Көл

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Көл.

Көл — тікелей теңізбен қосылмаған құрлықтар өңіріндегі суға толы дербес ойыстар. Ауқымды кеңістікті қамтитын, суы ащы көл түрлері теңіз деп аталып жүр (Каспий, Арал теңіздері).[1] Жер шарындағы көлдердің жалпы ауданы 2,1 млн. км2 (құрлық ауданының шамамен 1,4%-ы). Ондағы жинақталған судың көлемі 176 мың км3, оның 52%-ы тұщы су, 48%-ы ащы су. Көлде эндемик түрлер, кейде реликт түрлер тіршілік етеді. Жер шарының ең ірі көлі – Каспий теңізі, ең терең көлі – Байкал. Қазақстанда Каспий мен Аралды қоспағанда, 48262 көл бар, олардың жалпы ауданы 45032 км2.[2]

Көлдердің түрлері

Көлсай.
Арал теңізі.
A.
Каспий теңізі.
Тахо көлі, Калифорния
Үлкен тұзды көл, АҚШ
A.
Аризона.

Қалыптасуына қарай

Көл ойыстарының қалыптасуына қарай: бөгелген, ойысты және аралас болып жіктеледі.

  • Бөгелген көл өзен аңғарын тау көшкіндері, сырғымалары, мұздықтар және т.б. басып қалған жағдайда пайда болады. Бөгелген көлге бөгендер мен әуіттер де жатады.
  • Ойысты көлдің мореналық, тектоникалық, жанартаулық, эолдық және карстық деп аталатын түрлері бар. Көлдер ағынды көл (ағатын өзендері бар) және тұйық көл болып ажыратылады.

Режіміне қарай

  • Ағындыөзен ағып шығатын көлдер
  • Ағынсыз – өзендер келіп құйғанымен, ағып шықпайды

Өзендермен салыстырғанда көлдердің суы едәуір ащы болады. Ағынды көлдердің суы, негізінен тұщы болады, ал ағынсыз тұйық көлдер көбінесе ащы келеді. Тіпті бір көлдің өзінің жеке бөліктерінің суы тұздылығы жөнінен айырмашылық жасауы мүмкін. Мысалы, Балқаш көлінің батыс бөлігіне қарағанда 5 есе көп, сондықтан батысы түщы болады.

Тұздылығы

Өзендерде тұздылық көбінесе 3-5 г/л-ден аспайды, ал көлдерде бұл көрсеткіш 14-тен 300 г/л дейін жетеді. Тұздылығы өте жоғары көлдер қатарына АҚШ жеріндегі Үлкен Тұзды көл, Оңтүстік-Батыс Азиядағы Өлі теңіз жатады.

Тұзды көлдерде ас тұзының, калий тұздарының, сода, йод, бром және т.б. минералды шикізаттың мол қоры шоғырланған. Каспийдің қайраңында мұнайдың мол қоры шоғырланған. Көлдерде балық шаруашылығы дамыған, ал ірі көлдер көлік қатынасына пайдаланылады.

Тұщы көлдер елді мекендер мен кәсіпорындарды сумен қамтамасыз етеді, тұзды көлдерді емдік мақсатта пайдаланады. Көлдер айналасының климатына да қолайлы әсер етеді; климаттың континенттілігін азайтады, ауаның ылғалдылығын арттырады. Адамның шаруашылық әрекетінен көлдерде су өсімдіктерінің шамадан тыс көбеюі, судағы газ құрамының өзгеруі әсерінен судың сапасы нашарлайды, судағы оттектің мөлшері азаяды.[3]

Дүние жүзі көлдері

Дүние жүзіндегі аса ірі көлдер

Атауы Ауданы, мың км² Теңіз деңгейінен биік жатқан жері
м
Ең терең жері,
м
Орналасқан жері
Каспий теңізі 376 −28 1025 Еуразия
Жоғарғы көл 82 183 393 Солтүстік Америка
Виктория 68 1134 80 Африка
Гурон 60 177 208 Солтүстік Америка
Мичиган 58 177 281 Солтүстік Америка (АҚШ)
Танганьика 34 773 1470 Африка
Байкал 32 456 1637 Азия (Ресей)
Малави 31 472 706 Африка
Үлкен Аюлы көл 30 157 137 Солтүстік Америка (Канада)
Үлкен Еріксіздер көлі 29 156 150 Солтүстік Америка (Канада)
Эри 26 174 64 Солтүстік Америка
Чад 26 281 11 Африка
Виннипег 24 217 28 Солтүстік Америка (Канада)
Балқаш 22 342 26 Азия (Қазақстан)
Онтарио 20 75 236 Солтүстік Америка
Арал теңізі 18,24 3,5 54,5 Азия
Ладож көлі 18 5 230 Еуропа (Ресей)
Маракайбо 16 0 250 Оңтүстік Америка
Бангвеулу 15 067 5 Африка
Дунтин 12 11 8 Азия
Онеж көлі 10 33 127 Еуропа (Ресей)
Тонлесап 10 12 14 Азия
Туркана 8,5 375 73 Африка
Никарагуа 8.4 32 70 Солтүстік Америка
Титикака 8,3 3812 304 Оңтүстік Америка
Атабаска 7,9 213 60 Солтүстік Америка (Канада)

Дереккөздер

  1. Мұнай және газ геологиясы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Жалпы редакциясын басқарған Қазақстанға еңбегі сіңген мұнайшы - геологтар Т.Н. Жұмағалиев, Б.М. Қуандықов, 2000 жыл. — 328 бет.
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том
  3. "Балалар энциклопедиясы" , 5 том