Мазмұнға өту

Орбита

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Орбита

Орбита (лат. orbіta – жол, із), траектория – планеталардың, планета серіктерінің, ЖЖС-нің, т.б. денелердің массалар центрінің орталық дене айналасындағы қозғалыс траекториясы. Орбита бірінші жуықтауда Кеплер заңымен анықталады. Оны дәл анықтау үшін қозғалыстың аналитикалық теориясы қолданылады. Жасанды серіктердің орбитасы әр түрлі сыртқы күштердің әсерінен үнемі аздап өзгеріп отырады. Сондықтан олардың орбитасы белгілі уақыт өткен сайын өлшеніп, өлшеу нәтижесі негізінде орбиталық түзетулер енгізіледі. [1]

Аспан денесінің орбитасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аспан денесінің орбитасы — ғарыш кеңістігіндегі аспан денеcінің қозғалу траекториясы. Орбитаның пішіні мен дененің қозғалу жылдамдығы тартылыс, электрмагниттік, реактивтік (құйрықты жұлдызға тән) күштерге, сондай-ақ жарық қысымы күшіне сай анықталады. Ал, жасанды ғарыш дене орбитасының пішіні қозғалтқыш реактивті күшке байланысты өзгереді. Қарапайым жағдайда, А. д. о. бір дененің екінші денеге қатысты (мыс., планетаның Күнді айналғандағы) қозғалысы ретінде қарастырылады. Мұнда тек екі дененің өзара тартылысы ескеріледі. Бұл жағдайда бір дене екінші денеге қатысты конустық қима (эллипс, парабола, гипербола) бойымен тұрақты секторлық жылдамдықпен қозғалады. Бұл конустық қималардың фокусында екінші дене болады. Мұндай орбита ұйтқымайтын немесе Кеплер орбитасы деп аталады. Егер өзара тартылатын денелер екеуден көп немесе олардың ең болмағанда біреуінің пішіні сферадан өзгеше болса, онда олардың орбиталары әр түрлі және күрделі келеді. Мұндай А. д. о-лары ұйтқыған орбиталар деп аталады, ал аспан денелерінің өзін тартатын орталық дененің айналасында конустық қималар бойымен жүретін қозғалысынан ауытқуын аспан денелерінің ұйтқуы дейді. Ұйтқу массаларының ортақ центрінен айналатын екі сфералық денені басқа бір немесе бірнеше аспан денелерінің өзіне тартуы, өзара тартылатын аспан денелерінің сфералық пішіннен ауытқуы салдарынан болады. Мыс., Жер қозғалысына ең көп әсер ететін Есекқырған (Юпитер) планетасының тарту күші. Бірақ, ол Күннің Жерді тарту күшінің 5Һ10-5 бөлігіндей ғана болғандықтан Жердің орбитасына айтарлықтай әсер етпейді. А. д. о. аспан механикасында зерттеледі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том