Мазмұнға өту

Офицер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Бухара офицері, XX ғасыр

Офицер (нем. offіzіer, лат. offіcіarіus – қызмет бабындағы адам) – Қарулы Күштердегі, полиция мен арнаулы қызмет орындарындағы командалық және басшы құрамдағы адам. Офицер атағы әуел баста мемл. қызметтегі адамдарға берілген. Францияда және басқа еуропа мемлекеттерде тұрақты жалдамалы әскерлер мен әскери-теңіз флоттарының пайда болуына байланысты (16 ғ.) әскери басшыларға офицер атағы берілді. Ресей армиясында офицер шені алғаш рет Петр І патша кезінен енгізіле бастады. Алғашында офицер құрамы ақсүйектерден іріктеліп, кейіннен орта бұқара өкілдерімен толықтырылды. 19 ғ-да Ресей армиясында қызмет еткен алғашқы қазақ офицерлері (Ғ.Жәңгіров, Ш.Уәлиханов, т.б.) пайда болды. Қазан төңкерісінен кейін офицер атағы жойылып, 2-дүниежүз. соғыс қарсаңында қайта енгізілді. Командирлер мен басшы офицерлер әскери атағымен атала бастады. 1991 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін офицерлер дайындайтын оқу орындары құрылып, жаңа киім үлгілері енгізілді. Офицерлер кіші, орта, аға офицерлер болып бөлінеді.

Офицерлер үйі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Офицерлер үйі – әскери және мәдени-ағарту орталығы. 1978 ж. Алматы қаласында арх. Ю.Г. Ратушный, О.Н. Балықбаев, Т.Е. Ералиев, конструктор Н.П. Разин, т.б. жасаған жоба бойынша салынды. Ғимараттың 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінің шығыс жағын ала бой көтеруі әрі осы парктегі “Даңқ” мемориалымен ансамбльдік үндестік табуы – қаланың жаңа бір алаңының негізін жасады. Құрылыстың орта иінінен шығарылған ашық арка мемориал алаңын ұлғайта түскен. Офицерлер үйінің жалпы жобасы бедерлі бұғатпен жабылған алып бағаналар тізбегі сияқты. Бұл ғимараттың салтанат қақпасына ұқсас болуын қамтамасыз еткен. Ақ мәрмәр бағаналар арасына қара сұр габбро-диабаз тасымен қаптау, дөдегенің биік әрі бедерлі болып келуі оған салтанатты сипат береді. Офицерлер үйінің ішкі бөлмелерін әсемдеуге әр түрлі табиғи тастар, алюминий, сәндік пластмассалар, синтет. кілемдер, жасанды бағаналар пайдаланылған. Ғимарат 1991 жылға дейін Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің мәдени-ағарту мекемесінің әдістемелік орт. болды. Қазіргі кезде офицерлер үйі көп салалы қызмет атқарады.

  • Әскери музей,
  • 500 орынды концерт залы,
  • 400 орынды кинотеатр,
  • кітапхана,
  • кино,
  • фото және изостудия,
  • би залы,
  • әр түрлі үйірмелер, т.б. халыққа қызмет көрсетеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 7том