Кеңес үкіметі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кеңес үкіметі, немесе Кеңестер билігі – бұрынғы Ресей империясында (1917 жылдың 1 қыркүйегінен Ресей Республикасы) Уақытша үкімет қарулы күшпен құлатылған Қазан төңкерісінен кейін орнатылған билік жүйесінің атауы; кейде “Кеңес үкіметі” ұғымы Кеңес Одағындағы жалпы билік жүйесінің атауы ретінде де қолданылады. “Кеңес” (орыс тілінде Совет) сөзі алғаш рет төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы – Жұмысшы депутаттары кеңесі түрінде 1905 – 07 жылғы бірінші орыс революциясы барысында пайда болған.

Кеңес одағының құрылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде солдаттар мен төңкерісшіл жұмысшы табының сайланбалы жетекші органы жер-жерде құрылған Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестеріболды. 1917 ж. 3 – 24 маусымда Санкт-Петербургте Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің бірінші бүкілресейлік съезі өтті. Съезге бүкіл елдегі 305 Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестерінен, олардың 53 аймақтық бірлестіктерінен, 34 әскери бөлімнен – барлығы 1090 делегат қатысты. Съезд революциялық демократия және мемлекеттік билік, 1-дүниежүзілік соғысқа көзқарас, Уақытша үкімет кезінде сайлауы басталған бүкіл елдегі халық сайлаған өкілдер – Құрылтайшылар жиналысына дайындық, Ресейдегі ұлт мәселесі, т.б. өзекті мәселелер туралы баяндамалар тыңдап, талқылады. 320 адамнан құралған Бүкілресей Орталық Атқару Комитетін (ВЦИК) сайлады. 1917 ж. 25 қазандағы (7 қараша) Қазан төңкерісін жүзеге асырған қарулы көтерілісті большевиктер Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің екінші бүкілресейлік съезінің ашылуына орайластырды. Съезге елдегі 402 кеңестен 649 делегат қатысты. Большевик және солшыл эсер делегаттарының саны (550 адам) басым болған съезд 25 – 27 қазанда (7 – 9 қараша) жұмыс істеді. Съезд Уақытша үкіметтің құлатылуын мақұлдады, мемл. билікті өз қолына алғанын жариялады, жер-жердегі билік “Жұмысшылар, солдаттар және шаруалар кеңестеріне берілсін!” деген үндеу, “Бітім туралы”және “Жер туралы”декреттер қабылдады. Сондай-ақ, съезд БРОАК-тің (ВЦИК) жаңа құрамын 106 адамнан (оның 62-сі большевик) сайлап, елді басқару үшін Кеңес үкіметінің үкіметін – Владимир Ильич Ленин бастаған, құрамына тек большевиктер кірген Халық Комиссарлары Кеңесін (Жұмысшы-шаруа кеңестік үкіметін) құрды. Кеңестер билігі Ресейдің өнеркәсіпті қалаларында шапшаң орнады. Уақытша үкіметке адал күштердің қарсылығы басып-жаншылып, кадеттер партиясы заңнан тыс деп жарияланды, оппозициялық басылымдар жабылды. Алайда 1917 ж. 12 қарашада өткен Құрылтайшылар жиналысына сайлауда большевиктер 25% шамасында ғана дауыс алды. Өз талаптары өтпейтін болғандықтан большевиктерден құралған Халық Комиссарлары Кеңесі Санкт-Петербургте ашылған Құрылтайшылар жиналысын 1918 ж. 5 (18) қаңтарда қуып тарқатып жіберді. Халық Комиссарлары Кеңесі, сондай-ақ, олардың жергілікті органдары болып қалыптаса бастаған Жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің атқарушы органдары (совдеп) бұрынғы Ресей империясы құрамында бодандықта болған ұлттардың империя тағы құлағаннан кейін құрған ұлттық мемл. бірлестіктеріне дұшпандықпен қарады. Мыс., олар 1917 ж. 12 (25) желтоқсанда Қазақстанда құрылған Алаш автономиясы мен оның үкіметі – “Алашорда” Ұлт кеңесін танудан бас тартты. Кеңестік биліктің Ташкенттегі өкілдері 1917 ж. 29 қарашада (12 желтоқсан) құрылған Түркістан автономиясының Қоқандағы Кеңесі мен Үкіметін 1918 ж. 19 – 22 ақпанда қарулы күшпен талқандады. Бұл оқиғалар елдің одан әрі екі жарылып, Азамат соғысының шиеленісе түсуіне апарып соқты.

1918 ж. наурызға қарай кеңестік билік бұрынғы Ресей империясы аумағының басым бөлігінде орнады. Банктер, кәсіпорындар мемлекет мүлкіне айналдырыла бастады. Германиямен уақытша бітім жасалды. Ресейдің 2-дүниежүзілік соғыстан шығуы, кеңестік биліктің нығаюы бұрынғы Антанта әскери одағы елдерінің наразылығын туғызып, оның соңы шет ел мемлекеттерінің ақ гвардияшыларға әскери және экон. көмек жасауына әкеп соқты. Кеңестік билікті сақтап қалу үшін большевиктер “әскери коммунизм” саясатына көшті, контрреволюцияға және саботажға қарсы күресетін төтенше комиссиялар (1917 – 22 ж.) құрды, бұқаралық Қызыл Армия ұйымдастырды. Кеңес өкіметінің уақытша төтенше органдары ретінде, Қазан төңкерісі кезеңіндегі әскери-рев. к-ттер тәжірибесін пайдалана отырып, революциялық комитеттер (ревкомдар, 1918 – 20 ж.), сот органдары болып табылатын әскери трибуналдар (1917 – 22 ж.) құрды. Осындай шаралар арқылы Кеңес үкіметі Азамат соғысында жеңіске жетті. Елде жеке-дара партиялық диктатура орнату бағдары айқындала бастады. 3-Бүкілресейлік кеңестер съезінің (23 – 31 қаңтар, 1918) Ресейді Федеративті Республика (РКСФР) деп жариялауына байланысты, 1918 ж. 30 сәуірде Ташкентте РКСФР құрамындағы Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасы (Түркістан АКСР-і, Түркреспублика), 1920 ж. 12 қазанда РКСФР құрамындағы Киргиз (Қазақ) автономиялық кеңестік социалистік республикасы (Қазақ АКСР-і, Кирреспублика) құрылды (1919 жылдан съезге дейін Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет – Қазревком жұмыс істеді). Кеңес үкіметінің Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу жүргізуіне байланысты, 1924 ж. 27 қазанда Түркістан АКСР-і таратылып, қазақ облыстары Қазақ АКСР-іне қосылды. Ол 1936 ж. Қазақ КСР-іне айналды. Алайда орталық Кеңес үкіметі (қ. Кеңес Одағы) одақтас республикаларға дербес билік жүргізу мүмкіндігін берген жоқ. Ресейдегі мемлекттік биліктің сайланбалы органы 1918 – 36 ж. Жұмысшы, шаруа және қызыләскерлер депутаттарының Кеңестері болды. Қазіргі Қазақстан аумағы алғашқыда жекелеген Ресей губернияларының, 1920 – 36 ж. Қазақ АКСР-і ретінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының құрамына қосылатын. Кеңес үкіметінің 1917 – 36 ж. жергілікті және орталық билік органдары – құрамы көп сатылы және ашық дауыс беретін сайлау жолымен қалыптасатын кеңестер съездері болды.

Жұмысшы депутаттары кеңесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жұмысшы депутаттары кеңесі - КСРО-дағы мемлекеттік өкіметтің сайланып қойылатын өкілетті органдар. Ол Ресейдегі 1905-07 ж. революцияда, жұмысшылар ереуіліне басшы орган ретінде, бұқаралық творчествосы нәтижесінде құрылды. Кейбір кеңестер революцияның өрлеу кезеңінде қарулы көтеріліске басшылық ететін органына айналды. 1905-07 ж. кеңестердің тәжірбиесі 1917 ж. Буржуазиялық-демократиялық Ақпан революциясында және Қазан төңкерісінде үлкен рөл атқарды. 1917 ж. Ақпан революциясы барысында құрылған кеңестер пролетариат пен шаруалардың революциялық-демократиялық диктатурасының органдары болды. Петроград жұмысшылары мен солдаттарының үлгісімен Қазақстан еңбекшілері де кеңестер құруға кірісті. 1917 жылдың наурыз – сәуірінде Қазақстан қалаларының көпшілігінде кеңестер құрылды. 1917 жылдың 7 наурызда Әулиеата горнизонының солдаты Тюрин қаласында митинг өткізді. Онда солдаттар мен жұмысшылардың кеңесі құрылды. 1917 ж. 27 және 31 мамырда өткен жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының Сырдария облыстық кеңесі отырысында Әулиеата уезінің II болысынан болыстық атқару комитетінің сайлау кезінде жіберілген бұрмалаушылық жөніндегі шағымдарын талқылаған. 1917 ж. 2 мамырда солдаттар мен жұмысшылар депутаттарының Әулиеата және Бішкек кеңесі бірлескен комиссиясы жазда қуаңшылықтан егіннің және шөптің күйіп кеткенін хабарлап, күзде аштықтан халықты аман алып қалудың шараларын белгілеуді өтінген. 1917 ж. 11 сәуірде солдаттар мен офицерлер депутаттарының комитеті Әулиеата жұмысшылар депутаттар кеңесіне бірікті. Оны слесарь Н.Чернышев басқарды. 1917 ж. 24-25 қыркүйекте жұмысшылар мен солдаттардың Әулиеата кеңесі халықтың талабына сәйкес жалдаптардың қоймаларын тінтіп, асықты ашыққан тұрғындарға таратылып берді. Басмашыларға қарсы күресіп, Кеңес өкіметінің орнығуына аянбай күш жұмсады.

Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнатылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кеңес үкіметі орнауының екі түрлі жолы болды:

  1. Өнеркәсіп орталықтары мен темір жолға жақын, жұмысшылар басым оңтүстік және солтүстік аймақтарда - бейбіт жолмен.
  2. Сібір, Орал, Жетісу казактары мен офицерлер, кулактар біріккен контрреволюциялық күштер басым аудандарда – қарулы күрес жолымен.

Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылғы 30 қазанда (29 қараша) өз қолына алды. Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан ірі темір жол станциясы болатын. Бұл жерде Совет үкіметі бейбіт жолмен орнады.

Сырдария облысында Кеңес үкіметінің орнауы оның саяси – экономикалық және әкімшілік орталағы Ташкент қаласында 1917 жылғы 31 қазанда қарулы күреспен орнады. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес үкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қарашажелтоқсан айларында Кеңес үкіметі Әулиеата, Түркістанда, Қазалы, Арал поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде қан төгіссіз бейбіт жолмен орнады.

Кеңес үкіметін орнату үшін Ақмола даласы мен Ертіс бойында табан тірескен шайқастар жүргізілді. 1917 жылы 12 қарашада Уақытша революциялық комитет құрылды. Төрағасы И. Д. Дубинин болды, құрамына Ғ. Ыдырысов, Я. Побелянский, К. Сүтішов, К. Рыжков және т. б кірді. Дегенмен, Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен өлкелерінде казак – орыс және офицер – старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан Кеңес үкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті.

Семейде үкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 16 – нан 17 – не қараған түнде көшті.

1917 жылғы желтоқсан – 1918 жылғы наурыз аралығында Кеңес үкіметі Торғай облысының орталығы Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады. Торғай облысында Кеңес үкіметінің орнауына А. Иманов, Қ. Қойдосов, В. Чеклиров, В. Зинченко және т. б күрескерлер елеулі үлес қосты.

1917 жылы қарашада Орынборда атаман Дутов контрреволюциялық төңкеріс жасап, өкімет билігі казактардың «Әскери үкіметі» қолына көшті. Атаман Дутовтың казактар тобы, Алашорда үкіметі, меньшевиктер Кеңес үкіметіне қарсы бірікті. Дутовшыларға қарсы күрес жүргізіліп шұғыл әскери көмек көрсетілді. Нәтижесінде 1918 жылы 18 қаңтарда Орынборда қарулы күреспен Кеңес үкіметі орнады.

Оралда Кеңес үкіметі қиын жағдайда орнатылып, 1918 жылы 15 қаңтарда жеңіп шықты.

Жетісуда Кеңес үкіметін орнату жолындағы күрес, контрреволюциялық күштерінің басым болуына байланысты 1918 жылдың көктеміне дейін созылды. Мұнда революцияны қолдаушылардың қосқан үлесі елеулі болды.

Олардың арасында Т. Бокин, Т. Өтенов, Ж. Бабаев, А. Розыбакиев сияқты жергілікті халық өкілдері бар еді. Верный жұмысшылары Қызыл гвардия жасақтарын ұйымдастырды, әскери төңкеріс комитетін құрды.

Сөйтіп, наурыздың 2–не 3–не қараған түні Верныйда әскери – революциялық (төңкеріс) комитеті басқарған күштер қала еңбекшілерінің қолдауына сүйеніп «әскри үкіметтің» тірегі болған қамалды, қару – жарақ қоймаларын, почта – телеграфты т. б маңызды мекемелерді басып алды да, Верный қаласында Кеңес үкіметін орнатты.

Кеңес үкіметі наурыз айында Жаркентте, Сергиопольда (Аягөз), Талдықорғанда, көкектің бас кезінде Лепсіде орнады.

Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылдың наурыз айына шейін Кеңес үкіметі Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті, яғни Кеңес үкіметі өлкеде түгел орнап бітті.

Социалистік шаруашылық пен мәдениеттің негіздерін жасау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кеңес үкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер оның ішінде уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау чиновниктік - әкімшілік, қоныстандыру басқармасы, сот жүйесі жойылып, Қазақстанда жаңа үкіметтің басқару жүйелері құрыла бастады. Жергілікті жерлерде шаруа Кеңестері, халық шаруашылығы Кеңестері құрылды. Кеңестердің атқару комитеттері жанынан денсаулық сақтау, әділет, қаржы, ағарту, жер, өнеркәсіп бөлімдері ұйымдастырылды. Бұл шаралар Кеңес үкіметі жауларының қарсылыығын туғызды. Сондықтан ішкі конрреволюцияға қарсы күресу үшін қазақ жерінде Бүкілроссиялық төтенше комиссиясының (Б.Т.К) органдары құрылып, қызыл террор енгізілді.

1918 жылы 21 наурызда Орынборда Кеңестердің бірінші Торғай облыстық съезі басталды. Съезде жергілікті басқару жүйесі, әлеуметтік мәселелер жайында қаулы қабылданды. Бұл съездің қаулысы бойынша Алаш қозғалысының үнқағазы «Қазақ» газеті жабылды.

1918 жылы 20 сәуірде Ташкентте Түркістан Кеңестерінің V съезі болды. Бұл съезде құрамында Жетісу облысы бар Түркістан автономиялы Кеңестік Социолистік республикасы жарияланды.

Ұлтаралық қайшылықтар саясатын жоюда шұғыл шаралар белгіленді. Верныйда орыс – қазақ қатынастарын реттеу жөніндегі комитет құрылды. (Комиссардың орынбасары Т. Бокин) қазақ, ұйғыр, орыс қатынастарын реттеу жөніндегі комитет жұмыс істеді (Комиссардың орынбасары А. Розыбакиев.)

Кеңес үкіметі өлкедегі ірі өнеркәсіпті, банктерді, тасымал жолдарын мемлекет қарамағына алды. Кәсіпорындарда 8 сағаттық, шахталар мен кеніштерде 6 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Капиталистер мен патша чиновниктерінің иелігіндегі 3,5 млн десятина жер кедей шаруаларға бөлініп берілді. Большевиктер «жоғарыдан» коммуналар мен ауылдарды көбейтуді жүзеге асырып, орташаларды социализмге күштеп енгізбек болды. 1918 жылы сәуірде Петроградта Семей облысына 200 отбасы орыс жұмысшылары көшіп келіп, ауылшаруашылық коммуналарын ұйымдастырды.

1918 жылы 17 мамырда «Суландыру жұмыстарына 50 млн. сом қаржы бөлү туралы» декрет қабылданды.

Қазақстанда осы жылдары мәдени құрылыс бағдарламасы жүзеге асырылды: - Мектептерде ана тілінде тегін оқыту енгізілді. - Ақмола халыққа білім беру бөлімінің бастығы С. Сейфуллин болды. - Бөкей облысының халыққа білім беру комиссары С. Мендешев болды. Кеңес үкіметі

Кеңес Одағының ыдырауы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1936 жылғы КСРО Конституциясына сәйкес, кеңестер съезінің орнына халық тікелей сайлайтын Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің біртұтас жүйесі белгіленді. Бұл өзгерістердің баршасы коммунистер қолымен жасалды, шын мәнінде мемл. билікті большевиктер партиясы жүргізді. Өкімет билігі кеңестер қолында деп есептелгенмен, олардың қызметін партия органдары басқарды. 1977 жылғы КСРО Конституциясы бойынша, Еңбекшілер депутаттары кеңестерінің жүйесі Халық депутаттары кеңестері болып өзгертілді. Кеңестерге депутаттар сайлау формальді сипат алды. Кеңес үкіметі бір партиялы тоталитарлық жүйенің көз алдайтын демократиялық фасады рөлін ғана атқарды. Бір партияның билігіндегі әкімшіл-әміршіл жүйемен сіңісіп кеткендіктен, Кеңес үкіметі терең дағдарысқа ұшырады. Жүргізілген реформалар (жаңа экон. саясатты аяғына жеткізбей тұжыру, жеделдетіп индустрияландыру мен күштеп ұжымдастыруды өткізу, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын жүргізу, қайта құру, т.б.) елді уақытша табыстарға жеткізгенімен, негізінен, экон. және әлеум. қайшылықтарды тереңдете түсті, ұлт мәселесінің шешімін тосқан түйінді тұстарын елеусіз қалдырды, 1977 ж. КСРО Конституциясы бойынша жетекшілік рөлін заңдастырып алған (6-баб) КОКП мемл. құрылымдарды толығымен билеп, Кеңес үкіметін алмастыруын ашық жүргізді, Кеңес үкіметі нің басқару жүйесі онан әрі тығырыққа тірелді. Кеңес үкіметінің дамыған елдерге қарағанда саяси және экон. жағынан көп артта қалып қоюы – басқару жүйесін жетілдіруді талап етті. Осы мақсатта 1986 ж. жариялылық, жеделдету, қайта құру саясатын жүргізе бастау – партиялық диктатура мен оған тығыз байлаулы кеңестік жүйені тоқырауға ұшыратты. 1991 ж. КСРО-ның ыдырауына байланысты, орталық Кеңес үкіметі құлады. Тәуелсіздік алған одақтас республикалардың бәрі өз елдеріндегі Кеңес үкіметінен бас тартып, өркениет талабына сай жаңа мемл. құрылымдар жасауға көшті.[1]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы