Фриздер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Фриздер

Фриздер[1] — ұлт, Нидерландтағы халық. Негізінен Нидерландтың Фрисландия провинциясында, ішінара Гронинген және Батыс Фриз аралдарында, сондай-ақ Германияда, тағы басқа елдерде тұрады. Жалпы саны 410 мың адам (2002). Антропологиялық жағынан атлант-балтық расасына жатады. Нидерланд тіліне туыстас фриз тілінде сөйлейді, 4 диалектісі бар. Жазуы латын графикасына негізделген. Дінге сенушілердің басым бөлігін кальвинистер, одан кейін католиктер құрайды. “Фриз” термині “еркін” “бос” деген мағына береді. Ол Рим империясына қарсы соғыс кезінде қалыптасқан. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында германдық Фриздер Солтүстік теңіздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағалауларын мекен етті. Орта ғасырларда бұл аймақ бөлшектеніп, батыс бөлігі 11 — 13 ғасырларда Голландия графтығына қосылды. Фрисландия 16 ғасырдың бас кезіне дейін, тәуелсіздігін сақтады да, кейіннен Нидерландқа бағынды. Ал дербестігін сақтаған Шығыс Фрисландия графтығын 18 ғасырда Пруссия басып алды. Қазіргі таңда нидерландтық Фрисландия провинциясының Фриздері мәдени автономиясын сақтап қалған. Дәстүрлі кәсіптері мүйізді ірі қара, жылқы шарушылығы, жағалауларда қой өсіру және балық аулау жақсы дамыған. Зергерлік, ұсталық және тоқымашылық сақталған. Баспаналары — тұрғын бөлмелер мен шаруашылық жайларды біріктірген, шатыры екі жақты келеді. Ұлттық киімдері: әйелдер үш етекті қысқа юбкалар, жеңі қысқа көкірекше, басына әшекейлі каска киеді. Көкірекше жеңдері түрлі сәндік маталармен әсемделген. Аяқтарына ағаштан жасалған “кломпа” киген. Ұлттық тағамдарында көкөніс (негізінен картоп), ұн мен балық еті басым. Фриздер арасында ағылшындардың туыстық жүйесі орныққан. Ұлттық мейрамдары жәрмеңкелерге ұласып, онда сан түрлі ойындар, спорт түрлері (жүгіру, садақ тарту, тағы басқа) ұйымдастырылады. Ауыз әдебиеті, ұлттық салт-дәстүрі сақталған.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9