Шеміршекті балықтар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Ақ акула

Шеміршекті балықтар (Chondrichthyes) — омыртқалылар класы.


Қазба қалдықтары девонның орта шенінен белгілі. 2 класс тармағы: тақтажелбезектілер (Elasmobranchіі) және бүтінбастылар (Holocephalі), 140-қа жуық туысы, 730 түрі бар. Шеміршекті балықтардың денесінің ұзындығы 6 см-ден 20 м-ге жетеді. Қаңқасы тек шеміршекті, қаңқасының ізбестенгендері (сүйектенбеген) жиі кездеседі. Егер қабыршағы бар болса, ол плакодты (тісшелі). Көпшілігінде ұзынша тұмсығы болады, аузы тұмсығының астында көлденең саңылау сияқты көрінеді. Қанат қалақшалары эластинді талшықтармен бекіген. Құйрық қанаттарының қалақшалары тең емес, үстіңгі қалағы үлкен, 5 — 7 жұп желбезек саңылаулары сыртқа жеке ашылады. Торсылдағы болмайды. Тоқ ішегінде иірлі қатпарлы қақпақшасы, жүрегінде артериалды конусы бар. Ас қорыту және несеп-жыныс жүйелері құрсақ қанаттарының жанындағы ортақ қуыс — клоакаға ашылады. Іштей ұрықтанады. Аталықтарының жұп шағылысу органдары (птеригоподилері) құрсақ қанаттарының сыртқы талшықтарынан дамыған. Шеміршекті балықтар тірі туады (сирек) немесе ұрықтанған жұмыртқа салады (тірідей жұмыртқа туу). Шеміршекті балықтардың ішкі осмостық қысымы негізінен қанда еритін мочевина арқылы реттеледі. Дене қуысы сұйығының қысымы сыртқы ортаға қарағанда жоғары болады. Шеміршекті балықтар негізінен теңізде тіршілік етеді. Бұларды тұщы суға жіберсе, ішкі осмостық қысымы төмендейді де, олар тез өліп қалады. Араларында тұщы суда кездесетін түрлері бар, олар осмостық қысымын сақтау үшін өте көп мөлшерде зәр бөледі. Шеміршекті балықтардың барлығы да жыртқыштар. Бұлардың көп аулануына қарамастан, кәсіптік маңызы шамалы.

Терісі 2 қабаттан тұрады. Сыртқысы - эпидермес, көп қабатты эпителий, ал ішкі - нағыз тері қабаты дәнекер ұлпасынан түзелген. Эпидермисінде безді жасушалар көп. Шеміршекті балықтардың қабыршақты ұсақ бүртікті. Плокоидты (грекше "плакс" - тақташа, "ейдос" - пішінді) қабыршақтармен қапталған. Тақтажелбезектілерге - акулалар мен скаттаржатады. Акулалардың 350-ге жуық түрі бар. Олар мұхиттарда, теңіздерде таралған. Дене пішіндері алуан түрлі. Акулалардың ішінде адамға қауіптісі - сұр акулалар. Олардың кеңінен таралған түрі - жолақ акула. Ол мұхиттардың субтропикалық және тропикалық теңіздерде кездеседі. Скаттардың да 350-дей түрі бар. Денесі жалпақ әрі көкірек жүзбеқанаттары тұмсығымен тұтасып кеткен. Желбезек саңылаулары денесінің құрсақ жағында орналасқан. Олардың көпшілігі су түбінде тіршілік етуге бейімделген. Ең ірі түрі - манта, оның денесі көлденеңінен 6 метрге жетеді. Кейбір скаттардың денесінде электр қуатын шығаратын мүшесі болады. Тұтасбастыларға 30-дай түрлері жатады. Көпшілігі судың терең қабаттарында тіршілік етуге бейімделген. Дене пішіні ұзынша ұршық тәрізді. Терісінде қабыршақтары болмайды. Сырты қалың қабықпен қапталған ұрықтанған уылдырық шашып көбейеді. Баренц теңізінде ұзындығы 1 метрдей еуропа тұтасбасы кездеседі. Олардың көпшілік түрі теңіз түбіндегі жәндіктермен қоректенеді. Кәсіптік мәні жоқ.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Жануарлар әлемінің биологиялық әр түрлілігі (хордалылар), Жұмалиев М.Қ., Бәйімбет Ә.А., , 1 бөлім, Алматы, 2005