Мазмұнға өту

Материализм

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Материализм - материя, табиғат, болмыс алғышқы, ал сана, рух, ой - материяның қасиеті болғандықтан туынды деп санайтын, идеализмге түбірінен қарама-қарсы ғылыми-философиялық бағыт.

Материалисттік ілім бойынша дүние, табиғат мәңгілік, ол жаралмайды да, уақыт пен кеңістікте шексіз-шетсіз өмір сүреді. Материализм адам санасын , ойын сыртқы дүниенің бейнесі деп қарастырып, дүниені танып білуге болатынын дәлелдейді. Философия тарихы - бірі-біріне қарама-қарсы екі бағыттың - Материализм мен идеализмнің күрес тарихы.

Ілімнің тарихи дамуының барысында Материализмнің 3 түрі айқындалады:

  • антикалық Материализм,
  • метафизикалық механисттік Материализм,
  • диалектикалық материализм.

Материализмнің алғашқы басты формасы (антикалық Материализм) ертеде Қытайда, Үндістанда, Грекияда құлдық қоғам тұсында ғылыми білімдердің әлі дами қоймаған шағында құл иеленушілердің прогрессивті топтарының дүниеге көзқарасы ретінде пайда болған. Ежелгі философтар (Лао Цзы, Ян Чжу, Ван Чун - Қытайда, локоята мектебі - Үндістанда, Фалес, Гераклит, Анаксагор , Демокрит, Эпикур - Грекияда) материалисттік көзқарасты ұстағанымен, өз қағидаларын ғылыми дәлелдеуге, негіздеуге мүмкіндік болмаған. Табиғатты еш қоспасыз өз қалпында қарайтын Материалисттік көзқарас олар үшін дәлелдеуді керек қылмайтын, өзінен-өзі түсінікті ақиқат болды. Олар сонымен қатар табиғатты мәңгілік өзгерісте, дамуда деп стихиялық диалектика тұрғысында қараған. Алайда табиғатқа тән жалпй байланыс терең дәлелденбеген, талданбаған. Қоғамды түсінуде идеалисттік тұрғыдан аспаған. Ежелгі материалисттер сол тарихи жағдайда материя мен сананың ара-қатынасын толық түсінбей, материя мен сананың сапалық ерекшеліктерін аша ламаған.

Материализмнің тарихи екінші басты формасы - 17-18 ғ-да буржуазияның көзқарасы болған метафизикалық механисттік Материализм (Бэкон, Гоббс, Джон Локк - Англияда, Гассенди - Францияда, Спиноза - Нидерландта, және 18 ғ-дың француз материалисттері - Ламерти, Дидро, Гальвеций,Гольбах т.б.). Метафизикалық механисттік Материализм сол кездегі жаратылыстану ғылымдарымен, әсіресе механикамен өзара тығыз байланыста дамыған. Механика заңдарын абсолюттендіріп, бүкіл табиғатты, тіпті әлеуметтік құбылыстарды да механика заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылғандықтан ( механикалық детерменизм), бұл Материализм метафизикалық механисттік деп аталған. Метафизикалық механисттік Материализм заттарды, табиғат құбылыстарын бір-бірінен айырып, өзара байланыстан тысқары, жеке дара бөліп алып, даму процесінде емес, мәңгілік өзгермейтін, қозғалмайтын дайын қалпында қарастырылған. Адам танымы тек объективтік мазмұны жағынан алынып, танымға тән белсенділікке, ойлау формаларына талдау жасау мәселесі тысқары қалған.

Метафизикалық механисттік Материализмнің даму шыңы - 19 ғ-ғы неміс философы Л.Фейербахтың антропологиялық материализмі.

19 ғ-дың 40-шы жылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің диалектикалық материализмі - материализмнің жоғары сатысы болып есептеледі.

Материализмнің жоғарыда аталған басты тарихи үш түрімен қатар аралық қосалқы түрлері де бар. Олар:

  • Көне Шығыстың диалектикалық материализмі
  • Қайта өркендеу дәуірінің диалектикалық материализмі
  • метафизикалық және диалектикалық диалектикалық материализмнің аралығындағы түрі. Мысалы, 18 ғ-дың Толанд, 19 ғ-да Сен-Симон, орыстың Белинский, Грецн, т.б. десократтары,
  • орта ғасырдағы діни-идеалисттік философиядағы диалектикалық материалисттік тенденциялар ( әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, т.б.)[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша. Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9