Эсхатология
Эсхатология (грек. eschatos – соңғы және logos – ілім, сөз) – дүниенің, адам өмірінің баянсыздығы туралы, ақырзаман мен о дүние туралы діни ілім. Эсхатологияның негізіне ақиқат дінге ортақ бұл дүниенің пәни, жалған екендігі, о дүниенің бақи екендігі, тозақта күнәїәрлардың жазаланатыны және адал құлдардың жұмақта рахатқа кенелетіні туралы діни түсінік алынған. Еуропалық зерттеушілер эсхатологиялық пиғылдардың, әсіресе, әлеум. және саяси дағдарыстар кезінде кеңінен таралатынын (Иудея – б.з. 1 ғ., Германия – 15 – 16 ғ-лар, Англия –16 – 18 ғ-лар, Ресей – 17 ғ. аяғы – 19 ғ. басы, т.б.) дәлелдейді. Қазіргі батыс елдерінде Эсхатология діни футурологияның жетекші тақырыптарының біріне айналған.
Исламда иманның негізгі шарттарының бірі о дүниенің барлығына сену болғандықтан эсхатологиялық ұғымдарды қазақ мұсылмандығы аясында қазақ әдебиетінен, әсіресе зар заман ақындарының шығарм-нан анық көруге болады. Хақ дін ислам дәстүрінде Эсхатологиялық ұғымдарды насихаттаудың өзіндік дәстүрі бар. Мәселен, ислам дәстүрінде ақырзаманның болатыны, бұл дүниенің мәңгі емес, бақилық о дүние бар екені айтылады. Бірақ ақырзаманның болатын нақты уақытын кесіп айтпай, оның белгілері туралы, яғни адамзаттың азғындауы жайлы сөз қозғайды. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (ғ.с.) келгендігін енді пайғамбар келмейтіні, ақырзаманның алдында “алтын ғасыр” немесе “қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған” бейбіт заман орнығатыны, адамдардың бәрі мұсылман болатынын айтады. Осы “Алтын ғасырды” орнату үшін дүниеге Махди (ғ.с.) мен Иса пайғамбар қайтып келетіні, ақиқаттың таңы атып, адамдардың жаппай мұсылмандыққа бет бұратынына сенеді. Осындай мамыражай тіршілік орнығып, біраз уақыт өмір сүргесін адамдардың қайтадан азғындап, жер бетінде Құдайды еске алатын бірде-бір адам қалмағанда ақырзаман болады деп сенеді. Ал қазіргі күні қаптап кеткен әр түрлі діни секталарда Эсхатологиялық ұғымдар – ақырзаманның уақытын нақты айтып, сол уақытқа дейін уағыздалып отырған сектаның қатарынан табылмаған адам азап шегуші болады деп насихатталады. Кейде о дүние туралы дәстүрлі діни ұғымдар мүлдем бұрмаланып ұсынылады. Ислам дәстүрі аясындағы қазақ діни ғұламалары мен ақындарының шығарм-на назар аударсақ, олар болашақты болжай отырып, ақырзаманды адамдардың мінез-құлқының азғындауымен байланыстыратынын көреміз. [1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |