Мазмұнға өту

Большевизм

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Жұмысшы-шаруа қызыл армиясының Құрлық әскерлерінің бейресми туы

Большевизм (большевик – РСДРП-ның солшыл фракциясы) — Владимир Лениннің, кейіннен оның ізбасарларымен басқарылған, марксистік ілімді тоталитарлық идеология мен тәжірибеге бүрмалаған ресейлік социал-демократиядағы ультрасолшыл ағым. [1]

Большевиктер ескі күнтізбе бойынша (жаңа күнтізбе бойынша 7-8 қараша) 1917 жылы 25-26 қазанда болған революция нәтижесінде Ресейде  билікке келді, оның барысында уақытша үкімет құлатылды. Дегенмен Азамат соғысының салдарынан жаңа биліктің құрылуы шамамен үш жылға созылды.

Большевизм ұғымы Ресейдің социал-демократиялық жұмысшы партиясының II съезінде (1903) партияның екі фракцияға бөлінуі нәтижесінде пайда болды: Ленинді жақтаушылар және меньшевиктер. Бөлінудің негізгі себептерінің бірі – жаңа түрдегі партияның құрылуы  болды. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының Жарғысы бойынша жұмыс барысында Владимир Ленин мен Юлий Мартов партияға мүшелік туралы тармақтың екі түрін ұсынды. Лениннің ұсынысы бойынша, партия мүшесі – бағдарлама мен жарғыны мойындайтын, мүшелік жарналарды төлейтін және партиялық ұйымдардың бірінде жұмыс істейтін азамат. Ал Мартов алғашқы екі талаптармен шектелуді қолдады. Партияның орталық органдарына сайлау кезінде лениндік тұжырымдаманы жақтаушылар көп болды, содан бастап Ленин өз фракциясын «большевиктер» деп, ал Мартов өз жақтастарын «меньшевиктер» деп атай бастады.

Большевизм – революциялық қозғалыс, қоғамдық революцияның қатаң орталықтандырылған, ұйымшыл және тәртіпті партиясын құрумен байланысты саяси режим. Партия қалыптасқан капиталистік мемлекеттік жүйені құлатуға, билікті басып алуға және «пролетариат диктатурасын» орнатуға бағытталды.

Большевизм XX ғасырдың басында Ресей империясында пайда болды және Владимир Лениннің қызметімен байланысты. Большевиктік идеология марксизмге негізделген[2].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
  2. Большевиктер деген кімдер?. Тексерілді, 3 тамыз 2023.