Шығыс Рим империясы
Шығыс Рим империясы лат. Imperium Romanum, Romania гр. Βασιλεία Ῥωμαίων, Ῥωμανία | |||||
| |||||
Шығыс Рим империясы мемлекеттік әнұраны | |||||
Византия империясының шекараларының өзгеруі | |||||
Тарихы | |||||
---|---|---|---|---|---|
Құрылды | 395 | ||||
Мемлекеттік құрылымы | |||||
Ресми тілі | латын, Византия тілі | ||||
Елорда | Константинополь | ||||
Византия императорлары (20 әулеттен астам) | |||||
Географиясы | |||||
Жер аумағы • Барлығы |
3 500 000 км² (VI ғ-да І Юстинианның тұсында) км² | ||||
Жұрты • Сарап ([[жыл|]]) • Тығыздығы |
35 000 000 (VI ғ.) до 5 000 000 (1281 жыл) адам адам/км² | ||||
Экономикасы | |||||
Валютасы | солид, византия мәнет, дукат | ||||
Қосымша мәліметтер |
Шығыс Рим империясы[1] немесе Византия империясы (395-1453) (Батыс тарихшылары XIX ғасырда Шығыс Рим империясы атауының орнына Византия империясы деген атау берген. Византия халығы өздерін ромей деп атаған) — 395–1453 жылдар аралығында өмір сүрген мемлекет[2][3]. Алғашында «Ромейлер империясы» деп аталған. Византия атауын Батыс тарихшылары XIX ғасырда енгізген.
Сөз төркіні
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Византия империясы» деген терминді алғашқы рет 1557 жылы неміс тарихшысы Иероним Вольф (Hieronymus Wolf) өзінің «Corpus Historiæ Byzantinæ, a collection of historical sources» атты жұмысында қолданған. «Византий» (гр. Βυζάντιον, лат. Byzantium) деген Босфор бұғазы жанындағы б.з.д. 680 жылы іргесі қаланған ежелгі грек қаласы. 324 жылы Рим империясының астанасы осы қалаға көшті де, 330 жылдан бастап Константинополь, ал 1453 жылдан бері Ыстанбұл деп аталды[4].
1648 жылы француз тарихшысының Шарль Дюканждың «Byzantine du Louvre» жұмысында және 1680 жылы «Византия тарихы» жұмысында термин қайталанып, әрі қарай француз ғылымдары: Шарль Луи де Монтескьёнің жұмыстарында жалғасын тапты[5][6].
Ағылшын тарихшыларының арасында терминді алғашқы рет 1857 жылы Джордж Финлей қолданды.
Шығыс Рим империясының тұрғындары өздерін елін «Рим империясы» немесе «Римдіктер империясы» (лат. Imperium Romanum, лат. Imperium Romanorum; гр. Βασιλεία τῶν Ῥωμαίων, Basileia tōn Rhōmaiōn, гр. Ἀρχὴ τῶν Ῥωμαίων, Archē tōn Rhōmaiōn) деп атаған.
Византия құрамы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Византия құрамына Балқан түбегі, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Египет, Киренаика, Месопотамия, Армения, Эгей теңізіндегі аралдар (Кипр, Крит, Родос, т. б.), Қырым түбегі кірді.
Халқы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халқының этникалық құрамы әр түрлі (гректер, дактар, копттар, фракийліктер, сириялықтар, еврейлер, армяндар, грузиндер, тағыда басқа) болды. 4–6 ғасырлар аралығында халқының саны елу миллионнан алпыс бес миллионға дейін жетті. Экономикада, саяси өмір мен мәдениетте гректер үстемдік құрды.
Византия тарихының кезеңдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Византия тарихы шамамен үш кезеңге бөлінеді.
Бірінші кезеңде (4–7 ғасырлардың ортасы) өкімет билігі императордың қолында болды. Ол күшті армия мен флот ұстап, өз шекараларын қорғап, тіпті басқыншылық соғыстар жүргізді. Византия Еуропадағы ең дамыған мемлекетке айналып, саудагерлер Батысқа Шығыстың қымбат тауарларын апарып, қатты байыды. Әсіресе, император I Юстинианның тұсында (527–65) мемлекеттің әскери қуаты артып, төңірегіндегі ұсақ мемлекеттерді өзіне қосып алды. Ол шіркеуге қолдау көрсетіп, сол арқылы Батыс пен Шығыс Рим империяларын қайтадан біріктірмекші болды. Ұлы Жібек жолына үстемдік жасау мақсатында Иранға қарсы Түрік қағанатымен әскери одақ құрылды. Кейбір түркі тайпалары Византия әскеріне қызметке тұрып, Кіші Азияға, Кавказға, Балқан түбегіне қоныстана бастады. Бірақ Юстинианның мұрагерлері билікті ұстап тұра алмады. 7 ғасырдың аяғында I Юстиниан тұсындағы ел аумағының үштен бірі ғана қалды.
Екінші кезеңде (7 ғасырдың ортасы — 13 ғасырдың басы) Византия бірте-бірте грек-славян мемлекетіне айналды. Жерінің кішірейгеніне қарамастан, ол Жерорта теңізіндегі ең қуатты державалардың бірі болды. Бірақ 1204 жылы крестшілер Константинопольді басып алғаннан кейін, Византия біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты.
Үшінші кезеңде (1204–1453) Византияның крестшілер жаулап алған бөлігінде Латын империясы (1204–61) құрылды. Қалған бөліктерінде Никей империясы (1204–61), Трапезунд империясы (1204–1461), Эпир мемлекеті деген тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олар Латын империясына қарсы үздіксіз соғыс жүргізді. Онда Никей империясы шешуші рөл атқарып, 1261 жылы Михаил VІІІ Палеолог Константинопольді басып алып, Византияны қалпына келтірді. Бірақ Трапезунд пен Эпир мемлекеттері оған қосылмай, дербестіктерін сақтап қалды.
14 ғасырдың басында түріктер Византияның Кіші Азиядағы иеліктерін толығымен басып алып, Балқан түбегіне шабуылдаумен болды. Олар 1453 жылы 29 мамырда Константинополь қаласын басып алды. 1461 жылы түріктер Трапезунд империясын да басып алғаннан кейін, Византия империясы өзінің өмір сүруін тоқтатады. Оның территориясы толығымен Осман сұлтандығының құрамына енді.
Рим империясының екіге бөлінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Рим империясының шығыс аймақтары экономикасының даму деңгейі жағынан варварлар шапқыншылығынан зардап шеккен батыс аймақтардан әлдеқайда алда болды. Сол себепті император І Константин б.з. 324 жылы астананы Рим қаласынан Босфор бұғазындағы Византий деген шағын калаға көшірді. 330 жылы ол қаланың аты Константинополь (Жаңа Рим) деп өзгертілді.
395 жылы Рим империясы ресми түрде Батыс және Шығыс болып екіге бөлініп кетті. Константинополь Шығыс Рим империясының астанасы болып калды. Бұл қала бұрын Византий деп аталғандықтан, Шығыс Рим империясы тарихта Византия империясы деп те аталады.
Византия империясы Еуропаға, Азия мен Африкаға дейін созылып жатты. Оның құрамына Балқан түбегі, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Египет, Месопотамия мен Арменияның біраз бөлігі, Жерорта теңізінің шығысындағы аралдар мен Қырымдағы, Кавказдағы иеліктер кірді. Халықтың құрамы ала-құла болды: гректер, еврейлер, арабтар, иллирийліктер, дактар, армяндар, грузиндер т. б. Латын халқы азшылық болса да VII ғасырға дейін латын тілі мемлекеттік тіл болды. Кейін оны грек тілі ығыстырды. Шығыс Рим империясы ерте орта ғасырда Батысынан әлдеқайда бай болды. Империяны Египет пен Фракия астықпен қамтамасыз етіп отырды. Қалалары қаңырап, бос тұрған Батыс Еуропаға қарағанда Византияда тіршілігі қайнап, қолөнері дамыған, сауда орталығына айналған Александрия, Антиохия, Иерусалим, Константинополь сиякты қалалар көп болды. Аз уақыттың ішінде үлкен де бай қалаға айналған Константинополь Шығыс пен Батыс арасындағы «алтын көпір» атанды. Бұл қалада әлемнің түкпір-түкпірінен — Қытайдан, Түрік қағанатынан, Ираннан, Үндістаннан, Батыс Еуропадан, Африкадан келген саудагерлерді кездестіруге болатын. Византияның алтын ақшасы — номисма барлық елдерде ең сенімді ақша болды.
Византия империясының жері құнарлы, ауа райы егіске қолайлы еді. Сол себепті империя аймактарында жылына 2-3 рет өнім жиналатын. Егіншілікпен қатар Византияда бау-бақша өсіру кең өріс алды. Суармалы жерлерде жүзім, зәйтүн, құрма, көкөністер өсірілді. Мал шаруашылығы да жаксы дамыды. Византияның ауыл шаруашылығында құл еңбегінен гөрі ерікті жер иеленушілер мен шаруалар қауымдары еңбегі басым болды. Сондықтан да Византиядағы ауыл шаруашылығы Батысқа қарағанда едәуір жоғары деңгейде дамыды.
Өкімет билігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мемлекеттігі жағынан Византия империясы бір адамның шексіз билігіне бағындырылған монархия болды. Барлық өкімет билігі василевстің (византиялық император атағы) колына шоғырланды. Ол өзі жоғарғы сот болды, сыртқы саясатты жүргізді, заңдар шығарды, әскерді басқарды. Оның билігі құдайдың әмірімен берілді деп саналды. Император «құдайдан ғана кіші, құдайдан кейінгі бірден-бір басшы» болды. Жұрт құдайдан кейін императорға табы- натын. Ол Шығысқа тән сән-салтанат құшағында өмір сүрді. Император билігін мұрагерлікпен иелену заң жүзінде бекітілмеді. Сондықтан шамасы келген бүлікші жеңіске жетіп, тақты басып алса, заңды мемлекет басшысы болып шыға келетін.
Византия қоғамында «димдер» деп аталған саяси партиялардың ықпалы зор болды. Олардың ішінде, әсіресе венеттер («жасылдар») мен прасиндер («көктер») партиялары ерекше оқшауланатын. 532 жылы осы партиялардың басшылығымен болған Ника («жеңу») көтерілісі әрең дегенде басылды.
Юстиниан императоры және оның заңдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Византия империясының күшейген кезі I Юстиниан (527-565) билік құрған кез болды. Өте білімді, еңбеккор, батыл, қатал әрі бірбеткей бұл адам Рим империясын қалпына келтіру үшін күресті. Бірнеше соғыстар нәтижесінде Юстиниан Италияны, Солтүстік Африканы, Испанияның оңтүстік-батысын өз империясына қосып алды. Оның билігі кезінде империя Славяндар шапқыншылығына тойтарыс беріп отырды. Сасанилік Иранмен қырғын соғыс жүргізді.
Юстиниан билік кұрған кезде христиан діні үстемдік жағдайға ие болып қана койған жоқ, ол бірден-бір мемлекеттік дін деп жарияланды. Христиан шіркеуі императорлардың одақтасына, мемлекеттің тірегіне айналды. Империя ынтымағын нығайтқан дін бірлігінің нышаны ретінде I Юстиниан 532-537 жылдары Константинопольде Әулие София храмын салғызды.
VI ғасырдың аяғынан бастап Византия шіркеуінің ең жоғарғы басшысы Константинополь патриархы болды. Императорлар шіркеулерге жер бөліп беріп отырды, оларды салықтан босатты.
Византия империясының күшеюі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шығыс Рим империясының Батыстан бір ерекшелігі – Византия халықтарының бәріне бірдей ортақ әрі міндетті заңдар мен құқықтар негізінде өмір сүруі болды. Юстиниан билігі кезінде жазылған «Азаматтық құқықтар жинағы» - византиялық заң шығарушылық ой-пікірдің жетістігі. Ол зандар императордың шексіз билігін, құл иеленушілік құрылысты нығайтуды, меншік құқын қорғауды көздеді. Сондай-ақ жеке меншікті корғау, мұрагерлікті реттеу, отбасы құқын сақтау, сауда-саттықты дамыту жолдары тұжырымдалды. Юстиниан заңдары император билігін, Империяны басқаруды нығайтты, экономиканың дамуына үлес қосты.
VIII-IX ғасырларда Византияны иконға қарсы күрес әлсіретті. Ол күрес халық бұқарасының шіркеу байлығына, дінбасыларының бұзылғандығына қарсы наразылығын білдірді. 843 жылы иконға табынушылық кайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, иконға қарсы күрес нәтижесіз аяқталды.
VII ғасырдың аяғында Византия василевстерінің қолында I Юстиниан тұсындағы державаның үштен бірі ғана қалды. Осы кезде Византия құл иеленуші империядан феодалдық мемлекетке айнала бастады. Империядағы феодалдық қатынастар Х-ХІІ ғасырларда түпкілікті орнады.
Славяндардың шапқыншылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]443 және 447-448 жылдары Аттила (Еділ) басқарған ғұндар Византияға жорық жасап, оны салық төлеп тұруға мәжбүр еткен еді. V ғасырдың аяғынан бастап Шығыс Рим империясына солтүстіктен славян тайпалары қауіп төндірді. Олар Дунайдан өтіп, тіпті Константинопольге дейін жорықтар жасап отырды. VI ғасырдың аяғына қарай славян тайпалары Византия жеріне басып кіріп, Фракияда, Солтүстік Македонияда орнығып алды. VII ғасырдың 70-жылдарында Византияның солтүстік-шығысында алғашқы Славян мемлекеті — Болгария патшалығы құрылды.
Византияға славяндардың келіп орналасуы феодалдық катынастарға өтуге алып келді. Византия империясының негізгі тұрғындарын ерікті шаруа қауымдары құрады.
VIII ғасырдың аяғында Византияға тағы да бір славян тайпасы — орыстардың шапқыншылығы басталды. Олар қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы Византия елдеріне шабуыл жасап тұрды. 860 жылы орыстар Константинополь қаласына дейін келді. Византиямен келісім жасап, кері қайтты. 907 жылы орыстар тағы да астана маңындағы елді мекендерді тонап кетті. 941 жылы Константинополь түбінде орыстар «грек отының» көмегімен талқандалды. 971 жылы византиялықтар орыстарды Болгариядан қуып шығарды. 988 жылы Киев Русі Византиядан христиан дінін қабылдады. Тек осы кезден кейін ғана екі елдің арасында достық қатынастар басталды.
Арабтар шапқыншылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]VII ғасырдың 30-жылдарынан бастап Византияға арабтар қауіп төндірді. Арабтар Византиядан оның ең бай жерлерін — Сирияны, Палестинаны, Жоғарғы Месопотамияны, Египетті тартып алды. Араб әскерлері Константинопольді бірнеше рет қоршап, шабуылдағанымен, оны басып ала алмады. арабтардың Византия жерін оңай басып алуына негізінен аймақтардағы халықтардың жоғары алым-салыққа наразылығы себеп болды. Олар арабтарды өздерінің азат етушісі ретінде карсы алып отырды.
VII ғасырдың аяғында арабтар Византияның Солтүстік Африкадағы жерлерін де тартып алды. Сыртқы шапқыншылықтар салдарынан империя аумағы үш есе кеміді. Тек VIII ғасырдың ортасында ғана Византия арабтарға қарсы күресте біраз жеңістерге жетіп, Сирияға басып кірді[7].
Арабтардың жорығынан кейін қол астында тек Грекия жерлері мен Анадолы түбегі қалды.
Византия империясының маңызы және оның тарихта қалдырған ізі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Рим құқығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Рим империясы екіге бөлінгенде оның діні және тілі де бөлінген. Батыста католиктер латын тілімен, Шығыста православ діні грек тілімен. Рум құқығы да енді Шығыста нығая бастады. Шығыс империясы Батысы құлаған соң тағы бір мың жылдай болатын. Оның тарихы өте қызықты, бірақта, бізге десек, оның ішінде император Юстинианның кезеңі ең маңызды болып шықты.
Юстиниан, басқа императорларға қарасақ, өте ақылды, білімді және мәдиниетті кісі болған. Оның жұбайы да Феодора өз күйеуіне көп көмек көрсетті. Жақсы әйел ерді ер қылады, ал жаманы жер кылады деп осыған айтқандай болды. Император Юстиниан өзіннен кейін көп ескерткіштер қалдырды. Оның біреуі — Константинопольдің Әулие Софияның діни ғимараты, ал екіншісі — Corpus Juris Civilis – Юстинианның кодексі, Рум құқығының ең толық және ыңғайлы заңдар жинағы. Осы екі Юстинианның ескірткіштері әлі де тұр.
Юстиниан және оның ұрпақтарынан тағы біздерге өте қызықты кодекс қалған. Ол Кодекс Куманикус — ең бірінші латын-қыпшақ сөздігі.
Арғын-қыпшақтарды румдықтар кумани деп атаған. Византияда арығын-қыпшақтар тұрған екені де тарихта сақталған.
Бірақта, Византия да империя болғаннан соң оның өмірінің жылдары саналған. Көне орыстар, қыпшақтар тағы басқа нығая бастаған елдер Византияға көп шабуыл жасаған. Бара-бара қыпшақтардың туыстары Осман түріктер бұл империяны жойып қалдырды. Осы жағдай б.з. 1453 жылда болыпты. Византия-Шығыс Рум орнана жаңадай Османдар өз империясын құрды, Константинополь енді Ыстанбұл аталатын болды. Осман империясы да өз кезеңінде құлаған[8].
Архитектурасы мен бейнелеу өнері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Византияның архитектурасы мен бейнелеу өнері 6-ғасырда Ежелгі Рим империясының құрамына енген елдердеің өнері негізінде калыптасты. Византияда тұңғыш дамыған орта ғасырлық өнердің приниптері (шіркеу, одағы әулиелердің бейнесі) онымен көрші елдерге де зор әсерін тигізді. Мұнда құрылысы жағынан күрделі, еңсесі биік талай тамаша ғимараттар бой көтерді. Олар Равеннадағы әлие Сан-Виталидың күмбезді шіркеуі (526-547), Сирияның Кальб-Лузех қаласындағы базилика (480 ж.ш.), Константинопольдегі әулие Софияның алып күмбезді базиликасы (532-537) т. б. 9 ғасырдан бастап крест-күмбезді ғибатханалар пайда бола бастады; Хосиос Лукас монастырының (10-11 ғ.), Константинопольдегі Феодордың (11 ғ.), Салнокидегі Апостолдар (1312-1315) шіркеілері мен Мистр монастырьлық комплексі (13-15 ғ.) т. б. бекіністер мен сарайлар да көптеген салынды. Византия бейнелеу өнері бояуларының ғажайып әсерлілігімен, бейненің әрі дәл, әрі мәнділігімен ерекшеленеді. мұндай ерекшеліктер монументті шығармаларды ьасты орын алған (Равеннадағы Витали, Никеядағы Успени шіркеулерінің, Дафни және Хор монастырьларының мозаикалары, Константинополь фрескалары т.б.). Сонымен бірге икон өнері (иконопись) мен кітап көркемдеу өнері де өркендеді. Византия мүсін өнері тас, піл сүйектерін әрлеп жасау түрінде кең тараған.
Византияның архитектурасы мен бейнелеу өнері адамзат мәдениетінің дамуына зор әсерін тигізді. Мұнда құрылысы жағынан күрделі, еңселі ғимараттар бой көтерді. 9 ғасырдан бастап крест күмбезді ғибадатханалар пайда болды. Бейнелеу өнері бояуларының ғажайып әсерлілігімен, бейненің әрі дәл, әрі мәнділігімен ерекшеленді. Сонымен бірге икона салу өнері (иконопись) және кітап көркемдеу ісі де өркендеді. Мүсін өнері, тас, піл сүйектерін әрлеу де кең қанат жайды. Ақсүйектер арасында орган музыкасын тыңдау дәстүрге айналды. Кейіннен Византия мәдениетінің кейбір элементтері христиан дінімен бірге Шығыс Еуропа елдеріне ауысты.
Музыкасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Византия империясы кезінде (4 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың ортасында) өкімет билігі императордың қолында болды да, мұның өзі шіркеу музыкасының өмірлік музыкамен ұқсастығын, байланысын күшейтті: мейрамдарда, салтанатты сарайдағы қабылдауларда ән шырқалып, аспаптық музыка ойналды. Ақсүйектердің күнделік өмірінен орган музыкасы орын алады (7 ғасырда ол Византиядан Батыс Еуропаға тарайды), аккламациялар (құттықтау әндер), антифон (діни әндер) құттықтау әндер, беташар шығады. Түрлі ұлт музыкасының негізінде (сирия, грек, славян, еврей т.б.) византия гимндерінің (діни әндерінің) мелодиясы туындайды. Византия музыкасы невмалармен (ескілікті нота жазу түрі) жазылды. Шығыс Еуропа халықтары Византиядан христиан дінін кабылдаумен бірге оның музыкасының принциптерін де ұстанды.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Балалар энциклопедиясы, III-том
- ↑ Halsall, Paul Byzantium. Fordham University (1995). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 21 маусым 2011.
- ↑ Үлгі:Harvnb; Үлгі:Harvnb: «But from the start, there were two major differences between the Roman and Byzantine empires: Byzantium was for much of its life a Greek-speaking empire oriented towards Greek, not Latin culture; and it was a Christian empire».
- ↑ История человечества (русскоязычная версия), ЮНЕСКО, т. 3, стр. 273
- ↑ Fox, What, If Anything, Is a Byzantine?
- ↑ John Rosser, 2011
- ↑ Орта ғасырлардағы дүние жүзі тарихы. - Алматы: Атамұра, 2007. ISBN 9965-34-625-9
- ↑ С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. Тарих және құқық институты, М. Тасболатов, Рум құқығы (студенттерге арналған оқу құралы)