Перде
Перде — терезелерді, есіктерді, қуыстарды перделеуге, бөлменің бір жағын екіншісінен бөлуге арнап матадан тігілген бұйым. Перделердің есік терезеге арналғаны, бөлмені екіге бөліп тұратын сырғымалы шымылдық сияқты түрлері болады. Олар мақта-матадан, репс, жібек, жүн мата, мақпалдан тігіледі. Перденің бірнеше түрі бар. Гардиндер — жалтырақ немесе айшықты жұқа маталардан, тюльден, шілтерден жасалып, терезеге тұтылады. Олар көбіне ақ немесе ашық түсті, біртегіс яки суретті, кестелі, апликациялы маталар болып келуі мүмкін. Әдетте гардиндер сол тұтылған күйі ашылмайды, бөлмені шаңнан, тікелей түскен күн сәулесінен қорғайды. Шторлар — жарық өткізбейтін маталардан жасалған қалың Перделер. Оның түрмелі және сырмалы түрлері бар. Сырмалы шторлар біркелкі тігінен жиырылып тұрады. Бөлме биік болса, штордың жоғары жағын желбіршектермен сәндеуге болады. Пішініне қарай желбіршек біртегіс немесе бүрмелі (фасонды) болып келеді. Оның ұзындығы терезенің немесе есік биіктігінің 1/5-не тең болуы қажет. Шторлар кешкілік сыртқы жарықтан, күн сәулесінен және көшенің шуынан қорғауға арналған. Партьерлер — жарық өткізбейтін қалың матадан есікке (бөлменің іш жағынан) тұтатын Перде Олар жалғас бөлмелерден түсетін жарықтан және шудан қалқалайды, сондай-ақ есіктің жақтауларын жасырып, бөлмеге сән беріп, үлкейтіп көрсетеді. Үндістан, Қытай, Франция және Италия үшін жібек - перделердің дәстүрлі материалы болды, ал Англия мен Шотландия үшін - жүн. Орталық Азия мен Америка елдеріне келетін болсақ, мұнда мақта, Андта жүн (альпака), ал Солтүстік және Шығыс Еуропада зығыр пайдаланылды.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |