Мазмұнға өту

Тахикардия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет


Тахикардия (көне грекше: ταχύς — жылдам және καρδίαжүрек) — жүрек соғу жиілігінің минутына 90 соққыдан жоғарылауы. Тахикардияны патологиялық құбылыс ретінде де қарастырылады, яғни жүрек соғу жиілігінің патологиялық тұрғыдан жоғарылауы және тахикардия қалыпты физиологиялық құбылыс ретінде де қарастыруға болады, яғни физикалық күштеме кезінде дене белсенділігі жоғарлағанда жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы байқалады.

Тахикардия ауру емес, симптом болып табылады, өйткені ол көптеген аурулардың көрінісі ретінде пайда болуы мүмкін. Тахикардияның ең көп тараған себептері: вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуы, эндокриндік жүйенің бұзылуы, гемодинамикалық бұзылулар және аритмияның әртүрлі формаларында, яғни жүректің қозу және автоматизм функцияларының бұзылыстарында кездеседі.

Патологиялық тахикардия әртүрлі асқынуларға әкеледі. Біріншіден, жиі жүрек соғуы аясында жүректің оттегіге деген қажеттілігі де артады және жүрек жұмысының тиімділігі төмендейді, өйткені қарыншалар қанға толық толып үлгермейді, нәтижесінде қан қысымы төмендейді және дене мүшелеріне қан ағымы азаяды. Екіншіден, жүректің қанмен қамтамасыз етілуі нашарлайды, өйткені ол бір уақытта көп жұмыс істейді және көп оттегін қажет етеді, ал жүректің қанмен қамтамасыз етілуінің нашар жағдайлары ишемиялық ауру мен миокард инфарктісінің даму қаупін арттырады.