Гегемонизм
Гегемонизм - [грек, hegemonia - үстемдік, біріншілік] - бір мемлекеттің немесе мемлекеттер одағының саяси жүйеде, дінде бүкіл әлемге немесе белгілі бір аймаққа үстемдік жүргізу идеологиясы және саясаты. Гегемонизм идеологиясы әлемде үстемдік орнату саясатындағы күш қолдану және етек жайып, кеңею мақсаттарына жету әдістерін ақтауға негізделген көзқарастар мен тұжырымдар жүйесінен тұрады. Гегемонияның қайнар көзі басқа елдердің, халықтардың, қоғамның бір бөлігінің өз еркін бастырмалата таңуына "құқық" беретін фашистік, расистік, национал-шовинистік және өзге антидемократиялық көзқарастар болып табылады. Мұндай жағымсыз сипаттағы гегемониядан қоғамдағы жетекші рөлді алатын объективті гегемонияны ажыратып қарау ләзім. Гегемонизм саясаты күшке негізделген және мемлекеттің және халықтардың ішкі ісіне әскери әрі басқаша араласуынан көрініс табады. Адамзат тарихында кез келген өркениет және әлемдік держава гегемонизмге бейімділік танытқан. Гегемонизмнің себептері кез келген мемлекеттің өзінің саяси салмағын арттыруға және халықаралық қауымдастықтың басқа мүшелерінің есебінен ықпалын жүргізуге талпынуынан туады. Күш қолдануға қоқан-лоқы көрсету арқылы өз мүдделері мен мақсаттарына жетуге аса қолайлы орта туғызуға, мемлекеттердің іс-әрекеттеріне бақылау орнатуға талпынады. Бүл жүйенің ұйымдастырушылық принциптері, мүдделерді жүзеге асыру түрлері, әдетте, салыстырмалы түрде әртүрлі қатысушылардың күштерін, ықпалдарын көрсету арқылы болады. Халықаралық жүйеге бақылау орнату оның мүшелерінің арасында күштер мен ресурстарды бөлісуге негізделеді. Осы күштерді бөлісудің пішін үйлесімділігі халықаралық жүйені іс жүзінде кімнің басқаратындығын, бүл жүйе кімнің мүдделеріне сай жүргізілетінін анықтайды. Әрбір халықаралық жүйеде басымдық танытатын державалар жүйенің құрамдас бөлігінің өз арасындағы әрекет процестерін ұйымдастырып, бақылайды. Тарихта халықаралық жүйелерге тән бақылаудың үш түрі белгілі:
- империялық, бір күш-қуаты мол мемлекет өзінен әлдеқайда әлсіз мемлекеттерді бақылауы;
- биполярлы құрылым, екі күш-қуаты мол мемлекеттер өзара бөлісіп алған ықпал ету аумағында бақылау жүргізіп, реттеуі;
- күштер тепе-теңдігі, яғни үш немесе одан да көп мемлекеттердің дипломатиялық құралдардың, одақтардың алмасуы, ашық қақтығыстар көмегімен бір-бірінің іс-әрекетін бақылауы.
Басым мемлекеттер жүйенің ішінде, әсіресе, өздерінің ықпал ету аумағында саяси, экономикалық және басқа да қатынастар желісін ұйымдастырып, сақтайды. Олар өздері және олардан әлсіз мемлекеттер қолданатын негізгі ережелер жүйесін құрып, жүзеге асырады. ұлы державаның "гегемонияға құқы" үш негізгі факторға сүйенуі мүмкін: гегемония үшін соңғы соғыста жеңіске жетуі немесе оның өз еркін басқаларға таңу қабілетінің жоғарылығы; басым мемлекеттің билік жүргізуі, әдетте, оған тәуелді мемлекеттерге әлемдік қауіпсіздік пен қолайлы экономикалық орта қалыптастырып, қандай да бір игіліктермен қамтамасыз етеді; державаның басымдылық жағдайы бірнеше мемлекетке ортақ идеологиялық, діни және басқа да құндылықтармен қолдануы мүмкін. Қазіргі халықаралық қауымдастық гегемонизмнің кез келген түрін айыптайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1979 жылы "Халықаралық қатынастарда гегемонизмге жол бермеу жөнінде" резолюция қабылдады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |