Мазмұнға өту

Гамлет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Гамлет
Hamlet
Басылым
Авторы

Уильям Шекспир

Түпнұсқа тілі

ағылшын тілі

Жазылған жыл

1600-1601

Жариялануы

1603

Гамлет (ағылш: Hamlet) — Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы.

АҚШ әртісі Эдван Бут Гамлет рөлінде, ca. 1870

Оның сюжетін драматург ХІІ ғ. Саксон Грамматиктің көне хроникасынан алған — бұл Амлет деген дат бекзадасының тарихы. Шекспир бұл сюжетті жаңашылдықпен түсініп, образдарына терең әлеуметтік және философиялық мән беріп, мүлдем ерекше шығарма жазды. Трагедияның әрекеті ортағасырлық Данияда өтсе де, автор мұнда өзінің замандастарының типтік образдарын жасады, «шіріген дат мемлекетін» бейнелей отырып, ол өзінің кезіндегі Англияны көрсетті.

Дат бекзадасы Гамлет әкесінің өзі өлмей, біреудің қолынан өлгенін естиді. Гамлеттің әкесін өлтірген Клавдий оның шешесіне үйленіп, таққа отырады. Гамлет бүкіл өмірін әкесі үшін кек алуға арнаймын деп ант береді. Бірақ 4 акт бойына Гамлет толғанып, қиналып, өзін және айналадағыларды айыптап, маңызды ештеңе етпейді, ақыры 5 актың соңында ол өзінің жауын өлтіреді. «Гамлет бұл енжарлығының себебі неде?» - деп талай сыншылар дауласқан. Біреулері – себеп оның жұмсақ мінезінде, дейді, біреулері – христиандық діннің негізінде, дейді. Ал бұл пікірлер негізсіз, себебі Гамлет еріксіз, енжар адам емес. Ол батыл, ержүрек адам, бірақ әңгіме оның мінезінде емес, оның өмір сүрген кезіндегі ерекше жағдайда.

Виттенберг университетінің студенті, ғылымнан басқа ештеңе ойламайтын Гамлет үшін бұрын байқалмаған сарай өмірінің әр түрлі қырлары ашылады. Оның енді ғана көзі ашылғандай болады. Ол әкесінің қанлай зұлымдықпен өлгенін жаңа ғана түсінеді. Гамлет шешесінің бірінші күйеуін ұмытпай тұрып, екінші рет күйеуге шыққанына, сондай тұрақсыз болғанына таңқалып, шошиды. Ол бүкіл дат сарайының екіжүзділігінен, жалғандығынан, моральдық бұзылғандығынан шошиды. Осының бәрінен Гамлет мынадай қорытынды шығарады: «Бүкіл әлем – абақты, соның ішіндегі ең жаманы – Дания». Гамлеттің түсінігі бойынша, әңгіме оның әкесінің өлімінде емес, әңгіме сол қылмысқа айналадағы адамдардың қарсы тұрмауында, енжарлығында болды, сол адамдардың көмегімен қылмыскерлердің жазаланбай, өзінің қара істерін әрі қарай жалғастыруда болды. Сөйтіп, Гамлеттің ойынша, король сарайы және бүкіл Дания сол қылмысқа ортақ болды. Мұндай болса, Гамлет бүкіл әлемге қарсы шығуы керек. Ал екінші жағынан, Гамлет бүкіл әлемге тараған жамандықтың жалғыз құрбаны емес екенін түсінеді. Өзінің әйгілі «Быть или не быть» монологында Гамлет бүкіл адамзатты толғандыратын мәселені көтереді.

Гамлет эгоист, өзімшіл адам болса, ол Клавдийді өлтіріп, өзі таққа отыратын еді. Гамлет ойшыл, гуманист болғандықтан, өзін бүкіл адамзат үшін жауап беретіндей сезінеді. Сондықтан монологында ол бүкіл әлемдегі әділетсіздікпен, барлық қорғансыздар үшін күресетінін айтады. Бірақ мұндай іске жалғыз Гамлеттің әлі келмейді, сондықтан ол түңіліп, терең ойға кетеді. Шекспир өзінің каһарманын әшкерелемейді, себебі ол Гамлеттің трагедиясын түсінеді – мұны ХІХ ғ. сыншылар «гамлетизм» деп атаған.

Гамлеттің позициясы өмірді, ақиқатты кең, терең түсінуге себеп болды. Енді ол жолында кездескен барлық өтірікші, екіжүзді адамдардың беттеріндегі маскаларын шешіп, әшкерелейді. Кейде оның сөздері ащы кекесін, сарказмға толы болып көрінеді, мысалы Офелиямен сөйлескен жерінде. Бірақ шынында, оның жүрегі ұлы сезімге, шынайы достыққа ашық. Гамлет Офелияны шынымен сүйеді, ол өлгенде, қатты қиналады. Гамлет анасын да өте жақсы көреді, бірақ сол сезімдерін Офелияға да, анасына да білдіртпейді. Өлер алдында Гамлет Фортинбрасты таққа отырғызып, оған тек елі үшін қызмет етуді тапсырады. Гораций досына Гамлет өлгеннен кейін жақсы атақ қалдыру үшін өзі туралы тек қана шындық айтуды тапсырады.

Трагедияның шиеленісі – Гамлет пен Лаэрттың жекпе – жегі. Лаэртке король Гамлетті уланған рапирамен өлтіруді тапсырады. Гамлет Лаэрттың қолынан жарақаттанады, бірақ жекпе – жек кезінде олардың рапилары ауысып, Гамлет енді Лаэртты жарақаттайды. Екеуі де өлім аузында болады. Гамлет сол уланған рапирамен Клавдийді де өлтіреді. Көп кешікпей Клавдийдің Гамлет үшін әзірлеп қойған уын королева Гертруда ішіп қойып, өледі. Сөйтіп, сахнада 4 өлік жатады. Сол кезде Эльсинор қорғанына Норвегия бекзадасы Фортинбрас келеді. Трагедия осылай аяқталады. Гамлет өледі, бірақ оның күресі бекер болған жоқ. Зұлымдық, жалғандық әшкереленіп, өз жазасын алды.

Трагедияның идеясы. Гамлет бейнесі арқылы ХVII ғ. Англиядағы гуманистік озық ойдың дағдарысы бейнелеуін тапты. Бас кейіпкер Гамлет – Қайта өрлеу дәуірінің гуманисті, өз заманына лайық жоғары мұраттың иесі. Бірақ оның өмірге, адамға деген сенімі, оның ең жақсы мұраттары іске аспайды, себебі мемлекетті басқаратын адамдардың өздері қылмыскерлер, кісі өлтірушілер. «Гамлет» трагедиясының идеясы – жоғары армандардың құруы, қоғамды түзетуге шыққан жалғыз күрескердің қайғысы, трагедиясы.

Гамлет образы көптеген ғасырлар бойы түрлі пікірлер туғызды. Ол әдебиетте әлі де адамдарды толғандыратын образдардың бірі болып қала береді.