Финдер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Финдер
Бүкіл халықтың саны

6,5 млн. адам

Ең көп таралған аймақтар
 Финляндия

4 856 529 (2010)

 Швеция

446 134 (1999)

 АҚШ

623 573 (2000)

 Канада

131 040 (2006)

 Ресей

20 267 (2010)

 Аустралия

20 988 (2006)

 Ұлыбритания

20 988 (2006)

 Эстония

10 639 (2010)

 Норвегия

10 000

 Латвия

758 (2021)

Тілдері

Фин тілі

Діні

лютерандық, православие, католик

Финдер (өзд. атауы suomalaiset) — фин-угор этникалық тобы, Финляндияның негізгі халқы. Олар Финляндия халқының абсолютті көпшілігін құрайды (4,6 – 4,9 млн. адам немесе 90%-дан астам). Сонымен қатар АҚШ-та - 623,6 мыңнан астам адам (2002), Швецияда – 446-дан 470 мың адамға дейін, Канадада – 130 мыңнан астам (2006), Ресейде – 34,1 мың адам (2002), т.б. елдерде тұрады.

Фин тілі – балтық-фин тілдерінің бірі (солтүстік топ), тілдердің жалғамалы (агглютинативті) (флективтіліктің елеулі белгілері бар) түріне жатады, номинативті құрылысы бар тіл. Фин тілінің жазуы латын графикасына негізделген. Фин тілі ерекше диалектілік бөлінуімен өзгешеленеді. Тек Финляндия аумағында сегіз негізгі диалект бар: оңтүстік-батыс (фин немесе суоми), емь, оңтүстік ботникалық, орта-ботникалық, солтүстік-ботникалық, солтүстік, саво, оңтүстік-шығыс.[1]

Финдердің діншілдігі Финляндияның Евангелиелік-лютерандық шіркеуінің шегінде іске асырылады (дінге сенетіндердің 78,3%-ы ) жəне бұл – мемлекеттік діні. Православие бұл елде мемлекеттік екінші дін болып саналады. Католиктер де, аздаған мұсылман да, еврей қауымы да бар.[2]

Ұзақ уақыт бойы финдер Батыс Еуропаның ықпалында болды. Швеция Корольдігі 16 ғасырда Финдерді өз құрылымына біртіндеп енгізді. Осы сәттен бастап ел дамуының жаңа кезеңі басталады. 17 ғасырға таяу ел халқының саны шамамен 300 мың тұрғынды құрады, көпшілігі аграрлық өмір салтын жүргізді, балық аулаумен және егіншілікпен айналысты. 1809 жылы Ресей империясы Финляндияны өз территорияларына қосып алып, 1917 жылға дейін Ресей құрамында болды. Уақытша үкіметті құлатқан 1917 жылғы Қазан төңкерісі Финляндия Сенатына 1917 жылы 4 желтоқсанда Финляндияның тәуелсіздігі туралы декларацияға қол қоюға мүмкіндік берді, оны 6 желтоқсанда парламент мақұлдады. Сонымен, Финляндияның тәуелсіздігі жарияланды, ол бір уақытта республика деп жарияланды (Фин Республикасы). 1917 жылы 18 желтоқсанда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Жарлығымен «Финляндия Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін мойындау» ұсынылды.

Фин мәдениеті алғашында пұтқа табынушылықтың әсерінен қалыптасты. Ежелгі финдер күн күркіреу құдайы Укко мен табиғат құдайы Рауниге сенген. Христиандықтың енуімен пұтқа табынушылық азая бастады, сонымен бірге Карелияның бір бөлігін бақылауға алған православие шіркеуі де ықпал етті. Мәдениеттің одан әрі дамуы еуропалық мектептің ықпалы әсер етті. Финляндияға барған әрбір адам Калевала эпопеясын тыңдауы керек. Элиас Лённрот жасаған ол финдік өмір салтының барлық ерекшеліктерін айқын көрсетеді. Көптеген фин бардтары рундарды айту үшін гусли сияқты музыкалық аспапты пайдаланады. Кантеле музыкасы жеңілдігімен және нәзіктігімен ерекшеленеді. Фин кескіндемесінде романтизм, эпикалық және солтүстік пейзаждары басым. Оған ұзақ уақыт бойы швед ұлттық дәстүрлері әсер етті.

Фин ұлттық киімі

Фин асханасының сүйікті тағамдары - сүт және ет тағамдары. Бірақ балықтар да молынан пайдаланылады, оны бекон, картоп, сүт, кілегей, арпа ұнымен пісіруге болады. Қуырылған түрлері сирек тұтынылады, көбіне пісіруді жөн көреді. Балық тағамдарының таралуы көптеген көлдердің болуымен түсіндіріледі. Олардың жалпы саны 180 мың, сонымен қатар мемлекеттің Балтық теңізіне шығу мүмкіндігі бар. Ең танымал балықтар лосось және форель болды. Финдер балық сорпасын өте жақсы көреді, оны бірінші тағам ретінде ұсынады. Сүт финдердің ұлттық өнімі болып саналады. Ол күнделікті көп мөлшерде тұтынылады, әрбір фин күнін бір стақан сүтпен бастайды. Финдердің сүйікті ет тағамы - карелиялық горшок, ол сиыр, шошқа және қой етін пісіреді. Тағы бір дәмді тағам - бұғы еті (кептірілген немесе қуырылған). Десерт ретінде қара бидай ұнына негізделіп жасалған кондитерлік өнімдер қолданылады және олар мұндай тәттілерді тұздалған уылдырық пен сары маймен қосып жейді. Сусындардың ішінде жеміс сусындары мен компоттар жиі кездеседі. Оларды дайындау үшін табиғи жидектер мен жемістер қолданылады.

Финдердің ұлттық киімі жақында ғана халықтық деп атала бастады. Бұрын мұндай киімдерді жоғарғы таптағы қала тұрғындары пайдаланған. Дәстүрлі костюмді батыс және карелдік деп бөлуге болады. Ерлердің ұлттық киімдері әйелдердікінен азырақ ерекшеленеді. Әйелдер блузка, жолақ юбка, ақ шұлық, қара етік және алжапқыш киді. Кейде олар жүннен жасалған күртеше мен кепка киетін. Ерлері шалбар, жүн күрте, жейде, қара етік киген. Бас киім ретінде қалпақ пайдаланылды. Суықтан қорғану үшін финдер бөрік, қолғап, жемпір пайдаланған.[3]

Қазақстандағы финдер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның фин диаспорасы санының жалпы динамикасы мынадай:

  • 1259 (1970 ж.),
  • 1074 (1979 ж.),
  • 988 (1989 ж.),
  • 547 (1999 ж.)
  • 373 (2009 ж.) адам.[4]

Ингерманланд финдерінің алғашқы арнайы қоныс аударушылары Қазақстанда соғыс алдындағы жылдары Карелияның шекаралық аудандарын «тазарту» операциялары кезінде пайда болуы мүмкін. Кеңес-Фин соғысы аяқталғаннан кейін Карелия АКСР Карел-Фин КСР болып қайта құрылды, оның мемлекеттік тілдері орыс және фин тілдері болып жарияланды. 1942 жылы наурызда ингерманланд финдерінің бір бөлігі (25–30 мың) Сібір мен Қазақстанға арнайы қоныс аударушылар ретінде жер аударылды. 1989 жылы Қазақстанда тұратын финдердің 36,3%-ы өз ұлтының тілін ана тілі деп санайтындықтарын айтты, алайда финдердің ана тілін меңгергені туралы мәліметтер жоқ, финдердің 0,2%-ы қазақ тілін ана тілі деп таныды, финдердің 1,3%-ы қазақ тілін біледі; финдердің 63%-ы орыс тілін ана тілі деп санайды, ал финдердің 31%-ы орыс тілді біледі. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан финдерінің қостілділік дәрежесі мынадай түрде анықталды: біртілділер – 400 адам (73,1%), қостілділер – 147 адам (26,9%).

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Э.Д. Сүлейменова, Д.Х.Ақанова, Н.Ж.Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы»: Кітап.–Алматы: «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020 ж. 195-бет.
  2. ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК: Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары. Нұр-Сұлтан, 2020. 167-бет. ISBN 978-601-287-224-8
  3. Евгений Форов. Финны — сильные и добрые https://travelask.ru/articles/finny-silnye-i-dobrye
  4. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 424-бет ISBN 978-601-7472-88-7