Геракл
Грек мифологиясы |
---|
Құдайлар
|
Батырлар және батырлық
|
Қатыстылар
|
Геракл (көне грекше: Ἡρακλῆς) — көне грек мифологиясындағы ең даңықты жартылай құдай, жартылай адам кейіпкер. Ол өзінің орасан зор күшімен еркектіктің үлгісі болды.[1] Ол Зев пен Алкменнен туған. Рим мифологиясында оны Геркулес деп аталған.
Зевс Персейдің немересі, Фивы патшасы (King of Thebes) Амфитрионаның әйелі Алкменді аздырып көңіл қосады. Одан Геракл Амфитрионаның ұлы Ификлмен егіз болып туылады. Сондықтан ол Персейдің де немересі есептеледі. Жартылай Құдайлық қасиеті бар Геракл жастайынан түрлі соғыс өнерін жеттік игеріп, батылдығына ақылы сай болып, жұрт таныған әйгілі батыр болып өседі.
Гераклде ғажайып қайсарлық, ерлік, парасат, өнер, қабілет болып қана қоймай, оның мінезінде ер және әйелдік ерекшеліктер бірдей болған көрінеді. Одиссей, немесе Нестор секілді керемет ақылды бомалғанымен, бірақ ол да өз ақылымен кейбір әлсіздіктерін толықтай білген екен. Мысалы, жерден күш-құдірет алатын Антейді жерге тигізбей көтеріп тұрып, сілесін қатырып өлтіруі, немесе ғарышты көтеруден босаған сәтінде, қайтадан ғарышты көтергісі келмей қалған Атласқа ақылмен ғарышты қайтадан көтерткізуі секілділер өзіндік ақыл-парасаттың жемісі. Ол сондай-ақ грек аренасы мен палестрасының (күрес мектебі) қолдаушысы және қорғаушысы болды.
Гераклдің белгісі оның арқасындағы арыстан терісі және қолындағы зәйтүн таяғы. Сондай-ақ, ол ойынқұмар болып, бос уақыты болса болды балалармен ойын ойнауға әуес болыпты. Ол өте көне жабайы күшке ие болып, "адамзатты жамандықтан құтқарып қауіпсіз етуші" қормал жан болды.
Геракл сондай-ақ мейір-махаббаттың да үлгісі. Ол досы үшін басын өлімге бәй тігеді. Мысалы ханзаданың жақсы күтіп алғанына разы болып, ажал құдайы Танатоспен айқасады, немесе, қуғындалған Спарта патшасы Тиндарейді патшалық таққа қайта отырғызады. Адамзатқа от ұрлап әкеліп беремін деп Зевстің жазасына ұшыраған әйгілі Прометейді оның кеудесін әр күні жейтін бүркіттерді өлтіріп азат етеді. Оған құрмет білдіргендер оның ескерткішін жасағанда, ол оны шағып тастайды. Сондай-ақ ол өзіне сатқындық жасаған жауларына (Augeas, Neleus, Laomedon) тым қатал болады.
Гераклдың дүниеге келуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Орталық Грекияның батысындағы Акарнанияда өмір сүрген телебойлар тайпасы ұрлап кеткен малын Электрионға қайтарып беру арқылы ержүрек Амфитрион сұлу Алкменаны әйелдікке алады.[2] Алкмена Амфитрион патшадан өз ағаларын өлтірген Птерелай патшадан кек алуын сұрайды. Амфитрион әскер жинап, телебойлар патшасы Птерелайға қарсы аттанғанда, Алкмена сұлудың көркіне ғашық болған найзағай құдайы Зевс Амфитрионның кейпіне еніп, Алкменаға келеді. Алкмена Зевс пен Амфитрионнан егіз ұл туады. Зевс Алкмена босанатын күні бүкіл құдайларды жинап алып, «бүгін дүниеге келетін ұл өзінің барлық туысқандарына билік жүргізетін патша болатындығын» жариялайды. Зевстың жердегі сұлу Алкменаға есі кетіп, ғашық болып жүргенін білетін Гера оған қатты ызаланып:
—- Найзағай тәңірісі, сен бүгін дүниеге келетін бала сенің Персей әулетіңдегі барлық туысқандарыңа билік жүргізетіндігіне уәде бер! —- деп Олимптегі барлық құдайлардың көзінше уәдесін алады да, өзінің алтын күймесімен ұшып отырып, Аргосқа жетеді. Аргосқа келіп, Гера Сфенелдің толғатып отырған әйелін тездетіп босандырып, әлжуаз, аурушаң Эврисфейді дүниеге келтіреді де, дереу Олимпке қайта оралып, оны Зевске хабарлайды. Бұл хабарды естіген Зевс Гераның өзін алдап соққанын жақсы түсінеді. Гера өзінен уәде беруін талап еткен уақытта ақыл-ойын алдамшылық құдайы Атаның билеп алғандығына ызаланып, әйел құдай Атаны шашынан бұрап ұстап алады да, Олимптен лақтырып жібереді. Сол күннен бастап алдамшылық құдайы Ата жерде адамдар арасында өмір сүріп келеді.
Бірақ, әрине Зевс өзінің берген уәдесінен танып кете алмады. Ол өз баласының Эврисфейге қызмет ететінін, қандай қорлықтар мен ауыр азаптарды басынан кешіретіндігін білді. Гераға қарап: «Енді сенің Алкменадан туған ұлдың маңдайына қырсық үймелетіп, қыр соңынан қалмасыңды білемін. Бірақ, ол бәріне де төзіп, бәрін де жеңіп шығады, сенің жасаған қастандық әрекеттерің оның даңқын асырғаннан басқа ештеңе бітірмейді. Ол құлақ естіп, көз көрмеген ерліктер жасайды, жеңістен жеңістерге жетеді. Ал жердегі дәм-тұзы таусылған кезде мен оны Олимпке алдырамын, содан кейін оны ажалсыздар қатарына өзің-ақ қабылдайсың. Сондықтан оның аты «даңқты батыр» дегенді білдіріп, Геракл болсын!»** деп баласына ат қояды да, Герамен келісімге келіп, өз баласын өмір бойы Эврисфейге бағынбайтын етіп шарт жасасып, тек Эврисфей тапсырмасымен он екі ерлік жасайтын болып келіседі. Баласының уақытынан бұрын шала туған әлжуаз Эврисфейге қызмет етіп, азаптанып жүргенін көргенде сан рет Зевстің жаны қиналғанымен ештеңе жасай алмады. Ол тек Афина-Палладаның Гераклға көмектесіп жүруін тапсырды.
Эврисфей дүниеге келген соң іле-шала Алкмена да босанады. Ол егіз ұл тауып, үлкеніне – Алкид (Зевс перзенті), кішісіне – Ификл (Амфитрион баласы) деп ат қояды. Алкид бүкіл Грекияға аты шыққан батыр болады. Оны көріпкел әйел-пифия да «Геракл» деп атайды.[3]
Зевс баласы Гераклдың аман-есен дүниеге келгенін естігенде Гера оны құрту мақсатымен түнде Алкмена үйіне екі жылан жібереді. Жыландар сұп-сұр болып жорғалап, қараңғыда көздері жарқырап, балалар жатқан бөлмеге еніп, Гераклдың денесін орап, қылғындыра бастағанда, бала оянып кетіп, кішкентай қолдарымен екі жыланды ұстап алады да, олардан бұрын өзі буындырып өлтіріп тастайды. Мұны көріп қайран қалған Амфитрион көріпкел Тиресийді шақырып, сәбиінің болашағын болжатады. Көпті көрген Тиресий Амфитрионға Гераклдың орасан күшті батыр болатындығын, қандай ерліктер жасайтындығын және мәңгілік өмірге ие болатындығын дәл айтып береді.
Гераклдің балалық шағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Баласының болашағынан зор үміт күткен Амфитрион оны дене, қуат жағынан ғана жетілдіріп қоймай, батырға лайық тәрбие береді. Көптеген білімді ұстаздарды жалдап, Гераклға ғылымды, музыканы үйретеді. Ән айтып, жаза білуді, кифарада ойнауды үйреткенімен, Геракл тек садақ ату мен қару-жарақты емін-еркін пайдалануды ғана ерекше меңгереді. Садақ ату мен найза лақтыруда ол ешқашан нысананы мүлт жібермейтін. Ал жазып-сызу өнеріне селқостық танытты.
Бір күні музыкадан сабақ беретін мұғалімі Лин мүлде оқығысы келмеген Гераклға ызаланып, оны бетінен салып қалады. Ұстазының әрекетіне ренжіген Геракл өзін-өзі ұстай алмай қолындағы кифарасымен Линнің басынан ұрып жібергенде, Геракл қуатына шыдай алмаған Лин өліп қалады. Ұстазының өліміне кінәлі деп танылған Геракл сотқа шақырылады. Сонда Геракл Аид патшалығындағы әділ қазының бірі Радаманттың өзі «кімде-кім өзін біреу ұрса, оған соққымен жауап берсін» деп айтқандығын алға тартып, ақталып шығады.
Бірақ баласының күшінен қорыққан Алкмена оны Киферон тауына мал бағуға жібереді. Киферон орманында мал бағып жүріп, Геракл бұрынғыдан да қарулы азамат болып өседі. Күш-қуаты жағынан оған адам баласынан тең келетін ешкім болмайды. Киферон тауын мекендеген арыстанды өлтіріп, оның терісін шекпен орнына жамылып жүрді, ал бас терісін дулыға етіп киіп алды. Оның барлығынан ерекше болғаны соншалық, үйеңкіні тамырымен жұлып алып, өзіне күрек жасап алды. Оған Гермес семсер, Гефест алтын сауыт жасап берсе, Аполлон садақ пен жебе сыйлады.
Ер жеткен соң Геракл Фивы патшасы Креонтты Орхомен патшасы Эргиннің алым-салығынан құтқарып, керісінше, орхомендіктер фивылықтарға екі есе артық салық төлейтін болды. Гераклдың бұл ерлігіне риза болған Креонт патша өз қызы Мегараны қосып, құдайлар Геракл мен Мегараға үш ұл сыйлайды. Сөйтіп олар бақытты ғұмыр кешіп жатады.
Гераклдің он екі ерлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бірақ олардың бұл бақытын көре алмаған Гера құдай болды. Ол Зевс баласының бақытын көп көріп, оған сұмдық ауру жібереді. Ақыл-есінен айрылып, жынды болып қалған Геракл өз балаларын да, інісі Ификлдың балаларын да ұрып, өлтіріп қояды. Есін жиған сәтте өзінің істеген сұмдықтарына шыдай алмай, Аполлон патшаға барады. Аполлон Гераклға өз отаны Тиринфке барып, Сфенел баласы Эврисфейге он екі жыл қызмет етіп, он екі ерлік жасаса ғана, Гера құдайдың қаһары мен барлық ауыртпалықтардан құтылатындығын айтады.
Геракл Тиринфке келгенде, оны көріп зәресі ұшқан шала туған, қорқақ, әлжуаз, аурушаң Эврисфей өзі баруға жүрегі шыдамай, өз тапсырмаларын шабарман Копрей арқылы айтып отырды. Әр тапсырмасын орындап, оның куәларын алып келген сайын Эврисфей қорыққанынан бозарып, үрейлене қарап, бірде қашып кетсе, бірде Гераклдың аяғына жығылып жалбарынып, бірде құмыраның ішіне тығылып қалып отырды. Қалай дегенде де ол Гераклдың керемет күш иесі екенін түсінді. Гераклдың әрбір ерлігі өліммен бетпе-бет келетін ауыр да азапты болды.[4] Бірақ осы қиындықтың бәріне төтеп беріп, Геракл Эврисфейдің он екі тапсырмасын орындап шықты.
Бірінші, Тифон мен Ехидна жаратқан, Немей қаласының маңын мекендеп, әбден ойран салған үлкен арыстанды буындырып өлтіріп, өлігін иығына салып арқалап алып келеді.
Екінші, немей арыстаны секілді Тифон мен Ехиднадан жаралған, жылан денелі, тоғыз айдаһар басты, Лерн қаласының маңын мекендеп, малдың бәрін жалмап біткен, тоғыз басының біреуі ешқашан өлмейтін Лерн айдаһарын өлтіріп, мәңгі өлмейтін басын жерге көміп, үстін жартаспен бастырып тастайды. Ал денесін қақ жарып, өтін суырып алады да, айдаһардың улы өтіне жебесін батырып алады. Осыдан бастап Гераклдың жебесі тиген адам мәңгілік жазылмайтын болады.
Үшінші ерлігі, адамға да, малға да шабуыл жасап, тыныштық бермей, қатты қола қауырсындарын жебе сияқты көктен лақтырып, мыс тырнақтарымен және тұмсықтарымен қырып отырған, Стимфал қаласының маңын мекендеген құстарды Афина-Паллада берген екі тимпанды даңғырлата соғып қорқытып, ұшқан құстарды садақпен атып өлтіріп отырды.
Төртінші, мүйіздері алтын, аяқтары мыс ғажайып сұлу, желдей жүйткитін Артемида құдайдың бұғысын егістік алқаптарын таптап кеткендігі үшін аяғынан жарақаттап, ұстап алып, Микеныға Эврисфейге әкеліп береді.
Бесінші, адамдарды аямай, азу тістерімен жарып өлтіретін Эриманф қабанын қалың қарға айдап тығып ұстап алады. Бірақ осы сапарында Геракл ауыр қайғыға душар болады. Себебі ол досы кентавр Хиронды лерн айдаһарының өтіне малынған жебесімен атып алады. Геракл салған жарақаттан жазылмайтынын білген Хирон азап шекпес үшін өз еркімен Аид патшалығына аттанады.
Алтыншы, Элида патшасы Авгийдің табын-табын малы: аппақ аяқты үш жүз бұқа, қып-қызыл екі жүз бұқа, аққудай аппақ он екі бұқа, жұлдыздай жарқыраған бір бұқа мекендеген, өмірі тазаланбаған мал қорасын бір күнде тазалап береді. Геракл қораның екі қабырғасын құлатып, Алфей және Пеней өзендерінің арнасын бұрып әкеліп, қораның ішімен ағызып жібереді. Сөйтіп қатты ағыспен бір-ақ күнде қораны тазалап береді де, қабырғасын қайта тұрғызады.
Жетінші, Крит аралына барып, Посейдон құдайға құрбандыққа шалынуға тиіс, бірақ құтырған бұқаны ұстап алып, бас үйретіп, Микеныға алып келеді.
Сегізінші, Диомед патшаның ғажайып сұлу, күшті, тек темір тұсау ғана салынатын, тек адам етімен ғана қоректенетін аттарын ұстап әкеледі. Бірақ бұл сапарында да Геракл үлкен трагедияға тап болады. Оның жанында жүрген Гермес баласы Абдерді Диомед аттары шайнап тастайды. Геракл оның құрметіне Абдер атты қала салдырады.
Тоғызыншы, амазонкалар – жаугерші-әйелдер еліне барып, амазонкалар патшасы Ипполитаға соғыс құдайы Арестің өзі сыйға тартқан белдікті Эврисфейдің қызы Адметаға әкеліп береді.
Оныншы, үш кеуделі, үш басты, алты қол, алты аяқты Герионның сиырларын Эврисфейге әкелу жолында сұмдық қиын соғысты басынан кешіріп, Герионды Афина-Палладаның көмегі арқылы жеңеді. Бұл сиырларды әкелуде Геракл көптеген қиындықтарға тап болады: екі басты Орфо төбетін өлтіріп, Эвритион алыппен айқасады; табыннан қашып, Сицилияға барып, Посейдон баласы Эрикс табынына қосылған бір сиырды алу үшін оны қимай, бергісі келмеген Эрикс патшаны қысып өлтіреді; сиырлардың бәрін әйел құдай Гера құтыртып жіберіп, құтырған сиырлар жан-жаққа қашып, Геракл оларды Фракияға жеткенде ғана жинап алады.
Он бірінші, жер асты Аид патшалығының күзетушісі үш басты, мойнында ирелеңдеген жыланы бар, құйрығы айдаһардың басымен аяқталатын қорқынышты төбет Керберді алып келеді. Осы сапарында, яғни тас түнек қараңғы Аид патшалығында Геракл Аидтың әйелі Персефонаны ұрлап, жер бетіне шығарғысы келгені үшін жазаланған Тесей батырды құтқарып алады және Мелеагр патшаның аруағын кездестіріп, оның өтініші бойынша артында жетім қалған жалғыз қарындасы Деянираны өз қамқорлығына алып, оған үйленуге уәде береді.
Он екінші, ең қиын, ең соңғы ерлігі – алып иықтарымен бүкіл көк аспанды көтеріп тұрған ұлы титан Атластың бағынан оның қыздары Гесперидалар алтын ағашта өсіріп отырған үш алтын алманы әкеп берді. Гесперидалар алмаларын алу үшін Геракл бүкіл Азия мен Еуропаны шарлап, теңіз ақсақалы көріпкел Нерейді үлкен қиындықпен қолға түсіріп, оны байлап тастап, Атлас бағының қайда орналасқанын біліп алды; сонсоң Посейдон мен Геядан жаралған батыр Антейді буындырып өлтіреді; ұйқтап жатқан уақытында аяқ-қолын байлап тастап, өзін Зевс құдайдың құрметіне құрбандыққа шалмақ болған Египеттің қатігез патшасы Бусирис пен оның баласы Амфидамантты өлтіреді; Атлас алмаларды әкелемін дегенше Атластың орнына тұрып, ауыр көк аспанды арқалап тұрады. Бұған қатты қиналып, аспан салмағынан белі бүгіліп, бүкіл денесін тер жауып кетеді, бұлшық еттері бұлтиып ісіп кетеді. Бірақ Афина-Паллада оған көп көмек көрсетеді.
Осылайша, Геракл Эврисфейдің он екі тапсырмасын үлкен абыроймен орындап, оған қызмет етуден босайды. Бірақ әрине, кекшіл Гера мұнымен Гераклды жазалауын тоқтатпайды, мұнан кейін де ол басынан небір ауыр қасіреттерді өткізеді.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. ISBN 9965-808-82-1
- ↑ Н.А.Кун. Ежелгі Грекия мифтері мен аңыздары. Мұғалімдерге арналған оқу құралы. Қазақ тіліне аударғандар: М.Машақов, Ж.Рсаев, Л.Сенғазина, Н.Тұрсунқұлова. Алматы, Мектеп, 1979
- ↑ Античная литература. Анпеткова-Шарова Г.Г., Дуров В.С. –М., 2004
- ↑ Тоқшылықова Г.Б. Антика әдебиетінің тарихы. 2011