Жанр
Жанр (фр. genre, лат. generіs — түр, тек) — өнердің барлық түрлерінде тарихи қалыптасқан іштей жіктелім жүйесі.
Жанрлық жіктелім әрбір өнер түрінің ерекшелігіне байланысты өзіндік жанрлық жүйе құрайды. Мысалы, музыкадағы “ән”, “күй”, “романс”, “симфония”, т.б. жанрлар бейнелеу өнеріне тән емес, бейнелеу өнерінде “натюрморт”, “пейзаж”, “портрет” сияқты жанрлар болса, әдебиетте “айтыс”, “жыр”, “әңгіме”, “роман”, “эпопея”, т.б. жанрлар бар. Солай бола тұрғанмен барлық өнер түрі үшін ортақ жанрлық жіктелім үрдісі бар, сол үрдіс әр өнер түрінде өзінше көрініс табады. Бұл үрдіс, яғни жанрға анықтама беру заңдылығы көпқырлы және бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, оған көзқарас та біртекті емес. Әдебиеттегі жанр — әлем әдебиетіндегі немесе нақтылы бір ұлттық әдебиеттегі белгілі бір дәуірде қалыптасқан, ортақ типологиялық, т.б. белгілері бар көркем шығармалар түрлерінің жүйесі. Жанр ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр, мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің әлі де жетілмегендігін көрсетеді. “Жанр” сөзі француз тілінде “тек” ұғымын береді, сондықтан да эпос, лирика және драманы ертеректе жанр деп атады, кейде жанр термині әдеби түр терминімен теңестіріледі (қ. Әдебиеттің тегі мен түрі). Ал шын мәнінде жанрлар аталған үш тек пен әдеби түр құрамына кіреді. Жанрдың әдебиеттің тегі мен түрінің қайсысына жататынын көркем шығарманың эстет. сапасы, көлемі, соған сәйкес жалпы құрылымы айқындайды. Тарихи тұрғыдан алғанда, ұлттық өнердегі кез келген жанр біржола жоғалып кетпейді, тарихи объективті жағдайға байланысты белгілі бір кезеңде әдеби процесте “кейін шегінуі” мүмкін. Бұрын болған кейбір жанр жаңа уақыт талабына қайта сай келсе, “жанрлық жад” (М.Бахтин) қайта оянып, соның негізінде әлгі жанр түрленіп, әдеби процесте алдыңғы қатарға шығады. Әдебиет тарихында барлық дәуірді басынан өткеріп, жоғалмаған жанрға мысалды жатқызуға болады. Кейінгі дәуірде қайта өрлеген жанрларға трагедия мен новелла жатады. Кез келген жанрдың тарихи даму жолы өте күрделі, өйткені, әрбір ұлы суреткердің шығармашылығында ол түрленіп отырады. Мыс., әдебиеттегі психологиялық роман жанры адамның ішкі әлеміне терең бойлау процесінде қалыптасты.
Жанрдың түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Әдебиет жанрлары
- Журналистика жанрлары
- Музыка жанрлары
- Киноөнер жанрлары
- Театр жанрлары
- Бейнелеу өнері жанрлары
- Тіл жанрлары
- Фотография жанрлары
- Компьютерлік ойындар жанрлары
Жанрлар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бейнелеу өнеріндегі жанрлар оның ішкі салалары, тектері бойынша жүйе құрайды. Бейнелеу өнерінің тектеріне, негізінен, кескіндеме (сұңғат), мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнері тектерінің белгілері архитектура (сәулет өнері), безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы мүмкін. Осы өнер салалары мен түрлерінің тарихи даму барысында сан түрлі жанрлар қалыптасты.
Кескіндеменің жанрлары: тарихи кескіндеме, тұрмыстық кескіндеме, портрет, пейзаж, натюрморт, т.б. Орындалу сипатына қарай кескіндеме бірнеше жанрлық түрге бөлінеді: монументтік — сәндік кескіндеме (қабырғаға салынатын көркем сурет, плафондар, панно), қондырғылы кескіндеме (картина), сәндік-суретті кескіндеме (миниатюра, диорама, панорама, фреска, секко, темпера, мозайка, витраж, т.б.). Кескіндеме өнерінде жанрмен үндес түрлі ағымдар (академизм, т.б.) қалыптасып, әр алуан стильдік жүйелер қалыптасты (барокко, рококко, т.б. стильдер). Мысалы, Қайта өркендеу дәуірінде (Мазаччо, Боттичели, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, т.б.), VII — XIX ғасырларда (А.Дюрер, В.Веласкес, П.П. Рубенс, Т.Жерико, О.Домье, И.П. Крамской, В.И. Суриков, Э.Дега, М.А. Врубель, т.б.) көптеген өнер өкілдері кескіндеме саласында түрлі ағым, стиль жүйелерін қалыптастырды.
Бейнелеу өнерінің тағы бір тегі мүсін (скульптура) өнерінің негізгі жанрлары: портрет, тарихи және тұрмыстық мүсіндер, символикалық және аллегориялық фигуралар, анималистік жанр. Мүсіннің жанрлық түрлеріне жұмыр мүсін, монументті мүсін, монументті-сәндік мүсін, қондырғылы мүсін жатады. Ежелгі дәуірде кемпіртас, балбал, вишап, т.б., Қайта өркендеу дәуірінде ескерткіш, статуя, бюст, рельеф, ұсақ пластикалық мүсін, т.б. дамыды. Мүсін өнерінде XIX ғ-да барокко, классицизм, рококо, XX ғ-да импрессионизм, символизм, абстракті өнер ағымдары пайда болды. Қазақ жерінен табылған керамикалық мүсіндер палеолит және энолит дәуіріне жатады. Қола дәуірінде дами бастаған мүсін өнері б.з.б. VII ғ. — б.з. V ғ. аралығындағы байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері кезінде жоғары деңгейге жетті. Осы кезеңде ағаш өңдеу, сүйек ұқсату, бедерлеу өнері, көркем құйма, қақтау, жұмырлау, т.б. тех. әдістер түрі дамыды. VI — VIII ғ-лардағы байырғы түркі өнерінде мүсіннің бәдіз, балбал, т.б. жанрлық түрлері дамыды. Бейнелеу өнері тегінің бірі — графика (гравюра, литография, монотипия, т.б.). Графика станоктық иллюстрация, эстамп пен лубок, өнеркәсіптік және плакаттық графика болып бөлінеді.
Бейнелеу өнерінің тағы бір тегі — сәулет өнері (архитектура). Архитектура — құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері. Архитектураның көне жанрлық түрі — архитектуралық ордер жүйесі. Архитектурада жанр терминінен гөрі, өнер туындыларын стиль терминімен беру қалыптасқан. Мысалы, роман стилі, готика, ренессанс, барокко, классицизм. Архитектураның бейнелеу құралдары — композиция, тектоника, масштаб, пропорция, фактура, материал түсі, т.б. XIX — XX ғасырларда қоғамдағы әлеумекттік және ғылыми-техникалық даму үрдісі архитектура жүйесіне үлкен өзгерістер әкелді. Ол, әсіресе, қала салуда ерекше көрініс тапты (қ. Архитектура).
Безендіру өнері — сәндеу, көркемдеуден тұрады. Оның жанрлық түрі — дизайн. Безендіру өнері қазақтың дәстүрлі ою-өрнегінде көрініс тапқан.
Музыкадағы жанр музыкалық шығармалардың тек пен түрін айқындайтын көпқырлы ұғым ретінде қалыптасты. Музыкадағы жанр категория ретінде музыкатанудың негізгі мәселелері мен музыка эстетикасын айқындайды. Музыка өнерінің тарихи даму жолында жанр белгілері оның стильдік белгілерімен астасып жатты (қ. Стиль). Музыкалық жанрларға ән, әнұран, серенада, опера, оперетта, симфония, сюита, увертюра, концерт, оратория, кантанта, трио, квартет, романс, хорал, месса, реквием, т.б. жатады. Музыка жанрлары іштей жанрлық түрлерге бөлінеді (мысалы, операда ария, т.б.). Музыкалық жанрлар осы өнер саласында қалыптасқан ағым, бағыт, стильмен үндесе дамыды (қ. Музыка).
Киноның ірі төрт жанры бар: көркем кино, құжатты кино, ғылыми-көпшілік кино және мультипликациялық кино. Бұл кино жанрлары іштей жанрлық түрлерге бөлінеді. Мысалы, құжатты киноның жанрлық түріне киношежіре, киножурнал, т.б. жатады (қ. Кино).
Театр өнерінің жанрлары әдебиет жанрларымен ұштаса дамыды. XX ғасырда өнердің барлық саласында жанр күрделі даму жолынан өтті.
Модернистік эстетикада қалыптасқан ағымдар (мыс., әдебиеттегі “сана ағымы”, т.б.) жанр табиғатына ықпал еткенмен, әр өнер саласындағы ғасырлар бойы қалыптасқан жанрлар жүйесіне елеулі өзгеріс енгізе алмады.
Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов шығармаларындағы жанр
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақ әдебиетінің тарихында жанрлардың түрленуіне Абай Құнанбаев пен М.Әуезов шығармаларының рөлі ерекше болды. Поэзиядағы ұлы құбылыс болып табылатын Абай қазақ өлеңін жанрлық жағынан қайта түлетсе (“сегізаяқ”, “алтыаяқ”, т.б.), Әуезов түркі әдебиетін әлем әдебиеті деңгейіне көтерген “роман-эпопеяның” түрленген түркілік нұсқасын тудырды. Әдебиеттегі жанрларды тегі мен түріне қарап лирикалық, эпостық және драма жанрлар деп бөлеміз. Әлемдік әдебиетте лирикалық жанрларға: элегия, эпиграмма, эпитафия, ода, идилла, сонет, рондо, мадригал, ғазел, хокку, танка, баллада, памфлет, романс, өлең, терме, толғау, т.б. жатқызады. Адамның көңіл-күйі, ой мен сезімнің үндесуі лирикалық жанрлардың басты ерекшеліктері болып табылады. Олар өзара өзіндік реңк, бояуымен де ерекшеленеді: элегия — мұң, эпиграмма — сықақ, ода — мадақ, т.б. Лирикалық жанрларды мазмұны мен тақырыптық өзгешелігіне қарап қана емес, бейнелеген өмір құбылыстары, ой-сезім өрнектері ерекшеліктеріне байланысты саяси-әлеумет лирика, философия лирика, көңіл-күй лирикасы, табиғат лирикасы, т.б. жүйелеп топтастыру үрдісі де бар. Эпостық жанрларға эпикалық кең тыныс, көп желілік, мазмұн қоюлығы, баяндау стилі тән. Дегенмен, бұл жанрлардың да шағын, орта және үлкен түрлері бар (әңгіме, повесть, роман). Эпостық жанрлар ұлттық әдебиеттердегі аңыз, ертегі, батырлық, тарихи жырлардан бастау алады. Қазіргі заманғы әдебиеттегі эпостық жанрларға: новелла, мысал, әңгіме, повесть, поэма, роман, роман-эпопея, т.б. жатады. Эпостық жанрлардың әрқайсысы өзіндік табиғатына, алған тақырыбына байланысты іштей жанрлық түрлерге бөлінеді. Мыс., роман жанрның өзі іштей тарихи роман, лирикалық роман, деректі роман, мемуарлық роман, шытырман оқиғалы роман, серілік роман, психологиялық роман, т.б. болып жіктеледі. Ал әдеби ағымға, әдеби бағытқа, стильге қатысты романтикалық роман, реалистік роман, классикалық роман, т.б. түрлерге бөлінді. Кейде қалыптасқан дәстүрлі жанр табиғатынан өзгеше көркем шығармалар пайда болады. Кезінде, Л.Н. Толстой өзінің “Соғыс және бейбітшілік” атты шығармасын дәстүрлі бір жанр аясында қарастыруға қарсы болып, “Бұл роман емес, тіпті поэма да емес, ал тарихи шежіреден мүлдем алыс” деп пікір білдірген. Кейін автор оны “Илиада” мәнеріндегі шығарма деген. Яғни көне эпикалық дәстүрдің өз шығармасының жанрлық табиғатында көрініс тапқанын сезген. Әдебиеттану ғылымы бұл стильде жазылған көркем шығармаларға екі жанрлық анықтама беріп, “роман-эпопея” деп атады. Кейін сөз өнерінде бұл жанрлық түрде іргелі шығармалар жазылды (Дж.Голсуорси, М.А. Шолохов, Әуезов, Ә.Нұрпейісов, т.б. роман-эпопеялары).
Драмалық жанрлардың драма, трагедия, комедия сияқты тарихи қалыптасқан ірі 3 түрі бар. Трагедия жанры тарихи-эволюция ұзақ даму кезеңінен өтті. Эсхил, У.Шекспир, Ф.Шиллер, Г.Ибсен, М.Метерлинк, Ж.Б. Мольер, Ю.А. Стриндберг, Әуезов, т.б. қаламынан туған трагедияларды бір жанрлық қатарға қоя алмаймыз. Әдеби дәуір, ағым мен бағыт әрбір жанрға ықпал етеді. Сонымен қатар әрбір суреткердің даралық, ұлттық, классик. стилінің жанр табиғатына өзгеріс енгізетіні де әдебиеттану ғылымында белгілі (қ. Стиль). Драм. Ж-лар іштей жанрлық түрлерге бөлінеді. Трагедия мен комедияның бір-бірімен ұштасқан трагикомедия, ал комедияның лирикалық комедия, сатиралық комедия, водевиль, фарс, т.б. түрлері бар. Комедияда өмірдің келеңсіз құбылыстары, адам мінезіндегі мін — күлкі, әзілмен беріледі. Ал трагедияның жанрлық ерекшелігі — шығарма күрделі оқиға, ымыраға келмейтін тартысқа құрылып, соңы қайғылы аяқталады. Әлем әдебиетінде трагедия жанры У.Шекспир шығармалары арқылы биікке көтерілді (“Отелло”, “Гамлет”), қазақ әдебиетінде трагедия жанрының үздік үлгісін М.Әуезов (“Қаракөз”, “Абай”) жасады. Жалпы драмалық жанрларға оқиғаны ширыққан тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне жеткізе суреттеу тән (қ. Драма).[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8