Үйлену тойы
Үйлену Тойы — жігіттің некелесуіне байланысты өз үйінде ұйымдастыратын той-думаны. Мұны кейде келін түсіру тойы деп те атайды. “Үйлену” деген атау еркектің әйел алып үйлі болуына, жеке түтін түтетіп, отау тігуіне байланысты қалыптасқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұзатылатын қызға міндетті түрде отау (киіз үй) тігіп беретін, яғни жігіт әйел алып, неке құрумен бірге үйлі болып бөлінетін. Сондықтан да осы қуанышқа байланысты ұйымдастырылатын мереке Үйлену тойы деп аталған. Оның барысында түрлі жосын-жоралғылар (қ. Беташар; Той; Салт-дәстүр) жасалып, тойшылар рухын, көңіл-күйін көтеретін бәсеке, сайыстар, сауық думандар өткізілген (қ. Ұлттық ойындар). Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Олар ұрпақ болашағын, келешегін ескеруден туындаған. Ата-ана екі жасты үйлендірмес бұрын жігіт қалыңдықты туыстық араға жеті ата салып іздестіруін, жастарының ерекшелігін ескеріп отырған. Үйлену тойы алдында құда түсіп, жаушы жіберген. Құда түсу, ұрын тойын өткізген. Құдалар бір-біріне есік көрсеткен. Қалың малын алып, жасауын берген. Қыз ұзату тойынан кейін Үйлену тойы, яғни келін түсіру тойы өткізілген. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шашу шашып қарсы алған. Кімде-кім көш бастар түйенің бұйдасын қабылдап алып ауылға жетектеп енсе, “мұрындық апа” атанып, тиісті сыйлығын алған. Ауыл адамдары жүкті түсіріп, ақ отауды әке үйінің оң жағына тігеді. Мұнда жас отау шаңырағын көтеруге балалы-шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана таңдалады. Отау дайын болған соң, ауыл шетінде хабар күтіп тұрған келінді шымылдықпен бүркемелеп, ана-енесінің үйіне түсіреді. Жас келінді босағадан оң аяқпен аттатқызып, үш рет сәлем бергізеді. Ошақтағы отқа май құю рәсімі жүргізіледі. Келінді қарсы алған қыз-келіншектерге түрлі сыйлықтар (жүзік, білезік, т.б.) үлестіріледі. Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата бергенде ақ отауға сыбаға жіберіледі. Жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Беташардан соң сауық-сайран басталады. Тойдан соң құдаларға киіт кигізіп, ат мінгізіп құрметпен шығарып салады.
Кезеңдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Қыз таңдау: Бойжеткеннің тал бойынан табылуға тиіс қасиеттер бағаланған соң, жігіттің қасындағылар оның әке-шешесіне сездіреді.
- Қыз айттыру: Жігіт әкесі қыз үйінің төріне қамшысын іліп, "қызыңның қарғыбауына" деп бір жорға байлатады. Бойжеткенге үкілі тақия, сырға, сақиналар сыйланады.
- Жаушы жіберу: жаушы шалбарының бір балағын етігінің қонышының сыртына шығарып, екінші балағын қонышқа сұғындырып, ақ түсті атқа мініп, қыздың үйіне келіп "қарағым көрпе сал" деп бұйырады. Қыз үйі жаушыға "шеге шапан" кигізеді.
- Құда түсу тойы: жігіттің туған-туысқандары құдалыққа қыз ауылына барады. Мал сойылып, оның бауыздау қанына құдалар қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. Құйрық-бауыр жегізу, құда тарту, ұн жағу т.б. орындалады.
- Есік-төр көрсету тойы: қыздың туған-туысқандары жігіт ауылына қарсы тойға барады. Құда түсу тойындағы кәделер қайталанады.
- Ұрын той: күйеу баланың қалыңдылығымен кездесуіне мүмкіндік туғызу үшін ұрын той өткізіледі. Ентікпе, шатыр байғазысы, балдыз көрімдігі, қыз қашар, күйеу үйге кірере, кемпір өлді, шымылдық ашар, төсек салар, қызқұшақтатар, шаш сипар, көрпе қимылдатар кәделері алынады.
- Қыз ұзату тойы: ат байлар, құдай жолы, шаңырақ көтерер, уық шаншар, туырлық жабар, түндік жабар, үзік жабар, бау-шу байлар, отау байғазысы кәделері алынады. Қыз бен жігіт ақ отауда оңаша кездеседі. Некесі қиылады. Түрлі ойын-сауық өткізіледі. Жар-жар айтылады. Қыз аттанарда "сыңсу" айтады.
- Келін түсіру тойы: "Беташар" айтылады. Той, негізінен, қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |