Мазмұнға өту

Кәуәп

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кәуәп
Кәуәп
Самарқандтағы кәуәпханасы. 1905-1915 жылдары
Кәуәпке арналған ет түрлері (Самарқан, Өзбекстан)

Кәуәп — еттен жасалатын тағам.

Кәуаптың қой, сиыр, киік етінен, бауырдан жасалатын түрлері бар.

Қой етінен жасалған кәуап

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қой етінің кәуабын жасау үшін қойдың жұмсақ еті мен құйрық майының әрбір кесегі 15 – 16 г-нан келетіндей етіліп туралады да тұздалып, бұрышталады; ұсақтап туралған пияз қосылып, жүзім сірке суы құйылады. Бәрі жақсылап араластырылады. Қой еті жақсы бұқтырылу үшін эмальды ыдысқа салынып, үсті ауыр затпен бастырылады. Беті дәкемен жабылып, бірнеше сағат (4 сағаттан 24 сағатқа дейін) салқын жерге қойылады. Осы мерзімнен соң әрбір істікке 6 кесек ет, ең соңында бір кесек құйрық май түйреледі. Сөйтіп, арнайы ошақтағы (мангал) сексеуіл шоғына бір жағы, содан соң екінші жағы сөлі бөлініп, әбден қызарғанша қарылады. Ет біркелкі пісу үшін желпуішпен желпіп, шоқты маздата түсу керек. Ал егер кәуаптың майы ағып, ет түтіндеп кетсе, шоқ үстіне сірке суы қосылған су себіледі.

Піскеннен кейін әр кісіге 2 – 4 істіктен есептеліп, тарелкаға салынады да бетіне сақиналап туралған пияз себіліп әкелінеді. Қасына нан, бөлек ыдысқа салынған қызыл бұрыш, сірке суы қойылады. Қой етінің кәуабы кейде ортақ ыдысқа салынып та әкелінеді[1].

Етті бөлектен турап, ыдысқа салып тұздайды, қара бұрыш, үгілген пияз қосады да, сірке суын араластырған соң салқын жерде 5—6 сағат ұстайды (тоқтының етіне сірке суын қоспайды, оған бұрыш, тұз, петрушка салып, 2—3 сағат суықта ұстайды). Сонан соң туралған қой етін істікке түйрейді. Кәуәпты шоққа (жалынсыз) пісіреді, істікті әлсін-әлсін аударыстырып, еттің біркелкі пісуін қадағалау керек. Піскен кәуәпты істіктен алып, табаққа салып, оған май құяды. Гарнирі — жас пияз, туралған қызанақ, лимон, піскен күріш. Келтірілген ұнтақ барбаристі немесе гранат шырынын дастарқанға жеке қояды. Қой етінен жасалған кәуәпті табаға қуыруға да болады. 50 г қой етіне: 2 бас пияз, 100 г жастай жұлынған пияз, 2—3 помидор, жарты лимон, 1 ас қасық сірке суы, 1 ас қасық сары май керек.

Карск кәуәбі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қойдың бүйрек тұсындағы етін жуып, тазалап, әр адамға мөлшерлеп турайды. Бүйрегін де тазалап екі бөледі. Әзірленген ет пен бүйректі ыдысқа салып тұздайды, бұрыштан, ұсақтан кесілген пияз бен петрушка салып, сірке суын немесе лимон шырынын сеуіп, 2—3 сағат ұстайды. Пісірер алдында туралған қой өтін істікке шаншыл, әрбір турам еттің екі жағынан жартылан бүйрек қосып, жалынсыз шоққа пісіреді. Ет әбден пісу үшін істікті аударыстырып отыру керек. Кәуөпты табаға да пісіруге болады. Әзір болған кәуәпті істіктен алып, бүйрекпен бірге табаққа салып, қасына кесілген лимон қосып, дастарқанға қояды. Кәуәптің үстіне жаңа жұлынған пияз бен петрушка салады. Оңтүстік соусын дастарқанға жеке қояды. 500 г қой етіне: 2 бүйрек, 1 бас пияз, 100 г жаңа жұлынған пияз, 1 ас қасық сірке суы, жарты лимон керек. Сауда орындарында кәуәптың жартылай фабрикаттары да болады. Кәуәп пісіруге арналған электр кәуәппісіргіш те бар.

Кәуәп пісіргіш

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Электркәуәп пісіргіш. Кәуәп әзірлегенде қолмен немесе электрлі қозғалғыштық көмегімен айналатын 4—6 істікке (шампурларға) туралған ет түйреледі. Қыздыру үшін корпусындағы электрлі қыздырғыш элементі немесе кварц сәулелендіргіші пайдаланылады. Тетіктері тік немесе көлбеу кәуәппісіргіштер болады. Істіктері көлбеу орналасқан және электрлі айналу механизмі бар кәуәппісіргіш кеңінен тараған. Бұл үлгідегі кәуәппісіргіштер қыздырмалы торлармен жабдықталған. Ол туралған ет пен балық қуыруға, котлет, бифштекс т. б. әзірлеуге, сондай-ақ алма, картоп, нан пісіруге де оңтайлы. Жұмыс істеу қуаты 1000—1200 Вт.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: К54 Қоғамдық тамақтандыру. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 232 бет. ISBN 9965-36-414-1
  2. Шаңырақ: Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы: Қаз. Сов. энцикл. Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Shashlik