Мазмұнға өту

Қопарылыс

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қопарылыс[1] - белгілі бір шектелген аумақта өте мол энергия бөліп шығаратын процесс.

Қопарғыш заттар қопарылы әсерінен лезде бір күйден екінші күйге ауысып, аса қызған жоғары қысымдағы газға айналады, әрі бастапқы көлемін мыңдаған есе ұлғайтып, айналасындағы заттарға кенеттен әсер етеді, қиратады немесе оларды қозғалысқа келтіреді. Қопарылыстың ең жиі қолданылатын түрі – химиялық қопарғыш заттар қопарылысы. Қопарғыш заттар сыртқы әсерлер (мыс, оттың, механикалық соққының, детонацияның, т.б.) нәтижесінде тез арада химиялық өзгеріске түсіп, молекулалардың арасындағы байланыс энергиясы жылу түрінде бөлінеді. Белгілі бір көлемдегі заттың кез келген нүктесіндегі химиялық өзгерістен туындаған жылу лезде қопарғыш заттан тысқары шығып үлгірмейтіндіктен, температура артады да, процесс үдеп жылулық қопарылыс пайда болады. Заттың соққы толқынымен сығылған қабаты химиялық ыдырауға бейім келеді.

Атом ядроларының бөлінуі кезінде ядролық қопарылыс туады. Мұнда бір атом ядросы бөлшектену арқылы екінші бір элементтердің ядросына айналады да, өте мол энергия бөлінеді. Ядролық қопарылыс уран мен плутоний изотоптары ядроларының бөлшектену әсерінен басқа жеңіл элемент ядроларын түзу құбылысына негізделген. Ядролық қопарылыстың екінші бір түрі – жеңіл ядроларды синтездеу реакциясы. Одан бөлінетін энергияның мөлшері ауыр ядролардың бөлшектенуінен туатын энергиядан әлде қайда көп болады.

Күннің хромосфералық жарқылдауы да қуатты қопарылыс болып есептелінеді. Ғарыш кеңістігінде жаңа жұлдыздардың пайда болуы және галактика ядроларының жарқылынан болған қопарылыс бірнеше сағат ішінде шамамен 1038 – 1050 Дж энергия бөледі. Қопарылыстардан бөлінетін энергия қоры қопарғыш заттың бойында молекулалық не ядролық байланыс ретінде ұшырасады. Сыртқы энергия әсерінен физикалық қопарылыстар туындайды. Оларға:

  1. кез келген ортада өтетін қуатты электр разряды. Бұл разряд өзі өткен ортаны қыздырады әрі жоғары қысымды иондалған газға айналдырады;
  2. металл өткізгіштерден өте күшті ток өткенде жоғарыдағыдай құбылыс (металл бірден буға айналады) байқалады;
  3. жоғары қысымдағы газ баллондарының (жабулы қазандар, сұйық не балқыған зат құйылған түтіктер, т.б.) қопарылуы;
  4. жоғары жылдамдықпен (ондаған км/с) қозғалған қатты денелердің соқтығысуы, т.б. мысалдар бола алады.

Табиғатта қопарылысты әр түрлі құбылыстар тудырады. Мыс, найзағай жарқылындағы қуатты электр разряды, жанартаудың кенет атқылауы, аспаннан Жер бетіне метеориттің құлап түсуі. Қопарылыстың қолдан жасалатын жасанды түрлері кен қазу мен барлау істерінде, құрылыс (үлкен су бөгеттерін, жолдар, туннельдер, т.б.) жұмыстарында кең қолданылады.[2][3]

Пайдаланған әдебиетттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007 жыл.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0
  3. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0