Мазмұнға өту

Молдова

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Координаттар: 47°13′ с. е. 28°35′ ш. б. / 47.217° с. е. 28.583° ш. б. / 47.217; 28.583 (G) (O) (Я)
Молдова Республикасы
рум. Republica Moldova
Байрақ Елтаңба
Әнұран: «Limba noastră» (тыңдау )
Тарихы
Құрылды 1359 жылы
Тәуелсіздік күні 27 тамыз 1991 жыл (КСРО-дан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілі молдаван тілі
(румын тілі)
Елорда  Кишинев
Ірі қалалары Кишинев, Тирасполь, Бельцы, Бендеры, Рыбница, Кахул
Үкімет түрі Парламенттік республика
Президенті
Премьер-министрі
Парламент президенті
Майя Санду
Дорин Речан
Игорь Гросу
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 135-ші орын
33 846 км²
1,4
Жұрты
• Сарап (2019)
Тығыздығы

2 681 735 [1]
(Транснистрия қоспағанда) адам (138-ші)
90,5 адам/км² (93-ші)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2022)
 • Жан басына шаққанда

42,483 млрд. $
16,719[2] $
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2022)
 • Жан басына шаққанда

13,811 млрд. $
5,435[2] $
АДИ (2019) 0,750[3] (жоғары) (90-шы)
Этнохороним молдовандар
Валютасы Молдова лейі
(MDL, код 92)
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .md
ISO коды MDL
ХОК коды MDA
Телефон коды +373
Уақыт белдеулері UTC+2, жазда UTC+3

Молдова (рум. Moldova), ресми атауы — Молдова Республикасы (рум. Republica Moldova) — Оңтүстік-Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Украинамен және Румыниямен шектеседі. Аумағы 33 846 км², дегенмен де-факто аумақтың шамамен 12,3% (танылмаған Приднестровия Молдова Республикасы) Молдова билігінің бақылауында емес. 2014 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халық саны 2 913 281 адамды құрайды. Ақша бірлігі – Молдова лейі.

Астанасы - Кишинев. 2020 жылдың 24 желтоқсанынан бастап президенттік қызметті Майя Санду атқаруда. Премьер-министр – Наталья Гаврилица 2021 жылғы 6 тамыздан бастап. Әкімшілік жағынан 32 ауданға, 13 муниципалитетке, Гагаузия автономиялық аумақтық бірлігіне және Днестрдің сол жағалауындағы (Приднестровье) әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінген.

Сенушілердің көпшілігі (2014 жылғы халық санағы бойынша халықтың 90,16%) православие дінін ұстанады.

БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, ДСҰ, ТМД, ГУАМ мүшесі. Еуропалық Одаққа кіруге ресми үміткер.

Халқы

Негізгі халқын молдовандар құрайды (70%). Сонымен бірге, украиндар, орыстар, ғағауыздар, еврейлер, болгарлар, т.б. тұрады. Негізгі ұстанатын діні – христиан дінінің православие тармағы.

Мемлекеттік құрылым

Президент сарайы, Кишинев

Президент

Президент Молдова мемлекетінің басшысы болып табылады.

Молдова президенті азаматтардың тікелей жасырын еркін дауыс беруі арқылы сайланады. 2000-2016 жылдар аралығында президент парламент депутаттарының жасырын дауыс беруі арқылы сайланды. Көптеген наразылықтар мен бір топ депутаттардың Конституциялық сотқа жолдаған өтінішінен кейін 2016 жылдың 4 наурызында парламентке президентті сайлау құқығын беретін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң конституциялық емес деп танылды.

2020 жылдың 15 қарашасында президент және тәуелсіз кандидат Игорь Додон сайлаудың екінші турында 57,27% дауыс жинаған «Әрекет және ынтымақтастық» партиясының жетекшісі Майя Сандудан жеңіліп қалды.

Молдова парламенті

Парламент

Елдің ең жоғары заң шығарушы органы – бір палаталы парламент (101 орын).

Сыртқы саясат

Еуропа Одағы

Молдова 2014 жылдың 27 маусымында Брюссельде Еуропалық Одақпен Қауымдастық туралы келісімге қол қойды.

2014 жылы Еуропалық комиссияның «ЕО-ға мүше елдермен және Шенген келісіміне қатысушы елдермен визалық режимді ырықтандыру» директивасын бекіту қарым-қатынастағы маңызды кезең болды.

Молдова ЕО-ға кіру туралы өтінішке 2022 жылдың 3 наурызында қол қойды. 2022 жылдың 23 маусымында Молдоваға ЕО басшылары ресми түрде кандидат мәртебесін берді.

Географиясы

Шығыс Еуропа жазығының Днестр мен Прут өзендері аралығында орналасқан. Жері жоталы, жазықты келеді. Орталығын Кодра қыраты алып жатыр. Ең биік нүктесі – Баланешты тауы (429 м). Днестр өзенінің оң жағалауы – Днестр маңы қыраты (биіктігі 250 – 345 м), сол жағалауы – Подоль қыратының қиыр шеті және солтүстігінде Солтүстік Молдовия жазығына ұласады. Молдованың оңтүстігіндегі Оңтүстік Молдовия жазығы Қара теңіз маңы ойпатына жалғасады. Климаты – қоңыржай континенттік; қысы қысқа, қары жұқа, жазы ұзақ, ыстық келеді. Жаздағы орташа температура 22°С (шілде айында 40°С-қа дейін), қыстағы орташа температура –3 – 5°С (қаңтар айында –30°С-қа дейін). Жылдық жауын-шашын мөлшері 370 – 500 мм. Өзендері – Қара теңіз алабына жатады. Ірі өзендері – Днестр (Молдова жеріндегі ұзындығы – 657 км), Прут (Молдова жеріндегі ұзындығы – 695). Ірі көлдері – Белеу, Драчеле, Ротунда және т.б. Кеме қатынасы жақсы дамыған. Аумағының 75%-ы қара топырақты, 9%-ы орманды алқап болып келеді. Әктас, гипс, шынылық құм (әйнек), мұнай-газ, т.б. табиғи байлықтар бар.

Табиғаты

Климаты қоңыржай континентті. Жазы ұзақ әрі ыстық. Қысы қысқа әрі жұмсақ. Жылына түсетін жауын-шашын мөлшері аз (солтүстікте – 500 мм, ал оңтүстікте 400 мм-ге деін). Сондықтан егістер қолдан суландыруды қажет етеді. Топырақ-климат ресурстары республиканың негізгі табиғи байлығы болып саналады. Климаттың температуралық режимі және құнарлы қара топырағы бау-бақша және жүзімдіктер өсіруге өте қолайлы. Аумағының 80%-ы ауыл шаруашылығының үлесіне тисе, оның 12%-ын гүл плантациялары, бақтар мен жүзімдіктер алады. Денстр, Прут өзендерінің және оның салаларының Молдова шаруашылығында маңызы өте зор. Олар су мен энергияның негізгі көзі болып табылып қана қоймай, кеме қатынасында да қолданылды. Республика аумағы пайдалы қазбаларға өте кедей. Мұнда тек құрылыс материалдар өндірісіне керекті шикізаттар қоры ғана бар. Молдовада отын ресурстары аз болғандықтан оны ТМД-ның республикаларынан тасымалдайды.

Халқы

Молдова халқы өте тығыз орналасқан республика. Мұндағы халықтың орташа тығыздығы 1км жерге 119 адамнан келеді. Тұрғындарының негізгі бөлігін молдовандар (64%) құрайды. Басқа ұлттардың ішінен орыстар (14%), украиндар (13%) басым. Олар Днестірдің сол жақ жағалауында көп қоныстанған. Елдің оңтүстігіндегі гагауыздар (3,5%) тұрады. Халықтың үлкен бөлігін ауыл тұрғындары (54%) алады. Соңғы онжылдықта өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты қала тұрғындарының саны да өсіп отыр. Кишинев, Бельцы, Бендеры сияқты қалалардағы халқының саны 100 мың адамға жетті.

Экономика

Молдова агроиндустриалды елдер санатына жатады.

Артықшылықтары: Төмен инфляция (3,3%). Салыстырмалы түрде жоғары экономикалық өсу (орташа еуропалық деңгейден жоғары) және мемлекеттік қарыздың төмендігі (орташа еуропалық деңгейден төмен). Еуропа елдерімен салыстырғанда әлі де салыстырмалы түрде арзан және жақсы білімді, жұмыс күші.

Әлсіз жақтары: нашар ресурстық база. Сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі. Нарықтық реформаларды баяу ілгерілету. Инфрақұрылымға және ҒЗТКЖ-ға төмен инвестиция. Ең үлкен проблема – туу деңгейінің төмендігі мен халықтың әлемнің басқа, бай елдеріне көп эмиграциялануының салдарынан еңбекке қабілетті жұмыс күшінің жыл сайын өсіп келе жатқан тапшылығы және зейнеткерлер санының артуы.

2020 жылдың 1 мамырынан бастап ең төменгі жалақы 2935 лейді (146,21 еуро) құрайды. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап ең төменгі жалақы 3500 лей (€172,97) құрайды.

Туризм

Қолайлы географиялық орналасуына қарамастан, Молдова әлі де Еуропадағы ең аз саяхаттайтын ел болып табылады, бірақ ол туристерге баруға ұсынылған үздік 10 елдің қатарына кіреді. Қауіпсіздік рейтингінде Молдова 133 елдің ішінде 59-орында.

Шарап өнеркәсібі

Елде шарап өнеркәсібі жақсы дамыған. Оның 147 000 га жүзімдік алаңы бар, оның 102 500 га коммерциялық өндіріс үшін пайдаланылады. Елдегі шарап өндірісінің басым бөлігі экспортқа шығарылады. Көптеген отбасылардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өз рецептілері мен жүзім сорттары бар. 3 тарихи шарап аймағы бар: Valul lui Traian (оңтүстік-батыс), Ștefan Vodă (оңтүстік-шығыс) және Codru (орталық) қорғалған географиялық шараптарды өндіруге арналған. Mileștii Mici - әлемдегі ең үлкен шарап жертөлесі. Ол 200 м-ге созылып, 2 миллионға жуық бөтелке шарапты сақтайды.

Қысқаша тарихы

Молдова жерін адамзат төменгі палеолит дәуірінде мекендеген. 6-ғасырдан бастап, алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құрыла бастады. 10 – 12-ғасырларда бұл өлкеге көшпелі печенег, қыпшақ тайпалары келді. 13-ғасырдың ортасы мен 14-ғасырдың 1-жартысында Молдова жері Алтын Ордаға бағынды. 14-ғасырдың 2-жартысында тәуелсіз Молдавия князьдығы құрылды. Ол 15 – 18-ғасырларда Осман империясына тәуелді болды. 18-ғасырдағы орыс-түрік соғыстарынан кейін Молдова Ресей империясының қол астына кірді. 1917 – 18 ж. Молдовада Кеңес өкіметі орнады. Бірақ, елдің негізгі бөлігі — Бессарабия Румынияның қол астында қалды. Азамат соғысы біткеннен кейін, 1924 ж. Украин КСР-інің құрамына енген Молдован АКСР-і құрылды. 1939 ж. жасалған Кеңес – герман келісім шарты бойынша 1940 ж. Қызыл Армия бөлімдері Бессарабияны Румыниядан тартып алды. 1940 ж. 2-тамызда осы Бессарабия жерін қоса отырып, тұтас Молдован КСР-і құрылды. 1941 – 44 ж. Молдованы неміс-фашист әскерлері басып алды. 1944 – 90 ж. Кеңес Одағы құрамында болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Молдова тәуелсіз мемлекетке айналды.[4]

Географиялық орны

Елдің отын-шикізат базасы жоқ, пайдалы қазбаларды сырттан тасиды. Өнеркәсіптегі жетекші сала – тамақ өндірісі (жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 50%). Шарап, жеміс, көкөніс қалбырлау, эфир майын өндіру алдыңғы қатарда. Машина жасау (автотіркемелер, ауыл шаруашылығы машиналарын жинақтау және т.б.), химия және жеңіл өнеркәсіп салалары жұмыс істейді. Қант, темекі, шарап секілді жеңіл өнеркәсіп өнімдері өндіріледі және бидай, жүгері, қант қызылшасы, жеміс-көкөністер өсіріледі. Ет-сүт өнімдерін өндіру де жақсы жолға қойылған. Сыртқы саудада тамақ өнімдері мен шарап шығару басым. Негізгі импортталатын тауарлар қатарында отын, шикізат, машиналар, химия өнімдері және т.б. бар. Басты сауда серіктестері – Ресей, Украина, Беларусь. Ресейдегі Молдова елшілігі Қазақстандағы Молдова елшілігі қызметін қоса атқарады.[5]

Молдова — бұрынғы кеңестік республикалар ішіндегі ең кіші және халық ең тығыз қоныстанған республика. Оның теңізге шығатын жолы жоқ және Еуропаның ең кедей елдерінің қатарына жатады.

Молдованы екі жағынан Украина қоршап тұр, ал батысында Румыниямен шектеседі. Елдің негізгі аумағын орташа биіктігі теңіз деңгейінен 140 м-ден аспайтын төбелі, ойпатты жазықтар алып жатыр. Батысында Реут пен Пруг өзендерінің аралығында биіктігі 340 м-ге дейін жететін орманды Кодру үстірті орналасқан. Молдова аумағының 35%-ынан астам бөлігін жалпақ жапырақты ормандар қамтыған. Өзендердің ең ұзыны — Днестр Шығыс Молдова арқылы ағып өтіп, Украина жерінде Қара теңізге құяды.

Шаруашылығы

Молдованың шаруашылық кешендеріндегі алдыңғы орынды ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және жеңіл индустрия алады. Сонымен қатар электр энергетикасы мен құрылыс материалдарын дайындау өнеркәсібі де дамыған. Тамақ өнеркәсібі әр түрлі шаруашылығы өнімдерін өңдеумен тығыз байланысты. Оның консервілеу, қант, шарап жасау, май шайқау және темекі сияқты салалары бар. Бау-бақша дақылдарын консервілеу өнеркәсіптері тасымалдауға қиындық туғызады. Өндірістердің көбі республиканың оңтүстік-шығыс шоғырланған. Зауыт Кишинев, Кагул, Тирасполь, Бендеры сияқты ірі қалаларда салынған.

Қант щығаратын зауыттар Молдованың солтүстігінде, яғни қант қызылшасы көп егілетін жерлерде орналасқан. Олардың ең ірілері – Дондюшаны, Бельцы, Рыбницы сияқты қалаларда шоғырланған.

Май шайқайтын (эфир майын, жүгері мен күнбағыстан өсімдік майын алатын) өнеркәсіптер ел аумағында біркелкі орналасқан. Қазіргі кездегі ең ірі зауыттар Бельцы мен Бендеры қалаларында жұмыс жасайды.

Шарап жасау – шаруашылықтың көне саласы болып табылады. Шарап пен коньяк шағаратын кәсіпорындар жүзімдіктері көп аудандарда (орталық және оңтүстік Молдова) орын тепкен. Ал ең ірі шарап-коньяк комбинаттары :Кишинев пен Тираспольде.

Темекі өнеркәсібі – негізінен, республиканың темекі өсіретін солтүстік және орталық аймақтарында дамыған.

Машина жасау – соңғы жылдары қалыпстақандығына қарамастан, мұнда тракторлар (Кишинев), қызан жинайтын комбайндар (Бельцы), ауыл шаруашылығына және тамақ өнеркәсібіне қажетті құралдар шығаратын зауыттар мен электроника (Кишинев) қарқынды дамуда. Машина жасау өнеркәсібі.

Молдова аумағының 70%-дан астамы құнарлы қара топырақпен жабылған. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары — бидай, темекі, жүгері, күнбағыс, ал елдің оңтүстігінде жүзім өсіріледі. Шарап жасау — 1991 жылы ел өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өндірістің гүлденген санаулы салаларының қатарына жатады. Ауыл шаруашылығы Молдова экономикасындағы экспорттың негізгі бөлігін құрайтын аса маңызды сектор. Мұнда еңбекке қабілетті елдің 40%-ға жуығы жұмыс істейді. Молдова халқының жартысынан астамы ауылды жерде тұрады. Өнеркәсіп өнімінің 42%-ын тамақ өнеркөсібі өндіреді. Минералдық ресурстарға кедей және ірі көлік магистральдарынан алыста орналасқан елдің экономикасы құлдырау сатысын басынан өткізуде.

Жеңіл өнеркәсіп шеттен әкелінетін шикізатты қолданады. Тоқыма өнеркәсібінің кәсіпорындары мақта мата (Тирасполь комбинаты) және жібек мата (Бендеры) шығарады. Кілем тоқитын үлкен комбинат та (Унгены) жұмыс жасайды. Сонымен қатар тігін, тоқыма, былғары аяқкиім фабрикалары (Кишинев, Тирасполь) бар. Құрылыс материалдары өнеркәсібі жабынқыш (черепица), бақалшықтардан түрлі блоктар, шифер, темір-бетон сияқты құрылыс өнімдерін шығарады. Электр энергетикасы республика экономикасында үлкен рөл атқарады. Днестр өзеніне Дубоссар СЭС-і, ал Прут өзеніне Румыниямен бірлесе отырып СЭС салынған. Аса қуатты Молдова ГРЭС-і Днестровск қаласының маңында жұмыс жасаса, ал Кишинев, Тирасполь мен Бельцы қалаларында сырттан әкелінетін отынды пайдаланатын ЖЭО бар.[6]

Дереккөздер

  1. BNS:Official estimate
  2. a b https://www.imf.org/en/Publications/WEO/weo-database/2022/April/weo-report?c=921,&s=NGDPD,PPPGDP,NGDPDPC,PPPPC,&sy=2020&ey=2022&ssm=0&scsm=1&scc=0&ssd=1&ssc=0&sic=0&sort=country&ds=.&br=1
  3. {{cite web |url=https://hdr.undp.org/data-center/specific-country-data#/countries/MDA
  4. Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5
  5. Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
  6. Географи. Дүние жүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Ә.Бейсенова., К.Каймулдинова., С.Әбілмәжінова., Қ.Баймырзаев., Ж.Достай.Алматы: 2006. ISBN 9965-33-575-3