Мазмұнға өту

Зиянкестер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Колорадо қоңызы.
A.
Кене.

Зиянкестерадам мен жануарлар организмінде әр түрлі ауру қоздырғышын таратып, өсімдіктерді зақымдайтын жәндіктер мен жануарлар тобы. Зиянкестер адамға, малға, орман және ауыл шаруашылықтарына үлкен зиян келтіреді. Адам мен жануарлар зиянкестеріне, негізінен, паразиттер, түрлі жәндіктер (улы жыландар, улы өрмекшілер, қансорғыш жәндіктер, т.б.) жатады. Ауыл шаруашылығы зиянкестері – егістік пен табиғи өсімдіктерді зақымдап, түрлі аурулар таратады. Бұларға негізінен кемірушілер, бауыраяқты ұлулар, жұмыр құрттар (нематодтар), т.б. жатады. Мысалы, қырыққабаттықырыққабат ақ көбелегі мен қырыққабат қара күйесі, асқабақты – ұсақ шыбындар, қызылшанықызылша бүргесі, баялды (баклажан) мен картоптыколорадо қоңызы зақымдайды.[1]

Жиі кездесетін түрлері: шаянтәрізділер, көп аяқтылар және өрмекшітәрізділер. Көптеген дақылдардың өнімдеріне үлкен зиян келтіретін көпқоректілер: шегірткелер, шілделіктер, күздік көбелек, шалғын көбелегі, шыртылдақ қоңыз, қара қоңыз, т.б. Зиянкестер – өздерінің биологиялық ерекшелігімен, түрлерінің көптігімен, өсімталдығының жоғарылығымен және өсіп-өну процесінің шапшаңдығымен ерекшеленеді. Зиянкестердің таралуы және олардың кешенді түрлерінің бірлестігі, бір егістікте қалыптасуы, қоршаған ортаның жағдайына және сол ортаға бейімделуіне байланысты.

Астық дақылдарының зиянкестері астық өнімдерін күзде тасығанда және қыста сақтау кезінде зақымдайды. Бұларға өрмекшітәрізділер (мысалы, астық кенесі, т.б.), қоңыздар (мысалы, астық қоңызы, астық тескіші, астық сүлікшесі, бізтұмсық қоңыздар, т.б.), көбелектер (мысалы, астық сұр көбелегі, дән қоңыр көбелегі, т.б.), құстар (мыс., көгершін, үй торғайы, т.б.) жатады. Кенелер, қоңыздар, көбелектерарпа, бидай, сұлы, күріш, жүгері, т.б. дақылдардың жапырағын, сабағын зақымдап, дернәсілдері өсімдіктің дәнімен қоректенеді. Бұдан астық дақылдарының өнімі кемиді. Бал арасының Зиянкестері аралар мен олардың тіршілік өнімдерімен қоректенеді. Зиянкестердің ішіндегі ең қауіптісі – Varroa jacobson кенесі. Бұлар бал арасын жеп қояды. Бал арасының жыртқыштары (аражегіш, тағанақ, т.б. құстар) омартадағы жиналған балды ғана емес, бал арасымен де қоректенеді.[2]

Өсімдік жемісі мен тұқымының зиянкестері – буынаяқтылардың үлкен бір тобы. Бұлар өсімдіктің гүл бүршігін, бүрін, тұқымын, дәнін жеп қоректенеді. Бұл топқа: жапырақ ширатқыш, қосқанаттылар (жапырақ шыбыны, галлицалар), жарғаққанаттылар, қоңыздар жатады. Зиянкестер жыл бойы жиналатын тұқымның жартысына жуығын жеп, шаруашылыққа 25 – 50%-ға дейін шығын келтіруі мүмкін.

Орман зиянкестеріорман ағаштары мен бұталарын зақымдайтын жануарлар. Бұларға негізінен кенелер, көпаяқтылар, бауыраяқты ұлулар (шырыш), жәндікқоректі сүтқоректілер (кірпі, көртышқан, жертесер, т.б.), тышқандар, жұпаяқтылар (қабан, бұғы, бұлан, т.б.), жыртқыштар (түлкі, қоңыр аю) және құстар (тоқылдақ, қайшыауыз) жатады. Зиянкестер ағаштың жапырағын, бұтағын, гүлін, жемісі мен тұқымын жеп, діңін тесіп, тамырларынан шырынын сорады. Зақымданған ағаштар өсуін тоқтатып жеміс салмайды. Олар бірте-бірте өз тіршілігін жояды.[3]

Ұн мен жарма зиянкестері. Ұнды, жарманы, кептірілген нанды және басқа да ұн тағамдарын дұрыс сақтамаған жағдайда жәңдіктер пайда болып, бүлдіреді, сапасын кемітеді. Әсіресе көбірек кездесетіні — астық кеміргіштері. Ол ұзындығы 2—3 мм, қызыл қоңыр, қоңыр не сарғыштау, денесі жұмыр қоңыз. Ұшады, үркіткен кезде қимылсыз қалады. Күн жылығанда жылына 4 рет, ұрпақ береді. Оның личинкалары кептірілген нанды, печеньені, макарон тағамдары мен жарманы, кептірілген көкөністер мен жемістерді бүлдіреді, олар ұнмен де қоректенеді (олардан бөлінген сұйықтық салдарынан ұн түйіршіктеніп қалады).

Қамба бізтұмсығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қамба бізтұмсығы — ұзындығы 2—4 мм, түсі әр алуан (қызыл қоңырлан қара түске дейін), басы сүйірленіп біткен қоңыз. Ұшпайды. Күн жылығанда жылына 5 ретке дейін ұрпақ береді. Қара бидай, бидай, күріш, арпа, қарақұмық, жүгері дәндерін, макаронды және ұзақ тұрып қалған ұнды бүлдіреді. Личинкалары дәнді ішінен кеулеп, қоңыздар оның сыртынан кеміреді.

Күріш бізтұмсығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Күріш бізтұмсығы дене бітімі қамба бізтұмсығы секілді. Одан айырмашылығы қосалқы қанаттарында 2-ден қызғылт теңбілі бар. Ұшады. Күн жылығанда жылына 6 реткедейін ұрпақ береді. Қамба бізтұмсығы секілді қоректенеді, көбінесе жүгері дәні мен күріш жармасын бүлдіреді.

Үлкен зауза қоңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үлкен зауза қоңыз — ұзындығы 1З—15 мм, түсі әр алуан (қоңырлан қара түске дейін) келген қоңыз. Оның ұн құрттары деп аталатын қатқыл сарғыш личинкаларымен тордағы құстарды азықтандырады. Түнде ұшады. Күн жылығанда жылына 2 ретке дейін ұрпақ береді. Көбірек тұрып қалған ұнда, дәнде, кебекте, кепкен нанда пайда болады.

Кішкене зауза қоңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кішкене зауза қоңыз үлкен қоңыздан 3 еселен кіші, қызғылт-қызыл қоңыр түсті. Ұшпайды. Қолайлы кездерде жылына 4 ретке дейін ұрпақ береді. Ұнды, ұнтақ жарманы, кебекті, кейде қара құмық жармасын, күрішті, құрғақ жемісті және көкөністерді бүлдіреді.

Суринам ұн жегіші

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Суринам ұн жегіші — ұзындығы - 5—3,5 мм, қызыл-қоңыр түсті қоңыз. Денесі жіңішке, алдыңғы бүйірі иректі келген. Ұшпайды. Жылы маусымда жылына 5 ретке дейін ұрпақ береді. Ұнды, жарманы, құрғақ жемісті т.б. бүлдіреді.

Бұршақ қоңызы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бұршақ қоңызы келтірілген бұршаққа жоламайды, олар тек егістіктегі бұршаққа көп зиян келтіреді (ол жұмыртқасын бұршақ түйнегіне салады, балаңқұрты жұмсақ дәннің ішінде жетіледі); қоңыз егістіккесебілген бұршақпен келеді. Жылына бір рет ұрпақ береді.

Қамбақ аракүйесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қамбақ аракүйесі, дән қара күйесі , қамбақ анкөбелегі (дәнде және ұнда) дәнді, ұнды, жарманы, кебекті, кепкен нанды, печеньені, сондай-ақ кепкен жемісті және көкөністерді, гербарийлерді бүлдіреді. Олардың пайда болғанын дән мен жармалық кесектенгенінен, ұнның, жарманың т.б. шырмалып торланғанынан білу оңай. Бұл зиянкестерді құртудың қарапайым амалы: ұнды елеу, дән мен жарманы сұрыптау, ондағы пайда болған түйіршіктерді тазалау, мүлде бүлінген азық-түлікті құрту. Сақтық шаралары — азық-түлік сақталған орынды таза ұстау. Азық-түлікті қаңылтыр, керамика не шыны банкаларға салып, аузын тығыз қақпақпен жауып ұстаған жөн. Жармалан тараған қоңыздарды жою үшін шкаф полкаларына қағаз төсеп, оған бірдей мөлшерде қосылған қант ұнтағы және үгітілген тары (не басқа жарманы) қоспасын сеуіп қояды. Азық-түлік сақтайтын орынның ішін сабынды не содалы жылы сумен жақсылап жуады, егер мүмкіндік болса, ыстық сумен шайып, сонан соң әбден кептіреді.[4]

2.Тура қанаттылар (orthoptera) отрядына жататын көп қоректі зиянды жәндіктер Ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін көп қоректі жәндіктердің түрлері Brachicera – қысқамұрттылар отряд тармағына, Acrididae – нағыз шегірткелер тұқымдасына, Dolichocera – ұзынмұрттылар отряд тармағына, Tettigoniidae – шекшек тұқымдасына, Gryllidae – шырылдауық шілділіктер тұқымдасына жатады. Зиянды шегірткелер. Қазақстанның солтүстігінде таралғандары: итальяндық прус – Calliptamus italicus italikus L. кресті кішкене саяқ шегіртке – Dociosturus breviocolis, ақ жолақты – Chortippus albomarginatus D.G. және басқалар. Азиялық шегірткенің тұрақты қоныстары Қазақстанның оңтүстік жартысындағы ну қамысты жерлер, осы жерлерден олар басқа алыс өңірлерге тарала алады. Мароккалық шегіртке – Dociostaurus maroccanus Thunb. Қазақстанның оңтүстігінде таралған.(Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары). Азиялық, мароккалық, итальяндық шегірткелер, анда-санда тұрандық және шөл далалық шегірткелер кезеңдік өзгерістерге ұшырайды. Барлық шегірткелердің ұзынша денесі, секіруге қолайлы артқы аяқтары, кеміргіш ауыздары, қатты дамыған алдыңғы кеудесі, жіңішке үстінгі қанаты, жалпақ, желдеткішке ұқсас жиналатын қанаттары болады. Жылына бір ұрпақ береді. Ұрғашы шегіртткенің арнаулы бөліп шығаратын сұйық затымен қатайған топырақтан жасалған күбіршеде тың жерлерде, жайылымдарда, құмдардың шетінде және т.б. жерлерде жұмыртқа күйінде қыстайды. Шегірткелер жұмыртқалардан әр мезгілде шығады. Дернәсіл ересек шегірткеге ұқсас боп туады. Дернәсіл 30-40 күн дамиды. Даму кезеңінде дернәсіл 4-5 рет түлеп, 4-5 жас өтеді. Дернәсілдер және ересек шегірткелер әр түрлі өсімдітерді зақымдайды: дәнді дақылдарды, майлық дақылдарды, көкөністерді, жайылымдар мен шабындықтарды. Олар құрғақшылық кезінде, табиғи өсімдіктер күйіп кеткенде өте қауіпті. Тым көп көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға қатты зиян келтіреді, олардың жер бетіндегі биомасса бөліктерін құртып жібереді. Шегірткелердің көп жылдық динамикасында циклдік байқалады – қатты көбеюлері мен депрессиялық жайлар кезектесіп отырады.

Күресу шаралары. Шегірткелерге қарсы күресу шараларын олардың сандарына бақылау жасаудың нәтижесіне қарап пайдаланады. Алдын алу шараларының маңыздысы ерте көктемде шегірткелер табылған егістік танаптарды біз тұмсықты немесе дискілі тырмалармен, ал көп жылдық шөптерді тісті немесе бізтұмсықты тырмалармен өңдеу. Сонымен бірге танап аралықтарын, танаппен шектесетін тың және егін егілмейтін жерлерді де өңдеу қажет. Егін алқаптарында жою шаралары инсектицидтермен саяқ шегірткелерге қарсы 8-10 дернәсіл/м2 , үйірлі шегірткелерге қарсы 5 және оданда көп дернәсіл/м2 болғанда жүргізіледі. Дернәсілдерді есепке алу жұмыстарын таңертелікте немесе кешкілікте маршрутпен жүріп 100 метр сайын әрқайсысы 1м2 алаңқайда көзбен шолып жүргізеді немесе рамканың көмегімен әрбәр секірген шегірткені есептеп, кейін 1м2 қанша болатындықтарын анықтайды. Егер бір станцияны мекендеген шегірткелердің түрі көп болса, жұмыртқалардан әр мезгілде шықса және жастары әр түрлі болған жағдайда ұзақ уақыт әсер ететін инсектицидтерді пайдаланған дұрыс. Химиялық өңдеу жұмыстары дернәсілдер қанаттанғанға дейін жүргізілсе, тиімділігі жоғары болады. әрбір нақты жағдайға байланысты жаппай, бөгеу және локальді өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бөгеу мақсатымен өңдегенде дәрі шашылатын жердің жалпақтығы 40-100 м шамасында болуы керек.

Бұзаубастар. Жердің астында тіршілік етеді. Орта жастағы дернәсілдері және ересек жәндіктері жердің астында 1м дейінгі тереңдікте тіршілік етеді. өмір сүру циклі 1 жылдан көп уақытқа созылады. Мамырдың аяғында – маусым айында ұрғашылары 10-20 см тереңдікте, арнаулы ұяларға 150-300 данадан жұмыртқа салады. Бұзаубастар алдыңғы аяқтарының көмегімен топырақтың үстіңгі қабатында жолдар салады, 50-ден аса өсімдіктің тамырын, сабақтарының жер асты бөлігін, өскіндерін және тұқымдарын жеп зиян келтіреді. Олар ылғалды, суармалы жерлерді, негізінен көкөніс алқаптарын мекендейді. Жылы жайларда темекінің, көкөністердің және т.б. өсімдіктердің көшеттеріне өте көп зиян тигізеді. Көп тараған түрлері – кәдімгі (Gryllotalpa) және бір тікенекті (Gryllotalpa unispina Sauss.) бұзаубастар.

Шекшектер. Құрғақшылық жылдары сандары өте көп болғанда егінге, көкөніс дақылдарына, майлық дақылдарға және жеміс ағаштарына зиян келтіреді. Антеналары денелерінен ұзын үлкен жәндіктер. Жылына бір рет ұрпақ береді. Топырақта, өсімдіктерде және олардың үлпаларында жұмыртқалары қыстайды. Шілделіктер. Орташа және үлкен, жалрақ денелі жәндіктер. Түнде тіршілік етеді. Топырақ түйірлерінің астында, жарықтарда нимфалар (ақырғы жастағы дернәсілдер) қыстайды. Ылғалды, суармалы жерлерде көкөністердің, майлық дақылдардың, дәнді дақылдардың, бүлдіргеннің жапырақтары мен сабақтарының төменгі бөліктерін жейді. Күресу шаралары. Ерте күзде сүдігер жырту және отамалы өсімдіктердің қатар аралықтарын өңдеу арқылы бұзаубастардың, шекшектердің және шілделіктердің көбейуіне жол бермеуге болады. Көкөніс өсірушілер бұзаубастармен күресу үшін арнаулы жырашықтарды пайдаланады.

3. Қатты қанаттылар (Coleoptera) отрядына жататын көп қоректі зиянды жәндіктер Әртүрлі өсімдіктермен қоректенетін қоңыздардың ең қауіпті және көп тараған түлері Coleoptera – отряды, Poliphaga – отряд тармағы, Elateridae – шыртылдақ қоңыздар, Tenebrionidae – қараденелілер, Scarabalidae – тақта мұртты қоңыздар тұқымдастарына жатады. Шыртылдақ қоңыздар. Ұзындығы 5 – 15 мм. Алдыңғы кеудесі қозғалғанда шырылдаған дыбыс шығарады. 2-4 апта өмір сүреді. Қоңыздың зияндылығы жоқ. Жұмыртқасын топыраққа салат. Бір қоңыздың салатын жұмыртқасынын мөлшері 30 -500 дана. Дернәсілдері қыстайды. Дернәсіл 13 бөліктен тұрады. Сыртқы қатты қабығы болғандықтан және пішініне қарап оларды сымға ұқсатады. Басы, үш жұп аяқтары жақсы дамыған, түсі сары қоңыр. Дернәсіл 3-4 жыл өмір сүреді. Егістіктерде ошақ-ошақ болып кездеседі. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің қсіп келе жатқан тұқымымен, олардың тамырларымен қоректенеді. Топырақ құрғап кеткенде өсімдіктердің етті бөліктеріне кіріп алып қоректенеді. Қараденелілер. Баяу жүретін, тустері қара, ірілі –кішілі қоңыздар. Көп түрлері өанаттары бірігіп кеткендіктен ұша алмайды. Дернәсілдерінің алдыңғы жұп аяқтары үлкен, бастары доға тәрізді. Дернәсілдері жылдам өсіп жетіледі. Далалық және кең кеуделі шабан қоңыздары мен жүгерінің қара денелілерінің дернәсілдері өсімдіктердің жер астындағы мүшелерін, тұқымды зақымдайды. Құмның шабан қоңызы зиянды, олар отамалы өсімдіктердің өскіндері мен көкөніс өсімдіктерінің көшеттерін зақымдайды. Тақтамұрттылар. Денелері ұзын, қысқа. Мұрттары жалпақ. Дернәсілдері жуан, етті. Түркістандық жүгері қонызы көп өсімдіктердің тамырларының етті ұлпаларын зақымдайды, ал түйнек тамыр жемістілер үшін өте қауіпті. Дернәсілдері өсіп келе жатқан тұқыммен қоректенеді. Қортық қоңыздың өзі ғана зиянды. Негізінен өскіннің жер үстіндегі бөлігімен қоректенеді. Батыстық мамыр қоңызы, жетісулық мәрмәр қоңыз,маусым қоңызы отамалы, көкөніс және жеміс-жидек өсімдіктерінің негізгі зиянкестері. Олардың дернәсілдері топырақта 2-3 жыл өмір сүріп өсімдіктердің жер астындағы мүшелермен қоректенеді. Күресу тәсілдері. Күзде терең сүдігер жырту,тыңайтқыш салу, жазда отамалы өсімдіктердің қатар аралықтарын бірнеше рет өңдеу, арамшөптермен күресу,үстеп қоректендіру арқылы барлық көп қоректі қатты қанаттылардың санын азайтуға болады. Дернәсілдердің саны 1 м2 5-10 дана болғанда отамалы өсімдіктерді отырғызуға болмайды. Олардың орнына аз зақымдалатын бұршақ тұұымдастарды, қарақұмықты өсіреді. Қара денелі қоңыздардың саны 1 м2 2-3 дана және одан жоғары болғанда инсектицидттермен улайды.

4. Қабыршақ қанаттылар отрядына жататын көп қоректі зиянды жәндіктер Қауіпті полифагтарға әр түрлі қанаттылар Frenata – отряд тармағының Noctuidae – түнгі көбелектер немесе үкі көбелектер және Pyralidae – қ ан көбелектер тұқымдастырынын түрлері жатады. Түн көбелектер. Көбелектер орташа мөршерлі, жайылған қанаттары – 20-45 мм. Толық денелі. Көп түрлерінің түстері сұрғылт қоңыр. Алдыңғы қанаттарында өздеріне тән суреттері бар. Суреттердің пішіндеріне қарап үкі көбелектердің түрлерін анықтауға болады. Көбелектер негізінен ымырт түсе және түнде ұшады. Құрттары ұзынша жолақтары бар сұрғылт қоңыр немесе жасыл түсті болады. Үш жұп кеуде аяқтарынан басқа 3-5 жұп құрсақ аяқтары болады. Тіршілік етулеріне, тамақтану жолдарына байланысты кеміргіш және жапырақ кеміргіш көбелектер болып бөлінеді. Кеміргіш көбелектер топырақтың жоғарғы қабатында жасырын өмір сүреді. Олар қоректеніп топыраө денгейінде күздік, жаздық астық дақылдары, жүгері, қызылша, картоп, мақта, темекі, көкөніс, бақша т.б. дақылдарының мөлшерін кеміріп зақымдайжы. Түн көбелектердің жұлдыз құртттары соңғы жастарында топырақ астында қыстайды. Жұлдызқұрттарынын 6 жастық кезені болады. Көктемде олар қуыршақтанады. Ересек жәндіктері жұмыртқалары сабақтың негізне, төменгі жапырағына, топырак бетіндегі өсімдік қалдықтарына салады. Жылына 3-4 рет ұрпақ береді. Жұлдызқұрттар топырақ денгейіндегі сабақтарды, тұқымын, жас өскінін кеміреді, тамыр жемістерде, түйнектерде кеміріп, қуыс жасайды. Жерүстілік түнгі көбелектер өсімдіктердің жапырағымен, сабақтарымен, генеративті мүшелерімен қореқтенеді. Көбінесе жоңышқаны, ноқатты, темекіні, қызанақты, жүгеріні және басқада дақылдарды зақымдайды. Бұл топқа мынадай түрлері жатады: мақта (Helicoverpa armigera Hbst.) гамма (Autographa gamma L.), беде (Discestra trifolii Hufn.), кіші жерүстілік немесе карадрина (Spodoptera exigua Hb.). Макта көбелегінің куыршағы топыракта кыстайды. Көбелек жумырткасын (1-3тен) жапырақтарға, шанақтарға және гүлдеріне салады. Жұлдызкұрттың бірінші ұрпағы арамшөптерде, жоңышқада, ноқатта, темекіде, қызанақта, арамшөптерде қореқтенеді. Мақтаның шанақтану және гүлдену кезеңінде келесі ұрпақтар жұмыртқа салады. Жылына 3-4 ұрпақ дамиды. Мақтаның генеративтік мүшелерін, жүгерінің собығы мен дәнін, темекі тұқымдарын қатты зақымдайды. Қан көбелектер. Шалғын көбелек ауыл шаруашылық дақылдарының ең қауіпті зиянкестерінің бірі. Жазғы мезгілде оның саны құбылмалы және қолайлы жағдайлар болғанда өсімталдығы өте жоғары. Жұмыртқаларын өсімдік жапырағының төменгі беткі қабатына салады. Жұлдыз құрттары 5 жас өседі. Олар комағай болып көп қоректенеді. Қант қызылшасын,күнбағысты, бір және көп жылдык бұршақ (үрме бұршактан басқа), жүгеріні, тарыны және басқа да өсімдіктерді катты зақымдайды. Олар өсімдіктердің жерүстілік генеративті және вегетативті мүшелерін кеміріп жейді. Закымданған өсімдік мүшесін жұлдызқұрттар өрмекпен шырмалайды. Бидай көбінесе шалғын көбелектің негізгі азықтық өсімдіктері жетіспегеннен соң зақымданады. 2-3 ұрпақ беріп дамиды. Ересек жұлдызқұрттар топырақтың жоғарғы қабатында қыстап шығады. Сабақ немесе жүгері көбелегі (Ostrinia nubilalis Hb.).Ересек жәндіктерде жыныстық диморфизм анық байқалады. Жұлдызқұрттың түсі сұрғылт жасыл,денесін бойлаған күңгірт жолақтары бар. Дене ұзындығы - 25 мм-ге дейін. Жұлдызқұрт өсімдік сабағында қыстайды. Тіршілік кезеңінде 2 ұрпақ дамиды. Мәдени және жабайы өсімдіктер зақымданады.Көп зиян жүгері мен күнбағысқа келтіреді. Өсімдік сабағының ішінде жұлдызқұрттар кеміріп жолдармен қуыс жасайды. Кемірудің әсерінен тесіктерден сыртқа үгітілген ұлпа шашылады. Кейн сабақ сынады. Зиянкестің дамуына ылғал өте қолайлы. Куресу шаралары. Едәуір зақым кеміргіш тән көбелектердің картоп дақылында саны - 5-10, астық дақылдарында 2-3, қызылша, жүгері, мақтада 0,5-2 жұлдызқұрт/м2 астам болса байкалады. Жерүстілік түн көбелектердің зиян тигізетін экономикалық шегі,карадринаның 1-3 жұлдызқұрт болса, шалғын көбелек 10-20 жұлдызқұрт/м2, сабақ көбелектің 10 өсімдікте 5 жұмыртқа топтары табылса,Егер зиянкестердің саны ЭЗШ деңгейінен жоғары болса, жұлдызқұрттарды төменгі жастарында химиялық не болмаса биологиялық препараттармен жою керек. Қабыршақ қанаттарының көбеюінің алдын алу, жұлдызқұрттарының санын азайту үшін арамшөптермен жүйелі түрде күресу,топырақты ерте терең сыдыра жырту,отамалы дақылдардың қатар аралықтарын қопсыту қажет. Маусым кезеңінде өсімдіктерді суарған жағдайларда да кеміргіш көбелектердің жұлдызқұрттарының саны азаяды. Сабақ көбелектермен күресу үшін өсімдіктерді төмен шабу қажет (10 см жоғары емес). Жұлдызқұрттар қыстайтын жүгері, картоп, тарының өсімдік қалдықтарын, арамшөптерді танаптан танаптан шығарып жояды. Маусымды колонизация әдісімен трихограмма (Тrichogrammatidae тұқымдасы) көбелек құрттарының ішкі паразитін есебімен 60-80 мың дара/га 2 мезгіл қолдану тиімді болады.

5. Бұршақ дәнді дақылдарының зиянды жәндіктері Бұршақ бітесі– бітенің денесі біршама жуандау, денесінің ұзындығы – 4,5-5 мм. Қанатсыз аналықтарының денесінің түсі жасыл, кейде қоңыр қоңыр қызыл болып келеді. Ұрықтанған жұмыртқа көпжылдық бұршақ өсімдігінің сабақтарының тамыр бөлігінде және жерге түскен бұршақта қыстайды. Біте осы жұмыртқадан дернәсілдік сатыдан өткеннен кейін аналық – негізге айналады. Партеногенетикалық жолмен көбейіп, колониялар түзеді. Мұнан ары қарай аналық – орналастырушылар пайда болады. Қанатты аналық – орналастырушылар бір жылдық бұршақ дақылдарына қонып, сол жерде жаңа колониялар құрады. Бір жылда 10-ға жуық ұрпақ беріп дамиды. Бітелер өсімдіктердің жас ұлпаларында және гүл шоғырына қоныстанады. Колонияның өсуі жоғарғы бөліктен басталады. Олар көп жылдық бұршақ дақылдарына ұшып келеді де, содан соң бұл жерге аталық пен аналық шағылысқаннан кейін қыстайтын жұмыртқа салады. Бұршақ бітесі бұршаққа, сиыр жоңышқаға, жоңышқаға, жасымыққа зиян келтіреді. Дернәсіл мен имаго шырынды сорып, жапырақты ширатады, дамуды тоқтатады, зақымданған мүшенің түрін өзгертіп, егіннің түсімін тқмендетеді. Бітенің жаппай көбеюі ауа райының қолайлы (жылы жаңбырлы) жағдайларында байқалады. Күресу шаралары. Біржылдық және көпжылдық бұршақ дақылдарын ббұршақ бітеден қорғау үшін кеңістікті оңашалаудың үлкен маңызы бар. Бұршақ дәнділерді қайталап отырғызуға болмайды. Жерге түскен дән өскіндерінің пайда болуына жол бермеу керек. Көп жылдық бұршақты төмен кесінді жасап жинау қажет. Егер энтомологиялық аулағышпен 10 сілтеу жасаған кезде 25-30 дара біте түссе немесе 20% өсімдік залалданған болса, онда инсектицидпен өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұршақ қоңызы. Қоңыздарының бүйірінің алдыңғы арқасында және жамбастың төменгі жағында тісшелер орналасқан. Қанаттың үстінде ақ дақтар, ал құрсағының астында екі ірі қара дақтары бар. Денесінің ұзындығы – 4,5-5мм ақшыл түптермен қапталған. Дернәсілі сопақ, ақшыл сары, ұзындығы – 5-6 мм. Қоңыздар тазалау, сақтау және егінді жинаған жерлерде бұршақтың ішінде қыстайды. Дернәсілдің ересек жәндәкке айналуы, қыстап шығуы құрғақ тұқымның ішінде өтеді. Жұмыртқаны бұршақтың жармасына салады. Дернәсілдер бұршақтың ішінде қоректенеді. Күресу шаралары. Егінді дер кезінде шығынға ұшыратпай жинап алу керек. Аңыздарды сыдыра жырту, топырақты терең өңдеу қоңыздар мен дернәсілдердің едәуір жойылуына әкеледі. Қойма орындарында тұқымдарға тұқымдарға газбен өңдеу және салқындату жұмыстарын жүргізу қажет. Егер шанақтану кезінде энтомологиялық аулағышпен 10 сілтеу жасағанда 15-20 қоңыз табылса, онда бұршақ қоңыздарын жою үшін инсектицидпен өңдейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Справочник по защите леса от вредителей и болезней, М., 1980.
  2. Пособие по агрохимическому обслуживанию хозяйств Казахстана, А.-А., 1977
  3. Қазақ Энциклопедиясы, 4 том 3 бөлім
  4. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9