Мазмұнға өту

Вагон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Вагон

Вагон(франц. wagon, ағылш. waggon — арба) — релiсті жолмен қозғалатын көліктің құрамдас бөлігі. Әдетте, локомотивке тіркеледі. Сондай-ақ, өзіндік жетегі бар вагондар да (моторлы вагон, трамвай вагоны, т.б.) болады. вагон жүк және жолаушылар тасуға қолданылады. Вагонның ең алғашқы нұсқасы ағаш шабақты жолмен жүретін. Оны жұмысшылар итеретін не атпен сүйрейтін. Мұндай вагондар тау-кен кәсіпорындарында қолданылды. 1786 ж. ирландиялық Р.Л. Эджуорт осындай арбалардан пойыз құрастыруды ұсынды. Вагонды одан әрі жетілдіру темір жол салумен байланысты дамыды. Ең алғашқы темір жол Лондон маңында салынды. Салмағы 92 т үш вагонды бір ат сүйреп жүргізді. Жүк таситын 12 вагоннан, жолаушы таситын 21 вагоннан құрылған бу күшімен жүретін темір жол құрамасы (тіркемесі) Стоктон мен Дарлингтон (Англия) аралығында 1825 жылы сыннан өткізілді. Англиядағы МанчестерЛиверпуль темір жолының ашылуына байланысты (1830) вагон жасаудағы жетістік көп елдің жол мамандарына көрсетілді. Ресейде жүк және жолаушылар таситын алғашқы вагондар 1846 ж. Александров зауытында жасалды. Жүк көтергіштігі 6,5 — 10 т В-дар (2 өсті) 1855 ж. жасалды. 1866 ж. Санкт-ПетербургМәскеу жүрдек пойызында жайлы вагондар қолданыла бастады. Жолаушылар таситын вагондардың (2, 3 және 4 өсті) рамасы мен қорабы ағаштан жасалды. Олар пешпен, ыстық сумен немесе бумен жылытылды, жарық беруге әртүрлі жарық көзі пайдаланылды. Жолаушылар таситын вагондардың барлығы дерлік автоматты тежеуішпен, винттік тіркеуішпен және буфермен жабдықталды. 1905 ж. жүк таситын вагондардың жүк көтергіштігі 15 т-ға, ал 1911 жылы 16,5 т-ға дейін арттырылды. 19 ғ-дың соңғы жылдарында вагонның жаңа түрлері жасалумен бірге әртүрлі құралымды вагондар шықты. Жолаушылар таситын вагондардың негізгі типтеріне: жолаушылар, пошта мен қол жүктерін таситын, сондай-ақ арнайы мақсаттарға арналған вагондар (санитарлық, лабораториялық, т.б.), ал жүк таситын вагондарға: жабық, жартылай вагондар, платформалар, цистерналар, изотермиялық вагондар және арнайы жасалған (ауқымы өте ірі және ауыр салмақты жүктерді, сусымалы заттарды, т.б. таситын), сондай-ақ, т. ж. көлігінің қажетін өтеуге арналған вагондар (ұстаханалар, өртсөндіргіш вагондар, т.б.) жатады. Аса ауыр жүктерді тасу үшін вагондардың (8, 12, 16 және 32 өсті) ерекше түрі — транспортерлер де (жүк көтергіштігі 250 т-дан 500 т-ға дейін) пайдаланылады. Вагондардың тізбегінен темір жол құрамасы құралады. Вагон, негізінен, жүрістік бөліктен, рамадан, қораптан және тежеуіш тетіктерден тұрады. Жүрістік бөлігіне қос доңғалақ, букса (локомотив не вагон өсі ішпектерінің (подшипниктерінің) шойыннан немесе болаттан құйылған қорабы), рессор, буксалық бағыттауыштар кіреді. Вагонның тежеуіш тетіктері пойыздың қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде реттеу немесе оларды тоқтату қызметін атқарады. Жолаушылар таситын вагондардың барлығы және жүк таситын вагондардың біразы автоматты тежеуішпен қатар қол тежеуішімен де жабдықталған. Республикамызда көбіне жүк көтергіштігі 60 және 62 т жабық вагондар (4 өсті), сонымен қатар жүк көтергіштігі 95 т жартылай вагондар (6 өсті) және жүк көтергіштігі 125 т вагондар (8 өсті) пайдаланылады. Қазақстанда вагон жөндейтін 2 ірі зауыт бар. Оның бірі жолаушылар вагонын жөндейтін зауыт (Алматыда), екіншісі — жүк вагонын жөндейтін зауыт (Астанада). Шахтада, карьерде, құрылыс алаңында, зауыт ішінде көлік ретінде жақын ара қашықтыққа (0,5 — 2 км) әртүрлі жүктер мен адамдарды (6 — 18 адам) тасуға арналған сыйымд. шағын (0,35 — 9,5 м3) вагонеткалар қолданылады. Көптеген вагонеткалардың жүк көтергіштігі 1 — 2 т, кей жағдайда 8 — 10 т-ға дейін жетеді. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том