Перғауын

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
IІ Рамзестің мүсіндері.

Перғауын, фараон — Құран кейіпкері, Мысыр патшасының аты. Алла оған уағыз айтуға Мұсаны жіберген. Фараон Зулаутад деп те аталады. Ол зәулім мұнара, пирамида сияқты мәңгілік берік ғимараттардың иесі деген мағынаны білдіреді. Құранда Перғауын өзін-өзі тәңірі санайтын, Мұсаның айтқанына сенбейтін, қатігез, озбыр ретінде көрінеді. Дінге сенетіндерді қудалайды. Мұса мен оның қандастары Мысырды тастап кетпек болғанда, соңынан әскер алып қуады. Бірақ теңіз көтеріліп, топан судың астында қалады. Тек жантәсілім сәтте ғана тәубасына келеді. Сол үшін Алла оны толқынның күшімен жағаға серпіп шығарады. Бұл эпизод екі түрлі түсіндіріледі. Біреулер оны тәубасына келгені үшін жасалған кешірім деп ұқса, біреулер күпірлік кешірілмейді, тек өліктің ғана құтқарылуы мүмкін деп дәлелдейді. Құранды түсіндірушілер басқа да Перғауындар болған, бұл Мысыр патшаларының жалпы атауы мен атағы деп біледі. Құраннан кейін туындаған аңыздарда Перғауынның қатігездіктері, әсіресе Аллаға сенген әйелін, немерелерін, жақындарын, Мысыр сиқыршыларын қалай азаптағаны егжей-тегжейлі суреттеледі. Құран түсіндірмешілерінің айтуынша, мұнара салынып біткен соң Перғауын аспанға садақтан жебе жаудырады. Олары қанға малшынып, жерге қайта түседі. Артынан Жәбірейіл көрініп, мұнараны жермен жексен етеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1