Сәләфия
Ислам |
---|
Бұл мақала келесі тізімдеменің бір бөлігі: |
Сәләфия (араб.: سَلَفِيَّة) - Ислам дінінің негізі боп табылатын Құран мен Сүннетті «әс-сәләф әс-салихун» (араб.: السلف الصالحون), яғни Мұхаммед пайғамбардың (салл Аллаһу ғалейһи уә сәлләм) сахабалары, олардың ізбасарлары мен Ислам үмметінің имамдары қалай түсінсе солай түсіну дегенді білдіреді[1]. Әр ғасырда өмір сүрген мұсылман ғалымдарын біріктірген көзқарастар жүйесі. Сәләфия қозғалысының ең атақты өкілдері Шейх әл-Ислам Ибн Таймийа, Ибн әл-Қаийм әл-Джәузия, хафиз Ибн Кәсир, хафиз әз-Зәһәби, Мұхаммед ибн Абдуль-Уәһһаб және т.б. ғалымдар Ислам тарихы мен мәдениетінде айтарлықтай із қалдырды. "Сәләф" (араб.: سَلَفٌ) сөзі тілдік жағынан Ибн Манзур айтқандай: "алдыңғы өткен халық" деген мағына береді[2].
Сәләфилік жайлы ашғарилер мен матуридилердің көзқарастары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сәләфилік дегеніміз – Исламды салих сәләфтің түсінігімен түсініп, олар амалға асырған іс-әрекеттерді сол қалпында қабылдауды мақсат тұтқан ағым. Қазіргі Сауд Арабиясы территориясындағы Нәжд аймағында пайда болған, Мұхаммед бин Абдулуаһһаб негізін қалаған «уаһабилік» қозғалысы кейініректе «сәләфилік» деп аталып кеткен.
Уаһабилер кәләм мәзһабтарын құптамады, олардың методикасына қарсы шықты. Олар Әһлі сүннетің ең үлкен кәләм ғалымдары Әбу Мансұр әл-Әшғариге кәләмдік дәлелдерді қолданып, ақылды нақылдан (аят пен хадистерден) жоғары тұту арқылы таза Ислам ақидасын былғады дегенді айтты.Әсіресе мутәшәбиһ аяттар мен хадистердің Алла тағаланың ұлылығына сәйкес қолданылғанына барынша қарсылық көрсетіп баққан уаһабилер сопылыққа да қатты шүйлікті.
Уаһабилер фиқһи мәзһаб ретінде ибн Тәймия мен оның шәкірті ибнуль-Қайымның жолын ұстанады. Олар фиқһ ғылымында қолданылып жүрген «истихсан», «истислах», «мәсалихи мурсәлә» деген сияқты қисынды дәлелдер ұсынған Ханафи, Мәлики, Шәфий және тағы басқа да мәзһабтарға бидағатшылар деген айдар тақты.[3]
Бүгінгі сәләфилер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі. «Алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Ислам ғұламаларының көбінің пікірінше мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны сәләфилер деп аталған. Олар – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан да олар классик сәләфилер, хақ жолдағылар саналды. Ал, қазіргі «сәләфилер» өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегендерімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс-әрекеті сәйкеспейді. Бұлар мұсылмандарды Аллаһтың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат амалдардан тазалау, дінімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманындағыдай қалпына келтіру, араб әлемін біріктіру сияқты мақсаттарды ұранға айналдырып алған. Бұл ағымның негізін қалаған Мұхаммед ибн әл-Уаһһаб ханбали мәзһабының негізінде алғашқы діни сауатын әкесінен ашып, Құран кәрімді жат алды. Кейін Мекке мен Мәдина, Басра мен Бағдадта да білім алды. Көп жыл араб елдерінің дерлік барлығын және көрші мемлекеттерді де аралап көрді. Әкесі дүниеден қайтқаннан кейін өз еліне оралып, діни жетекшілік қызметін бастағаннан көпшілік оны жақтаушы мен қарсылас болып екіге бөлінді. Бірнеше бәдәуи араб (көшпелі шөл тұрғыны, діни білімі шамалы) тайпасының қолдауымен ол XVIII ғасырдың 40-шы жылдарынан өзінің саяси күресін кең ауқымда жүргізе бастады. Араб елдерін біріктіру деген ұранмен шыққан бұл әрекет көп ұзамай Саудтың саясатына, кейіннен осы әулеттің ресми идеологиясына айналды. XIX ғасырдың басында бұл қозғалыс Арабия түбегінің көп бөлігіне жайылды.[4]
Сәләфияны арнайы жол ретінде ұстанудың пайда болуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сәләф дәуірінің мұсылман үмметіннен тыс кітап иелері және басқа да қауымдарды қамтығаны баршаға мәлім. Сонымен қатар өздерін Исламға жатқызатын көптеген топтар мен ағымдар да болды. Бірақ олар әр түрлі себептерге байланысты мұсылман үмметінің көпшілік ғұламалары мен имамдары тарапынан мақұлданған Құран мен сүннетті түсіну, тәпсірлеу жолынан ауытқыды. Бұл ауытқу оларды әр түрлі шырғалаң мен адасушылыққа итермелеп, одан әрі топ-топқа бөліп тастады. Бұлардан харижия, муржия, мұғтазилаларды атауға болады. Содан кейін бұлар өз іштерінде көптеген тармаққа айырылды. Олардың көбі бір-бірін күпірлікпен айыптайтын болды.
Осы әртүрлі топтарға қоса сәләф дәуірі басым көпшілік қалың топты (сәуәд ағзамды) да қамтыды. Олар (сәуәд ағзам) – ижтихадта, тәпсірлеуде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның сахабаларының мәтіндерді түсіну жолы мен ұстанымдарынан алынған қағидаларға бағынған мұсылмандар еді. Бұлар «әһли сүннә уал жамаға» деп аталды. Олардың барлығы бұл қағидаларды бір ауыздан қабыл етті. Бұрыс жолдағыларды тани білу үшін тура жолдағылардың ерекшеліктері мен сипаттарын білу қажет. Сондықтан біз басқаларды қоя тұрып осы «әһли сүннә уал жамаға» деп аталатын қалың қауым жайлы әңгімелейміз. «Олардың бұл атты иеленуінің себебі неде? Мағына тұрғысынан мутауатыр дәрежесіне жеткен көптеген хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мадақтап дәріптеген, олардың ізінен еруді әмір еткен мұсылман жамағаты осылар болуының сыры неде?» - деген сұрақтар аясында оларды тануға тырысамыз.[5]
Олардың бұл атқа лайық болуларының басты себебі ақылдың басшылығы мен нақылдың (Құран және хадис) дәлелін өте шеберлікпен үйлестіру жолын ұстанғандығы болды. Одан кейінгі себеп – мәтінді тәпсірлеуде араб тілінің ережелерін басшылыққа алу еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Құранды түсінуі мен сахабалардың тәпсірлеу ижтихадтарында мұның барлығына олар үшін тәжірибе жүзіндегі нақты үлгілер жеткілікті болды. Демек әһли сүннәт пен өзге адасушы топтардың арасын ажыратып тұратын, олардың жеке-дара тура жолда екенін паш ететін нәрсе ол – өзгелерден ерекшеленіп, өз жақтастарын жинауға арналған белгілі бір топтың жалаң ұраны емес еді. Бүгінгі көріп жүргеніміздей жалаң ұранмен жақтас жинау «сәләфия» ағымын мәзһаб етіп ұстанудың нақ өзі. Нағыз сәләфус-салихиннің өміріне үңілсек, бұлай істеу олардың ойына да кіріп шықпағанын көреміз. Егер олар жамағаттық немесе ағымдық сипатпен ерекшеленгенде, сөз жоқ, Құран мен хадистен ауытқыған өзге топтар да олардың тобына кірген болар еді. Себебі олар да әһли сүннә уал жамаға болып көрінуге қатты мұқтаж болатын. Егер соншалықты сыртқы көрініспен бітер оңай іс болғанда, олар да осы мәзһабтың құрамына енсе де, енбесе де сол мәзһабтың терісін жамылып, сол ұранмен ұрандатар еді.[6]
Бірақ-та әһли сүннә уәл жамағаттың бірлігін көрсетуде немесе өзге адасушылардың қисық жолынан бөлінуде ешбір ұранның да жеке топ болудың да әсері жоқ екендігі әрбір ақылды жанға аян. Оларды өзге қисық жолдағылардан ерекшелеп тұрған нәрсе – олардың жоғарыда айтылған ғылыми әдістемелік жолды ұстанулары еді. Яғни, бірінші – хабардың сахихтығын тану; екінші – Құран мен сүннет мәтінін түсіну; үшінші – ижтихад жасаудың қағидалары мен негіздерін қолдану. Осы жолды ұстанғандардың барлығы «әһли сүннә уәл жамаға» деп аталған топтың шеңберіне кіреді. Мейлі ол бұл дүниенің ең соңғы ғасырында өмір сүрсе де. Себебі бұл жол ешкімнің меншігі емес. Кім лайық болса, сол ғана иемдене алады. Ол жолды ұстанбағандардың барлығы Исламның алғашқы ғасырында өмір сүрсе де әһли сүннә шеңберінен шығып қалады. Кім лайық болмаса, оны ешқандай сыртқы көрініс немесе ұран құтқара алмайды.[7]
Олай болса, бүгінде жоғарыдағы әһли сүннәнің таразылаушы жолының орнына ұсынылып жүрген «сәләфияны мәзһаб ретінде ұстану» деген нәрсе алғашқы үш ғасырдағы сәләфу-с салихинда болмағаны белгілі болды. Ондай бір ұранмен бұл жолға қосылу ісі олардың ойына да кіріп шықпады. Сосын олар өздеріне ұнамағандарға «сен әһли сүннәдан шықтың» демейтін. Одан кейінгі ғасырларда да осы аталмыш ғылыми жол жалғасын тапты. Барлық ғасырларда осы жолды ұстанып, әһли сүннә уәл жамаға жолындағыларға ергендер және бұл жолдан тайғандар болып бөлініп отырды. Бірінші топтағылар барлық ғасырларда мұсылмандардың ұлы көші болып саналатын әһли сүннә уәл жамаға құрамына енді. Екінші топтағылар аталмыш ғылыми жолдан ауытқу деңгейіне қарай әһли сүннә уәл жамағаттан ұзақтап отырды. Осынау өткен ғасырлардың ешбірінде тура жолдағылар мен адасушылардың арасын ажыратып тұратын аталмыш ғылыми жолды «сәләфия» деген мәзһабты ұстанумен айырбастаған ешкімді көрмедік. Яғни бұл мәзһабқа кіру тура жолға түсу, бұл мәзһабқа кірмеу адасушылық әрі бидғатшылық болып саналатындай.[8]
Тарихқа ұзақ уақыт үңілдік, көптеген зерттеулер жасадық, бірақ исламның ешбір дәуірінде бұл мәзхаб жайлы дерек кездестермедік. Сондай-ақ ешбір ғасырда өзінің ағымына тән шектеулі пікірлері мен ахлақтарына адамдарды шақыру арқылы мұсылмандардың арасында қандайда бір «сәләфия» деп аталатын топ болғандығын ешкім айтқан емес. Осы топтың пікірі бойынша «бидағия», «далалия» (адасушы) немесе «халафия» (кейінгілер) деген топтың болғаны жайлы да дерек жоқ.
Біздің бар естігеніміз «сәләфу-с салихиннің» іс-әрекетінен алынып құрылған аталмыш ғылыми жолдың аясында адамдардың ақиқаттан тайып-таймағандықтарының анықталатындығы ғана. Сәләфқа еру – осы ғылыми-әдістемелік жолды дұрыс үлгіде қолдану жолында олардың іс-әрекеттері мен білімдерін басшылыққа алу арқылы ғана болады. Осы жолдың аясынан шықпайынша, сәләфус-салихиннің өз араларында әртүрлі пікірлерге баруы дұрыс болған болса, онда олардан кейінгі келгендер де аталмыш жолдың аясында әртүрлі тоқтамға барып жатса еш сөкеттігі жоқ. Сәләфус-салихиннің өз араларындағы пікір айырмашылықтары ислами бірлікті «тура жолдағы» және «одан таюшы» етіп екіге бөлмегені сияқты, олардан кейінгі келгендердің де бір-бірінен өзгеше пікірге баруы олардың бөлінуіне себеп болған жоқ. Яғни бірін сәләф, бірін бидғатшы деп екіге бөлмеді. Осылайша Ислам тарихы он төрт ғасыр өткізді. Ешбір ғасырдың ғұлама-имамдарынан мұсылмандардың тура жолда екендігінің дәлелі «сәләфия» деген ағымға кірумен болатындығын да естімедік.[8]
Сәләфия ағымын ұстану мен сәләф қауымын үлгі тұтудың айырмашылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Құран мен хадисті түсінуде және оны өмірде қолдануда сәләфу-с салихиннің жолын үлгі ету Құран мен Пайғамбар (с.а.у.) сүннетін ұстанатын мұсылман болудан туындайтын міндет. Себебі, Аллаһ Тағала өзінің елшісіне бой ұсынуды әмір етіп: «Пайғамбар сендерге не берсе соны алыңдар, сендерді неден тыйса содан тыйылыңдар» [9] деді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, өзінің және тура жолдағы әділетті орынбасарларының, сондай-ақ сахабалар мен алғашқы үш буын өкілдерінің ішіндегі ізгілердің жолымен жүруді әмір етті. Бұл жайындағы хадис шәріптер: «Дінге жаңадан енгізілген істерден сақтаныңдар. Ол – адасушылық. Кімде-кімнің өмірі осыған (дінге енгізілген жаңа істер етек алған уақытқа) жетсе, ол менің және менің тура жолдағы әділ халифаларымның жолын ұстанып, мықтап жабыссын» [10] «Адамдардың ең абзалы менің заманымдағылар. Одан кейін оларға ергендер, одан кейін оларға ергендер» [11] Олай болса олардың ең абзал қауым ретінде баяндалуында, оларға еру мен оларды үлгі тұтудан басқа бір мағына жоқ. Ал «сәләфия» деп аталатын, құрамындағы мүшелерін көбейтуге негізделіп құрылған жаңа ағымды мәзһаб ретінде ұстанудың жоғарыдағы «үлгі тұту» ұғымына қатысы жоқ бөлек нәрсе екені белгілі. Себебі көптеген мәселеде екеуі екі бөлек үғым екені айқын байқалады.[8]
Енді осы сәләф деп аталған Исламның алғашқы дәуіріндегі үш буын өкіліне еріп, үлгі тұту мен бүгінгі «сәләфия» деген ағымды ұстанудың арасындағы айырмашылыққа тоқталайық. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты «Мухаммадилер» мен «Мұсылмандар» деген сөздің арасындағы айырмашылыққа ұқсатуға болады. Мұсылмандарға «Мухаммадилер» сөзін қолдану мұсылман емес зерттеушілер мен ориенталистердің әдеттері екені баршаға мәлім. Тағы бір айқын нәрсе – бұлай атаудың ислами ережелер мен шынайы мұсылмандардың өмір шындығына сәйкеспейтін теріс іс екендігі. Себебі «мухаммадилер» сөзі мұсылмандарды Мұхаммедтің (с.а.у.) жеке басына тәуелді, оның жеке пікірлерінің тараптарлары етіп көрсетеді. Ал «мұсылмандар» сөзі болса, Аллаһ Тағаланың әмірі мен үкімдерін дін етіп ұстануды және Мұхаммедтің (с.а.у.) елшілігі арқылы келген барлық нәрсені қабылдау дегенді білдіреді. Шын мәнінде пайғамбарға (с.а.у.) бой ұсыну оны сүю – Аллаһқа бой ұсыну мен оның елшісі екендігін қабылдаудың нәтижесі. Міне осы «Мухаммадилер» мен «мұсылмандар» сөзінің арасындағы айырмашылық сәләф қауымына еру мен «сәләфия» жолын ұстанудағы айырмашылықтың нақ өзі. Сәләфилікті ұстану – сәләфус-салихиннің жеке тұлғалық қасиеттерін сомдайтын және олардың жеке жамағат болғандығын көрсететін арнайы мәзһабтары болды дегенді білдіреді. Бұл қате пікір. Ақиқатында, оларда Аллаһ пен пайғамбарына кәміл түрде бойсұнудан басқа жеке бастарына тән ерекшеліктері болған жоқ. Бұған қоса бүгінгі сәләфия мәзһабына кірушілер өзге мұсылмандардан ерекше, өздерін ғана шынайы Исламды алып жүрушілер, Исламды ең дұрыс үлгіде жандандырушылар етіп көрсетуде. Олардың осылай түсіндіруі мен суреттеулерінің нәтижесінде Ислам – осы ағымның және сол ағымдағылардың ізінен еру; олар қайда барса сонда бару; этика негіздерін олар неге негіздеп құрса соған негіздеп құру; олар неге қарсы күрессе, соның барлығымен күресу болып шыға келеді.[8]
Ал сәләфтарға шын мәніндегі еру дегенге келетін болсақ, ол Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрметтеуге әмір еткен, Аллаһтың дінінде шынайы болған үш буын өкілдерін құрметтеуді білдіреді. Сондай-ақ Құран мен хадисті түсіну мен олардан шариғи үкімдерді, діннің басты қағидаларын анықтауда солардың ұстанған жолын үлгі тұту болып табылады. Ислам – өзінен бұрынғылардан үйрену арқылы болатын жол. Яғни Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бері қарай үзіліссіз жеткен болуы керек. Ешкім өзінің жеке ақылына, тәжірибесіне сүйеніп, дінге өзгеріс енгізе алмайды. Сондықтан шариғаттың негізі мен діңгегі – дұрыс түсінік пен таным қалыптастыратын өзгермес әдістемелік ережелер жиынтығы болып табылады. Ал, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған осы әдістемелік ережелерге қол жеткізуде Аллаһ Тағаланың дінінде шынайылықпен танылған сәләфус-салихин нағыз үлгі болады. Себебі сәләф дәуірінің өзінде осы діни нормалар мен ережелердің таразылауында қадірі артқанның қадірі артты, дәрежесі түскеннің дәрежесі түсті. Бұл нормаларды ұстанбағандар Исламның алғашқы дәуірінде өмір сүргеніне қарамастан салафус-салихин қатарынан шығып қалды.[12]
"Сәләфиміз" деп аталуға қатысты пікірлер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шейх Мухаммад Насыруддин Альбанидің Сирия, Иордания елдерінде араб тілінде өткен лекциялар жинағының екінші лекциясында ол кісіге сұрақ қойылады. Сұрақ сәләфи деп бөлінуге байланысты. Аталмыш сабағында шейх: "Ия біз бөлінеміз. себебі қазір не көп "әлсу сунна уал жамаға" көп. Барлығы өздерін осы жамағаттанбыз дейді. Бірақ оның ішінде сопы, тариқатшы, таблиғ т.с.с. барлығы кездеседі. Ал біз ондай бидғатшлардан өзімізді арашалап алу үшін өзімізді "сәләфи" деп атаймыз" деп жауап береді.[13]
Белгілі Сауд Арабия шейхы, Шейх Усаймин өзінің Имам Науауидің қырық хадисіне жасаған шархы түсіндірмесінде, сәләфи деп бөліну дұрыс емес, бұл хизби, ихуани, хауариж, таблиғ деген жамағаттар секілді бір топ құрып алудың белгісі деген. Бұлай бөлініп өздеріне ат қоюға қарсы тұрған.[14]
Сәләфилік діни көзқарастар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мазһабтар туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Сәләфтардың ақидасы – бірде-бір мұсылман белгілі бір ғалымның мазһабымен шектеліп қалуына міндетті емес. Ол барлық мазһабтың пікірлеріне қарау керек және (қозғалып жатқан мәселеге байланысты) кімнің дәлелі күштірек, соған сүйенуі тиіс, әрі ең сенімдісін қабылдау қажет. Ал мұндайдың байыбына жете алмайтын қарапайым адам туралы айтар болсақ, оның мазһабы жоқ, оның мазһабы – өзінің сұрайтын адамы. Егер білім ізденуші (талибул-илм) имамдардың дәлелдерін түсініп, әрі олардың белгілі бір мәселеде ұстанған пікірін қарастырып, қай имамның дәлелі күштірек екенін біле алатын болса – ол ғалымға еруші (муттабиғ) болғаны, муджтаһид емес (белгілі бір діни мәселеге байланысты шешім шығара алатын ғалым), өйткені ижтиһәд – бұл Құран мен Сүннеттен шариғаттың заңдарын шығару, төрт имам және басқа да фақиһ, мухаддис ғалымдардың қатарындағылар тәрізді»[15].
Сахабалар туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Сәләфтардың ақидасы – төрт сахаба: Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли, Аллаһ оларға разы болсын, – ізгі халифалар болып табылады. Міне, солардың басқарған кезеңі, сондай-ақ әл-Хасаннің (ибн Әли) басқаруы 30 жылды құрайды, ол туралы Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: „Менің үмметімде отыз жыл халифат болады, одан кейін патшалықтар болады“» (Ахмад, әт-Тирмизи, Әбу Дәуд)[15]
Діндегі жаңалықтар (бидғат) туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх әл-Ислам Ибн Таймийа:
«Ислам имамдары бидғатты – күнәлардың ішіндегі ең қорқыныштысы және ең ауыр екендігіне бірауыздан келісті», — деп айтқан
—«Мәжмуғ әл-фатауа» 28/470
- Ол тағы:
«Сүннет пен бірауызды келісім (ижмағ) бойынша, бидғатшылар – күнәһарлардың ішіндегі ең жамандары», — деген
—«Мәжмуғ әл-фатауа» 20/103
- Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
Шынайы дін кез-келген бидғаттан, мейлі ол ақида мәселесінде болсын, мейлі амалдарда болсын, мейлі сөздерде болсын, тазартылған. Кейбір сәләфтардың белгілі бір амалдарға байланысты: «жақсы бидғат» деп айтқанына келер болсақ, бұл бидғаттың тілдік мағынасында, шариғи мағынасында емес. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) Рамазан айында түнгі жамағат намазы – тарауихке адамдарды бір имамның артына жинап, олардың намаз оқып жатқанын көрген кезде: «Бұл керемет жаңалық», - деді. Алайда мұндай намаз шариғатта дәлелді негізі бар, себебі Аллаһ елшісінің өзі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалармен бірге мешітте осындай жамағат намазын оқыған. Кейіннен ол Аллаһ бұл намазды парыз қылып қояды, ал мұсылмандар мұны орындауға шамалары жетпейді деп қауіптенгендіктен тарауих намазды жамағатпен оқымай қойды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін мұндай қауіп сейілді, сондықтан Омар (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы Сүннетін тірілтті. Егер шариғатта белгілі бір құлшылықтың түрі бекітілген болса, оған қосымша бір нәрсені қосуға рұқсат етілмейді. Сондықтан азанды еш қоспасыз, әрі еш кемітусіз тек шариғатта белінген түрде ғана айту қажет. Бұл намазға да қатысты, өйткені Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Көз алдындарыңда қалай намаз оқысам, дәл солай оқыңдар» (әл-Бұхари). Бұл қажылыққа да, ұмраға да қатысты, өйткені Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Қажылық рәсімдерін қалай орындау керек екенін менен үйреніңдер» (Муслим). Алайда мұсылмандар Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тірі кезде жасалмаған кейбір нәрселер жасады, бірақ оларды жасау Исламды сақтау үшін аса қажетті болды. Мысалы, Осман ибн Аффан (оған Аллаһ разы болсын) мұсылмандар өзара келіспеушілікке түсе ме деп қауіптенгендіктен бүкіл мұсылман үмметіне Құранның бір данасын бекітті. Сахабалар (оларға Аллаһ разы болсын) бұны құптады және оның пайдасы айдай анық болды. Сондай-ақ, пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мухаддистердің қайтыс болуымен жоғалып кете ме деп қауіптенгендіктен оны жазды. Сонымен бірге, Құран тәпсірі мен хадистің түсіндірмелерін жазу; Исламды танудың кілті болып табылатын араб тілін сақтау үшін грамматика ғылымын жасау; хадис туралы ғылымның әдістемесін жасау (мусталәхул-хадис). Мұның барлығы ислам шариғатын сақтау үшін рұқсат етілген және оның сақталуына жауапкершілікті Аллаһ Тағаланың Өзі алып былай деді: «Расында, Біз саған Құранды түсірдік және Біз оны қорғаймыз» (Хижр сүресі, 9-шы аят)[15].
Такфир
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Сәләфтардың ақидасынан – олар ешбір мұсылманды жасаған күнәсына бола, тіпті үлкен күнә (әл-кәбәир) болсын, кәпір деп есептемейді, тек егер ол кісі Құран мен Сүннетте бекіген, әрі мұсылман үмметінің бүкіл ғалымдары мойындаған жұртқа белгілі діннің үкімін жоққа шығармаса»[15].
Иман мәселесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Ізгі сәләфтардың ақидасынан – иман сөзден, мүшелермен қажетті амалдарды істеуден және жүрекпен сенуден тұрады, әрі ол Аллаһқа мойынсұнумен көбейеді, Оған бағынбаумен азаяды»[15].
Тағдыр мәселесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Сәләфтардың ақидасына адамға жақсылық пен жамандық Аллаһтың Тағдырымен, алдын-ала белгілеуімен болатыны жатады, алайда Аллаһ Тағала бізге жаман амал істеуге бұйырмады, кейбіреулер: “Бәрі Аллаһтың қалауымен болады” – деп ақталады. Аллаһ Тағала тек ізгі істерді жасауға бұйырып, бұзық істерді жасауға тыйым салды. Ол жиіркенішті нәрселерді істеуге бұйырған жоқ, оларға тыйым салды. Адам бір нәрсені істеуге мәжбүрленбеген және ол не істейтінін, неге сенетінін өзі таңдайды. Сондықтан, адам өзінің таңдауына байланысты не жаза, не сый алады. Әрбір адам бағынып немесе бағынбауға таңдауы бар. Аллаһ Тағала былай дейді: „Кім қаласа сенсін, қаламаса - сенбесін“» (Кәһф сүресі, 29-аят)[15].
Құран мен Сүннетке еру мәселесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Абдуль-Қадир әл-Арнаут:
«Сәләфтардың ақидасынан – әрбір мұсылман Құранда уахи етілген Аллаһ Тағаланың бұйырған нәрселердің барлығына иман келтіруге, әрі Ол тыйым салған нәрселердің барлығынан бас тартуға міндетті. Сонымен қатар, біз пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хабарлағаны сенімді түрде дәлелденген нәрселердің барлығына иман келтіруіміз керек, ақыл қабылдаса да, қабылдамаса да. Біз Аллаһ Тағала мен Оның елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырған нәрселеріне бағынамыз, Аллаһ Тағала мен Оның елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тыйым салған нәрселерінен аулақ боламыз. Біз Аллаһ Тағаланың Кітабы мен Оның елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сүннетінде бекітілген, сондай-ақ тура жолдағы ізгі халифтерден жеткен заңдарды бұзбаймыз. Біз өз сенімдерімізде, амалыдарымызда және сөздерімізде Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жолына еруге міндеттіміз. Тек өз сенімдерінде, амалдарында және сөздерінде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен ізгі халифтерге (Аллаһ оларға разы болсын) ерген адам ғана Сүннетті бұлжытпай дәлме-дәл ұстанған болады, себебі біз халифтердің (Аллаһ оларға разы болсын) сүннетіне және пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесуге міндеттіміз»[15].
Жанкештілер мен өзін-өзі жару туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Абдуль-Азиз әр-Раджихи:
«Жарылыстар – бұл бұзақылық және қылмыс! Бұзақылық және қылмыс! Ал үйлерді жарып және жазықсыз жандарды өлтіріп өзін-өзі жарушы, Аллаһ бізді бұдан сақтасын, көптеген қылмыстарды жасайды»
- Шейх Ибн Баз:
«Егер шариғат талаптарына сай белгілі бір кісі жарылыс жасаудың кез келген түрімен айналысса, немесе адамдардың өміріне қол сұғып, жеке немесе қоғамдық мүліккке тиісілі тұрғын үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, зауыттарды, көпірлерді, қару-жарақ қоймаларын, су қоймалары мен мұнай құбырларын жару арқылы жер бетінде бұзақылық таратса, немесе ұшақтарды басып алып жарып жіберсе, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірсе немесе соған ұқсас әрекеттермен айналысса, айыпталушы өлім жазасына кесілуге лайық. Мұндай әрекеттерді жасаушы кісі өлім жазасына кесілуге лайықты, әрі жарылыс жасаумен айналысатындар қарақшыларға қарағанда, көбірек қауіп төндіріп, зор зиян әкелетініне Құранның аяттары дәлел. Егер жеке тұлғаларға қастандық жасап, тонап немесе өлтіретін қарақшыларға Аллаһ өлім жазасына кесуді белгілесе, қаншама кінәсіз жанға қайғы-қасірет әкелген террористер тіптен өлім жазасына лайықты»
—«әл-Фәтәуә шәрғия фил-қадая әл-ғасрия», 21
Сәләфи ғалымдар Бен Ладен туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Абдуль-Азиз Ибн Баз:
«Усама бин Ладен – жер бетінде бұзақылық таратушылардан!»
—«Жәридатуль-муслимин» № 607. 8/5/1417 һ.ж.
- Шейх Муқбиль ибн Һади:
«Мен Бен Ладенге қатысты болудан Аллаһқа сыйынамын! Ол – үммет үшін бақытсыздық пен дерт, әрі оның амалдары – жауыздық!»
—Ғалымдардың әл-Каида, Бен Ладен, әз-Заркауи және басқалар туралы айтқан сөздері
"Хизб ут-тахрир" туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шейх Муқбиль ибн Һади:
«Хизб ут-тахрир – Иорданиядан шыққан жиіркенішті партия. Бұл партия «Ихуан әл-Муслимин» партиясынан бөлініп шыққан. Олар хизб ут-тахрирдің көсемі ән-Набһаниге бізге қарай қайта орал деп хат жазған, бірақ ол Иххуан әл-Муслиминге қайта қосылудан бас тартты. Аталмыш партия ақида мәселесінде: «Біз тек логика мен ақылға сай келетін нәрсені ғана қабылдаймыз» дейді. Сол себепті олар қабір азабын, Дәжжәлдің келуін жоққа шығарады. Олар әдеп, білім талап ету секілді мәселелерге мән бермейді, себебі олар ең басында тек саяси түсінікке ғана бағытталған ағым ретінде қалыптасты»
Ихуан әл-Муслимин ағымы туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шейх Салих әл-Фаузан:
«Мұсылмандардың бірігуін қалаймыз деп мәлімдейтін адамдар пайда болды. Егер мұсылмандардың біртұтас болғанын қаласаңдар, олардың ақидасын біріктіріңдер, сол арқылы мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келген таухидті ұстансын! Ал сендер адамдарды қалдырып қойдыңдар: біреуі қабірге ғибадат қылады, басқасы сопы, ал үшінші тіптен шиит. Ең әуелі мұсылмандардың ақидасын біріктіріңдер! Бәрлерің біртұтас «Лә иләһә илл-Аллаһтан» ұстаныңдар. Аллаһ Тағаланың уахи еткенімен шешім қабылдап, Аллаһтың Кітабы мен Оның елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қайтыңдар. Рулық, тайпалық дәстүрлерің мен ойдан шығарған қағидаларыңды тастаңдар. Егер мұсылмандардың біртұтас болуын қаласаңдар, Құран мен Сүннетке қайтыңдар! Мұсылмандар бір ақида мен бір қайнардан басқа еш нәрсенің үстінде біріге алмайды, ал қайнар дегеніміз – бұл Аллаһтың уахи еткені. Сонымен бірге, мұсылман басшыға бағынуға міндеттісіңдер. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: „Аллаһ сендерге үш нәрсемен разы болады: Аллаһқа ғибадат етіп, Оған ешкімді серік қоспауларыңа; барлығың Аллаһтың жібінен мықтап ұстап, бөлінбеулеріңе және сендердің үстеріңе Аллаһ билік берген басшыларға адалдық танытқандарыңа“» («Сахих Муслим», 1715)»
—«Шәрх Мәсаил әл-жәһилия», 89-90 беттер
Шиит-рафидиттер туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Ибн Баз:
«Шииттердің ағымдары өте көп, олардың әрқайсысының өз бидғаттары бар, бірақ олардың ішінде ең қауіптісі – Хомейнидің рафидилік сектасы немесе пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) марқұм болған жанұясынан дұға тілейтін имамилер. Олар өз имамдары ғайыпты біледі деп сенеді, әрі олар сахабаларға тіл тигізеді»
—«Мәджмуғ әл-фатауа», 4/439
- Мұхаммед Насыруддин әл-Албани:
«Мен Хомейнидің бес кітабын оқып шықтым және сол кітаптардағы әрбір сөз – күпірлік, ширк және Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне бүтіндей қайшы келеді деп толық айта аламын. Сол кітаптардағы нәрсені оқып және соған иланған әрбір кісі – кәпір болады, тіпті ол намаз оқып, ораза тұтып, өзін мұсылманмын деп санаса да»
—«Шиға имамия исна ашария фи мизаниль-ислам»
«Сәләфия» туралы мұсылман ғалымдардың сөздері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Имам әл-Әузағи:
«Сәләфтардың жолына ер, тіпті егер барлық адам сенен бас тартса да! Сондай-ақ, адамдардың пікірлерінен аулақ бол, тіпті егер олар өздерінің сөздерін әдемі етіп көрсетсе де!»
—«әш-Шәриға» 1/193
- Хафиз әз-Зәһәби:
«Сәләфи - сәләфтардың жолында (мазһаб) болған адам»
—«Сияр әғлам ән-нубәлә», 21/6
- Имам әс-Самғани:
«Сәләфи - бұл сәләфтарға қатысыңды білдіру, олардан естігенге сай олардың жолын қабылдау»
—«Әл-ансаб», 3/273; Имам әс-Самғани
- Шейх Мұхаммед Насыруддин әл-Албани:
«Сәләфия дағуаты үш тірекке негізделген: Қасиетті Құран, сенімді жолмен жеткен Сүннет, сондай-ақ алдыңғы екі тіректі сахабалар мен табиғиндер және оларға тура ілескендердің қатарындағы сәләфтардың түсінігіне сай түсіну! Негізінде, бұрынғы және қазіргі кезде пайда болған кез-келген топтың адасуы – осы үшінші тірекке негізделмегендіктен!»
—«әл-Асалә» газеті, № 23
- Шейх Мұхаммед әл-Усәймин:
«Әһлю-Сунна уәл-жәмәға – олар біздің үмметіміздің сәләфтары, әрі кім пайғамбар мен оның сахабаларының жолын ұстанатын болса, онда ол сәләфи болып табылады!»
—«Шарх әл-ақида әл-уәсатыя» 1/314; Мұхаммед ибн Салих әл-Усәймин
- Имам ән-Нәуәуи:
«Тура жол – сәләфтардың, Аллаһ оларға разы болсын, істеген нәрсесінде. Бұл – ақиқат және сен осыған қайшы келетіндердің көпшілік екеніне алданып қалмауың қажет. Әбу Әли әл-Фудайл ибн Ийяд, оған Аллаһтың мейірімі жаусын, былай деген: „Тура жолға ер, әрі саған құтылғандардың санының аздығы зиян тигізбейді. Адасқан жолдардан аулақ бол, әрі опат болғандардың санының көптігімен алданба!“»
—«Әл-азкар»; Йахйа ибн Шараф ән-Нәуәуи
- Шейх Салих әл-Фаузан:
«Қалайша өзіңді сәләфия жолына жатқызу бидғат және адасу болмақ? Қалайша Құран мен Сүннет, хақ пен тура жол бойынша парыз болған сәләфтардың жолына еру бидғат болмақ?(…) Өзіңді сәләфтардың жолына жатқызу — Сүннет, бидғат емес. Шын мәнінде бидғат — олардың жолына ермеу!»
—«әл-Баян», 156 бет, Салих әл-Фаузан
Сәләфи ғалымдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ислам тарихында "сәләфтардың" ізгі жолына шақырып, діндегі бидғаттардан сақтандырған ғалымдарының қатарына ертеде өмір сүрген әл-Хасан әл-Басри, Ибн Шиһәб әз-Зуһри, Саид ибн әл-Мусаийб, әл-Әузағи, Суфйан әс-Саури, Әйюб әс-Сахтияни, төрт мазһабтың имамдары, хадис жинақтарының авторлары имам әл-Бұхари, имам Муслим, Ибн Маджаһ, ән-Нәсіи, Ибн Хиббан, әл-Хаким, Ибн Хузайма және көптеген басқа да ғалымдар мен Ислам дінінің имамдары кіреді. Олардың қатарында:
- Имам әл-Барбаһари
- Имам Әбу Бәкр әл-Аджурри
- Имам әл-Ләләкәи («Әш-шариға» кітабының авторы)
- Имам Әбу Бәкр әл-Исмаили («әһл әл-хадис» ақидасына арналған еңбектердің авторы)
- Шейх әл-Ислам Ибн Таймийа[16]
- Хафиз Ибн Раджаб әл-Ханбали[17]
- Ибн әл-Қаийм әл-Джәузия
- Ибн Абдуль-Һади (Ибн Таймийаның шәкірті)
- Хафиз әз-Зәһәби
- Имам әс-Саффарини
- Имам әс-Самғани
- Имам Ибн Саллях[18]
- Имам әд-Дарақутни[19]
- Имам Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхари[20]
- Имам Ибн Қудама әл-Мақдиси
- Имам Абдуль-Ғаний әл-Мақдиси
- Шейх Мұхаммед ибн Абдуль-Уәһһаб
XX-XXI ғасырдың сәләфи ғалымдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сауд Арабиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Мұхаммед ибн Ибраһим Әли-Шейх
- Шейх Әбдурраззақ әл-Афифи
- Шейх Ибн Баз (Сауд Арабиясының бұрынғы бас мүфтиі)
- Шейх Мұхаммед әл-Усәймин
- Шейх Абдуль-Азиз Әли-Шейх (Сауд Арабиясының қазіргі бас мүфтиі)
- Шейх Салих Әли-Шейх (Сауд Арабиясының Ислам істерінің министрі)
- Шейх Әбдуррахман әс-Сағди (белгілі тәпсірші)
- Шейх Салих әл-Фаузан
- Шейх Абдуллаһ ибн Ғудаян
- Шейх Бәкр Әбу Зәйд
- Шейх Салих әс-Сухайми
- Шейх Ибраһим әр-Рухәйли
- Шейх Абдуль-Мухсин әл-Аббад (белгілі мухаддис)
- Шейх Әбдурраззақ әл-Бадр
- Шейх Ибраһим әр-Рухәйли
- Шейх Мұхаммед Әмин әш-Шинқити
- Шейх Рабиғ ибн Һәди әл-Мадхали
- Шейх Мұхаммед ибн Һади әл-Мадхали
Мысыр
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Мұхаммед ибн Саид әр-Раслән
- Шейх Ахмад Шәкир
- Шейх Абдуль-Азым әл-Бәдәуи
- Шейх Талғат Заһран
Шам аумағы (Иордания, Сирия, Ливан, Палестина)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Мұхаммед Насыруддин әл-Албани (белгілі мухаддис ғалым)
- Шейх Сәлим әл-Һиләли
- Шейх Әли әл-Хәләби
- Шейх Мәшһүр Хасан Әли Сәлман
- Шейх Омар Сүлеймен әл-Ашқар
Йемен
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Шейх Муқбиль ибн Һади әл-Уадии (белгілі мухаддис ғалым)
- Шейх Йахйа ибн Әли әл-Хаджурри
- Шейх Мұхаммед ибн Абдуль-Уәһһаб әл-Уассаби
- Шейх Әбдуррахман әл-Адени
- Шейх Мұхаммед әл-Имам
және т.б. Сауд Арабиясындағы, Йемендегі, Иорданиядағы, Мысырдағы, Кувейттегі, БАӘ-дегі, Алжирдегі, Сириядағы, Судан мен Бахрейндегі мұсылман ғалымдары.
Қазақстандағы сәләфилер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстандық жастар Мысыр, Сауд Арабиясы, Йемен сияқты сәләфи қозғалысының орталықтарына барып білім алып, Қазақстан территориясында Ислам дінін уағыздаумен айналысып келеді. «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы» діни ұйымы бірнеше рет «сәләфиядан» сақтандырып мақала шығарды. Сәләфилерге деген қысым әсіресе соңғы кездегі террактілерден кейін күшейіп кетті. Белгілі қазақстандық сәләфилер:
- Ринат Әбу Мұхаммед Зайнуллин - биографиясы Мұрағатталған 16 ақпанның 2013 жылы.
- Наиль Әбу Салих Зайнуллин - биографиясы Мұрағатталған 16 ақпанның 2013 жылы.
- Ділмұрат Әбу Мұхаммед - биографиясы(қолжетпейтін сілтеме)
- Ибраһим Тайыржан - биографиясы(қолжетпейтін сілтеме)
- Октам Әбу Әбдуррахман - биографиясы(қолжетпейтін сілтеме)
"Салафизм" идеологиясының жіктелуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазіргі ақытта діни сенмдегі кейбір ерекшеліктерге байланысты "Салафизм" ұстанушыларын "салафи-мадхали", "салафи сурури", "салафи-жиһади", "такфир" деп өзара бірнеше топтарға жіктеуге болады. "Салаф" сөзі (алдын болу) өзінің жай мағынасында бірінің орнына бірі келетін кез келген уақытта қолданылады, және "бұрынғы, ілгеріде" сөздерімен пара-пар, себебі, кез келген ақыт аралығы соңынан келетін (халаф-кейінгі) уақыттың "алдынан келеді". Дегенмен қазіргі уақытта "сәләф" сөзі ерекше терминнің мағынасына ие болып, бастапқы мағынасында сирек қолданылатын болған. Аталған сөзді дінге сенушілердің өміріндегі еліктеуге үлгі боларлық және шешуші айғақ болып табылатын Ислам тарихының алғашқы үш ғасырын айту үшін қолданады. Қазақстандағы салафизм идеологиясын сенім жәни жиһад мәселелеріне байланысты бірқатар тармақтарға бөліп қарауға болады.[21]
Салафи-мадхалиттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Имам Рабиғ ибн Мадхали (1932) еңбектірінің негізінде салафизмнің бірінші тармағы "салафи-мадхалиттер" пайда болды. Аталған ілімді ұстанушылар "Жиһад" идеологиясын ашық қолдамайды. Заңды мемлекет басшыларына қарсы шығу жолын ұстанбайды. Зайырлы мемлекет заңдылықтары Құран мен сүннетке қарсы келмейді, сондықтан, мемлекет заңдарымен жүруге болады деп есептейді. Сондай-ақ бұл жолдағылар адамды кәпір деп қателескеннен гөрі, мұсылман деп жаңылысқанды орынды деп санайды.[22]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Имам әс-Саффарини: "Сәләфтардың мәзһабы деп біз пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ардақты сахабаларының, олардың артынан еріп ізгілігімен танылған тәби`индардың және олар туралы шынымен де, үмметіміздің ұлы имамдары болып саналады деп куәлік берілген, ислам дінінің имамдардың жолын айтамыз" («Ләуәмир әл-әнуәр әл-бәһия» 1/20)
- ↑ «Лисан әл-араб», (6/330); Ибн Манзур
- ↑ Исмаил Оғуз, дінтанушы. Тәржімалаған Қанат Жұмағұл, «Нұр Астана» мешітінің найб имамы
- ↑ "Иман діни-танымдық журналы", №3 (80) 2011ж.
- ↑ Түгелұлы Т., Тұрғанбекұлы Б. "Мәзһаб туралы таным". Алматы, 2011. – 155 бет. ISBN 978-601-06-1202-0
- ↑ Түгелұлы Т., Тұрғанбекұлы Б. "Мәзһаб туралы таным". Алматы, 2011. – 156 бет. ISBN 978-601-06-1202-0
- ↑ Түгелұлы Т., Тұрғанбекұлы Б. "Мәзһаб туралы таным". Алматы, 2011. – 157 бет. ISBN 978-601-06-1202-0
- ↑ a b c d Түгелұлы Т., Тұрғанбекұлы Б. "Мәзһаб туралы таным". Алматы, 2011. – 158 бет. ISBN 978-601-06-1202-0
- ↑ Құран Кәрім. «Хашыр» сүресі, 7-аят
- ↑ Тирмизи, Ибн Мәжә және Әбу Дәуд.
- ↑ Ахмад, Тирмизи және Бәйхақи.
- ↑ Түгелұлы Т., Тұрғанбекұлы Б. "Мәзһаб туралы таным". Алматы, 2011. – 150 бет. ISBN 978-601-06-1202-0
- ↑ Шейх Албанидің уағыздар жинағы. 2 касета. Мадина қаласы. Уағыз насихат бөлімі.
- ↑ Шарх ъала арбағина ан-Науауия. Имам Науауидің қырық хадисіне жасалған шарх, түсіндірме. Шейх Ибн Усаймин. Ибн Усаймин Баспасы. Сауд Арабиясы. Унайза қ.
- ↑ a b c d e f g «Сәләфтардың мәнһәжы туралы бірер сөз»; Абдуль-Қадир әл-Арнаут
- ↑ «Әл-уқуд әд-дуррия», 5; Ибн Абдуль-Һади
- ↑ «Зәйл алә табақат әл-ханабилә», 2/396
- ↑ «Тәзкират әл-хуффаз», 4/1431; Хафиз әз-Зәһәби
- ↑ «Сияр әғлам ән-нубалә», 16/457; Хафиз әз-Зәһәби
- ↑ «Дар әт-тағаруд», 1/244
- ↑ "Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар" 8-бет. ISBN 978-601-7266-61-5
- ↑ "Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар" 9-бет. ISBN 978-601-7266-61-5
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Сәләфтардың мәнһәжы туралы бірер сөз»; Абдуль-Қадир әл-Арнаут
- "Дінді сәләфтар сияқты түсінудің маңыздылығы"; Tauhid.kz сайтындағы мақала(қолжетпейтін сілтеме)
- Ғалымдардың әл-Каида, Бен Ладен, әз-Заркауи және басқалар туралы айтқан сөздері
- Терроризм мен террорлық актілерге қатысты ғалымдардың фәтуәлары(қолжетпейтін сілтеме)
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Salaf.kz сайты Мұрағатталған 18 желтоқсанның 2014 жылы.
- Әл-Ханифия - қазақ тіліндегі сәләфилер сайты және форумы Мұрағатталған 30 сәуірдің 2016 жылы.
- Tauhid.kz сайты Мұрағатталған 12 шілденің 2012 жылы.
- Islamic.kz сайты Мұрағатталған 1 қаңтардың 2013 жылы.