұйрықтарында Исламның түсіндірілуі ерекше орын алады. Аллаһтың аяттарын түсіну және әлемді тану адамға жүктелген міндет болып табылады. Әрбір адамның Құранда көрсетілген ақиқаттарды түсінуі және өз мүкіндігінше пайлануы көзделген. Адамдардың түсініктері мен ақиқатты ұғынуы әр түрлі. Әрбір адам өз ақылы мен ғылымы арқылы ақиқатқа жете алады. Ақиқатты көруі және анықтауы тікелей өзіне байланысты жүреді. Бұған тіл білімі, дін және әдет-ғұрыптары маңызды ықпалын тигізеді. Мұндай жағдай ғылым адамдары арасында не болмаса қоғамда сан қилы пікірлер және түсініктердің қалыптасуына себеп болады. Адамдар бейімділіктері, қалаулары, ақылы мен еркі, қабілеті мен табиғаты жағынан бір-біріне ерекше жаратылған. Кейбір адамдар ақылы мен еркін жақсы нәрселерге қолданып, пайдалы істер жасап, жаратылысына сай өмір сүрсе, кейбіреулері ақыл, ғылым және қабілеттерін теріс пиғылда қолданады. Олар нәпсісіне, шайтанның азғыруына және құмарлыққа түсіп жолдан адасады. Аллаһты ұмытып, өткінші ләззат пен құмарлыққа салынып, өздері де адасады, балаларды да адастырады. Күпірлік пен арандатуға себеп болады, иман мен Ислам шеңберінен алыстайды. Ал, кейбір адамдар өздерін тура жолға салатын «көмекші» іздейді. Басқалардың сөзін тыңдап, солардың жолына түседі. Бұлардың бір бөлігі - еліктеушілер (еріксіз және білімсіз адамдар), екінші бір бөлігі - адамдарды «көсем» (каризма) немесе Тәңір деп санайтындар. Олар діннің негіздерін қайнар көздерден (Құран мен сүннеттен) үйренуге тырыспайды, басқа адамдардың түсіндірмелерінен алады. Яғни, аят, хадистерді өздігінен тұжырымдамау басқа біреулерге еліктеп, солардың берген түсініктемелеріне арқа сүйейді. Бірақ та осындай адамдардың әрқайсысы ақиқатты өздері ғана жақсы білетінін, Исламды өздері ғана дұрыс түрде түсінетінін, басқа адамдардың қате ойлайтынын және тура жолда емес екенін айтады. Міне, осы түсінік басқа діндерде де, Ислам тарихында да бөлшектенуге, бөлінуге жол ашты. Бір- бірін араз, адасқан және күпірлікте деп санайтын көптеген мазһабтардың пайда болуына себеп болды. Бір жағынан Құран Кәрім ақыл иелерін ойлануға, әлемдегі нәрселерді түсінуге және олардан дәріс алуға шақырады. Зейіні мен пікірі әртүрлі адамдардың ерекше түсініктерде болуы табиғи нәрсе. Қоғамда басқа ой-пікірлер, түсініктер мен жорамалдардың топтарға бөлінуге себеп болуы да табиғи нәрсе. Ислам тарихында діни топтардың, көбінесе Құран мен сүннетті түрліше түсініп, анықтаудан пайда болғаны белгілі жағдай.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1