Жүн

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Жүннен дәстүрлі жіп иіру.

Жүнқой, ешкі, түйе және т.б. жануарлардың түгі, жеңіл өнеркәсіптің құнды шикізаты. Жүн талшықтары жылуды аз өткізеді, ылғал тартқыш және берік болады. Ол жіп иіру, мата тоқу, киіз басу, әр түрлі тоқыма бұйымдар жасау үшін пайдаланылады.

Түлік жүндері

Жүн қойдан қырқу, түйеден жүндеу әдістерімен алынады. Жүн деген атау төрт түлік малға бірдей жалпылама қолданылғанымен әр түлік жүнінің қасиеттеріне, жасына, сипатына, кәдеге асуына қарай бірнеше түрге бөледі.

Қой жүні

Қырқылу мерзіміне қарай жабағы жүн (жазғытұрым қырқылған), күзем жүн (күзде қырқылған) деп екі түрге бөлінеді. Тірі жүн немесе күзем жүн деп жазғы қырқымнан кейін күзге дейін өскен талшықтары қысқа, бірақ тез ұйысатын жүнді айтады. Оны өңдеуге жеңіл болғандықтан тұрмыс пен шаруашылыққа қажетті жүздеген түрлі бұйым жасауға пайдаланады. Жүннің осы сипатына байланысты оны тірі жүн десе, қырқылатын мерзіміне қарай күзем жүн деген. Ал керісінше жабағы жүннің кәдеге асуы онша емес, қыс бойы мал денесінде жүріп, ұйысқан, яғни "жабағыланған" жүнді өлі жүн деген. Қозының туғандағы жүнін қарын жүн деген. Сойылған қой терісіндегі, сондай-ақ қырықпай, жидіген уақытта қолмен жұлып алынатын жүнді жұлма жүн, ал қотанның ортасында түсіп қалған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді шет-пұшпақ деп атайды. Сондай-ақ қойдың сирағындағы, жағындағы, құйрығы мен құрсағында өсетін селдір жүндерді − жабын жүн деп атаған. Алынатын қойдың жас мөлшеріне қарай: қозы жүні, тоқты жүні, қой жүні деп жіктеледі. Көктемде түлеген малдың ағаш бұтақтарына, шарбақтарға ілініп қалған жүнін жөргем деп атайды.

Құрамы мен сапасына қарай бөлінуі

Қой жүні талшықтарының жуан-жіңішкелігіне, құрылымына қарай да бөлінеді. Жүн құрамындағы қылшықтардың ара қатынасы қой тұқымына байланысты әр түрлі болады. Сондықтан қой жүні биязы, биязылау, ұяң және қылшық жүн деп бөлінеді. Биязы жүн талшығының жіңішкелігі 14,2 – 25 мкм, ұзындығы мен ирегі біркелкі болады. Түсі ақ, шайыры мол. Бұл жүнінен жоғары сапалы мата тоқылады. Биязылау жүн біркелкі ірілеу жүн мен аралық қылшықтан тұрады. Талшығының жіңішкелігі 25,1 – 35 мкм. Мұндай жүннен трикотаж, жоғары сапалы шұға тоқылады. Ұяң жүн құрамында жүннен басқа аралық және майда қылшықтар болады. Ұяң жүннен кілем тоқылады. Қылшық жүннің құрамында қылшық, әсіресе, өлі қылшық көп болады. Мұндай жүн киіз, киіз аяқ киім, т.б. жасауға пайдаланылады. Жүннің барлық түрінің сапасы малдың тұқымына, оны дұрыс азықтандыруға, бағып-күтуге байланысты.
Ешкі жүні қылшықты, түбіт аралас болады. Ангор, т .б. ешкі тұқымының жүні биязылау келеді.

Қой жүнінен жасалаған дәстүрлі бұйымдар

Тұрмыс-тіршілікте қойдың жүніі иіруге жақсы келетіндіктен, әрі басқа жүндерге қарағанда жылуды жақсы сақтайтындықтан көбінесе киім-кешек жасауда пайдаланған. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды. Сонымен қатар көпшік, күпсек тігіліп, жеңіл байпақ басылады. Қажетіне қарай жүнді түтіп көрпеге, киім арасына салады. Иірілген жүннен шекпен тоқып, бау-шу ескен. Ал күзем жүн көп жағдайда қозы жүнін араластырып киіз басуға пайдаланылған. Өйткені, күзем жүннің қылшықтары қысқа иіруге келмейді, керісінше киізге біркелкі шабақталып тез кірігеді. Сонымен қатар ешкінің қылын, түбітін де іске жаратқан. Ешкі түбітінен мойын орауыштар, шәлі, шұлық, қолғап сияқты жеңіл, әрі жылы киімдер жасалған.

Түйе жүні

Жас мөлшеріне қарай тайлақ жүн, үлкен түйенің жүні деп екі жікке бөлінеді. Сондай-ақ түйе жүнінің боздақ (үлпілдек жүні), жабағы, шуда (салалы қылшық жүні) сияқты түрлері бар. Көшпелі ортада түйені көбінесе күшті көлік ретінде пайдаланған. Үстіне үнемі жүк артып ауыр жұмысқа жегіле берген түйенің киіздей болып ұйысып қалған жүнін жабағы деп атаған. Түйенің жабағы жүнінің астынан жаңадан шыққан үлпілдек жүнді боздақ десе, ал шуда деп түйенің мойнында, өркешінде, тірсегінде өсетін салалы қылшық жүндерді атаған. А.И. Добросмысловтың келтірген дерегі бойынша шуданың өзін мойын шуда, бас шуда, тамақ шуда, желке шуда, өркеш шуда деп бөліп көрсетеді. Түйе жүні берік, сапасы жақсы болады. Одан жүн мата, сырт киім, әр түрлі бұйымдар жасалады.

Түйе жүнінен жасалған дәстүрлі бұйымдар

Түйе жүнінің ішінде тайлақ жүні сапалы саналған. Өйткені, оны иіріп жүн шекпен тоқыған. Ал үлкен түйе жүнінен киіз үйдің құрлары, қап, қанар, қоржын және түрлі төсеніштер, ат әбзелдері, бау-шудың түрлері тоқылған. Сондай-ақ түйе жүнінен қылшық шықпайтындықтан көрпеге салған. Және шекпен түрлерін тоқыған. Түйе шудасынан жамау-жасқау жұмыстарына қолданылатын жіп иірілген. Көшпелі тұрмыста тон, шалбар, саба мен торсық, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір баушуларға да қосылып есіледі. Сонымен қатар шуда жіпті "шертер", "керуші" сияқты ән-күй аспаптарына ішек есебінде де таққан. Жылқының жал-құйрығы түйе немесе қой жүніне қосылып, берік арқан есу үшін қолданылған. Сиыр жүнінен илектеу арқылы балалар ойнайтын киіз доп жасалатыны болмаса, тұрмыста көп қолданылмаған.

Түліктерден жүн өнімін алу барысы

Көшпелі тұрмыста төрт түлік малдың жүні белгілі бір уақытта қырқу, жүндеу, қылшықтау әдістері арқылы алынады.

  • Қой мен ешкіні қырқу алдында белгілі бір мезгілде тоғытылып, үстіндегі жүні кептірілген соң ғана қырқады. Өйткені, тоғытылмаған ылғал жүнді қырқу қиындық туғызған. А.И. Добросмыслов қойдың жылына екі мәрте – жазғытұрым (мамыр айлары) және күзде (қыркүйек айлары) қырқылатынын айтады. Сонымен қатар, көктемде мамыражай болғанда қырқылған қой жүні – жабағы жүн, күзгі қырқымдағы жүн – күзем жүн деп аталатындығын атап өтеді. Жабағы жүннің қырқылуы оның теріден тұтас көтеріліп, шайырланған кезіне сай келуі тиіс. Өйткені, қыстай ұйысқан жабағы жүн бірінші қырқым уақытында шайырланып, көтеріліп бабына келіп тұрғандықтан оны қырқу жеңіл болады.
  • Түйе жүнін алу әдісін "жүндеу" деп атайды. Түйе жүндеу – жылдың белгілі бір уақытында, яғни күн жылыған кезде түйе малының жүнін жұлу науқаны. Астынан боздақ жүн өскенде жабағы жүн табиғи жолмен көтеріліп түйе жүндеу жұмысын жеңілдеткен. Жалпы жүндеу күннің мамыражай жылы уақытында жасалады. Өйткені түйе малы үш рет жүнделетіндіктен соңғы жүндеуден соң денесі тықырланып қалады. Денесі тықырланған түйенің ішіндегі жауын-шашын, суық, желді күндерді көтере алмайтындарын жабулап қояды. Түйе жүндеуде алдымен оны шөгеріп алады, ал асауларын матап алған соң жүнін жұлуға кіріседі. Жүнді қырықпай, астынан баданасын суырып жұлып алады. Осылайша түйе жүнделгенде жұлынған жүн астынан үлпілдеген боздақ жүн өсіп шығады. Жабағы, жабын жүндерін көтерілгеннен соң жүндейді де, ал шуда жүндерін өткір пышақ немесе қайшы-қырықтықпен қырқып алады. Жүнделген түйелердің ішіндегі арық-тұрақ, әлсіз, торым-тайлақтарды күн райының қолайсыз кездерінде (жаңбыр, бұршақ, күннің суытуы т.б.) жабулап қояды. Жер жақсы көктеген жылдары жүндері біркелкі бір кезеңде әбден көтерілсе бұл шараны бір мәрте жасайды. Ондайда денесіндегі жүні толық жұлынған түйе "жалаңаштанып", тып-тықыр күйге енеді және оны түйешілер"қарақайыс" деп атайды. А.И. Добросмыслов өз еңбегінде мұндайда түйенің жабулап бір жарым ай бойы оны алмай сол күйінде жібереді деп жазды. Соғымға сойылған түйені жүндеудің өзіндік өзгеше әдістері түйе терісінің нендей мақсатқа пайдалануға байланысты таңдалады: имен жүндеу (иге салып жүндеу) – түйе терісін малмаға салып қойса, жидиді де, оп-оңай қырылады. Бұл тәсілмен жүнделген түйе терісін ер қосуға, көлемді зат жасауға пайдаланады. Бауыздалған соң түйені төрт аяғын тізеден "тіздетіп" (бүгіп) қойып жұлуды "тіздеп жүндеу" деп атайды. Ол денедегі барлық жүнін жұлуға ыңғайлы болады, әрі қайыс арқан жасауға арналған теріні, түйе денесінен өткір кездікпен таспалап тіліп алады. Алайда, бауыздалғаннан кейін де жұлуға жеңіл болу үшін терінің сыртын ішіне қарата орап, біраз уақыт жылы жерге қойып алса, жүн өздігінен жидіп босаған соң жұлуды "жидітіп жүндеу" деп атайды.
  • Ешкіні көбінесе қойдан жабағы жүнді қырқу науқанымен бірге күн жылынғанда, жылына бір мәрте ғана қырқады. Қажетіне қарай түбітін ешкі түлеген кезде қылшық жүнімен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Кейде қырықпай түбітін тарап алады.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Добросмыслов А.И. Верблюдоводство в Тургайской области. Оренбург: Тургайский обл. стат. комитет, 1893;
  • Ермеков Ә. Қазақтың малшылық лексикасы жөнінде // Қазақстан мектебі. 1962. №2. 81-84-бб.;
  • Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969;
  • Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы, 1977;
  • Өмiрзақов Т. Мал түгiне байланысты қалыптасқан этнографизмдер // Қазақ тiлi тарихи лексикологиясының мәселелерi.Алматы, 1988. 165-б.;
  • Жақыпов Ә. Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Қайнар, 1989;
  • Жүннен жасалатын бұйымдар. Құраст.: К.Мұқанов. Алматы: Қайнар, 1990;
  • Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнерi. Алматы: Қазақстан, 1995.