Карл Маркс
Карл Маркс | |
нем. Karl Heinrich Marx | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері | |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері | |
Азаматтығы |
Пруссия Патшалығы (1818–1845) |
Ғылыми аясы | |
Альма-матер |
Бонн университеті |
Ғылыми жетекші | |
Несімен белгілі |
Марксизмнің негізін қалаушы |
Қолтаңбасы | |
Карл Генрих Маркс (нем. Karl Heinrich Marx; 5 мамыр 1818 жыл, Трир – 14 наурыз 1883 жыл, Лондон) — XIX-шы ғасырдағы немістің экономист ғалымы, саяси экономист, төңкерісші, философ, саясаттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, ғылыми коммунизм теориясының іргетасын қалаушы.
Британдық "The Penguin Dictionary of Sociology" сөздігі Mаркстің еңбегі әлеуметтанудың дамуы үшін маңызды болып табылатын бес саланы көрсетеді:
- өзінің алғашқы еңбектершде Маркс иеліктен айыру ұғымына ден қойды; бұл тақырып оның кейінгі көптеген еңбектерінде кездеседі;
- ол өзінің экономикалық өмір мен басқа да әлеуметтік институттар байланысты деген көзқарастарымен кеңінен танымал;
- ол ең алдымен әлеуметтік таптарға ұйымдасқан қоғам тіршілігіне талдау жасауға мүдделі болды;
- әлеуметтік өзгеріс теориясы Маркстің еңбектерінде таптық күрес теориясынан соншалықты көрініс табады. Таптық күрес, оның тұжырымдауынша, "тарихтың қозғаушы күші" болып табылады; бұл идея Маркстің шығармашылығын терең баурап алғаны сонша, батыс әлеуметтануында маркстік теорияны кейде "жанжалдар теориясы" (conflict theory) деп атайды;
- Маркс негізінен капиталистік қоғамның теоретигі болды.
Жалпы мәліметтер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Фридрих Энгельспен бірге бірқатар еңбек, алғашқы коммунистік ұйымдардың бағдарламалық құжаттарын жасаған. Маркс пен Фридрих Энгельс тәрбие мен білімді фундаментальді қоғамдық саяси проблема ретінде қараған. Халықаралық жұмысшылар ұйымдарының басты саяси талаптары катарында Маркс балалардың барлығының қоғамдық және тегін білім алуын қойды, балалар мен жасөспірімдердің еңбегіне, егер ол біліммен байланысты болмаса, заңды түрде тыйым салыну талабын құрастырды.[1]
Маркс дүниетанымының қалыптасуына француз және неміс ағартушыларының, сондай-ақ XVIII-ші ғасырдың аяғы мен XIX-шы ғасырдың басындағы қиялшыл социалистердің идеялары ықпал етті. 1835—1841 жылдары Бонн, кейіннен Берлин университетінің заң факультетінде білім алды. 1842 жылы «Рейн» газетінде редактор болды. 1843 жыл Парижге кетіп, социалистік қозғалыс өкілдерімен танысты. 1844 жылы Фридрих Энгельспен кездесті, ол Маркстың ең жақын серігіне айналды. 1845 жылы Брюссельге көшіп келіп, 1848—1849 жылдары Еуропада өткен төңкерісшіл қозғалысқа белсене араласты.
«Коммунистер одағы»халықаралық ұйымына мүше болып, 1848 жылы Энгельс екеуі осы ұйымның «Коммунистік партияның манифесі» атты бағдарламасын жазып шықты. 1848 ж. маусым — 1849 ж. мамыр айларында Кёльн қаласында Энгельс екеуі «Жаңа Рейн газетін» шығарды (Маркс бас редактор болды). Еуропадағы төңкерісшілдер талқандалған соң, 1849 жылы Парижге, кейіннен Лондонға көшіп барып, өмірінің соңына дейін сонда тұрды.
Маркс 1864—1876 жылдары 1-ші Интернационал халықарылық ұйымының негізін қалап, жетекшілік етті. Лондонда тұрған жылдарында ол ғылыми-қоғамдық жұмыстарының барлығын дерлік Энгельстің материалдық көмегі арқасында жасады. 1867 жылы Маркстің ең басты еңбегі “Капиталдың” 1-томы жарыққа шықты. Бірақ ол бұл еңбегін аяқтай алмады. 2, 3-томдары Энгельстің, ал 4-томы Карл Каутскийдің редакциялауымен жарияланды.
Өмірінің соңғы жылдарында жұмысшы партияларын қалыптастыру бағытында еңбек етті. 1940-жылдардың орта тұсынан бастап Маркс капиталистік қоғамды зерттей келе жаңа идеяның негізін қалады (қ. Марксизм). Ол тарихты материалистік тұрғыдан түсіндірді (тарихи материализм), қосымша құн теориясын жасады, пролетариат төңкерістері нәтижесінде капитализмнің сөзсіз құлайтындығы туралы түсінікті қалыптастырды. Маркстың идеялары XIX–XX-ғасырлардағы қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге айтарлықтай әсерін тигізді.[2][3]
Жеке өмірі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Карл Маркс Женни фон Вестфаленге 1843 жылы үйленген. Олардың некесі Женни фон Вестфаленның қайтыс болуына дейін созылды. Карл Маркстың 7 баласы, соның ішінде қыздары Женни Лонге, Лаура Лафарг және Элеонора Эвелинг болған.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б. ISBN 9965-808-85-6
- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.ISBN 9965-32-491-3
- ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Алфавит бойынша ғалымдар
- 5 мамырда туғандар
- 1818 жылы туғандар
- Трирде туғандар
- 14 наурызда қайтыс болғандар
- 1883 жылы қайтыс болғандар
- Карл Маркс
- XIX ғасыр философтары
- Германия философтары
- Германия коммунистері
- Пруссияда туғандар
- Германия экономистері
- Марксистер
- Материалистер
- Германия әлеуметтанушылары