Факторинг
Факторинг (ағылш. factor — фактор, сауда делдалы, маклер, комиссияшы, агент) — банкілердің тапсырыскерге көрсететін қызметтерінің түрі; жеткізуші-клиенттің мамандандырылған мекемеге (факторингілік компанияға, банкінің факторингілік бөліміне) жеткізілген тауарлар немесе көрсетілген қызметтер үшін төленбеген төлем құжаттарын (шот-фактураларды) ұсынуына байланысты сауда-комиссиялық операциялардың бір түрі, яки жеткізуші-кәсіпорынның айналым капиталын несиелендіруі. Мұнда несиелендіру төлемші (сатып алушы) төлемеген борышқорлық талаптарды (жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін төлем құжаттарын) басқа тұлғаға (факторға) берумен және факторға ол бойынша төлем алу құқығын табыстаумен байланысты болады. Факторинг рөлін банкілер, несие, қаржы мекемелері, банк операцияларымен айналысатын басқа да мекемелер атқарады. Факторинг қызметімен айналысу үшін фактор ұлттық (орталық) банкіге жазбаша өтініш жасап, оның келісімін алуы тиіс. Факторинг қызметінде банк талаптан шегіну шарты бойынша тапсырыскердің борышқорларынан борышты өндіріп алу құқығын тапсырыскерден сатып алады және тапсырыскерге өзінің қаражатынан сатып алынған борыштың 90%-ына дейінгісін төлеп‚ өзінде сыйақы ретінде әлдебір пайызын қалдырады. Факторингілік қызмет көрсетудің мақсаты — алашақты (дебиторлық берешекті) дер кезінде инкассолау, төлемнің мерзімі өтуінен болатын шығасыны қысқарту, күмәнді борыштың пайда болуына жол бермеу, несиені басқаруда және бухгалтерлік есепті жүргізуде көмек беру, жеткізушінің өндірістік қызметінің ойдағыдай болуы үшін жақсы жағдай жасау, мұның өзі кәсіпорынның айналым мен пайданы молайтуына септігін тигізеді. Факторингілік компания төленбеген шот-фактуралардың меншіктенушісіне айналады және олардың төленбеуі қатерін өз мойнына алады. Факторингілік операциялар жеткізуші мен оның контрагенттері бір елдің ішінде болатын ішкі операциялар және халықар. операциялар (халықар. несиенің түрі ретінде) болуы мүмкін. 1988 ж. Халықараралық Факторинг туралы конвенция қабылданды. Конвенциялық (ашық) Факторинг және құпия (жасырын) Факторинг түрлеріне бөлінеді. Конвенциялық Факторингіде жеткізуші сатушының атына жазылған шот-фактураларды оған хабарлайды. Бұл орайда іс жүзінде өндірістік атқарымдардан басқа барлық атқарымды (қаржылық, бухгалтерлік, заңи және басқа қызмет көрсету) факторингілік бөлім орындайды. Жеткізуші контрагенттерінің құпия Факторингінде оның сатылуын факторингілік фирма хабарламайды, жеткізуші-кәсіпорын нарықпен дербес байланысын жоғалтпайды. Факторингілік бөлім операциялардың тек бір бөлігін ғана орындайды. Құпия Факторингінің құны конвенциялық Факторингінің және басқа банк несиесінің құнынан жоғары. Ірі факторингілік компаниялар Factors Chaіn Internatіonal “Фэкторз чейн интернэшнл” (Амстердам) қауымдастығына біріккен. Ол халықаралық саудаға қолданылатын өзара факторингілік ғұрыптар кодексін әзірледі. Факторингілік қызмет көрсетудің құнына қызмет көрсету ақысы (комиссия), берілген несие, тәуекел сыйақысы кіреді. Халықаралық Факторинг екі факторлы (өзара), тікелей импорттық, тікелей экспорттық болуы мүмкін. Екі факторлы жүйе екі факторингілік компанияның: экспортшы еліндегі мәмілеге қызмет көрсетуші және импортшы еліндегі мәмілеге қызмет көрсетуші компаниялардың өзара іс-қимылы көзделеді. Тікелей импорттық Факторинг — экспортшымен импортшы елінде факторингілік қызмет көрсету туралы шарт жасасу. Тікелей экспорттық Факторингіде экспортшы өз елінде шарт жасасады. Бұл орайда факторингілік компания несие тәуекелін көтереді, ал төлемшінің несиені өтеуге қабілетін бағалау және оның тапсырмасымен талаптарды инкассалау міндетін импортшы елдің факторингілік компаниялары атқарады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Банк терминдері мен ұғымдарының қазақша-орысша сөздігі. / Ғ. Сейіткасымов, Б. Бейсенғалиев, Ж. Бекболатұлы — Алматы: Экономика, 2006. ISBN 9965-783-20-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|