Мазмұнға өту

Құмырсқалар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Құмырсқа.

Құмырсқа (Formicidae) – жарғаққанаттылар отрядының бір тұқымдасы. Құмырсқа Жер шарында кеңінен таралған, тек Қиыр аралдарда және Антарктидада ғана кездеспейді. Құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Олар Жер биомассаның 10-25% құрайды. Олардың көпшілік түрлері тропиктік аймақтарда кездеседі. Құмырсқаларды зерттейтін ғылым мирмекология деп аталады. Құмырсқаларды зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі - Эрих Васманн.

Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты кеміргіш. Көкірек бөлімі жіңішке, онда үш жұп аяқтары жақсы жетілген. Көпшілік түрлерінің құрсақ бөлімінде шаншары мен улы бездері жақсы дамыған, улы бездерінен бөлінетін сұйықтық – құмырсқа қышқылы деп аталады. Құмырсқалар, көбіне топтанып (10 – 100 мың дарасы бірігіп), арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Әрбір илеуде аталық, аналық, “жұмысшы” және “жауынгер” құмырсқалар болады. Жыныстық тұрғыдан жетілмеген топтары – жұмысшы құмырсқалар деп аталады. Олар илеудегі дернәсілдерді, аналық құмырсқаларды қоректендіреді, ауаның алмасуын, ылғалдың бір қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Аталық құмырсқалар шағылысып болғаннан кейін өледі. Аналық құмырсқалар ұрықтанғаннан кейін қанаттарын жойып, тек ұрпақ жалғастырады, олар кейде 20 жылға дейін өмір сүреді. Аналық құмырсқаның дене тұрқы ірі.[1]

A.
Құмырсқалар.

Әрбір илеудегі құмырсқа топтарының бір-бірімен қарым-қатынасы, негізінен, өздерінен бөлетін ерекше химиялық заттар – феромондар арқылы реттеледі. Олардың иіс, дәм сезуі өте жақсы жетілген. Құмырсқалар илеуін қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан жасайды. Тропиктік аймақтарда илеу жасамай жеке дара тіршілік ететін құмырсқалардың түрлері де бар. Негізгі қорегі басқа жәндіктер, олардың дернәсілдері және өсімдіктердің жапырақтары мен тұқымдары, шырындары. Бір илеудегі құмырсқалар тәулігіне 10 мыңнан 30 мыңға дейін жәндіктерді жояды. Құмырсқалардың адам денсаулығына пайдасын көп халықтар ерте кездерден-ақ білген. Аяғы ауыратындар кей жағдайларда құмырсқа илеуіне аяғын салып құмырсқаға шақтырған. Мысалы, Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған “Бың Цау Гаң Му” кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты деректер келтірілген. Құмырсқа денесінде 70-тен астам микроэлемент, 20-дан астам амин қышқылы, витаминдер бар. Қазіргі кезде Қытайда құмырсқадан аса бағалы азықтық, дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Құмырсқаларға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде олардың жұқпалы аурулармен ауырмайтындығы анықталған. Құмырсқадан алынатын дәрілер буын ауруларын, қант диабетін емдеуде, қан қысымын реттеуде қолданылады. Оңтүстік Азия елдері, Мексика тұрғындары құмырсқаны тағам ретінде де пайдаланады.[2] Құмырсқалар жүрген іздерінде құмырсқа қышқылынан тамшы қалдырады, сол иіс бойынша адаспай табады. Орманда тіршілік ететін құмырсқалар ағашқа өрмелегенде де бірінің артынан бірі тізіліп жорғалайды, мұнда да құмырсқа қышқылы көмектеседі. Құмырсқалардың 5000-дай түрі бар. Қазақстанда көбірек кездесетіні жерден ін қазатын, үйлерде болатын өте ұсақ - уй құмырсқалары (шымылдар), орманда көбірек кездесетін - жирен құмырсқалар, қара құмырсқалар т.б. Құмырсқалар пайдалы, орманда тіршілік ететін жирен құмырсқаларды жыртқыштар деуге болады. Ол зиянды жұлдызқұрттармен, жауын құрттармен және жалаңаш шырыштармен қоректенеді. Ағаштардағы зиянды жәндіктерді құртып, пайда келтіреді.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
  2. “Балалар Энциклопедиясы”, V-том
  3. "Қызықты биология Жануарлар дүниесі (омыртқасыздар)" Р. Сәтімбеков, Р. Әлімқұлов Алматы 2007