Түрік тілі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Түрік тілі
Türkçe 
:  
Айтылуы: IPA: [ˈt̪yɾkˌt͡ʃe]
Сөйлеу орны: Түркия, Солтүстік Кипр, Болгария, Македония, Қособа, Румыния, Кипр, Әзірбайжан тағы да Германия, Франция, Нидерланд, Аустрия, Өзбекстан, Құрама Патшалық, АҚШ, Бельгия, Швейцария, Италия
және түрік шетжұрты тұратын басқа елдерде 
Аумағы: Анадолы, Кипр, Балқан түбегі, Кавказ, Орталық Еуропа, Батыс Еуропа
Барлық сөйлеушілері: 80-85 млн (ана тілі ретінде) 
Әлемдегі қатары: 19 (ана тілі ретінде)
Тіл ұясы: Алтай (даулы)
 Түркі
  Батыс түркі
   Оңтүстік-батыс тобы (оғыз)
    Батыс оғыз
     Түрік тілі 
Жазу әдісі: Латын әліпбиі (Түрік варианты
Ресми күйі
Ресми күйі бар жері: Түркия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Кипр, Солтүстік Македония*, Қособа**
*Түрік тілінде сөйлейтіндердің саны 20 %-дан асатын аудандарда.
**Түрік тілі өңірлік тілдердің біреуі болады.
Реттеушісі: Түрік тілі қоғамы
Тіл белгілері
ISO 639-1: tr
ISO 639-2: tur
ISO 639-3: tur 

Түрік тілділер көп тұратын елдер.
(Шартты белгілерін көру үшін картаны шертіңіз)

 

Түрік тілі — дүние жүзі бойынша 80-85 миллион адам сөйлейтін тіл, түркі тілдерінің ішіндегі ең көп тарағаны. Түрік тілінде сөйлеушілер негізінен Түркияда шоғырланған, Кипр, Болгария және Шығыс Еуропаның басқа да аймақтарында да тұрады. Батыс Еуропадағы, әсіресе Германиядағы бірнеше миллион иммигрант қауымы да түрікше сөйлейді.

Түрік тілі Орталық Азияда пайда болған, оның алғашқы жазба ескерткіштері шамамен 7-8 ғасырларда жазылған. Батыста бүгінгі түрік тілінің ізашары — Османлы түрікшесі Османлы империясының кеңеюімен бірге тарап отырды. 1928 жылы Ататүрік реформаларының кезінде Османлы әліпбиі латын әліпбиінің фонетикалық вариантымен алмастырылды. Жазба тілі Стамбул түрікшесі болып белгіленді. Сонымен бірге, жаңадан құрылған Түрік тілі қоғамы тілдегі араб және парсы тілдерінен енген сөздерді түріктің төл сөздерімен немесе түркі түбірлерінен құралған жаңа сөздермен алмастыру науқанын бастады.

Түрік тілінің басты ерекшеліктері — үндестік заңы және агглютинация. Түрік тіліндегі негізгі сөз тәртібі: SOV (яғни, бастауыш — толықтауыш — баяндауыш). Түрік тілінде екінші жақ есімдіктерінің анайы және сыпайы түрлері қолданылады (яғни сен-сіз бойынша айырмашылық). Түрік тілінде грамматикалық тектер жоқ.

Классификациялануы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақалалары: Түркі тілдері және Алтай тілдері
Түркі тілдерінің ана тілі ретінде сөйлеушілер саны бойынша жіктелуі

Түрік тілі гагауз және әзери тілдерімен бірге Оғыз тілдерінің батыс тобына жатады. Ал оғыз тілдері болса, 30 тірі тілден тұратын және Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Сібірде тараған түркі тілдерінің оңтүстік-батыс тобын құрайды. Кейбір тіл ғылымы мамандары түркі тілдерін одан кеңірек алтай тілдеріне жатады деп ойлайды.[1] Түрік тілінде сөйлейтіндер түркі тілдерінде сөйлейтіндердің шамамен 40%-ын құрайды.[2] Түрік тілінің үндестік, жалғаулардың сөз түбіріне тізіліп кете беруі (агглютинация) секілді белгілері басқа да түркі тілдеріне және жалпы алтай тілдеріне тән белгілер.[2] Түрік тілі және әзери, түрікмен, қашқай және гагауз тілдері сияқты басқа оғыз тілдері бір-біріне түсінікті болып келеді.[3]

Тағы қараңыз: Түркі халықтары және Түркі халықтарының тарихы

Ең алғашқы түркі жазбалары қазіргі Моңғолияның жерінде орналасқан. Көктүрік хандығының кезінде Соғды әліпбиімен жазылған Бұғыт жазбалары 6-шы ғасырдың екінші жартысына жатқызылған.[4][5] 732 мен 735 жылдар аралығына жатқызылатын монументалды Орхон жазбалары сол ерте кезеңнің тағы бір маңызды ескерткіші болып табылады. Орыс археологтары Орхон өзені аңғарының төңірегінде осы ескерткіштер мен оларға тиісті тас бағаналарды 1889-1893 жылдар аралығында біртіндеп тапқан соң ондағы жазбалардың Көнетүркі жазуын қолданылып Көне түркі тілінде жазылғаны анықталды. Орхон әліпбиіндегі әріптердің сырт кейпі герман руналарына ұқсағандықтан олар Түркі руналары немесе руна тәріздес деп аталып кетті.[6]

Көне түркіше
Türk Oğuz beğleri, budun, eşidin; üze Kök Tengri basmasar, asra yir telinmeser, Türk budun, ilinin, törünün kim artatı(r)?
Қазіргі түрікше
Türk Oğuz beyleri, budun, işitin; üzeride Gök Tanrı basmasa, altta yer delinmese, Türk budunu, ülkeni, töreni kim atar?

Ерте ортағасыр дәуірінде болған Түркі жорықтарының кезінде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар бүкіл Орталық Азияны түгел жайлап, Сібірден Еуропаға және Жерорта теңізіне дейінгі аралықты өздеріне қаратты. Оғыз түріктеріне жататын салжұқтар 11-ші ғасырда өздерінің тілі — оғыз түркі тілін Анатолияға алып келді. Уақыт өте дәл осы тілден қазіргі түрік тілі өрбіп шықты.[7] Дәл сол 11-ші ғасырда түркі тілдерінің алғашқы ғылыми зерттеушісі болып саналатын Қашғарлы Махмуд түркі диалектілерінің толық сөздігін және олардың таралуын көрсететін картаны қамтитын «Диуани лұғати-түрк» атты еңбек жариялады. (Османлы түрікшесінде: Divânü Lügati't-Türk).[8]

Османлы түрікшесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Османлы түрік тілі

Османлы империясының ізашарлары болып саналатын Қарахан мемлекеті мен салжұқ түркілері 950-ші жыл шамасында Ислам дінін қабылдаған соң осы мемлекеттердің ресми тілінде араб және парсы тілдерінен енген көптеген кірме сөздер пайда болды. Османлы кезеңіндегі түрік әдебиетіне, әсіресе Османлы диуан поэзиясына парсы әдебиеті қатты әсер етті. Османлы империясы кезіндегі (шамамен 1299-1922 жылдар) әдеби және ресми тіл түрік, араб және парсы тілдерінің қоспасы болып, өзімен замандас сөйлеу тілінен елеулі айырмашылығы болды. Сол себепті ол тіл Османлы түрік тілі деп аталады.

Тіл реформасы және қазіргі түрік тілі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Түркиядағы тіл реформасына дейінгі сауаттылық деңгейі (1927). 1950 жылы сауаттылық деңгейі ерлер арасында 48.4%, әйелдер арасында 20.7%-ға дейін көтерілді..[9]

Түркия Республикасының негізі қаланған соң және жазу реформасы басталған соң 1932 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің пәрменімен Түрік тілі қоғамы (TDK) ұйымы құрылды. Оның мақсаты ретінде түрік тілі бойынша зерттеулер жүргізу болып белгіленді. Жаңадан құрылған осы қоғамның қолға алған алғашқы істерінің бірі — араб және парсы тілдерінен кірген кірме сөздерді түрік баламаларымен алмастыру болды.[10] Баспасөзде кірме сөздердің қолданылуына толығымен тыйым салу арқылы қоғам тілден бірнеше жүз сөзді аластатты. Қоғамның түрік тіліне енгізген сөздердің көпшілігі түркі түбірлеріне негізделген жаңа сөздер болса да, жаңадан енгізілген сөздердің кейбіреулері ғасырлар бұрын қолданыстан шығып қалған көне түркі сөздері болатын.

Тілдің осы кенет өзгеруінің арқасында Түркиядағы кәрі және жас буындардың сөз қорларының арасында айырмашылық пайда болды. Дүниеге 1940-шы жылдарға дейін аяқ басқан буындар араб және парсы сөздерін көбірек қолданатын болса, одан кейінгі буындар жаңадан енгізілген ұғымдарды пайдаланатын болды. Бір ерекше қызық жайт, Ататүріктің өзі 1927 жылы Түркия парламентінің алдында сөйлеген аса салтанатты сөзін Османлы мәнерінде сөйлеген, бірақ ол сөздің тілі қазіргі ұрпаққа түсініксіз болғаны сонша, оны үш рет: 1963, 1986 және 1995 жылдары қазіргі түрікшеге аудару керек болды.[11] Адамның түрік тіліне деген көзқарасынан оның саяси көзқарасы да көрінеді: консервативті топтар күнделікті тілде ескірген сөздердің көбірек қолданылуын қолдайды.

Соңғы бірнеше онжылдықтың ішінде TDK (ТТҚ) жаңа ұғымдарды және жаңа технологияларды білдіретін жаңа сөздерді тілге енгізумен айналысып келеді. Олардың көбі, әсіресе ақпарат технологиясына қатысты ұғымдар тарап кетті. ТТҚ-ның жасанды естілетін сөздерді шығарғаны үшін сынға ұшырап қалатын кездері де болып тұрады. Бұрынырақ ұсынылған жаңа сөздер, мысалы fırka (саяси партия) сөзінің орнына ұсынылған bölem сөзін жалпы жұртшылық онша жақсы қабылдай қойған жоқ (тіпті fırka сөзінің өзі де былай қойылып, француз тілінен енген parti сөзі қолданылатын болды).Көне түркі тілінен алынған сөздердің кейбіреулері ерекше мағыналарға ие бола бастады; мысалы betik сөзі бастапқыда «кітап» деген мағынада қолданылатын, бірақ енді компьютер ғылымындағы «скрипт» (компьютер бағдарламасының бір түрі) деген мағынаға ие болды.

ТТҚ енгізген сөздердің кейбіреулері өздерінің бұрынғы мағыналас сөздерімен қатар қолданыла береді. Көбінесе бұл кірме сөздің мағынасы өзгергенде болады. Мысалы, парсы тілінен енген dard (درد «қиналу») сөзі түрікше «қиындық», «күрделі мәселе» деген мағынаға ие болатын, ал түріктің төл сөзі ağrı тәндік ауырсынуды білдіреді. Ескі сөздер және оларды алмастыру үшін енгізілген жаңа сөздердің мысалдары:

Османлы түрікшесі Қазіргі түрікше Қазақша аудармасы Түсініктеме
müselles üçgen үшбұрыш üç («үш») және «созу», «жақ» дегенді білдіретін көне түркі сөзі
tayyare uçak ұшақ uçmak («ұшу») етістігінен құралған. Басында әуежайды осылай атау ұсынылған болатын.
nispet oran арақатынас Ескірек сөз де, жаңа сөз де қазіргі тілде қатар қолданылады. Жаңа сөз көне түркі тілінің «ор-» (ору, кесу) деген түбірінен шыққан.
şimal kuzey солтүстік Көне түркі тілінің kuz («суық та қараңғы жер», «көлеңке» деген мағынадағы сөзінен шыққан). Бұл Орта түркі тілінен алынған.[12]
Teşrini-evvel Ekim Қазан (ай) ekim сөзі қазақтың «егін» сөзімен түбірлес. Түркияда астық дақылдарын қазіргі кезде де қазан айында себеді.

Үлгі:Mainlist

Жағырапиялық таралуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тағы қараңыз: Түрік диаспорасы
Ыстамбұлдағы Босфор көпірінің еуропалық шетіндегі «Еуропа құрлығына қош келдіңіз!» деген түрікше жазуы бар жол белгісі. (Фото 2006 жылы 28-ші Еуразиялық марафонның кезінде алынған.)

Түрік тілі — түрік халқының және шамамен 30 елде тұратын түрік диаспорасының ана тілі. Түрік тілді азшылық топтар бұрын толығымен немесе жарым-жартылай Османлы империясының иелігінде болған Болгария, Кипр, Грекия (әсіресе батыс Тракияда), Солтүстік Македония, Румыния және Сербия сияқты елдерде бар.[13] Екі миллионнан астам түрік тілділер Германияда тұрады, Франция, Нидерланд, Аустрия, Бельгия, Швейцария және Құрама Патшалықта да үлкен-үлкен түрік тілді қауымдастықтар бар.[14] Мәдени ассимиляцияға ұшыраулары себебінен этникалық түріктердің барлығы бірдей түрік тілінде ана тіліндегідей жатық сөйлей бермейді.

Түркиядағы түрік тілін ана тілі ретінде сөйлейтіндердің саны 60-67 миллион шамасында, бұл бүкіл халық санының 90-93%-на тең, дүниежүзі бойынша болса түрік тілі 65-73 миллион адамның ана тілі болып табылады.[2][15] Түрік тілін ана тілі немесе екінші тіл ретінде Түркияның барлық дерлік азаматтары сөйлей алады, қалған бөлігі күрд тілінде сөйлейтіндердің үлесіне тиеді (1980 жылы шамамен 3 950 000 адам).[16] Алайда Түркиядағы азшылық этникалық топтардың өзі де түрік тілін ана тіліне тең деңгейде біледі.

Ресми дәрежесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Түрік тілі Түркияның ресми тілі және Кипрдің ресми тілдерінің бірі. Ол Косоводағы Призрен аймағында ресми статусқа ие (бірақ басты емес). Солтүстік Македониядағы бірнеше қалалық аумақтарда да түрік тілді жұртшылықтың шоғырлануы бойынша ресми статусқа ие.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Gordon, Raymond G., Jr. (ed.) Ethnologue: Languages of the World, Fifteenth edition. Language Family Trees - Altaic (2005). Тексерілді, 18 наурыз 2007.
  2. a b c Katzner
  3. Language Materials Project: Turkish. UCLA International Institute, Center for World Languages (Ақпан 2007). Тексерілді, 26 сәуір 2007.
  4. Bazin (1975), 37-45
  5. Alyılmaz Cengiz On the Bugut Inscription and Mausoleum Complex // Eran ud Aneran. Studies presented to Boris Il'ic Marsak on the occasion of his 70/th birthday / Matteo, C., Paola, R., Gianroberto, S. — Venice: Cafoscarina, 2006. — ISBN 8875431051.
  6. Ishjatms
  7. Findley
  8. Soucek
  9. Taeuber, Irene B. (сәуір 1958). "Population and Modernization in Turkey". Population Index 24 (2): 110. Үлгі:OCLC. http://links.jstor.org/sici?sici=0032-4701%28195804%2924%3A2%3C101%3APAMIT%3E2.0.CO%3B2-Z. Retrieved 2007-04-27. Lay summary – JSTOR. 
  10. Мында: Lewis (2002) түрік тілінің реформасы туралы егжей-тегжейлі баяндалады.
  11. Алғашқы екі аударманы мына жерден көріңіз: Lewis (2002): 2-3. Үшінші аударманы мынадан көріңіз: Bedi Yazıcı Nutuk: Özgün metin ve çeviri (Ататүріктің сөйлеген сөзі: түпнұсқа мәтіні және аудармасы). Тексерілді, 28 қыркүйек 2007.(Түрікше)
  12. Mütercim Asım Burhân-ı Katı Tercemesi — İstanbul.(Түрікше)
  13. Gordon, Raymond G., Jr. (ed.) Ethnologue: Languages of the World, Fifteenth edition. Report for language code:tur (Turkish) (2005). Тексерілді, 18 наурыз 2007.
  14. Center for Studies on Turkey, University of Essen The European Turks: Gross Domestic Product, Working Population, Entrepreneurs and Household Data (PDF). Turkish Industrialists' and Businessmen's Association (2003). Тексерілді, 6 қаңтар 2007.
  15. TNS Opinion & Social (Ақпан 2006), Special Eurobarometer 243 / Wave 64.3: Europeans and their Languages, European Commission Directorate of General Press and Communication, http://ec.europa.eu/public_opinion/archives/ebs/ebs_243_en.pdf, retrieved 2007-03-28 
  16. Gordon, Raymond G., Jr. (ed.) Ethnologue: Languages of the World, Fifteenth edition. Report for language code:kmr (Kurdish) (2005). Тексерілді, 18 наурыз 2007.

Уикимедиа жобаларының түрік жарияланымдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үлгі:Алтaй тілдері