Мазмұнға өту

Жәндіктер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жәндіктер, не бұнақденелер, немесе шыбын-шіркейлер, ескі атауы насекомдар[1] (лат. Insecta) – буынаяқтылар типіне жататын омыртқасыз жануарлар класы.

Қазба қалдықтары девон кезеңінен белгілі. Филогенетикалық шығу тегі көп аяқтыларға жақын, арғы тегі буылтық құрттар деп есептелінеді. Жер шарында кең тараған 1 млн-дай түрі анықталған (барлығы 1,5 – 2 млн. түрі болуы мүмкін).

Жәндіктер екі класс тармағына бөлінеді: алғашқы қанатсыз жәндіктер және қанатты жәндіктер. Қазақстанда 2 класс тармағына жататын 28 отряды 550-ден астам тұқымдасы бар. Бұлардың дене тұрқы бірнеше мм-ден (ең майдасы – трихограмма – 0,2 мм) – 33 см-ге дейін болады.

Жәндіктердің ең басты ерекшелігі – денесі бас, кеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Денесін тығыз кутикула (эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша) жапқан. Басында екі күрделі фасетті көздері, қарапайым майда көзшелері, екі мұртшасы болады. Ауыз құрылысы қоректену әдісіне қарай: инеліктер, тарақандар, дәуіттер, қоңыздардың аузы кеміруге; көбелектер, шыбындардың аузы сұйық қоректі соруға; өсімдіктердің шырынымен және адамның, жануарлардың қанымен қоректенетін маса, бит, қандала, цикадалар, т.б. аузы шаншып-соруға бейімделген. Жәндіктердің кейбір түрінде аузы болмайды (бөгелек, біркүндіктер). Үш бунақты (алдыңғы, ортаңғы және артқы) кеудесінде (әр буынында жұптан) алты аяғы болады, жәндіктердің ежелгі атының алтыаяқтылар (Нexapoda) деп аталуы осыған байланысты. Аяқтары жамбасша, ұршықбас, сан, сирақ және табаннан тұрады. Жәндіктердің жүруге, жүгіруге (тарақан, қоңыздарда, т.б.); секіруге (шегіртке, шекшек, бүргелер); жүзуге (жүзгіш қоңыздар, т.б.); қазуға (бұзаубас, т.б.); жемін ұстауға (дәуіт, т.б.); гүл тозаңын жинауға (бал арасы) бейімделген аяқтары болады. Ортаңғы және артқы буынында бір-бір жұп қанаттары бар. Тек қосқанаттыларда артқы кеуде буынындағы қанаттары – ызылдауыққа айналған.

Жәндіктердің басым бөлігінде ұшуға екі жұп қанаттарын (көбелектер, инеліктер, торқанаттылар, т.б.), кейбір түрі тек артқы жұбын (қоңыздар, т.б.) ғана қағады. Құрсағы көп бунақты, кейбір түрінде 11 бунақты. Құрсағында аяғы болмайды, бірақ олардың қалдықтары рудимент (жұмыртқа салатын мүшесі немесе шаншары, еркегінде – жыныс мүшесі) түрінде сақталған. Жәндіктердің бұлшық еті тек көлденең жолақты. Ет талшықтарының саны 1,5 – 2 мыңға жетеді. Бұлшық еттерінің жиырылып-жазылуы бас миымен тығыз байланысты және оларға бұлшық еттен бөлінетін жиырылғыш белок – актомиозин әсер етеді. Жәндіктердің ас қорыту жүйесі алдыңғы, ортаңғы, артқы ішектен және сілекей бездерінен тұрады. Олар қорегіне қарай фитофагтар (өсімдік қоректілер), жыртқыштар, өсімдік шірнесімен қоректенетіндер, некрофагтар (өлексемен қоректенетіндер), сапрофагтар (басқа жануарлардың өлексесімен қоректенетіндер), қан сорғыштар, т.б. болып бөлінеді. Жәндіктер атмосфералық ауаны – трахея (кеңірдек) жүйесімен жұтады, ал суда тіршілік ететін дернәсілдерінде екінші реттік трахея не кутикулалы желбезек дамиды. Жәндіктердің дене температурасы тұрақсыз, сондықтан олар салқынқанды жануарлар тобына жатады.

Қан айналу жүйесі нашар дамыған. Ол жүрек пен арқа қолқасынан құралған. Бірнеше камераларға бөлінген. Осы камералар бір бағытта жиырылып қанды (гемолимфаны) артқы жағынан қолқаға қарай сырғытады. Гемолимфа қолқадан бас қуысына, одан кеуде және құрсақ бөлігіне ағып, қайтадан жүрекке құйылады. Зәр шығару жүйесі – мальпиги түтікшелері. Бұл суды және организмге қажетті еріген затты гемолимфаға өткізеді, ал сіңбей қалған заттар артқы ішекке түсіп, аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Жүйке жүйесі бас миы, жұтқыншақ асты ганглий және құрсақ жүйке тізбегінен құралған.

Жәндіктерде сезім мүшелері жақсы дамыған. Олар әр түрлі механикалық, химиялық, дыбыстық, көру, есту, терінің сезу қабілеті, т.б. көптеген тітіркенулерді қабылдай алады. Жәндіктер дара жыныстылар және жыныс диморфизмі айқын байқалады. Бұлардың онтогенезі екі кезеңнен өтеді: толық түрленіп дамитындар және шала түрленіп дамитындар.

Жәндіктердің биоценоз тұрақтылығын сақтауда айрықша маңызы бар. Олардың ішінде көптеген ауыл шаруашығы мен орман зиянкестері де жеткілікті: Қазақстанда әр түрлі қоңыр көбелектер, астық қоңыр көбелегі, жапырақ ширатқыштар, мүр көбелектер, өсімдік биттері, жапырақ жегілер, т.б. – зиянкестер; бит, бүрге маса, шіркей, сона, т.б. – қан сорғыш жәндіктер; тарақан, үй шыбыны, цеце шыбыны, т.б. – аса қауіпті ауру қоздырғышын тарататын жәндіктер; бал арасы, тұт жібек көбелегі – пайдалы жәндіктер кездеседі. Сонымен қатар ара, көбелек, т.б. жәндіктер өсімдікті тозаңдандырады; құмырсқа, қоңыз дернәсілдері топырақты қопсытады. Жәндіктердің сирек және жойылып бара жатқан 200-дей түрі (Тянь-Шань апполоны, әсем барылдауық қоңыз, махаон, сары көбелектің кейбір түрлері, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. [2]

Жәндіктердіӊ пайдасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ара шаруашылығы халық федерфциясында 47 елде 4 млн. ара шаруашылығы бар екендігі белгілі болды. Есептей келгенде онда 48 млн. ара отбасы бар, онда жылында 370 000 т. бал өндніріледі. Мысалы, 1970 жылы АҚШ 108 000 т, Канада 19000 т. ал Аргентинада төрт айда ғана 10 000 т. бал өндіріпті. Бұл насекомның адам баласына келтіретін пайдасының бір бөлігі.

Көптеген өсімдіктер насекомсыз тіршілік ете алалмайды. Себебі наесомдар өсімдіктерді тозаңдырады. Дәлірек айтқанда бақша дақылдарын насекомдардың 147 түрі, жоңышқаны - 105, алма насекомдардың 32 түрі тозаңдандырады. Тек бір араның 5 - 6 минутта алманың 40 шоқ гүлін тозаңдыра алады. Араның бір "жұмыс күнінің" ұзақтығы, 17-ден, 20 сағатқа дейін созылады, сонда бір алма ағашын 2 843 890 тер тозаңдыру жұмысын жасай алалады.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ әдеби тілінің сөздігі — Алматы, 2011 Т. 11. — P. 752.
  2. "Қазақ Энциклопедиясы"