Мазмұнға өту

Ескектілер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ескектілер
Bathocyroe fosteri
Ғылыми топтастыруы
Әлемі: Eukaryota
Дүниесі: Animalia
Кіші дүниесі: Eumetazoa
Жамағаты: Ctenophora
Eschscholtz, 1829

Ескектілер (лат. Ctenophora) – омыртқасыз жануарлардың тек теңізде тіршілік ететін бір типі. Өзімен аттас 1 класы, 6 отряды бар, 120-дай түрі белгілі. Барлық теңіздерде таралған, әр түрлі тереңдікте жүзіп, су түбінде жылжып тіршілік ететіндері де бар. Олардың дене мөлш. 2 – 3 мм-ден (Тіnerfe cyanea) 2,5 м-ге (Сestus venerіs) дейін жетеді. Денесі іркілдек, мөлдір, пішіні шар не қапшық тәрізді, ал Шолпан белдігі (Сestus venerіs) лента тәрізді болады және эктодерма (сыртқы), энтодерма (ішкі) қабаттарынан, сондай-ақ екеуінің арасындағы қалың мезоглея қуысынан тұрады. Денесінің бір жағында аузы, екінші жағында тепе-теңдікті сақтайтын сезім мүшесі (статоцист) орналасқан. Ескектілер дің басқа ішекқуыстылардан айырмашылығы – бұлар тақташа тәрізді 8 ескегінің көмегімен ауыз жағымен алға қарай қозғалады. Бұлардың атпа клеткалары болмайды, көпшілігі қорегін екі бүйіріндегі жабысқақ клеткалы (коллобласт) қармалауыштарымен, кейбіреуі аузымен ұстайды. Ауыз тесігі жұтқыншаққа, одан қарынға жалғасады. Қарыннан гастроваскуляр жүйесінің тұйық түтікшелері тарайды. Ескектілер гермофродиттер, жетілген жыныс клеткалары ауыз тесігінен сыртқа шығып ұрықтанады. Ескектілер – ұсақ зоопланктонмен, кейде балық шабақтарымен қоректенетін жыртқыштар, ал өздері треска балықтарының қорегі. Бұлардың көпшілігі қараңғыда жарық шығарады. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энцклопедиясы