Қаражидек
Қаражидек | ||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||||||
| ||||||||||||||||||
түрлері | ||||||||||||||||||
145 түрі белгілі |
Қаражидек (Vaccіnіum) – қаражидектер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдікьер тегі.
Қазақстанның таулы, орманды және далалы аймақтарында өсетін 3 (итбүлдірген, көкжидекті Қаражидек және қаражидек) түрі бар. Бұлардың Биіктігі 15 – 40 см-дей. Ашық жасыл түсті бұтақты өсімдіктер. Ұсақ та сопақша келген жасыл түсті жапырақтары кезектесіп орналасады. Гүлдері қос жынысты, қызғылт жасыл түсті, шар тәрізді болады. Мамыр – маусымда гүлдеп, қыркүйекте жемісі піседі. Жемісі – жұмыр келген қышқылдау дәмі бар қара жидек (миуа). Қаражидек миуасының құрамында 87% су, 7% қант (оның 1%-дайы сахароза, 2%-глюкоза, 4%-дай фруктоза) болады. Ал жапырақтарында илік заттар, арбутин, гидрохинон, С витамині, түрлі спирттер мен органикалық қышқылдар және эфир майы бар. Емдік мақсатта Қаражидектің миуасы мен жапырағын пайдаланады. Қаражидек миуасының тұнбасымен асқазан мен ішек қабынуын, іштің қатуын, бүйрек пен қуыққа тас байлануын, радикулит пен ревматизмді емдейді. Франция лабораториясында жасалған тәжірибелер Қаражидек миуасының адам көзінің көру қабілетін арттыра алатынын анықтаған. Қаражидек жапырақтарының тұнбасы асқазан сөліндегі қышқылды көбейтеді, қан тоқтатады, несеп жүргізеді, сондай-ақ диабетке шалдыққан адам қаны мен несебінің құрамындағы қантты азайтады.[1]
Өсімдік туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қаражидек – аршагүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық бұталы өсімдік. Биіктігі 10-50 см аралығында болады. Құнарлы және жарығы мол жерлерде жақсы өседі. Тік сабақты, жапырақтары жұмыртқа пішіндес сопақтау, жиектері аратісті. Мамыр, маусым айларында гүлдейді. Гүлдері жасыл-күлгін түсті, қысқа гүлсағақта орналасқан. Хош иісті. Гүлдерінің хош иісі жеміс-жидектерді тозаңдандыратын жәндіктерді, әсіресе, араларды өзіне тартады, сондықтан қаражидекті бал өсімдігі деуге болады. Жемісі шар тәріздес домалақ, диаметрі 5-8 мм, қара және көкшіл қара түсті болып келеді.
Қолданылуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қаражидек құрамында су, ақуыз, көмірсулар, органикалық қышқылдар, калий, натрий, кальций, магний, фосфор, темір, мыс, марганец, кобальт, никель, В1, В6, РР, С дәрумендері, фитонцидтер, өзектер, илікті, пектинді заттар бар. Қаражидектің адам ағзасы үшін пайдасы өте көп. Қаражидектің қаншалықты пайдалы екенін көрсету үшін, мына қызықты деректі келтіруге болады: қаражидек міндетті түрде ғарышкерлердің ас мәзіріне қосылады. Кептірілген күйінде де барлық пайдалы заттарын бойында сақтайтын қаражидектің жапырағы құрамында органикалық қышқылдар, С дәрумені, илік заттар, эфир майы бар. Сондықтан жапырақтарынан жасалған қайнатпаның антисептикалық қасиеті жоғары болады. Диабет ауруы бар адамдарға қаражидек жапырақтарының қайнатпасы және жидегі аса пайдалы. Қаражидек жеген адамның көз тамырының қан айналымы жақсарады. Асқазан қабыну ауруларына, қан аздыққа, жұқпалы іш ауруларына, түрлі инфекцияларға қарсы, бүйрек тасын шығаруға қаражидектің пайдасы өте көп. Қаражидектің жапырақтарын бұқтырып, шайдың орнына ішеді. Сонымен қатар қаражидектен тосап, қайнатпа, шырын алады. Түрлі кондитерлік өнімдерге қосады.
Қаражидек туралы тақпақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қаражидек қап-қара,
Дәмі қышқыл, жеп қара.
Бұтағында тікен бар,
Епті терер тек қана.
Қаражидек киселі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жидекті іріктеп, тазартады, жуады да, елекпен үгеді. Кастрюльге 21/2 стакан ыстық су құйып, құмшекер қосып араластырады. Алынған сиропты қайнатады, содан соң картоп ұнын қосып, тағы бір рет қайнатады. Ыстық кисельге жидек пюресін салып, жақсылап араластырады.
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жидектер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8