Метатеза

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Метатеза (гр. μετάθέσις. metathesіs – ауыстыру) – сөзде дыбыстың не буынның орын ауыстыруы. Ол тарихи метатеза (өкпе – өпке, қақпан – қапқан), кірме сөздердегі метатеза (құтпан – құптан), диалект (жергілікті тіл ерекшеліктерінде кездесетін) метатеза (дария – дайра, қолбақ – қолғап) деп бөлінеді. Метатеза сөздердің дамуында ерекше құбылыс саналады. Оны тану үшін туыстас тілдер мен көне жазбалар тілінің деректері тіліміздің бүгінгі жай-күйімен салыстырылады, дыбыстардың орын алмасуы анықталады.
11 ғ-да М.ҚашқариДиуани лұғат-ат түрік” атты зерттеуінде түркі тайпалары тілінде қ мен ч; ғ мен д; ш мен н; ғ мен м; ғ мен л дыбыстарының түбір сөз ішінде метатезалық өзгерістерге түсетінін көрсеткен. Мысалы, қарлығаш – қарғылач, қоңсы – қошны, жаңбыр – йағмур. Түркі тілдеріндегі метатеза құбылысын В.В. Радлов зерттеді. Ол дыбыс тіркестерінің орын алмастыру түрлерін көрсетті:

  1. пк, бг дыбыс тіркестері кп, гб болып жұмсалады: өкпе – өпке, әпкел – әкпел;
  2. алтай, хакас, тува, т.б. түркі тілдерінде гм дыбыс тіркесінің орнына мг, ңм, ңб тіркестері қолданылады: йағмыр – йамғыр;
  3. лт – тл дыбыстарының алмасуы: мылтық – мытлық;
  4. ғл – лғ дыбыс тіркесінің ауысуы: оғлан – олған;
  5. рб (рп) дыбыс тіркесінің бр ретінде қолданыс табуы: арба-абра, топырақ-торпоқ, торбоқ.

Қазақ тілінің орфоэпиясында (айтылуда) қапқан – қақпан, тепкі – текпі, түкпір – түпкір, арпалыс – алпарыс, т.б. қолданыстардың кездесуі метатеза құбылысының нәтижесі. Тарихи метатеза атаудың қалыптасу тарихын, этимологиясын айқындауға көмектеседі. Орфоэпиялық сөздіктерде лағынет-нағылет түрінде жарыса қолданылатын нұсқалар да метатеза жемісі. метатеза сөздің айтылуын жеңілдетуден туындаған құбылыс ретінде де қарастырылады.[1][2]

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Томанов М., Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, А., 1987;
  • Аханов К., Тіл біліміне кіріспе, А., 1993;
  • Мырзабеков С., Қазіргі қазақ тілі, А., 1997.

Пайдаланылған cілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3