Dow Jones Industrial Average
Dow Jones Industrial Average (қаз. Доу Джонс өнеркәсіптік индексі, қысқаша: DJIA; NYSE: DJI) — The Wall Street Journal газетінің редакторы әрі Dow Jones & Company компаниясының негізін қалаушысы Чарльз Доу (ағылш. Charles Dow) құрған бірнеше қор индекстерінің бірі.
Dow Jones деп аталып кеткен бұл индекс — қазіргі кезде Құрама Штаттардағы бар нарықтық индекстердің ең ескісі. Ол бастапқыда АҚШ қор нарығындағы өнеркәсіптік сектордың даму жағдайын бақылау үшін құрылды.
Индекс 30 ірі америкалық компанияны қамтиды. «Өнеркәсіптік» (ағылш. Industrial) атауы бүгінгі күні тек тарихи мәнге ие, себебі көптеген компаниялар қазіргі таңда бұл салаға жатпайды. Алғашында индекс осы компаниялар акцияларының орташа бағасы ретінде есептелген, бірақ қазір есептеу үшін әртүрлі өзгерістерді ескеретін масштабталатын орташа мән қолданылады: бағалар қосылып, бөлгішке бөлінеді, ол акциялар бөлінген немесе біріктірілген жағдайда өзгеріп отырады. Бұл тәсіл индекс құрылымындағы өзгерістерге қарамастан оның салыстырмалылығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Алғашқы индекс нұсқалары 1884 жылы пайда болып, тоғыз теміржол және екі өнеркәсіптік компания акцияларының бағаларын қамтыды. Бұл индекс нұсқасы жарияланбады және ішкі талдау үшін қолданылды. Алғаш рет индекс 1896 жылы 26 мамырда «өнеркәсіптік» ретінде жарияланды. Сол уақытта индекс 12 өнеркәсіптік компания акцияларының арифметикалық орташа бағасын қамтыды. 1916 жылы компаниялар саны 20-ға дейін артты, ал 1928 жылғы 1 қазаннан бастап 30-ға жетті. Ротация кезінде әдетте индекс құрамынан бір-екі компания ауыстырылып отырады. Ең «қатты» өзгерістер 1920-30 жылдардағы Ұлы тоқырау кезінде орын алды: 1930 жылғы 18 шілдеде индекс құрамынан бірден жеті компания алынып, 1932 жылғы 26 мамырда сегіз компания ауыстырылды. Индекс құрамында 1939-1956 және 1959-1976 жылдар аралығында ешқандай өзгерістер болмаған 17 жылдық екі кезең болды.
1896 жылғы алғашқы жарияланған индекс мәні 40,94 болды. АҚШ қор биржасының дағдарыс кезінде 1929 жылғы 24 қазан күні индекс мәні 95-96 пунктті құрады. 1966 жылдың басында 1000 пунктке жеткен индекс 15 жыл бойы осы деңгейде қалып, төрт ауыр «аюлы» трендті басынан өткерді, олар орташа есеппен индекс құнының үштен бірін жоғалтуына себеп болды. 80-ші және, әсіресе, 90-жылдары индекс айтарлықтай өсті. 1995 жылдың 21 қарашасында ол алғаш рет 5000 пункттік межені (5023,55) еңсерді, ал 1999 жылдың 29 наурызында 10 000 пунктті (10 006,78) артта қалдырды. Бір айдан кейін, 1999 жылдың 3 мамырында, индекс 11 014,70 деңгейіне жетті. 2000 жылдың 14 қаңтарында Dow Jones өз тарихында ең жоғары көрсеткішке жетіп, 11 722,98 пунктті құрады. Кейін индекс күрт төмендеді, ал 2002 жылдың 9 қазанында DJIA уақытша ең төменгі мәнге — 7286,27 пунктке жетті. 2013 жылдың наурызында 2007 жылы сақталған ішкі сауда рекорды 14 198,10 пунктты еңсерді.
Индекс ең үлкен пайыздық құлдырауды 1987 жылғы «құба дүйсенбіде» бастан өткерді, сол кезде Dow Jones 22,6% жоғалтты. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейінгі бірінші сауда күнінде индекс 7,1%-ға төмендеді.
Компоненттері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Индекс есептеу базасының құрамына ашық акционерлік қоғам болып табылатын 30 америкалық компания кіреді. Уақыт өте келе бұл тізім өзгеруі мүмкін. Мысалы, 2013 жылдың 10 қыркүйегінде Alcoa, Hewlett-Packard және Bank of America компаниялары тізімнен шығарылып, олардың орнын Goldman Sachs, Nike және Visa басты. 2015 жылдың наурызына қарай толық тізім төмендегідей:
Кәсіпорын | Тикер | Сала |
---|---|---|
3M | NYSE: MMM | Әртүрлі өнеркәсіп |
American Express | NYSE: AXP | Қаржы |
Apple | NASDAQ: AAPL | Компьютерлік |
Boeing | NYSE: BA | Аэроғарыш/Қорғаныс |
Caterpillar | NYSE: CAT | Коммерциялық көлік |
Chevron | NYSE: CVX | Газ және мұнай |
Cisco Systems | NYSE: CSCO | Компьютерлік желілер |
Coca-Cola | NYSE: KO | Сусындар |
Dow | NYSE: DOW | Химия өнеркәсібі |
ExxonMobil | NYSE: XOM | Газ және мұнай |
Walgreens Boots Alliance, Inc. | NYSE: WBA | Фармацевтика |
Goldman Sachs | NYSE: GS | Қаржы |
Home Depot | NYSE: HD | Бөлшек құрылыс материалдары |
Intel | NASDAQ: INTC | Электроника |
IBM | NYSE: IBM | Компьютерлік |
Johnson & Johnson | NYSE: JNJ | Фармацевтика |
JPMorgan Chase | NYSE: JPM | Қаржы |
McDonald's | NYSE: MCD | Мейрамханалар |
Merck | NYSE: MRK | Фармацевтика |
Microsoft | NASDAQ: MSFT | Бағдарламалық қамтамасыз ету |
Nike | NASDAQ: NKE | Киім |
Pfizer | NYSE: PFE | Фармацевтика |
Procter & Gamble | NYSE: PG | Тұрмыстық химия |
The Travelers Companies | NYSE: TRV | Сақтандыру |
UnitedHealth Group | NYSE: UNH | Медициналық қызмет көрсету |
United Technologies | NYSE: UTX | Аэроғарыш |
Verizon Communications | NYSE: VZ | Телекоммуникация |
Visa | NYSE: V | Қаржы |
Walmart | NYSE: WMT | Бөлшек сауда |
Walt Disney | NYSE: DIS | Телеарна және ойын-сауық |
Есептеу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Индекстің мәні оған кіретін барлық акциялардың бағаларының қосындысын арнайы бөлгішке (Dow Divisor) бөлу арқылы есептеледі:
мұндағы p – әр компоненттің акция бағасы, ал d – бөлгіш (Dow Divisor)
Бөлгіш әр акцияның бөлінуі, компоненттердің ауысуы немесе басқа құрылымдық өзгерістер кезінде түзетіліп отырады, сондықтан өзгерістер курс мәніне әсер етпейді. Мұндай жағдайда индексті түзету арқылы өзгерістерден кейінгі индекс мәні бастапқы курсқа сәйкес келтіріледі:
Алғашында бөлгіш ретінде индекске кіретін компаниялардың саны қолданылды, бұл Dow Jones индексін қарапайым арифметикалық орта шамаға айналдырды. Қазіргі уақытта бөлгіш мәні 1-ден төмен (бұл индекс мәнінің барлық компоненттердің акция бағаларының қосындысынан жоғары екенін білдіреді).
Бөлгіштің ағымдағы мәні (2009 жылдың қарашасы) – 0.132319125. Белгілі бір акция бағасының 1 долларға өзгеруі индекс курсының 7.56 пунктке өзгеруіне тең.
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Dow Jones & Company ресми сайты (ағыл.)
- Dow Jones индексінің графигі Bloomberg порталында (ағыл.)
- Stillman, Richard Dow Jones Industrial Average: History and Role in an Investment Strategy — Dow Jones-Irwin, 1986.