Дағыстан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
 Басқа мағыналар үшін Дағыстан деген бетті қараңыз.
Автономиялық республика
Дағыстан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы
орыс. Дагестанская АССР

авар. Дагъистаналъул АССР
құм. Дагъыстан АССР
лезг. Дагъустандин АССР
лак. Дагъусттаннал АССР
әз. Дағыстан МССР
агул. Дагъустан АССР
шеш. ДегӀастанан АССР

ноғ. Дагыстан АССР
Ту Елтаңбасы
Ту Елтаңбасы
Әкімшілігі
Ел

 КСРО

Кіреді

Ресей КФСР

Әкімшілік орталығы

Махачқала

Тарихы мен географиясы
Құрылған уақыты

1921 жылы 20 қаңтары

Таратылған уақыты

1991 жылы

Жер аумағы

50,3 мың км² (52 орын)

Тұрғындары
Тұрғыны

1 802 579[1](1989) адам

Ұлттық құрамы

Аварлар, Даргиндер, Құмықтар, Лактар, Лезгиндер, Ноғайлар, Табасарандар, Таттар, Шешендер,Әзербайжандар, Орыстар, Сахурлар, Яһудилер және т.б.

Ресми тілдері

Орыс тілі, Авар тілі, Даргин тілдері, Құмық тілі, Лак тілі, Лезгин тілі, Ноғай тілі, Табарасан тілі, Тат тілі, Шешен тілі,Әзербайжан тілі

Дағыстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы, Дағыстан АКСР (орыс: Дагестанская Автономная Советская Социалистическая Республика, Дагестанская АССР) — кеңестік автономиялық республика, РКФСР-дің құрамына кіреді. 1921 ж. 20 қаңтарда құрылған.

Жері – 50,3 мың км².

Халқы – 1,457 мың (1971).

Әкімшілік жағынан 39 ауданға бөлінеді. 8 қаласы, 14 қ.т. поселкесі бар.

Астанасы – Махачқала.[2]

Дағыстан Солтүстік Кавказдың шығыс бөлігінде. Шығысында Каспий теңізімен шектеседі. Жер бедеріне қарай Дағыстан 4-ке бөлінеді[3].

  • ойпатты бөлігі (Терек-Кума, Терек-Сулак және Теңіз жағасы ойпаттары);
  • тау алды (солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бағытқа созылып жатқан жоталар);
  • ішкі таулы Дағыстан (Арактау, Гуниб, Хунзах үстірттері және Салатау, Гимрин жоталары);
  • биік таулы Дағыстан (Үлкен Кавказдың Бас жотасының солтүстік беткейі ен Бүйір жотасы). Дағыстанның ең биік жері – Базардюзю тауы, 4466 м.

Өнеркәсіптік маңызы бар пайдалы қазындылары – мұнай, табиғи газ, там көмір, күкірт, 200-ден астам минералды бұлақ бар. Дағыстанның климаты жылы, қуан. Қаңтардың орташа температурасы 2°С-тан - 3°С-қа дейін, таулы аймақта -11°С-қа жетеді, шілдеде 24°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері ойпатта 200-300 мм, тауда 600-800 мм. Басты өзендері: Терек, Сулак және оның салалары Аварқойсу, Андқойсу, Қарақойсу; 100-ден астам шағын көлдері бар. Дағыстанның жазық жерлері мен тау етектері қызыл қоңыр топырақты, таулы өңірінікі тау орманының шалғын топырағы. 500-600 м-ден жоғары деңгейде орман өседі. 1500-1600 м биіктіктегі субальпілік және альпілік шалғындар – жазғы мал жайылымы, Дағыстанның биік таулы бөлігінде дағыстан туры, елік, қоңыр аю т.б. аңдар кездеседі.

Дағыстанда авар, орыс, дарғын, құмық, лезгин, азербайжан, еврей т.б. тұрады. Халықтың орташа тығыздылығы 1 км²-ге 29 адамнан келеді; 36%-і қала тұрғындары. Басты қалалары (1971 ж., мың адам есебімен): Махачкала (193), Дербент (59), Хасавъюрт (56).

Дағыстан АКСР азаматы
  • Палеолит Дағыстан жері адам дәуірінде игерді.
  • Неолит дәуірінде Дағыстандағы тайпалар кетпенді егіншілік пен мал шаруашылығына көшті.
  • Энеолит дәурінде (б.з.б. 3-мың жылдық) егіншілікпен мал шаруашылығы ілгері дами түсті. Бұл дәуірде мыс кені өндіріліп, балқытылды; қола дәуірінде рулық құрылыс ыдырай бастады. Леги, гел, утин т.б. тайпалар өзара одақ құру жолына түсті.
  • Б.з.б 1-мың жылдықтың аяқ шенінде Дағыстан халқы Албанияның (Кавказдағы) құрамына кірді. Ол кезде бұл ірі мемлекет бірлестік болғанды.
  • Б.з.б. ІІІ ғасырында Оңтүстік Дағыстанды Дербентке дейін Сасан әулеті, ал 4 ғасырда Дербенттен солтүстікк қарайғы жағалауды ғұндар басып алды.
  • V ғасырда Дағыстанда албан алфавиті тарады.
  • 6-10 ғасырда алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, феодал қатынастар қалыптаса бастады.
  • 7 ғасырда Дағыстанның жазықтағы бөлігі Хазар қағандығының құрамына кірді. Барлық басқа бөлігінде ертедегі феодал саяси бірлестіктер өмір сүрді. Дағыстан жерін аварлар, дағындар, лактар, лезгиндер мекендеді. Арабтардың отарлауы феодализмнің дамуын онан әрі тездетті.
  • 664 жылдан бастап Дағыстан арабтардың шапқыншылығына ұшырады да, VIII ғасырдың 1-жартысында түгел бағынды. Олар жеңілген халыққа ауыр салықтар салып, Дағыстанға ислам дінін зорлап енгізеді. Дағыстан халқы басқыншыларға күшті қарсылық көрсетті.
  • XI ғасырдың ортасында салжұқтар Дағыстанның көп жерін басып алды.
  • XIII ғасырдың 20 жылдарында Дағындар моңғол шапқыншылығына ұшырап, жұрдай тоналды.
  • XIV ғасырда Дағыстанға Өзбектің, Тоқтамыс пен Темірдің әскері басып кірді. Бір орталыққа бағынған орыс мемлекеті құрылып, күшеюіне байланысты (XVI ғасырдың ортасы) Дағыстан Ресеймен берік байланыс орната бастады. Солтүстік Дағыстанда Терки атты орыс қаласы пайда болды; Дағыстанның Закавказьемен және Солтүстік Кавказбен экономикалық байланысы дами түсті. Феодализм бытыраңқылық пен өзара ала ауыздық, түрік және ирн басқыншылықтарының шабуылдары Дағыстанда патриархтық-феодализм қатынастардың ұзақ сақталуына себепші болды. Бұл жағдайда Дағыстан Ресейден жердем күтті.
  • XVII ғасырдың 1 жартысында Тарков шамхалдығы, Кайтаг уцмийлігі т.б. Ресейдің қол астына өтті. 1722 жылы Петр І теңіз маңындағы Дағыстанды Ресейге қосып алды, бірақ кейіннен Ресей бұл жерлерді Иранға берді. Гүлстан бітім шарты (1813) бойынша Дағыстанның Ресейге қосылуы заң жүзінде бекітілді; мұның өзі Дағыстан халықтарын шетел шапқыншылығынан мықтап қорғады, саяси батыраңқылықты жоюға жағдай жасады, тау халқының орыс әдебиеті мен мәдениеті араласуына мүмкіндік берді. Алайда, патша өкіметінің отаршылық саясаты тау еңбекшілері арасында стихиялық қимыл туғызды.
  • XIX ғасырдың 30 жылдары тау халқының отаршыларға қарсы қозғалысы басталды, ол муридизм ұранын көтерді. Қозғалысты Дағыстан мен Чечня имамдары деп жарияланған Гази-Магомед (1828-1832), Гамзат бек (1832-1834), Шамиль (1834-1859) басқарды. XІX ғасырдың 40 жылдардың басында әскери-теократиялық имамдық мемлекет Дағыстан мен Чечняның едәуір бөлігін өзіне қосып алды. Бірақ имамдықтың бұл табыстары баянды болмады; оның өз ішінде таптық қайшылықтар шиеленісе түсті. Мұның өзі 50 жылдары халық бұқарасының қозғалыстан бойын аулаққа салуына әкеліп соқтырды. 1860 жылы Дағыстан облысы құрылып, әскери басқарма – отарлық жағдайға бейімделген бюрократтық аппарат енгізілді.
1856 ж.

XIX ғасырдың орта шенінде, әсіресе 90 жылдары Владикавказ темір жолы салынып, Дағыстан Ресейдің орталығымен, Бакумен және Грозныймен жалғасқаннан кейін, бұл өлке капитал даму жолына түсті. Ағаш өңдеу, мұнай айыру зауадтары, арқан есу, қағаз иіру фабрикалары, баспахана т.б. кәсіпорындары салынды. 20 ғасырдың басында негізінен қолөнер кәсібіне бейімделген 70 шақты кәсіпорын болды. Жұмысшы табы қалыптасты: 1897 жылы Дағыстанда 1300-1400 жұмысшы, 1905 ж. 9500 өнәркәсіп жұмысшылары болды. Петровск-Порттың (1922 жылдан Махачкала), Дербенттің, Темір-Хан-Шураның (1922 жылдан Буйнакск) т.б. қалалардың халқы өсті. Ауыл шаруашылығында да өзгерістер болды. Ірі капитал шаруашылықтар құрылды. Дағыстанға қоныс аударған орыс шаруалары егіншілік мәдениетін жоғары сатыға көтерді, Дағыстанда бұрын болмаған бірсыпыра ауыл шаруашылық дақылдары егіле бастады.

Орыс революция қозғалысының ықпалымен 1904-1905 жылдар РСДЖП-нің алғашқы топтары ұйымдасты. 1905 ж. ақпанда, наурызда, қазанда темір жол мен порт жұмысшылары, тоқымашылар т.б. ереуіл жасады. 1910 ж. және 1911 ж. күзде, 1912 ж. қыста, 1914 ж. көктемде Дағыстанда жұмысшалырының большевиктер бастаған қимылдары болып өтті. 1917 ж. 7 (20) қараша жұмысшы және әскери депутаттардың Петровск Советінің мәжілісінде Совет өкіметін тану туралы қарар қабылданды. Бірақта контрреволюцияшыл күштер герман-түрік, ағылшын интервенттерінен, Деникиннің ақ гвардияшыл әскерлерінен жәрдем алып, 1918 ж. күзде Дағыстанда Совет өкіметін құлатты. Большевиктер У.Д.Буйнакскийдің, М.Дахадаевтың, А.И.Микоянның т.б. басшылығымен Дағыстанда партизан қозғалысы кеңінен өрістеді. 1920 жылы көктемде Қызыл Армия бөлімдері Дағыстанға көмекке барып, Совет өкіметі қалпына келтірілді. 1920 ж. 13 қарашада Дағыстан халықтарының Төтенше съезіне Дағыстан Совет автономияын құру туралы шешім қабылданды. 1921 ж. 20 қаңтарда РКФСР Бүкіл ресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) декреті бойынша Дағыстан АССР-і құрылып, ол РКФСР құрамына енді. Сөйтіп, бұл өлкенің шаруашылық жағынан қайта өркендеу дәуірі басталды. 1920-1923 жылдары республикаға 200 млн сом қаржы берілді. 1926 жылға дейін Дағыстан өнеркәсбінің жалпы өнімі 1913 жылғыдан 21,5% асып түсті. Социалистік құрылыс жылдарындаДағыстан экономикасы толық қайта құрылды. Ондаған ірі және орта дәрежелі көсіпорындар, электрстанциялар салынды, мұнай кәсіпшіліктері. көмір шахталары пайда болды. Соғыстан бұрынғы бесжылдықтарды осы заманғы ірі өнеркәсіп жасалды. Көп салалы, колхоз-совхозда ауыл шаруашылығы қалыптасты. 1940 жылдың басында шаруалар шаруашылықтарының 98,5%-і коллективтендірілді. 1923 ж. Октябрю революциясы атындағы каналды салу (1921-1923) кезіндегі еңбектегі табыстары үшін РКФСР-дің Дағыстан АССР-і Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Дағыстанда мәдени революция өрістеді, сауатсыздық жойылды, жұмысшы табы мен халықтық интеллигенцияның ұлттық кадрлары өсіп-жетілді. Дағыстан әдебиеті мен өнері де едәуір дамыды. 1937 ж. 12 маусымда Дағыстан Советтерінің Төтенше 11-съезі Дағыстан Конституциясын бекітті.

Дербент қаласы

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Дағыстан еңбекшілері майдан мен тылда ерліктің талй үлгілерін көрсетті. 47 дағыстандық совет одағының Батыры атағына ие болды, 25 мыңнан астам жауынгер әскери ордендермен және медальдармен наградталды. Соғыстан кейінгі жылдары Дағыстан экономикасы мен мәдениеті тез өркендеп келеді. 1967 жылдың басында өанеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1940 жылғымен салыстарғанда 7,2 есе өсті. 1965 жылы 9 қарашада экономика мен мәдениетті дамытуда қол жеткен жетістіктері үшін және Дағыстан автономиясының 45 жылдығы құрметіне республика Ленин орденімен марапатталды. Тауда тұратын халықты жазық жерлерге көшіру Дағыстан партия ұйымдары жүргізген аса маңызды әлеуметтік-экономикалық шара болды. Барлығы 130 мың адам қоныс ауыстырып, оларға мәдени-ағарту және медициналық мекемелері бар жайлы поселкелер салынып берілді. Республиканың құрылғанына 50 жыл толуына байланысты және коммунистік құрылыстағы табыстары үшін 1971 жылы 19 қаңтарда Дағыстан АССР-і Октябрь Революциясы орденімен марапатталды. Халық шаруашылығы. Совет өкіметі тұсында Дағыстан өнеркәсібі дамыған және көп салалы ауыл шаруашылығы бар республикаға айналды. Оның қазіргі шығаратын жалпы өнімінің 2/3-ін өнеркәсіп береді.

Өнеркәсібі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өнеркәсіптің басты салалары – мұнай және газ өндіру, машина жасау, құрылыс материалдары мен тамақ өнімдерін шығару. 1940-1970 ж. мұнай өндіру 13,7 есе, газ 55,7 есе артты. Ірі мұнай және газ кәсіпшіліктері – Махачкала, Избербаш, Дзулак қалалары атырабында орналасқан. Терек Кума ойпатында жаңа кен орындары ашылды. 1958-1970 ж. машина жасау, металл өңдеу өнеркәсбінің өнімі 7,2 есе артты, металл жонатын станок, дизель, электротехника жабдықтар жасайтын кәсіпорындар Махачкала, Избербаш, Дербент, Кизилъюрт қалаларында шоғырланған. Құрылыс материалдар өнеркәсіп негізінен Дербент пен Махачкалаға орналасқан. Өнерскәсіптің жалпы өнімнің ½-ін тамақ өндірісі (шарап жасау, балық жасау және жеміс-жідек консервілеу) береді; оның орталықтары – Кизляр, Дербент, Буйнакск, Хасавъюрт қалалары.

Ауылшаруашылығының басты салалары – дәнді дақылдар, жүзім, жеміс егу, етті-жүнді қой өсіру. 1971 жылы республикада 167 совхоз, 376 колхоз болды. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 2954 мың га (1970) жердің 489 мыңы егістік, 100 мыңы бау-жүзімдік. 1970 жылы Дағыстанда 355 мың тонна дәнді дақылдар өнімі, 98 мың тонна овощ, 81 мың тонна жеміс, 184 мың тонна жүзім жиналды. 1971 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 674, қой мен ешкі 3064, шошқа 38.

Транспорты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Темір жолының жалпы ұзындығы 435 км (1970). Басты жолдары: Гудермес – Махачкала – Баку, Червлённая – Кизляр – Астрахань. Ірі теңіз порты – Махачкала. Автомобиль жолының ұзындығы 8,4 мың км, оның 4,6 мыңы тас жол. Махачкала – Грозный, Избербаш – Махачкала мұнай және МахачкалаДербент газ құбырлары тартылған.

Денсаулық сақтау ісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1971 жылы 1 қаңтарда Дағыстанда 11,6 мың төсектік 182 аурухана жұмыс істеді. Амбулатория-поликлиникалық көмекті 211 дәрігерлік мекемелер атқарды. Қазір 2,9 мың дәрігер (489 тұрғынға 1 дәрігер) және 9 мыңдай орта дәрежелі медициналық қызметкерлері жұмыс істейді. Дағыстанда 9 санаторий мен демалыс үйлері, 100-ден астам минералды бұлақтар бар. Талги, Махачкала, Рычалсу, Гуниб, Буйнакск, Каякент сияқты атақты куратторы мен емдеу орындары бар. Халық ағарту ісі және мәдени-ағарту мекемелері. Октябрь революциясына дейін Дағыстанда жоғары оқу орыны болған жоқ, жалпы білім беретін 191 мектепте не бары 13,2 мың адам оқыды. 1970/71 оқу жылында 1636 жалпы білім беретін мектеп (398,9 мың оқушы), 43 кәсіптік-техникалық училищелер мен техникумдар (26,8 мың оқушы), 4 жоғары оқу орны (20,4 мың студент), 295 мектепке дейінгі мекеме болды. Дағыстан АССР-нде 842 көпшілік кітапханасы (жалпы кітап қоры 6,4 млн.дана), 1066 клубтық мекемелер, 8 музей, 7 театр, 898 кино қондырғы, 23 пионер үйі, 6 жас натуралистер станциясы, балалардың 12 спорт мектебі бар (1971).

Ғылыми мекемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дағыстанда 1970 жылы 20-дан астам ғылми мекеме болды. Республиканың ғылыми орталығы – КСРО ғылым академиясының Дағыстан филиалы. Дағыстан академияға қарасты ғылми мекемелерден басқа, ауыл шаруашылық, тамақ өнеркәсіп, мал дәрігерлік ғылми-зерттеу институттарының филиалдары және энергетика ғылми-зерттеу бөлімі бар. 1970 жылы республикада 2 мыңдай ғылми қызметкерлер жұмыс істеді, оның 68 ғылми докторы, 800-ге жуығы ғылми кандидаттары.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1970 жылы Дағыстанда 286 кітап, 22 журнал мен мерзімді басылымдар, 47 газет шықты. Республика газеттері: лезгин тілінде «Коммунист» (1928), авар тілінде «Баараб байрах» («Қызыл ту», 1918), құмық тілінде «Ленин ёлу» («Ленин жолы», 1918), дарғын тілінде («Ленин туы», 1921), орыс тілінде «Дагестанская правда» (1918), «Комсомолец Дагестана» (1921). Қоғамдық-саяси және әдебикөркем журналдары: авар, дарғын, лак, құмық, лезгин тілдерінде «Достық» (1952), табасаран тілінде «Әдеби альманах» (1953), тат тілінде «Советтік Отан» (1960), авар, лак тілінде «Тау қызы» (1957), дарғын, құмық, лезгин, табасаран тілдерінде «Дағыстан әйелдері» (1962), орыс тілінде «Советский Дагестан» (1965) «Блокнот агигатора» (1945). Республика радиохабары 5 программа, ал телевизия 1 программа бойынша лезгин, авар, дарғын, құмық, құмық, орыс тілдерінде хабар береді. Телеорталық Махачкалада.

Дағыстан әдебиеті авар, құмық, дарғын, лезгин, лак, тат, табасаран, ноғай және орыс тілдерінде дамыған. Ертеден келе жатқан эпос, ертегі, аңыздарында Дағыстан халқының экономикалық, мәдени тұрмысы мен күрес жолдары бейнеленген. «Парту Патима» деген лак жырында татар-моңғол басқыншыларына қарсы күрес жырланса, «Надір шаһтың талқандалуы туралы» эпоста иран үстемдігіне қарсы тау халықтарының бірлескен күресі суреттелген. Авардың «Хочбар туралы», құмықтың «Картгочак», «Айғазы туралы» жырларында феодал езгіге қарсы халық нараздылығы баяндалады. Араб діні мен мәдениетінің таралауына байланысты 9-10 ғасырларда Дағыстанға Шығыс әдебиетінің нұсқалары ене бастайды. Фирдауси, Низами шығармалары, «Мың бір түн», «Калила - Димна» аударылады. Дағыстанның Ресейге қосылған кезінен бастап орыс мәдениеті қанат жаяды. 1883 жылы Петербургте Дағыстан ақыны М.Османов құрастырған «Ноғай және құмық халқының өлеңдер жинағы» шықты. Орыс зерттеушілері П.К.Услар, А.А.Шифнер, Н.Дубровин, Н.Семёнов еңбектерінде Дағыстан фольклерының үлгілері кездеседі. Авар А.Чиркеевский, лак А.Омаров, дарғын Б.Далгат, лезгин Казанфаров, құмық Шихалиев сияқты мәдениет қайраткерлері Дағыстан халық әдебиетін жинап бастыру жөнінде көп еңбек етті. Ирчи Казак (1830-1879), Е.Эмин (1838-1879), О.Батырай (1820-1902), М.Ахмед (1843-1915) сияқты ақын. жазушылар шықты. Кейінірек С.Курбан, М.Махмуд, Маллей, Анхил-Марин, Патимат т.б. ақындар гуманистік махаббат лирикасын дамытып, оны діни сенімдерге қарсы қойды.[4]

1905-1907жылдары революциядан кейінгі жылдарда Дағыстан әдебиеті таулықтар өміріндегі әлеуметтік өзгерістерді, тап қайшылығының шиеленісуін көрсете бастады. Сүлейман Стальский (1869-1937) мен Ғамзат Цадасаның (1877-1951) ситаралық қанатты жыр, толғаулары ескі мешеулікті әшкерелесе, С.Ғабиев (1882-1963), З.Батырмурзаев (1897-1919), Г.Саидов (1891-1919), Р.Нұров (1889-1942) шығармалары халықты революцияға, болашақ бақытты тұрмысқа шақырды. Бұл дәуірде алғашқы драмалар да пайда болды. Дағыстан әдебиетінің бұл кезеңдегі дамуына орыс әдебиетінің, әсіресе М.Горькийдің әсері күшті болды. Дағыстан әдебиетіндегі тұнғыш драма Г.Саидовтың «Дәнекершілер» (1914), З.Батырмурзаевтың «Молдамен айтыс», «Медресеге молда келі» (1916-1917) пьесалары сахнаға шықты. Октябрь революциясы Дағыстан әдебиетінің шарықтап өсуіне жағдай жасады. Дағыстан жазушылары шығармаларының озық үлгілері орыс тілі арқылы көптеген елдерге тарады. С.Стальский, Ғ.Цадаса, А.Ғафуров, А.Магомедов сияқты ақындар жыры бүкіл одаққа жайылып, оларға халық ақыны деген құрметті атақ берілді. 40 жылдары Отан қорғау, патриотизм тақырыбы өріс алды. Ғ.Цадаса, Г.Хурюгский, Казияу Али, Э.Ғаджиев, А. В. Сулейманов, А.Омаршаев шығармалары майданда ерлікке, тылда еңбекке шақырды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде Дағыстан әдебиеті бұрынғыдан да жедел өркендеді. Бұл кезде Ғамзат Цадасының үні асқақ естілді. 1951 ж. оның өлең-жырларына КСРО Мемлекет сыйлығы берілді. Расул Ғамзатов творчествосы өзінің биік шыңына көтерілді. Оған «Менің туған жылым» өлеңдер жинағына 1952 ж. КСРО Мемлекет сыйлығы, «Жарық жұлдыздар» өлеңдер жинағына 1963 ж. Лениндік сыйлық берілді. Соңғы жылдары Дағыстан әдебиетіне көптеген жас авторлар келіп қосылды. С.Стальский, Ғ.Цадаса, Р.Ғамзатов («Жарық жұлдыздар», 1964, «Менің Дағыстаным» 1971 т.б.) сияқты Дағыстан ақындарының шығармалары қазақ тілінде бірнеше рет басылып шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дағыстан жерінде 6 ғасырға саятын әйгілі қамал-қабырғалар, тас қоршаулар бар. Дербент қорганыс жүйесі Оңтүстік-Шығыс Еуропаны Алдыңғы Азиядан бөліп тұру мақсатында салынған Дағыстан жерінде ғасырлар бойы өркендеп келген сәулет өнері халықтың өз талап тілегіне сай дамыған. Таулы жерлердегі ауылдарды қиын шатқалдарға салу қорғаныстың бір түрі саналған. Шығыс елдерімен қарым-қатынастар Дағыстан архитектурасына елеулі ықпал жасады. 18-19 ғасырында салынған тұрғын үйлерден ағаш ою, тас бедерлеу әдісімен жасалған көне әшекейлерді кездестіруге болады. Үйдің қасбетін безендіру негізінен 19-20 ғасырда дамыды. Ауылдық жерлерде ағаштан қиып салған, тастан қаланған мешіттер көп. 19 ғасырда орыс архитектурасының ықпалымен классицизм үлгісінде Дербенттегі абақты Порт-Петровск (қазіргі Махачкала) қаласы салынды. Совет дәуірінде өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты жаңа қалалар, жұмысшы қалашықтары пайда болып, ауыл мен аудан орталықтарының бейнесі өзгерді.[5]

Дағыстан жеріндегі бейнелеу және сән өнерінің көне түрлері: қола дәуіріне жататын таңбалар, саздан күйдіріліп жасалған ыдыстар (бедерлеп немесе оймыштап әсемделген), қоладан құйылған адам және аң мүсіндері. 11 ғасырда Кубачи таулы аулында қара ала күміспен нақышталған қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, Гоцатль аулында мыстан соғылған заттар т.б. жасалған. Дағыстанның көптеген аудандары түкті және тақыр кілем, өрнекті шұлық тоқумен, қалайы қорытумен шұғылданған. Совет дәуірінде де Дағыстан сән және қол өнері бұрынғы ұлттық дәстүрін сақтап, онан әрі өркендеуде. Кілем тоқу кәсібі Дағыстанның барлық жерінде бар. Суретшілер М.А.Джемал, Ю.А.Моллаев, мүсінші Х.Н.Асқар-Сарыджа (Алматыдағы Аманкелді ескерткішілерінің авторы) т.б. негізін салған бейнелеу өнері жан-жақты дамып келеді. С.М.Салаватов, ағайынды Сунгуровтар, мүсіншілер А.И.Газалиев, А.М.Ягудаевтар көптеген жұмыстар жасады. 1959 жылы Махачкалада М.Джемал атындағы өнеркәсіп көркемсурет училищесі ашылды. 1938 ж. КСРО Архитекторлар одағының Дағыстандағы бөлімшесі, 1939 жыл Дағыстан АССР-іның Суретшілер одағы ұйымдастырылды.

Дағыстан музыкасы жергілікті авар, дарғын, құмық, лак, лезгин т.б. халықтардың музыка өнерінен құралады. Көп ұлтты музыка өнерінің тақырыбы мен жанры да сан алуан болып келеді. Олардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшіліктері болумен бірге, тау халқының өмір-тұрмысы мен тарихына байланысты өзара ұқсастықтар да мол. Дағыстан халық музыкасы мажор мен минор ладтарына негізделген. Халық музыкасы аспаптары: ағаш құмұз, тютяк, балабан, зурна, чагана. 1926 жылы Махачкалада музыка училище ашылды. 1935 жылы Дағыстан халықтарының ән-би ансамблі, 1937 жылы халық аспаптары оркестрі ұйымдасты, бұдан басқа, симфония оркестр, филармония, 12 музыкалық мектебі бар. 1954 жылы РКФСР Композиторлар одағының жанынан Дағыстан бөлімшесі құрылды. Композиторлары: РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері М.М.Кажлаев, Н.С.Дагиров; әншілері: РКФСР халық артисті Р.Гаджиева, Дағыстан АССР-і халық артистері П.Нуцалова, А.Ибрагимова, РКФСР-дің еңбек сіңірген артистері И.Баталбекова, Б.Ибрагимова, М.Гасанова т.б.

Дағыстан театр өнері – авар, құмық, лезгин, лак т.б. халықтардың театр, творчествосын қамтитын көп ұлттыы өнер. Бұл халықтардың театр мәдениетінің түп төркіні халық ойындары мен әдет-салтында жатыр. Мысалы, «Сүйдім таяқ» атты құмық халық ойынында, күлдіргі «домбайлар» өнерінде, ашугтар айтысы мен үйлену кәделерінде театрға тән мол элементтер бар. Дағыстан театр әуесқойларының драма үйірмелері лезгиндерде 1914 жылы, лактарда 1915 жылы, құмықтарда 1916 жылы құрылды. Г.Саидовтың 1915ж. бірінші рет қойылған «Дәнеркершілер» драмасы лак драма театрының дамуында елеулі оқиға болды. 1930 ж. Махачкалада А.П.Салаватов атындағы Құмық музыка-драма театры, 1935 ж. Құмықта Э.Капиев атындағы Лак драма театры, 1973 жылы Дербентте С.Стальский атындағы Лезгин драма театры, Буйнаксіде Ғ.Цадаса атындағы Авар музыка-драма театры, 1924 жылы Махачкалада М.Горький атындағы Орыс драма театры, 1943 жылы сонда Қуыршақ театры (орыс және құмық труппасы бар) ашылды. Дағыстан театры өнерінің қайраткерлері: КСРО халық артисті Б.М.Мурадова, РКФСР халық артистері А.С.Курумов, М.А.Кухмазов, Х.Г.Магомедова, З.Н.Набиева, Дағыстан АССР халық артисі және РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.А.Рустамов т.б.[6]

Дағыстан тілдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дағыстан тілдері – Кавказ (иберий-кавказ) тілдері тобының солтүстік-шығыс тармағына жататын тілдер тобы. 30 шақты тілді қамтиды. Дағыстан тілінде 1,13 млн-дай (1970) адам сөйледі. Олар негізінен Дағыстан АССР-нде, аздап Әзірбайжан ССР-і мен Грузин ССР-нде және Чечень-Ингуш АССР-нде тұрады. Дағыстан тілдері өзара топтарға және жеке тілдерге бөлінеді:[7]

  1. авар-анди-цез тобы (авар, анди, ботлих, годоберин, карата, ахвах, багулал, тиндин, чамалин, цез, хварши, гинух тілдері);
  2. лак тілі;
  3. дарғын тілі;
  4. лезгин тобы (лезгин, табасаран, агул, рутул, цахур, крыз яки джек, будух, хиналуг, удин, арчин тілдері);

Дағыстан тілі фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерге ие

  1. Дауыссыз дыбыстар жүейсі өте күрделі;
  2. Лезгин, агул, удин тілдерінен басқа Дағыстан тілінің бәрінде зат есімдер грамматикалық топтарға бөлінеді (2-ден 6-ға дейін);
  3. Септіктер, әсіресе жатыс мағынасын білдіретін септіктер өте көп;
  4. Сөйлемнің эргатив құрылысы бар.

Яғни сабақты етістіктен болған баяндауыш бастауыштың атау септікте емес, ерекше эргатив септікте тұруын керек етеді. Дағыстан тілдерінде авар, лак, дарғын, лезгин, табасаран тілдерінің ғана жазуы бар. Олар жазуға негізінен Октябрь революциясынан кейін ие болды. Ең алғаш араб, одан соң латын, 1938 жылдан бастап орыс графикасы негізіндегі жазуды қолданды. Дағыстан тіліне арналған алғашқы зерттеулер 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында жарық көре бастады. 19 ғасырдың 2-жартысында П.К.Услардың, 20 ғасырдың басында А.М.Диррдің Дағыстан тілін сипаттаған бірнеше еңбектері шықты. Дағыстан тілі Совет дәуірінде ғана жан-жақты зерттелуде.[8]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. 1989 жыл Бүкілодақтық халық санағы.
  2. “Қазақ Совет Энциклопедиясы”, ІІІ том
  3. Гиммельрейх В.А., География Дагестанской АССР, 2 изд., Махачкала, 1967
  4. Очерки Дагестанской советской литературы, Махачкала, 1957
  5. Архитектурные памятники Дагестана, Л., 1935
  6. Зульфукарова М., Дагестанский театр, в кн.: История советского драматического театра, т.2-5, М., 1966-69
  7. Языки народов КСРО, т.4 Иберийско-кавказские языки, М., 1967, с.247-688
  8. Бокарев Е.А.., Введение в сравнительно-историческое изучение дагестанских языков, Махачкала, 1961