Ақтұйғын

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Ақтұйғын[1] - қаршыға тұқымдастарына жататын жыртқыш құстардың ішіндегі ең қыран құс. Негізігі аты - тұйғын, қазақ құсбегілері түсінің аппақ болып бітуіне орай көбінесе - "ақтұйғын" деп атайды. Оның жоны ақ, дене бітімі жұп-жұмыр болып келеді. Қазақстанның шөлейт өлкелерінен басқа өңірлерде сирек те болса кездеседі.[2]

Тұйғынның қаршығадан түр-түсінің өзгешелігі болмаса, қанат құйрығының жаратылысы мен сүйек бітімінде айырмашылық шамалы. Алайда, қазақ құсбегілерінің арасында қаршығадан гөрі тұйғын көбірек қадірленеді. Ол қаршығаға қарағанда шалымды келеді. Егер қаршыға мен тұйғынды құсқа қатар жіберсе, қаршыға жер ортаға жеткенше тұйғын нысана еткен құсын бір түйіп үлгереді. Тағы бір ерекшелігі сырт тұлғасы дөңгелектеу және қаршығадан кішілеу, сүйкімділеу болды. Ұясын биік жарқабақтарға, жақпар тас кемерлеріне, ағаш басына салады. Кейде әлі жететін құстардың ұясын да пайдаланады. Көп ретте үш жұмыртқа салып, 28-30 күн дегенде басып шығарады. Салмағы 500-1090 грамм шамасында.
Жақсы бап көрген тұйғын үйрек, қаз сияқты құстардан бастап, қарсақ, түлкі, қоян сияқты аңдарды да алады.

Құсбегілер тұйғынды сырт бітіміне орай, түр-түсіне қарай өз ішінде саралап, үш түрге бөліп атайды:

  • тұйғынның сырт жүні мұнтаздай таза, күмістей ақ болса, оны "ақтұнжыр" деп атайды;
  • тұйғынның жоны болмашы қоңырайып, сұрғылт тартып тұратын болады. Оны сонысы үшін "кір тұйғын" дейді;
  • жонынан бастап бой жүніне дейін сұрғылт түс дендеген жоны қоңыр көкшіл тартқан тұйғынды "құл тұйғын" дейді.

Осылайша үш түрге бөліп атағанымен, бұл үшеуінің де сыртқы түсінің айырмашылығы болмаса, қырандық қарымында, сүйек бітімінде де, мінезінде де айырмашылық болмайды. Тұйғын қазақ даласында сирек кездескендікте бұл үш түрінің қайсысы қолға түссе қадірі қаршығадан кем түсепеген.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Шаңырақ. Алматы - 1991. ISBN 5-89800-035-6 (1-й з-д)
  2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2