Мазмұнға өту

Хор

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Хор (грек. choros) — ежелгі грек театрындағы трагедия мен комедияларда өнер көрсететін орындаушылар тобы. Оның даму эволюциясы салтанатты хор лирикасының пайда болуымен тығыз байланысты. Дионис құдайдың құрметіне арналған хор әндерінен драманың өмірге келгені белгілі. Осыған орай хор алғашында басты рөл атқарды. Мысалы, трагедияхоры 12 — 15, ал комедия хоры 24 қатысушыдан (хоревтен) құралды. Б.з.б. 4 ғасырдың аяғында хор театр спектакльдеріне қатыспайтын болды, ол тек халық мерекелерінде ғана бой көрсетіп отырды. Қазақ театрында алғаш рет реж. Ә.Мәмбетов 1967 жылы қойған М.Әуезовтің “Қара қыпшақ Қобыланды” спектаклінде хор пайдаланылды.

1) вокалдық музыка орындаушылар ұжымы. Хор дауыс құрамына байланысты біртектес (әйелдер, ерлер, балалар хоры) немесе аралас болып келеді. Аралас хор сопрано, альт (әйел дауыстары), тенор, бас (ерлер даусы) партияларын орындайтын төрт топтан құралады. Егер хор құрамында аталған партиялардың бірі болмаса, онда ол жартылай аралас хор делінеді. Әрбір хорлық партия хор шығармасының ыңғайына қарай бірнеше дара партияларға (1 және 2-сопрано) бөліне алады. Аралас хор құрамында ең кемінде 12 адам (яғни 3 топты құрайтын 4 партиядан: сопрано, альт, тенор және бас даусынан), ал кәсіби хор құрамында 100 — 120 адамға дейін болады. Мысалы, Қазақтың мемлекеттік хор капелласы, М.Е. Пятницкий атындағы орыстың халық хоры, т.б. 2) Хорға арналған музыкалық шығарма. 3) Ішекті музалық аспаптардың, қос, үш, т.б. бір дыбысты ішектер тобы.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақ Энциклопедиясы», II-том
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Choirs