Көпеттау
Көпеттау (түркі. көп тау, парсы: کپهداغ, түрікм. Köpetdag) – Иран мен Түрікменстан жеріндегі тау жүйесі; Түрікмен-Қорасан тауларының бір бөлігі. Көп жері Иранға қарайды, солтүстік шеті Түрікменстан аумағында жатыр. Шығыс, оңтүстік-шығыстан батыс, солтүстік-батысқа қарай 650 км-ге созылған. Ені 40 – 200 км. Көпеттау альпілік тау түзілісінде пайда болған орташа биік жоталар жүйесінен тұрады. Орташа биікт. 1000 – 2000 м, ең биік жері 3117 м (Хезармесджед тауы). Тектоникалық белсенді аймақ, аса күшті жерсілкінулер жиі қайталанады. Климаты құрғақ субтропиктік. Жазы құрғақ, әрі ыстық. Тау етегінде шілденің орташа температурасы 30 С, қаңтарда 1 С. Таудың жоғары бөлігінде шілдеде температура 18 С, қаңтарда –4 С-қа дейін төмендейді. Жылдық жауын-шашын мөлшері төңірегіндегі шөлдерден аз-ақ артық (200 – 350 мм). Жер беті суға тапшы, өзендері жазда тартылып қалады. Тау алды жазықтары мен тау етегі – жусанды-эфемерлі шөл. Таудың төменгі белдеуі – қияқ, қоңырбас өскен шөлейт, 500 – 1000 м биіктікте астық тұқымдас шөптер өскен субтропиктік дала табиғаты қалыптасқан. Таудың ең жоғарғы бөлігі селеулі-бетегелі дала, 2200 м-ден жоғарыдағы тау даласында тау шалғыны өскен. Ылғалды аңғарларда арша мен пісте ағашынан тұратын селдір орман кездеседі. Сынап, күшала (мышьяк), барит кен орындары, көптеген ыстық бұлақ көздері бар. Түрікменстанға қараған беткейінде қорықтар ұйымдастырылған.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |