Стегозаврал
Стегозаврал (Stegosaurus) – құсжамбасты динозаврлар отрядына жататын, жойылып кеткен бауырымен жорғалаушылар. Стегозаврал Солтүстік Америка, Еуропа және Азия құрлығында юраның соңы, бор кезеңінің басында (шамамен 150 – 100 млн. жыл бұрын) тіршілік еткен. Алғашқы стегозаврал – сцелидозаврлар негізінен артқы екі аяғымен жүріп, ағаш жапырақтарымен қоректенген. Стегозавралдың 8 түрі белгілі. Ұзындығы 6 – 9 метрдей, бас сүйегі денесіне қарағанда өте кішкене, сүйір, тұмсығы ұзын. Әрбір жақ сүйектерінде бір қатарлы 22 – 25 ұсақ тісі, 17 арқа және 4 сегізкөз омыртқасы болған. Мықын сүйегі алға қарай ұзара біткен және имектеу. Алдыңғы аяғы жуан, 5 саусақты, артқы аяғынан (3 – 4) едәуір қысқа. Жон арқасынан құйрығына дейін созылатын жалпақ, үш бұрышты, үшкір қырлы екі қатар сүйек қалқандары болған. Кейбір ғалымдар бұл қалқандарды бір қатарға орналасқан деп есептейді. Қалқандар әрі жылытқыштық, әрі салқындатқыштық қызмет атқарған. Сондай-ақ қалқандары мен құйрығындағы үшкір бүршіктері қорғаныс қызметін атқарады. Стегозавралдың сүйектері Солтүстік Америкадан, Батыс Еуропа, Солтүстік және Шығыс Африкадан, Қазақстанда Алматы облысындағы Жоламан статьясының маңындағы алғашқы бор кезеңінің геологиялық тұнба қабаттарынан табылған.[1]
Пайдаланған сілтеме
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |