Мазмұнға өту

Асцидиялар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Асцидиялар
Қазбалық ауқымы: Cambrian "Stage 3"–Recent (but see text)[1]

Ciona intestinalis
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар‎
Кіші жамағаты: Қабықтылар
Табы: Ascidiacea
Blainville, 1824
Orders

Асцидиялар (Ascіdіae) – хордалылар типіне жататын қабықтылар тип тармағының класы. Дүние жүзіндегі барлық мұхиттар мен теңіздерде кездесетін 2 мыңға жуық түрі белгілі. Көпшілік түрлері теңіздердің 500 м-ге дейінгі терең қабаттарында жекелей де шоғырланып та тіршілік етеді. Денесінің ұзындығы 0,1 мм-ден 30 см-ге жетеді. Дене пішіні қапшыққа ұқсас, сыртын қалың туника қабығы (туницин және қышқыл полисахаридтерден түзілген) жауып жатады. Туника қабығының астында бір қабатты тері эпителийі мен екі-үш қабатты ұзына бойы және көлденеңінен орналасқан тері-бұлшық ет қапшығы жатады. Денесінің төменгі бөлігі (табаны) су түбіне бекіп тұрады. Ал жоғарғы бөлігінде бір-біріне жақын орналасқан ауыз және клоака тесіктері (сифон) бар. Жұтқыншағының екі бүйірінде болатын көптеген желбезек саңылаулары желбезек маңы қуысына ашылады. Ауыз тесігі (сифоны) көлемді жұтқыншақпен байланысқан. Ол қысқа өңешпен, өңеш кеңейіп келген қарынға жалғасады. Қарын ішекпен байланысып, клоака тесігіне ашылады. Жұтқыншақ түбінде тербелмелі және безді клеткалардан тұратын сайшасы (эндостиль) болады. Жұтқыншақ ас қорыту және тыныс алу қызметін атқарады. Жүрегі қысқа түтік пішінді, ашық қан айналу жүйесі болады. Асцидиялар қос жынысты, сырттай ұрықтанады. Асцидиялар жыныссыз жолмен де көбейеді. Бұл кезде олардың денесінде бірнеше өскін (столон) түзіліп, жекелей де шоғырланып та тіршілік ете береді. Асцидиялардың көпшілік түрлері өз денелерінде ванадий элементін және клетчатка тектес заттарды жинағандықтан келешекте оларды өнеркәсіптік мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді. Асцидиялардың жыныстық жолмен көбеюін және дамуын орыстың эмбриолог ғалымы А.О. Ковалевский (1866) зерттеп, олардың басқа хордалы жануарлармен шығу тегінің ұқсас екендігін анықтады.[2]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Fedonkin, M. A.; Vickers-Rich, P.; Swalla, B. J.; Trusler, P.; Hall, M. (2012). "A new metazoan from the Vendian of the White Sea, Russia, with possible affinities to the ascidians". Paleontological Journal 46: 1–11. doi:10.1134/S0031030112010042. ISSN 0031-0301. 
  2. Қазақ энциклопедиясы I том