Хорея

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Хорея (грек. choreіa — би, билеу) — жүйке жүйесінің ауруы. Көбінесе ревматизммен ауыратын балалар мен жасөспірімдерде болады (мұны кіші хорея деп те атайды). Алғашқы кезде ауру балада қатты шаршағандық байқалып, бір нәрсеге назар аударуы төмендейді. Бірте-бірте науқастың қимылында әлсіз, өз еркінен тыс белгісіз өзгерістер пайда бола бастайды. Соның салдарынан баланың жазуында ұқыпсыздық байқалады, қолындағы затын ұстай алмай, түсіріп алады, тамағын төгіп-шашып, дұрыс іше алмайды. Еріксіз қимылдар бірте-бірте үдеп, науқастың қол-аяғы тартылатындығы анық байқалады. Кіші хореямен ауыратын балалар диспансерлік бақылауға алынады. Хорея ревматизм, баспамен ауыратын әйелдерде, жүктілік кезінде (әсіресе алғашқы жартысында) байқалуы мүмкін. Хорея тұқым қуалайды, сондықтан онымен орта жастағы және егде адамдар да (Гентингтон хореясы) ауырады; кейде ми қантамырларының атеросклерозы кезінде де дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда, қол-аяқ, кеуденің ғана бұлшықеттері тартылып қоймай, науқастың еркінен тыс қимылдары бет, тілде де байқалады. Бұл кезде науқастың сөйлеуі, тамақ ішуі, жүруі қиындайды, ақыл-ойы төмендейді. Осы белгілердің бәрі науқасты мүгедектікке алып келуі мүмкін.[1]

[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Патологиялық анотомия терминдерінің орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том