Хорда

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Хорда[1] (гр. chorde — желі) — өте тығыз, бір-бірімен жанаса орналасқан көпіршікті клеткалардың жиынтығынан тұратын серпімді мүше. Ол хордалы жануарлардың арқа жағында ұзына бойы созылып жатады және ішкі қаңқаның қызметін атқарады. Хорда ұрық дамуының алғашқы кезеңінде ішектің артқы тұсынан, алдыңғы шеті тұйық өскін түрінде біртіндеп пайда болады. Ол эктодермалық ұрық жапырақшасынан түзіледі. Хордаға жан-жағынан өзара бір-біріне ұқсас бұлшықет бөліктері бекиді. Хорда мен бұлшықеттер бірігіп, тірек-қимыл аппаратын құрайды, соның нәтижесінде жануарлар қозғала алады. Хорданың пішіні цилиндрге ұқсас, оның үстіңгі жағында ұзына бойы жүйке түтігі орналасады. Хорда қандауырша тәрізділерде, дөңгелекауыздыларда және кейбір балықтарда (тұтасбастыларда, бекірелерде, қостыныстыларда) өмір бойы сақталып, ішкі қаңқаның қызметін атқарады.

Хорда қабықтыларда және барлық омыртқалы жануарларда ұрық дамуының тек алғашқы кезеңінде ғана пайда болып, бірте-бірте оның орнына шеміршектерден немесе сүйектерден тұратын омыртқа жотасына айналады. Балықтар, кейбір қосмекенділер мен жорғалаушыларда Хорданың қалдығы омыртқалардың арасындағы ойыстарда және омыртқа денесінің ортасындағы жіңішке тесіктерде сақталады. Кейбір жорғалаушыларда, сүтқоректілерде Хорданың қалдығы омыртқааралық шеміршектердің құрамына кіреді. Ал құстарда хорда болмайды. Хорда жануарлардың денесінің толқын тәрізді қозғалуы кезінде оған бекіген бұлшықеттердің жиырылып, босаңсуына тікелей байланыста болады да, тіректік қызмет атқарады. Хорда хордалы жануарлардың басты белгісінің бірі болып саналады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Рахимбекова З.М. Материалдар механикасы терминдерінің ағылшынша-орысша-қазақша түсіндірме сөздігі ISBN 9965-769-67-2