Мазмұнға өту

Ажырасу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ажырасу, талақ айту – некенің бұзылуы.

Ислам дініндегі неке бұзу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шариғат заңы бойынша некенің бұзылуына “талақ” деп үш рет айтса, жеткілікті болған. Егер талақ деп екі рет айтылып келесі некеге дейінгі күтетін мерзімі (ол идда деп аталады әлбетте төрт ай он күн) өтсе, онда қайтадан некесін қиған. Ажырасу кезінде әйелі төркінінен әкелген жасауына (маһрына) өзі иелік етіп, күйеуі идда мерзімі біткенше оны асырап-бағуға міндетті болған. Бұл мерзім ішінде ерлі-зайыпты татуласса, онда ажырасу заңсыз болып саналады. Талақ екі рет айтылып, идда мерзімі өтсе, онда қайтадан неке қиылады, ал үш рет айтылса, онда әйелі басқа ерге некелесіп, одан ажырап, тек содан кейін ғана өз күйеуімен некелесе алады. Ажырасқанда кәмелетке жасы жетпеген балалар анасына қалдырылады.

Күйеуінің өз әйелін соққыға жығып, бір мүшесін мертіктіріп, басын жарып, көзін шығарса, зақым болған мүшесінің құнын (саусақ құны, көз құны және т.б.) төлеткен. Бұл жайт ажырасуға себеп болуы мүмкін. Ал, әйелдің туыстарын балағаттап, намысына тигендігі дәлелденген жағдайда, сүйек сындырған құны, өнерлі әйелдің өнеріне нұқсан келтірген жағдайда, өнер құны тәрізді мәселелер арнайы қарастырылады . Бірақ, бұл ажырасуға себеп бола алмайды[1].

Ертедегі қазақ қоғамындағы неке бұзу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. Себебі, әмеңгерлік институтының болуы, “әйел ерден кетсе де, елден кетпейді” деген дәстүрлі құқықтық сананың ырқы орынсыз неке бұзылуына, жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермеген. Шариғатта да ажырасуды қолдамайды.

Қазақы ортада әдет-ғұрыпқа сай ажырасуға себеп болатын жағдайлар күйеуіне қатысты жағдайлардан туындауы мүмкін: егер күйеужігіт бірге тұруға жарамаса; ол қылмыс жасап, ұзақ уақытқа қамалса; басқа дінді қабылдаса; ұзақ уақыт (3-4 ай) бойы хабар-ошарсыз жоқ болып кеткен кезде әйелдің ажырасу талабын қоя алатын құқы болды. Бұл жағдайлар созылып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыптық құқықтың нормалары бойынша немесе Шариғат жолымен ажырасу мәселесі қарастырылады. Мұндай жағдайлардағы қолданылатын ұстанымдар бір-бірін толықтырып отырады. Негізінде, ажырасу әйелдің төркіні тарапынан жасалған талаптарға байланысты немесе әйелдің өзінің ауыл ақсақалдары мен ықпалды адамдарға немесе билерге шағымдануы негізінде қаралады. Егер әйелі күйеуінің бірге тұруға жарамайды деген шағымы болса, көп жағдайда еріне емделуге, қаралуға үш ай уақыт мұрсат беріледі. Егер ажырасу туралы шағымына себепкер әйелдің мінезі арқау болса, ол шағымды қарастырушылар тарапынан көбіне қабылданбайды, дәлірегі әйелдің «Құдай берген мінезі» ажырасуға себеп бола алмайды[2]

Ішінара әйелдердің ерлерінен қашып кетуі некен-саяқ болса да, кездескен. Қалыптасқан үрдіс бойынша, ажырасу үшін алдымен, әйелі күйеуінен үш рет қашып шығуы тиіс. Үшінші рет қашып шыққаннан кейін, егер ел әйелдің күйеуінен жәбір көргенін растайтын болса не¬месе куәгерлер ері әйелін үйден қуып жіберіп, бірнеше жыл қарамағанын дәлелдейтін болса ғана ажырасуға рұқсат берілді.

Қазақ арасындағы ұстаным бойынша, шариғат ережелеріне сай ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде әйел ажырасуға себеп емес. Қазақы түсінік бойынша, әйел кінәсіз болған жағдайда, оның пайдасына (ортақ) мал мүлкінен арнайы үлес бөлініп берілді. Оған қоса әйелдің күнделікті өмірде пайдаланған тұрмыстық заттары қоса берілген. Ажырасқан кезде кінәсіз деп танылған әйелге тиетін мұндай үлесті ақымар деп атаған. Ақымар малдай, жылжымайтын мүліктей немесе ақшалай да берілген.

Қазақстандағы неке бұзу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан Республикасында ажырасу мәселелері қолданыстағы неке және отбасы туралы заңдардың нормаларымен реттеледі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Уәлиұлы Н. Әйелдердің мифтік санадагы бейнесінің паремиологизмдердегі көрінісі (репрезенттелуі) // Жалпы тіл білімі және түркі тілдерінің өзекті мәселелері. Конференция мате¬риалы. Астана, 2010
  2. Гродеков ПЛ. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Том I. Юридический быт. Ташкент. 1889; Нива, 1894. №2; РВ. 1878. №9; П. Обычай киргизов Семипалатинской области // РВ. М., 1878. №9